- Тұлға
- 05 Желтоқсан, 2024
Жұматай жырларын оқығанда

Әлемде шаңырақтың жаманы жоқ,
Ішінде жыр оқуға болатұғын
(Ж.Жақыпбаев)
Көркем мәтін деңгейлік үлгілерден құралады. Ол деңгейлер тілдік деңгейлермен бірдей немесе тілдік деңгейлердің өзі деуге болады, атап айтқанда: фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, сөзжасамдық, синтаксистік деңгейлер. Бірақ көркем мәтіннің өзіне ғана тән ерекше деңгейі бар, ол – композиттік деңгей.
Фонетикалық деңгей – ырғақ (ритм), ұйқас (рифма), екпін деңгейі. Бұл деңгейде әрбір дыбыс эмоцияны бейнелейді. Ал дыбыстың эмоцияны бейнелеп жеткізуі – дыбыссимволға (звукосимволизм) жатады. Көркем мәтінде фонетикалық деңгейдің біріншісі – дыбысқа еліктеу деңгейі, ал екіншісі – индивидуалды түрде, яғни әрбір шығармашылық иесінің эстетикалық эффект тудыру үшін дыбыссимволдарды өз стиліне сай етіп, өзінше қолдануы: дауысты дыбыстарды қоюландыру (ассонанс), дауыссыз дыбыстарды қоюландыру (аллитерация). Мысалы (мысалдар ақынның «Шұғынық гүл төркіні». /Алматы: «Жалын» баспасы,1984. 80 б./ жыр жинағынан алынды) Жұматай Жақыпбаевта бұл тәсіл бар:
Бәңгілер мұнда
Мангудей
Мәңгіге қалды [17-б.];
Екінші деңгейдің негізгі принципі тілдегі бір дыбысты қайталау, бір дыбыстың қайталануы. Дауыссыз дыбысты – алғашқы жолда, дауысты дыбысты келесі жолдарда қайталау арқылы эффект тудыру. Мысалы:
Қалай болсын, әйтеуір,
Қасиетті өлең-жыр
Індетуге, жоюға
Індетті де міндетті [6-б.]. Тіпті індетуге, індет-міндет те осы жерде эффект тудырып тұр. Немесе:
Сарайлар қанша
Нәші үлгі
Үлгілі зері?! [16-б.].
Немесе: Күнде бір шығып
тұрса күн
күнде бір батып [18-б.].
Соңғы мысалда ақын Ж.Жақыпбаев күн сөзі арқылы (күн сөзінің мағыналары әр басқа) мәтін мәнін қоюлатып әрі әсерлі жеткізудің жолын тауып, ондай жолдарды ақын өз мәтіндерінде тамаша пайдалана білген:
Ғұмыр сүрсең,
Ғұмыр бойы
Пендеше [19-б.].
Сөзжасамдық деңгей – экспрессияны білдірудегі, жеткізудегі, эстетикалық функцияны атқарушы морфемалардың функциясын анықтайтын деңгей. Бұл деңгейдің тілдік бірліктердің функционалдығын, семантикасын тануда көмегі көп. Осы деңгей арқылы қазақ көркем мәтіндерінде қай қосымша қандай функция атқаратынын, морфемалардың қайсысы жиілікпен қолданылатынын анықтауға болады. Әрине, бұл мәселе жеке, арнайы және мақсатты түрде зерттелуге тиіс. Жеке авторлардың сөзжасамның қай тәсілін жиі пайдаланатынын білуге, сол арқылы автордың дарастилін анықтауға осы деңгей мүмкіндік тудырады.
Әрине, белгілі бір тәсіл түрін автор жиі қолданса, оған тән дарастильдік белгі екені сезіледі. Ал жұрнақты бірер рет қолданып, жаңа сөз жасайтын болса, болмаса, сөздерді біріктіріп бұрын-соңды айтылмаған бірер ғана жаңа сөз тудырып жатса, оны дарастиль белгісі деу қиын. Дегенмен әр автордың даралығын білдіретін қолданыстар болады. Мысалы, Ж.Жақыпбаев өлеңдерінде екі-үш жерде кездесетін мыңсайрам бұлбұл ақын тілінің өрнегі, дара қолданысы:
Шомылып жылы жауынға,
Шулаған кезде бақтағы.
Мен туған жасыл ауылға,
Мыңсайрам бұлбұл қаптады [53-б.]. Бұл қолданысты өзге авторлардан ұшырастыра қою қиын. Бұлбұлдың мың құбылтып шығаратын әсем үнін осылайша ерекшелеп жеткізген.
Морфологиялық деңгей сөз таптарының қызметін ашып көрсетеді. Яғни мәтін эстетикасын оқырманға таныстыруда және танытуда сөз таптарының қалай және қандай қызмет атқаратынын білуге арналады. Талдау кезінде морфология деңгейіне тән амал-тәсілдер анықталады және жиілікпен қолданылғандарын бөліп көрсету мүмкіндігі пайда болады.
Мәтінді жазғанда, оның уақытқа (кезеңдік ерекшеліктерге) қарамай, өміршең болуын, өмір сүруін тек есімдер мен етістік сияқты атауыш сөздер ғана емес, үстеу мен одағай ғана емес, сол сияқты көмекші сөздер де қамтамасыз етеді.
Сөз, сөз таптарынан бастап, лексика-семантикалық топқа жататын сөздерді бір жерге жинақтау үшін түбірлердің (сөздердің), негіздердің (туынды сөздердің) мәтінді біртұтастандыратын қызметін анықтау маңызды. Бұл деңгейдің осы қызметін жете білу әдеби тіл мен оның нормаларын біліп отыру үшін де маңызды.
Грамматика заңдылықтарының (қосымша морфемалардың, әсіресе жалғаулардың, сөз түрлендіруші жұрнақтардың) жеке авторлар қолданысында қаншалықты ауытқулармен, яки қате жұмсалғанын білу, грамматикалық категорияларға берілген анықтамаларға сәйкес келе ме, олардың қызметінен ауытқулары мақсатсыз, яки мақсатты түрде болды ма, яғни экспрессия тудыру үшін әдейі ауытқумен қолданылған ба – осындай мәселелерден хабардар болу үшін қажет. Тіпті болмағанда, ондай құбылыстардың бар-жоғын біліп отыру, грамматикалық деңгейде кей кездерде болып жататын белсенді өзгерістерді танып-білу үшін де маңызды. Ал әдеби тіл үшін, әдеби тіл нормасының жай-күйін біліп отыру үшін сөзсіз қажет әрекет. Осы мәліметтерді білудің арқасында жалқыдан (жеке автордан бастап) жалпыға (тұтасымен алғанда, бір тіл жүйесі үшін) қарай ауысып отыратын кейбір заңдылықтардың қалай қалыптасып жатқанын тіркеп отыруға мүмкіндік туады.
Айталық, ақын Ж.Жақыпбаевтың үстеулерді (-ша, -ше) пайдаланып, бейнелі әрі мағынасы сонылау тіркестерді жиі жасағаны байқалады. Олардың біразы қолданыста бар, болған, ал кейбірі көп ұшыраса бермейді. Мысалы:
Ақырын көкжиекке ал қызыл күн
Жұмыртқа сарысынша жұтылғанда [35-б.];
Соңында айша жайнар даңқы қалып
Жанының жұлдыздан да артығы анық [37-б.];
Бәлекей қызша кетеді
Күн де әндетіп,
Мен сені көріп бұлаңдап жүрген күндері [40-б.];
Егер де қалам ұстасам,
Ұстағым келді жігітше [52-б.];
Шапса егер атша жүрегім,
Сүремін ғұмыр сол ерше
Ұлы елім: – Қандай тілегің
Бар, ұлым, енді?! – дегенше [52-б.] т.б.
Ғұмыр сүрсең,
Ғұмыр бойы
Пендеше [19-б.].
Раджаша өспегенмен
шіреніп [27-б.];
Қайыршыша
көшеде йог
қол жаймай,
Тірі өлік боп
көрден қолын
созады [28-б.];
Нояндар сын көтермес сарайлардың
Талайын тас ошақша талқандаған [11-б.].
Келеміз аламанша жорықтағы,
Қамалдың тас дуалды жолы ықтағы –
Қаланған қара, жылтыр, домалақ тас
Жүгері дәндерінше собықтағы [11-б.];
Бай дала баданадай дән өсірсе,
Қаптады комбайндар, әне, шілше
Зыр қағып жаткасының қалақтары
Су тиген диірменнің пәресінше [69-б.];
Сырықша тура түскен жарық сынар;
Қайығы жаңылғандай шабысынан,
Тұлпарша тұнық көлмен жүгіретін [69-б.]
Осы мысалдардағы айша (жайнау), жүректің атша шабуы, қайыршыша қол жаю (жиі қолданылатыны – қайыршыдай қол жаю, бұл әрі норма) соны тіркестер болса, ал раджаша шірену – танымға сыя бермейді, шілше қаптау да жиі қолданылады демес едік.
Қорыта келгенде, -ша, -ше арқылы туындаған (үстеу) сөздерді ақынның барынша жиі қолданатыны көрініп тұр. Бұл оның жеке стиліндегі сөз тудырудың ерекше тәсілі, жиі қолданатын амалы деуге болады.
Ж.Жақыпбаевтың бұл жыр жинағындағы бір рет қана кездестірген -кер жұрнақты сөз және оның сонылау тіркесі де (соғыскер пілдер) қазақ әдеби тіл нормасында ұшыраспайтын, бұрын кездестірмеген тіркес (ғылыми әдебиетте соғыс пілдері деп қолдану бар):
Ахилге ұқсас
боп шықты
соғыскер пілдер [14-б.].
Сол сияқты -лы, -ды: Ауғандық шахты
айдарлы аламан басып [15-б.];
Маймылды жыныс –
храмның
бағына
мұңды [15-б.];
Етіс формасы: Шырмауықтанып
тартатынын
гүл-гүл желі [15-б.].
Айдарлы аламан сиректеу болса естіледі, әсіресе маймылды жыныс қазақ өмірінде жоқ, оның тіршілігіне жат болғандықтан, қазақ танымына сай емес, сондықтан Жұматай ақынның өлеңінде кездеседі деген жөн.
Синтаксистік деңгей – мағыналық деңгей немесе әр мағыналы сөздің контекстік мәнін ашатын, ондағы позициясын ескеріп, сонымен бірге синтаксистік құрылым ретінде сөз тіркестерінің, сөйлемдердің, мәтіннің қандай ойды жеткізіп тұрғанын анықтайтын деңгей.
Бұл деңгейдің негізгі ұғымдарының бірі – шумақ. Шумақты синтаксистік тұрғыда «күрделі синтаксистік тұтастық» деп атайды. Өйткені осы шумақтардың сөйлемдері арасында бір-бірімен мағыналық байланыс сақталады. Осындай сөйлемдердің мағыналық байланысы сақталған тұтастықты «компоненттер», «фразадан жоғары тұтастық», кейде «абзац» деп те атайды. Г.Я. Солганик «күрделі синтаксистік тұтастық» талдануға тиісті өлеңнің (мәтіннің) тек синтаксистік ерекшелігін ғана білдіретіндіктен, мағынасы назардан тыс қалады дейді. Ал, шынына келгенде, бірнеше сөйлемді біртұтас дүниеге айналдыратын семантикалық-синтаксистік бірлестік, тұтастану екені белгілі. Ал А.М. Пешковский «күрделі тұтастық» деп құрмалас сөйлемдерді, яғни сөйлемнің күрделі түрлерін атайды. Сонда байқалатыны – ғалымдар көзқарасында алшақтықтың бары.
Шумақ (строфа́ (көне грек тілінде στροφή – поворот – бұрылыс, қайта оралу, оралу) – өлеңдегі белгілі бір метрикалық, ырғақты, интонациялық- синтаксистік құрылымы бар жолдардың тіркесімі, рифмалық поэзияда рифма схемасы болады. Осы мәлімет уикипедиада сәл басқашалау беріледі: «Шумақ (строфа́ (көне грек. στροφή – «поворот» – «бұрылыс») верификацияда – шумақтан-шумаққа мезгіл-мезгіл қайталанатын қандай да бір формалды белгімен біріктірілген өлеңдер тобы [ru.wikipedia.org.]. Біздіңше, желі аудармасында берілген «бұрылыстан» гөрі оралу, қайта оралу деген жөнге келіңкірейді. Қазақ зерттеушілерінің осы екі анықтаманы бірлікте алып қарастыратыны байқалады.
Көбінесе бір жолдың белгілі бір позицияда әр шумақта қайталануы – қазақ ақындарында бар үрдіс. Мысалы, Ж.Жақыпбаевтың «Ләйлә» атты өлеңін алайық:
Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен,
Көк суы – қымыз
көп ішіп жұрт әрі кірген.
Сарноқай тауда той болды –
жиренім менің
Кермеде тұрды қалмақтың Бурханы мінген
Сетері құсап, көзге ілмей жердегі майда
Ит пенен құсты. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә!
Айғайдан зеңіп ақ бұлттар
күнде өткен аспан,
Ат қайтты-ай, шіркін! Бұрқ етіп
бір беттен ақ шаң.
Заулады бері, заулады жалғыз ат шаңы,
Тұтанған бикфорд шнурының жүрдек те
шапшаң
Түтіні құсап, көрсетпей жердегі майда
Қозғалыстарды. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә!
Аршалы таудан естілді самалды далам,
Құшақтап сүйді осынау хабарды ғалам!
Алаяқ жирен бәйгеден алдымен келді,
Өткен ғасырдан жолдаған бабамның маған
Сәлемі құсап, елетпей жердегі майда
Күңкіл-шүңкілді. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә!
Аспаннан сүйіп жүрсе
егер қырқаны қыран
Оны да сонау атамның ұрпағы қылам.
Ақшамда келіп, аулыма атыңды айтып,
Киіз туырлықты қазақтың
Шырқадым бір ән
Ақаны құсап, елемей жердегі майда
Поп-музыкаларды. Қайтейін,
көрмедің, Ләйлә!
«Ләйлә» атты өлең (І) шектері анық көрініп тұрған төрт шумақтан (строфа) тұрады. Осы шумақтардың басын біріктіріп тұрған синтаксистік тұтастық – әр шумақтың соңында, соңғы жолында қайталанып отыратын – Қайтейін, көрмедің, Ләйлә! деген сөйлем. Семантикасы – өкініш, тағы да өкініш, өксікті өкініш.
Көркем шығармада мәтін эстетикасын жеткізуде ерекше фигуралар – синтаксистік деңгейдің бейнелі-көркем құрылымдары пайдаланылады. Ондай фигуралар екіге жіктеледі:
а) синтаксистік қайталаулар, ондай қайталаулардың бар-жоғын анықтау – зерттеуде қажет фактор. Сол сияқты қай сөз түрін, мысалы, шылауларды (жалғаулық, демеулік т.б.) авторлар қаншалықты (көп, аз) қолданып жүргенін анықтау:
– анафара (бастапқы жолдың қайталануы),
– эпифара (соңғы жолдың қайталануы),
– инверсия, эллипсис (түсіру, қалдырып кету).
ә) семантикалық фигуралар – каламбур (көпмағыналы сөздің түрлі мағынасын пайдалану), теңеу, перефраз (атаудың негізгі, ең басты белгісін атауға ауыстыру, мысалы, Алматы – Оңтүстік астана деген сияқты),
– оксюморон – антонимиялық түсініктерді біріктіріп, тіркестіріп, қатарластырып беру. Оксюморон (кейде оксиморон) – көркем шығарма иелерінің қарама-қарсы мәнді сөздерді тіркестіріп жасайтын поэтикалық тәсілі, стильдік фигура. Экспрессия мен эмоцияны жекізетін ұтымды тілдік тәсіл болғандықтан, авторлардың жиі қолданатын тілдік құралына айналған. Оксюморонды қолданудың нәтижесінде жаңа семантикалық сапа (көбіне окказионал тіркестер) пайда болады. Мысалы, Жұматай Жақыпбаев өлеңдеріндегі көшпелі гауһар [9-б.] – таңғы шық (Жапырақтарға
көшпелі гауһар іркілді);
Сауыншылар қайтадан
Орамалын гүлдетті [6-б.] (орамалын тартты, басына салды).
Киізден мұнарасы (киіз мұнара)
Заңғардағы
Атамның түсті бүгін қамалы еске! [12-б.].
Меңді қыздай
Менің сұлу
Мұңдарым [25-б.] (сұлу мұң).
Озбырлықтан
болады ол да
тірі өлік [27-б.].
Мықты болсаң,
тірі өлікті
көміп көр [27-б.].
Бар еді онда сәулелі азап, есті мұң [32-б.].
Қара жол, бау-бақшада шықтым содан,
Көрнекті сотанақ боп қалыптасып [46-б.].
Осы мысалдардағы сұлу мұң, киіз мұнара, орамалды гүлдету, тірі өлік, көрнекті сотанақ – оксюморондар.
Мұң – қайғы, зар, сартап болған уайым, өкініш сіңіп қалған жанжегі – семасында ешқандай да жағымды мән болуға тиіс емес сөз. Бірақ ақын мұңды сұлу сөзімен тіркестіріп, өзгеше мән, жаңа семантикалық сапа береді. Сол сияқты, тегі жұмсақ, мұнара жасауға қолданылмайтын киізді мұнарамен тіркестіріп, тағы да киіз сөзіне жаңа семантика үстейді. Бұл да ерекше шыққан қолданыс. Осы мысалдардағы ең эмоцияға толы, ерекше жан тітіркендіретін тіркес тірі өлік десе болады. Оны айрықша етіп тұрған келесі сөз – көму етістігі. Тірі, бірақ тірі емес, тірі деуге келмейді. Өлі дейін десең, жаны бар, оны қалай көмесің? Ежелден таныс қолданыс болғанымен, тірі өлікті көміп көру, шындығында, ерекше әсер етеді. Терең философиялы жалғыз ғана өлең жолы.
Параллелизм – синтаксистік құрылымдардың теңдігі, яғни өлеңнің екі тармағының синтаксистік заңдылық тұрғысынан бірдей болып, тең түсіп жатуы. Мысалы:
Аспаннан сүйіп жүрсе
егер қырқаны қыран
Оны да сонау атамның ұрпағы қылам.
Ақшамда келіп, аулыма атыңды айтып,
Киіз туырлықты қазақтың
Шырқадым бір ән
Ақаны құсап, елемей жердегі майда
Поп-музыкаларды. Қайтейін,
көрмедің, Ләйлә!
Соңғы бес жол тең дәрежедегі синтаксистік құрылымдар. Тек құрылымы тұрғысынан ғана емес, толық мағыналы жолдар болуына қарай теңдік сақталып тұр.
Үнсіздік те мәтін ішінде ерекше қызмет атқарады. Үнсіздік жазуда авторлар тарапынан таңбаланады, жазу барысында мәтінде көп нүкте қойып кету арқылы беріледі. Осы үнсіздіктің көркем мәтіндегі орны туралы «Көп нүкте – сөз тізбегінен қалған із» деп көрсеткен екен В.Набоков.
Сол сияқты, сызықшаның да көркем мәтіндегі орны айрықша. Кейде көкіректе сайрап тұрған сөзді айтпай, көбінесе эмоцияны ымдап, ишаралап жеткізу үшін әдейі жазбай кетіп, орнына сызықша қойып кету деген сөз. Осы амал қай шығармашылық тұлғада кездеседі, оны қандай мақсатта, қандай астарлы ойды жеткізуде қолданғанын көрсету ізденісті қажет етеді. Ол туралы «Сызықша – торығу белгісі» деген екен А.Пешковский. Әрине, қазақ тіліндегі сызықшаның қойылатын орны, ерекшелігі мен өзгешелігі барын да ұмытпау керек.
Лексикалық деңгей – көркем мәтін үшін ең маңызды деңгей, мұнда барлық синонимиялық қатарлар, антонимдік қосақтар, яғни сөздерді мағынасына қарай бір топқа топтау жұмыстары жүзеге асады. Лексикалық деңгей үшін семемалар – сөздің мазмұн межесі, ал лексема – мағына межесі. Бірақ осы деңгейлерден бөлек, көркем мәтіннің өзіне ғана тән ерекше деңгейі бар, ол – композиттік деңгей.
Композиттік деңгей барлық деңгейдің түйіскен тұсынан пайда болады да, басқа деңгейлердің тоғысуынан кейін көркем мәтінді талдауға мүмкіндік тудырады. Бұл деңгейдің бірлігі – көркем образ (көркем бейне). Образ бен көркем образдың айырмасы бар. Образ деген – көп ретте адамның, ақиқаттың, шындықтың, өмірдегі реалий дүниенің тікелей көрінісі, ал көркем образ – шындықтың, ақиқаттың шығармада автор пайымы тұрғысынан бейнеленуі және бейнелеу арқылы оған автордың баға беруі деуге болады. Басқаша айтқанда, ақиқат дүниені, шындықты автордың өзінің «көзімен» (сезінуі, жүрегімен ұғынуы, таным-түсінігі, пайымы арқылы парықтауы) көруі, тануы, бәлкім, өз танымы, пайымы тұрғысынан елестетуі де.
Көркем образ сан алуан әрі әртекті болады. Мәтіндегі жұмсалу жиілігіне қарай мынадай түрде кездеседі:
а) көркем шығармада жалқы рет кездесетін сөз-образ болады (мысалы, буаз бұлттар – Қ.Мырзалиев). Жұматайдағы: Алқара шашты көктем; Қара көз сөздің тартады көші ілгері (қара көз сөз) немесе:
Көйлегінің
толқыны тоғыз вал ару
Көзімен кеше
білдірді нәзік ишарат [9-б.];
Көкшіл мұнар құйылған
Көркемдіктің ыдысы [3-б.];
ә) интерферент – белгілі бір заңдылыққа сай, оқиға, жағдаят аумағында, яки тар аяда ғана кездесетін образ түрінде болады. Мысалы, Ж.Жақыпбаев поэзияны (көркем мәтінді) «Қой, жылқылы көгілдір шығарма» деп бейнелейді. Өз өлеңінің, поэзиясының төркіні ауылдан таралатынын жеткізу мақсатында солай деген сын-ды. Немесе:
Сфинкс Бабыр –
Басы ақын
Жолбарыс кеуде [14-б.] т.б. Тұтасымен интерферент жол.
Сөз семантикасы мәнмәтінге байланысты өзгеріп, мәтін ыңғайына қарай құбылып отырады. Образ – символ – сөз-образға айналғанда, семантикасы абстракциялық соңғы сатыға өтіп, шегіне жеткен болып саналады. Сөз образдың жарқын үлгісі де Жұматай Жақыпбаев өлеңдерінен табылады. Ол – Ләйлә, Ләйлә образы. Ләйлә – образдан гөрі, символ. Ақынның бүкіл жарқын дүниесінің, шабытты шалқарының, сезімінің символы. Сезім билесе, нендей бір әрекет етсе, ойланса, ойласа, жай ғана айналаға, дүниеге қараса да, Ләйләсіз олар ештеңе де емес. Онсыз айтады, көреді, бірақ өкінішпен айтады, тіпті көріп тұрғанына өкінгендей әсер береді. Ол әлемді керемет суреттеп, тамаша бағалайды, бірақ сол бағаны, сол кереметті Ләйләнің көрмегеніне өкінеді. Сондықтан бағасы өкініш аралас, себебі ол жерде Ләйлә жоқ. Оның бар тірлігінің өлшемі – Ләйлә. Өкініші де Ләйлә. Қуаныштың өзін Ләйләсіз сезіну, дүниені Ләйләсіз тану – жан азабы. Ақын не істесе де, не көрсе де, түңілсе де, қуанса да оны Ләйлә көру керек. Ләйләсіз – бәрі тұл. Сонда Ләйлә ақын үшін азаптың, жан азабының символы ма?
Ләйлә – тұнық мұң символы. Өзге ақындардың қыз бейнелі символдарына қарағанда бөлек. Ақын сырттай тамсанып, оның сұлулығын жырламайды. Символ-Ләйләнің жер бетіндегі, автордың көңіл көкжиегіндегі, ойы мен қиялындағы бейнесі «сүйдім», «күйдіммен» байланысты емес. Ләйләнің көзін, шашын, бет-әлпетін ақын суреттемейді (осы жинағында). Бірақ оны әсте естен шығармайтын ақын барлық іс-әрекетін символ-қыздың бағалауын тілейді. Өзінің әрбір әрекетіне өзі берген бағасына Ләйләнің де дәл солай қарауын тілейді, бірақ оның мүмкін емесін жан дүниесімен сезінгендіктен, шарасыз күйге енеді, мұңға батады. Оқырман да нақты портреті жоқ бір бейне барын біледі. Қараңыз:
Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен,
Көк суы – қымыз
көп ішіп жұрт әрі кірген.
Сарноқай тауда той болды –
жиренім менің
Кермеде тұрды қалмақтың Бурханы мінген
Сетері құсап, көзге ілмей жердегі майда
Ит пенен құсты. Қайтейін, көрмедің, Ләйлә! т.б.
Сонымен, Ләйлә образы Жұматай шығармаларындағы – символ, сөз-образ.
Ал поэтикалық мәтінге тән символ типтеріне мыналар жатады: 1) эмпатикалық символ, символ ретінде анық танылатын, байқалатын түрі. Ондай символдар көптеген көркемсөзшілердің шығармашылығында кездеседі, оңай түсініледі; 2) эйдетикалық символдар, өте қанықтығымен, жарқын көрінуімен, маңыздылығымен (бір қасиеті, белгісі маңызды болуымен) көрінетін символ түрі; 3) энигматикалық символдар, жұмбақ символдар, аса бір маңызды нәрсенің жасырын тұруы, құпия болып жеткізілуі, анық көрінбеуі. Ақын шығармаларындағы Ләйлә символында жұмбақ та бар, сонымен маңызды да. Сондықтан Ләйләні символдың екі типінің тоғысқан тұсынан туындаған символ, сөз-образ деуге болады. Оның образы етене таныс метафоралардан, кәнігі қолданыстардан құралмайды, бірақ ақынның, көркем мәтіндегі лирикалық кейіпкер өмірінің мәніне айналғаны сезілетін образ, символ-бейне. «Символ сезім арқылы танылады. Ол интуитивті түрде ғана танылатын белгілі бір идеяны арқалайды. Символ өз мағынасын ұзақ уақыт мөлшерінде сақтай алады және көптеген адам үшін тұрақты сипатқа ие. Символ интуитивтілігі негізінде белгілі бір рационалды бастама болады, бұл символға жалпылама және тұрақты сипат беріп, оны түсінікті етеді. ...Жалпы символ екі түрлі мәнде қолданылады: біріншісі – тілдік таңба ретінде, екіншісі – тілдік таңбадан күрделірек түрдегі «символдық» мәнде. Символ мазмұны белгілі бір контекске байланысты күрделенеді. Таңба көбінесе шартты немесе бірқырлы болуы мүмкін, ал символ – концептуалдану үдерісінің нәтижесі», – дейді символ турасында зерттеуші
Ү.Әнесова. Көркем мәтіндердегі символдар айтылған соңғы ойға сәйкес болып келеді.
Ләйлә көркем мәтіндегі лирикалық басты кейіпкер үшін құндылыққа айналып, содан барып символданған. Ж.Жақыпбаев өлеңдеріндегі символдарды қарастыру шағын лингвистикалық талдаудың міндетіне жатпайтындықтан, тек тілдік талдаудың бір үзігі, эпизоды ретінде ғана қарастырылды.
Бағдан МОМЫНОВА,
филология ғылымының
докторы, профессор

590 рет
көрсетілді0
пікір