- Ақпарат
- 05 Желтоқсан, 2024
Жастар қазақша сөйлесе...
Қазақ тілі – мемлекеттің күре тамыры. Отанның тілі басты қарым-қатынас құралы ретінде қолданылуға тиіс. Тілдің қолдану аясын кеңейту қажеттігі әлі де бар. Осы орайда, «Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы» мемлекеттік тілдің дамуы үшін табанды еңбек етіп келеді.
Оқытушылар қазақ тілінің өрістеуіне сүбелі үлес қосып жатыр. Орталық күні бүгінге дейін 19 415 адамды қазақ тілінде сөйлетіп, арнайы сертификат берген. Мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын қазақтар мен басқа этнос өкілдеріне үш сатылы бағытта дәріс оқиды. Атап айтқанда, қарапайым, базалық, жоғары деңгейлер бойынша тыңдаушыларды тіл білімімен сусындатып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың кемшін тұсы, көбіне қала тұрғындары арасында орыс тілінің басым болуы қазақ тілінің кеңінен қолданылуына кедергі келтіретіні мәлім. Бәріміз білетіндей, ауылда қазақ тілінің қолданысы анағұрлым жоғары.
Қазақ тілі – мемлекеттің жады. Оның рөлі қоғамда күннен-күнге артып келеді. Мысалы, 2019 жыл «Қазақстан – 2050» стратегиясында қазақ тілінің халықаралық мәртебесін арттыруға бағытталған нақты міндеттер белгіленді. Ресми статистика көрсеткендей, 2019–2023 жылдары қазақ тілін үйренушілер саны 40 пайызға артыпты. Солай болуы керек-ті. Өйткені қазақ тілі – еліміздің мәдениеті, тарихы мен бірегейлігінің негізі. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны дамыту және қоғамда кеңінен қолдану – маңызды міндет. Соңғы жылдары қазақ тілін қолдауға бағытталған іс-шаралар шеңберінде мектептерде қазақ тілінде білім беруді арттыру, мемлекеттік қызметте қазақ тілінде қызмет көрсету сияқты бастамалар қолға алынды. Мұндай іс-шаралар қазақ тілінің ресми және қоғамдық өмірдегі рөлін нығайтатыны хақ. Өкініштісі, жастар арасында орыс тілінде сөйлесудің дәстүрлі принципі қалыптасып үлгерді. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін жастар арасында қызығушылық тудыратын ұсыныс көп. Атап айтсақ, қазақ тілінің қоғамдағы рөлін арттыру үшін тұрғындарды тілдік ортаға тартудан бастап, мәдени іс-шаралар мен тіл фестивальдарын ұйымдастыру, қазақ тіліндегі әдебиет пен өнерді насихаттау, жастар арасында қазақша әндерді, поэзияны және прозаны дамыту жұмыстарымен жалғаса береді. Елімізде жыл сайын өтетін «Тілдер күні» сияқты іс-шаралар арқылы қазақ тілінің маңызы мен оны қолданудың қажеттілігі туралы ақпарат беру жастардың қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Медиа және интернет кеңістігінде қазақ тіліндегі контент көп болса, жастар содан нәр алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мемлекеттік емес, жеке сектордағы компаниялардың да қазақ тілінде қызмет көрсетуі ләзім. Кәсіпорындар өнімін қазақ тілінде жарнамалау, қызмет көрсету барысында қазақ тілін қолдану – тілдің қоғамдағы рөлін нығайтуға жол ашады. Бұдан мейрамхана, көңілашар орталықтары, базар, дүкендер, шағын кәсіпкерліктер де тыс қалмаса, тұтынушылармен қазақ тілінде сөйлесіп, ақпарат ұсынса, мемлекеттік тілдің күнделікті тұрмыста қолданылуының айқын көрінісі болмақ. Жалпы алғанда, тілдің қоғамда қанат жаюы, қолданылуы үшін, ең алдымен, мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды қалыптастыру маңызды қадам. Тек мемлекет емес, әрбір азамат та қазақ тілінің дамуына үлес қосуға тиіс. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны дамыту, кеңінен қолдану – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тілді дамыту, оны қоғамда насихаттау – мәдениеттің, ұлттық бірегейліктің негізі. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, оны күнделікті өмірде жиі қолдану жастардың, қоғамның, мемлекеттің бірлескен әрекеті арқылы жүзеге асырылуы шарт. Отан тілінің мәртебесі артқан сайын, еліміздің мәдениеті мен тарихы да нығая түседі. Тілдің қоғамдағы рөлі мен мәртебесі оның қолданылу деңгейіне тікелей әсер етеді.
Рамазан БАУЫРЖАНҰЛЫ,
ақын, Ақмола облыстық
оқу-әдістемелік
орталығының оқытушысы
1158 рет
көрсетілді0
пікір