• Ақпарат
  • 05 Желтоқсан, 2024

Өзін тәрбиелей білмеген өзгеге өнеге көрсете алмайды

Ата-ананың дұрыс тәрбие, бағыт-бағдар бере алмауынан теріс жолға түскен балалар да бар. Мұндай жастар көбіне өмірден өзін таба алмай жүреді. Ал, керісінше, балаға отбасыда тамаша үлгі, өнеге берілсе, ол лайық тұлғаға айналмақ. Психолог мамандарға ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жастар арасындағы тәрбие мәселесіне қатысты бірнеше сауал қойған едік. 

 

– Қазір ата-ана мен бала арасындағы түрлі келеңсіз жайттарды жиі естіп жүрміз, әсіресе балаларға үлкендер тарапынан жасалатын буллинг. Мұның басты себебі не? 
Әлия АЛМАУЫТОВА, психолог:
– Адамға рухани даму өте қажет. Кейбіреулер қоғамда өзін-өзі таппай жүреді ғой. Адам сөйтіп шаршайды. Мұндай жандар өзін-өзі таппағандар. Жасы 70-ке келсе де, кейбір адам рухани тұрғыдан өспей қалған. Алланың 99 есімі бар. Сол есімдер адамның бойынан сипат тауып, ашылуы қажет. Қазір психология саласы дамып жатыр. Отбасыда мейірім көрмеген балалар шектеумен өседі. Адамның махаббатын сезінбей ержету немесе бойжету қиын. Соның әсерінен жан дүниеге түскен жараны емдеп алуға тырысу қажет. Ата-ана да, бала да, әр адам жан дүниесін емдеуге ұмтылса деймін. Өйткені жаны саудың – тәні сау. Сонда ғана қоғам бүтін, бақытты болады емес пе?! Бақытсыздық, агрессиямен жүру, ашушаңдық қалыпты жайтқа айналмауға тиіс. Өкінішке қарай, ондайды қалыпты дүниеге айналдырғандар да бар. Ал оның зияны орасан. Кейбіреулер сыртта үнемі күліп жүреді де, отбасыға келгенде бетпердесін шешеді, яғни бүкіл агрессиясын отбасы, бала-шағасына көрсетеді. Жақындары содан зардап шегеді. Көп отбасының ажырасуының да бір себебі – осы. Мүмкін, ол ата-ананың ойланатын да уақыты жоқ, мүмкін, дұрыс ойлана да алмайды. Себебі өзін танумен, дамытумен айналыспаған. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейді. Сөйтіп, өмір сүре береді, солай уақыты қалай өткенін білмей қалады. Ал оның балалары да дәл сондай ата-ана болып шығады да, ертең ол да ұрпағына зиянын тигізеді. Сондай ұрпақ жалғас­тығында адамдардың жақсылыққа жетуі қиын. Осылай жалғаса берсе, ұлттың кодын, болмысын өзгерістуі мүмкін. Ата-ана материалдық тұрғыдан аса бай болмаса да, балаға деген үлкен махаббат, мейі­рім, әке мен ананың ортасында сыйластық орнаса, осындай ортада өскен бала толыққанды перзент болып өседі. Негізінен, зорлық-зомбылық көрсететін балалар психологиялық тұрғыдан толыққанды өсіп-жетілмейді. Өйткені олар үйден жеткілікті тәрбие көрмейді, ата-ана күні бойы жұмыста болып, қараусыз қалуы мүмкін. Жұмыс­тан шаршап келген ата-ана ашуланады, балаға махаббат та, көңіл де бөлмейді. Баланың жағдайын жасап, керек ақшасын тауып беріп, соңғы үлгідегі телефондарын алып беріп, «бұдан артық не керек» деп, материалдық жағдайын ойлауы ықтимал. Бірақ бұл жерде ең бастысы – махаббат, сүйіспеншілік, көңіл бөлу. Сондықтан басты назар осы нәрсеге салынуы керек. Қазір көпшілігі қызмет, ақша қуады. Сөйтіп, махаббатын баласына бере алмайды. Баласы әке-шешесінің бір-біріне деген сыйластығын, мейірімін көріп өспегеннен кейін, «жан-жақты, толық отбасы деген не, махаббат деген не, адамға жанашыр­лық таныту деген не екенін» түсінбейді. Ондай балалар барлық нәрсені материяға теңеп қоюы мүмкін. Зорлық-зомбылық көрсететіндер жүрегінде махаббат жоқ балалар деп ойлаймын. Ал шын мейірім мен сүйіспеншілік көрген бала ешкімге қол көтере бермейді. Сондықтан отбасы негіздері дұрыс болса дейсің.
Мейірім ЕРКІНБЕКОВА, «Қайнар университеті» психология ғылымының кандидаты:
– Отбасыдағы ортақ үрдістерге немесе ата-ананың психологиясына да байланысты болуы мүмкін. Әр отбасының талабы, өмір сүру ережесі әртүрлі. Балаға бірдей тәрбие беру формуласы жоқ. Әр балаға жеке тәрбие дағдысы бағытталуға тиіс. Себебі отбасылар әртүрлі. Ең бастысы – шынайы сүйіспеншілік. Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеу дегеніміз – балаңызды түсінуді үйрену, оны адам ретінде қабылдау, оған көмек пен қолдау көрсету, оның жанында болу. Балаға қателесуге құқық беріңіз, өйткені бұл оның тәжірибесі, ол өте қажет және балаңызға үлгі болыңыз. 
Қазақ халқының керемет мақалы бар: «Жеті жасқа дейін балаңды патшадай күт, 15 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай сырлас». Осы ұстанымды басшылыққа алдым. Әкемнің сөзі үнемі есімде болды: «Балаға қалай көңіл бөлсең, ертең өзіңе солай қайтады» деген. Шүкір, ұлым екеуміздің арамызда түсінбестік болған жоқ. «Қандай жағдай болсын, маған бірінші келіп айт, түзетуге болмайтын нәрсе жоқ, себебі сенің ең жақын адамың менмін» деп үйреткенмін. Қазір өзінің отбасы бар, жарына да солай шынайы сүйіспеншілікпен қарауды үйренген. Міне, жоғарыда аталған жайттар сақталмағандықтан, зорлық-зомбылық жағдайларының болу ықтималы артады.
Сая БАҚИМОВА, психолог:
– Жалпы, адамның психикалық аппараты үш сатыға бөлінеді: жоғары, орта және өте төменгі деңгей. Жоғары сатысына психикасы жақсы, тұрақты адамды, орта сатыға психикасы ара-тұра жақсы жұмыс істейтін, ал психикалық аппараты төмен деп балаға болсын, кез келген адамға психикалық қысым көрсететін адамдарды айтамыз. Сондықтан зорлық-зомбылық, буллинг дәл мынадан пайда болады деген жоқ. Ол әрбір адамның психикасының деңгейіне байланысты. 
Анар ҚЫРЫҚБАЕВА, психолог:
– Тәрбие отбасыдан басталады. Ата-ана баланың кәмелеттік жасқа толғанынша жауапты. Бала ата-анасының мінез-құлқын, әдеттерін бойына жинайды. Бала құрсаққа біткеннен бастап, анасының іс-әрекеті, ойлау қабілеті, сөйлеген сөздері, өзгермелі көңіл күйі баланың санасына жазыла бастайды. Перзентіне дұрыс тәрбие беру – ата-­ананың борышы. Кейде интеллектуалды балаларды байқаймын, бірақ олардың мінезі агерссивке толы болып келеді. Бұған әке мен шешенің көңіл бөлмеуі себеп болуы мүмкін. Білімнің қайнар көзі мектеп болса, тәрбиенің қайнар көзі – отбасы. Балаға ата-ана жол бастаушы болмаса қолындағы гаджеттер тәрбиелейді. Бала кейде TikТok-тағы жағымды-жағымсыз челлендждер тілімен де сөйлеп кетіп жатады. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс­тағы кейбір ата-ана балаларын ақылы мектепке береді де, «болды, сендер міндеттісіңдер» дейді. Тәрбиелі балалардың сөйлеген сөзінен, әрекетінен, мінезінен қандай текті ұрпақ екені білініп тұрады. Сондықтан, Абай атамыз айтқандай, баланы емес, бірінші өзіңді тәрбиелеген жөн. Қазір әке мен ана таңнан кешке дейін тірліктің ғана қамын ойлап жүр. Бала ақ қағаз, әрекетіңізді сканер сияқты өзіне көшіреді. Тәжірибемнен айтайын, қаншама ажырасқан отбасы болды. Ажырасу салыстырмалы түрде үлкендерге оңайырақ, ал балаға ауыр, жан дүниесіне соққы болып тие­ді. Толық отбасының перзенттерін бала-бақшадан, мектептен әкесі алып кетсе, толық емес отбасының баласы жаутаңдап қалады. 
– Буллинг бала психикасына қалай әсер етеді?
Алия АЛМАУЫТОВА, психолог:
– Отбасыда психикасы зақым алған балаларды сол сәтінде емдеу қиын. Өскен соң психологтерге барып емделіп жүретіндер көбіне сондай балалар ғой. Кейбіреулер психологияға қарсы болып жатады. 
Ата-ана – бала үшін басты адам. Оның қамқоршысы, қауіпсіздігі. Сол адамдар перзентін қорғамай, өзі оны ұрып, айғайласа, бала бұл өмірде өзін қорғансыз сезінеді. Содан кейін ол қорқақ, өзіне сенімсіз, агрессивті болып өседі. Әр ата-ана «қандай ұрпақ тәрбиелеп жүрмін» деп ойлануы керек. Өздері үшін болмаса да, баланың болашағы үшін өзгергені жөн. Бала әкесі мен анасының көшірмесі іспетті. 
Балалар психологі болмасам да, хабарласатын балалар бар. Екі жасөспірім қызбен сөйлестім. «ҰБТ жақындады, ата-анамның үмітін ақтай алмай қаламын ба?» деп қатты уайымдап жүр екен. Сөйлестім, бағыт-бағдар бердім. Ештеңеден қорықпау керегін дұрыстап, түсіндірдім. Сөйлескеннен кейін түсінді, «өмір сүруге деген талпынысым артты» деп қатты қуанды. Негізі, әр адамға осылай психологиялық жұмыстан өтуі керек. Отбасыны алғаш құрған жылдары тұңғыш бала дүниеге келеді. Сол тұстағы екі жастың бір-біріне үйренісіп, бейімделіп жатқан қиындықты тұңғыш бала да бірге көреді. Бұдан көбіне балалар бірінші зардап шегетін секілді. 
Сая БАҚИМОВА, психолог:
 – Буллинг ең бірінші баланың интеллектуалды сипатына зақым келтіреді. Тұлға символдық тұрғыда немесе метафоралық күйде ойлай алмайды, шығармашыл бола алмайды. Кішкентай балалардың тілі кеш шығып, кеш дамиды. Физикалық өсуінде ақау пайда болады. Үлкендер мәселесін сөзбен айтып жеңілдейді. Кішкентай балалар өзінде бірдеңе дұрыс емес екенін түсінеді, қайғырады, бірақ сөйлеп жеткізе алмағандықтан, психологиялық соққы ауру болып шығады. Содан соң эмоцияға байланысты тым қатты ашуланшақ болу, өз-өзін ұстай алмау сияқ­ты бұзылыстар болады, туындайды. Ерік-жігер уәждемесі құлдырайды. Бұрын мектепте мұғалімдер сабақ оқи алмайтын балаларға ұрсып, ең соңғы партаға отырғызып, бұрышқа тұрғызатын еді. Сабаққа үлгере алмай жатқан, эмоционалдық, интеллектуалдық – барлық жағынан қалыс қалып жүрген балаларға буллинг жасалады, оларды ешкім жақсы көрмейді. Негізінен, солар отбасыда зорлық-зомбылық көреді. Оларды ұрады, екінші жағынан, эмоциялық қысым жасалып, ешкім сөйлеспейді, мектепті де әрең аяқтайды.
Мейірім АНАРБЕКОВА, психолог:
– Жәбірленушіні көп қорқытса, оның психикалық тепе-теңсіздігі, депрессияның ауыр түрлері пайда болуы мүмкін және өзіне қол жұмсау ықтималдығы артады. Агрессорлардың оқу үлгерімінде қиындықтар туындайды, тіпті қылмысқа итермелейтін жағдайлар пайда болады. Буллинг туралы оның ата-анасы білмеуі де мүмкін. Өз құрбы-құрдастарынан көрген зорлық-зомбылық та баланы жасық, қорқақ немесе ызақор етуі мүмкін.
Анар ҚЫРЫҚБАЕВА, психолог:
– Кеңес Одағында ата-ана балаларын білімге, тәртіпке бір шыбықпен тәрбиелейтін. Бұл жерде басты назар аударатын жайт – ол кезеңнің балаларының қабылдауы мен көзқарасы басқа да, қазіргі заманның ұл-қызының болмысы мүлде басқа. Мәселен, біз кіші күнімізде далада жүгіріп, секіріп, ағашқа шығып, таза ауада күнұзақ ойнап жүре беретінбіз. Қазіргі балалар бұлай істей қоймайды. Себебі олар телефонға байлаулы. Сондықтан ми дағдарысы басқа жағынан, яғни психикалық тұрғыдан шығып жатыр. Жаппай цифрландыру бала психологиясына солай әсер етеді. Ол кезде балалар шымыр болса, қазіргі ұрпақтың басым бөлігінің психикасы өте нашар, нәзік. Қазіргі жас толқынды кеңес кезеңіндегідей ұрып-соға алмайсың, олардың қабылдауы мүлде басқа. Керісінше, ақылмен, сабырмен, достықпен қарым-қатынас орнатқан пайдалы. Мысалы, баласы мен анасы қабылдауыма келді. Баланың әкесі – спортшы. Бала тыңдамаса, белбеумен ұрады екен. Мен баламен сөйлескенде анасы диванда бәрін естіп отырды. Балаға сұрақтар қойғанымда суреттер арқылы ойын жеткізе бастады. 
– Мен құлақ аспасам, әкем ұрады, – дейді.
– Ал сен сол кезде не сезінесің, – дегенімде, ол: 
– Мен күш жинап алғаннан кейін әкемді ұрамын, сол күшті өзіне жұмсаймын, – дейді. 
Анасы мұны естіп шошып, қатты күйінді. Демек, мұны олар өздері енгізіп жатыр. Агрессияны көрген бала қорқақ болады. Буллингіге де көбіне сол балалар түседі. 
– Қоғамдағы жағдайға қарап, балаға күш көрсеткен ата-анаға шара қолдану керек дей аламыз ба?
Сая БАҚИМОВА, психолог:
– Балаларға қысым көрсететін ата-­анаға шара қолдану керек. Дамыған мемлекеттерде бұл жақсы жолға қойылған. Осыған қатысты жетілген құрылымдар, қадағалайтын арнайы органдар бар. Сонымен қатар баланы кішкентай кезінен бастап 18 жасқа дейін қадағалайтын мамандары тағайындалған. Сондықтан бізде де балаға күш көрсетілген жағдайда оған мемлекет араласуы керек деп есептеймін. Ол үшін бүгінгі жүйе біртіндеп жақсы жұмыс істей беруге тиіс. 
Дамыған елдерде күйзеліске түскендерге мемлекет арнайы ақша бөледі, емдейді. Олар көп ауырады, ештеңе жасағысы келмейді. Өйткені күйзелістегі адам экономикаға үлкен шығын әкелетінін біліп, емдеп алуға тырысады. 
Анар ҚЫРЫҚБАЕВА, психолог:
– Менің ойымша, ата-ана мен баланы айырмай, керісінше, оларды біріктіруге жұмыс жасалуға тиіс. Негізі, баланың бет-әлпетінен отбасыдан махаббат көрген-көрмегені байқалады. Ата-ана «біз кішкентайымыздан таяқпен, шапалақпен өстік. Ештеңе еткен жоқ, адам болдық, өстік, қатарға қосылдық» деп ақталады. Ал қазіргі балалар мұны көтермейді, болмысы мен танымдық қасиеті басқа. Сондықтан қазіргі балаға басқаша қадам жасау қажет. Олардың көңіл күйінен бет-бейнесінен отбасыда не болып жатқаны белгілі. 
– Психолог мамандар баламен жұмыс жасағанда бірінші нені ескерген жөн?
Анар ҚЫРЫҚБАЕВА, психолог:
– Балаға әрқашан мүмкіншілік берілуі керек. Біз оның шекарасынан аттап өтіп, міндеттемеуіміз шарт. Өйткені ол да адам. Сіз нағыз маман болсаңыз, бала жанының кілтін табасыз. Мұнда жұмысыңызды сүйіп жасауыңыз да маңызды рөл ойнайды. Қазір мектептерде білікті психолог мамандарды көбейтетін кезең келді. Бір мектепте 1000–1500 бала оқитын болса, оның барлығын қалайша екі маманның мойнына артып қоюға болады. Ол қайсысына үлгереді? Әр сыныпқа кіріп-шығып үлгере ме, әлде, қағаздық жұмысынан үлгере ме? Негізі, ондағы мамандар көбейіп жатыр. Дегенмен әлі аздау. Осы жерде мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Психолог мамандардың әңгімесінен шығатын қорытынды: ел боламын десек, отбасы негіздерін түзейік. Қазіргі әлемнің негізгі дерті – рухани дерт, ал оның жалыны отбасын шарпымасын десек, рухани тұрғыдан толық, жан-жақты, тәрбиелі, толық, кемел ата-ана болуға тырысайық.

Элеонора ӘЗІРЖАН

1061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы