• Ақпарат
  • 05 Желтоқсан, 2024

Әлияның арманы

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»

Қайбір жылдары қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова мәңгілік тыныш тапты деген бейітте оның сүйегі жоқ екені анықталып еді. Сұрапыл соғыста адамды арулап көму екінің бірінің маңдайына жазылмады ғой. Әлиямыз бауырластар зиратында жатыр деген дерекпен жүректі тыншытқанбыз... Сол Әлияның анасы Маржан Молдағұлова ХХ ғасырдың 30-жылдарының басында оққа байлануы мүмкін деген де сөз айтылып жүр. Әлияның анасының да мәңгілік тыныш тапқан орны туралы іліп алар дерек жоқтың қасы... Батыр қыз бен анасына қатысты удай өкінішіміз – жоқтағанда екеуінің де басына іздеп барар орын қайда? 

 

Ақтөбе қаласында Әлия музейі бар. Міне, сол музейде Әлия Молдағұлова хаттарының көшірмесі, ал Мемлекеттік архивте түпнұсқасы сақтаулы. Снайперлер мектебінде оқып жүргенде газет парағының қақ ортасына Абайдың бір шумақ өлеңін өз қолымен жазған екен. Сол өлеңді жатқа оқыған да шығар: 
Бұл өмірдің қызығы – махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенге боласың тең.
Мәскеу мен Ленинградта оқыған қыздың жүрегіне жазылған жыр – өз елінің бас ақынының өлеңі екен ғой. Әлияның нені армандап, қандай өмірге ұмтылғаны туралы дерек тым жұпыны. Оны өзі жазған хаттардан ғана түсіне алармыз. Сол хаттарға үңілсек, Әлияның нәзік жүрек лүпілін сезінгендейміз. Бауыры Сапураға жазған бір хатында Әлия: «Бүгін орманға гүл тере бардым. Орман қол созым жерде, айнала көк шалғын және гүлді алқап. Қандай әдемі еді! Міне, сол сұлулықты жалғыз өзім көрмейін деп саған қалампыр, ботагөз, қарақат гүлінің күлтесін жіберіп отырмын» дейді. Сұрапыл соғыстың сұп-сұр тұманы еңсені басып тұрған шақта да Әлия айналадан көркемдікті көре де, сезіне де білген. 17–18-дегі қыз соғыс­тың сұрқай жүзіне қарағанда табиғаттың сұлу келбетіне көбірек үңілген-ау. Өмірінің 18-ден енді ғана асқан шағында үзілерін нәзік жүрегі сезгендіктен де, жанарын жарқын естеліктерге ғана толтырғысы келді ме екен? 
Ақтөбедегі музейде «Әлияның арманы» деген картина ілулі тұр. Авторы З.Медетбеков. Шынымен, Әлия нені армандады? Отанының жауды жеңуін, бейбіт, тыныш өмірді дерміз. Соғыстан соңғы әлемді, көркем өмірді, бейбіт заманды қалай елестетті? Егістікте қалған дәнді теріп жүріп күзетші оғынан қайтыс болған анасы Маржанның бейнесін іздеді ме екен? Бай баласы болып қуғын көріп, өмірі бас сауғалаумен өткен әкесі Нұрмұхамед Сарқұловтың арманын есіне алды ма? Көрер жарығы сәби күнінде-ақ таусылған туған бауыры Бағдатын жоқтады ма? Өз қызындай өсірген нағашы ағасы Әбубәкір Молдағұлов аманаты мен махаббаты жанын жылытқан болар? Жиі хат жазып тұрған нағашы бауыры Сапурасымен қол ұстасып қырда қыдыратын сәтін елестеткен де шығар-ау! 
Иә, соғыстың қасіреті жоғалту ғана ма? Отан деп аталатын қасиетті өлкенің топырағын жаудың табаны аяусыз таптағанын көріп, кіршіксіз таза жүрегі қан жылаған шығар. Отан деп аталатын қасиетті өлке... Кіндік қаны тамған топырағы Бұлақ ауылын да, әріп танытқан Әулиеата жерін де Әлия қастер тұтқанына күмәнсіз сенеміз. Абай сөзін ұмытпай, өз қолымен жазып қалдыруы да туған топырақты ерекше қадірлеуінің бір дәлелі емес пе? «Өлсең де, өлмегенге боласың тең» деген шумақ өмір мен өлім сәт сайын арпалысқан уақытта Әлияға жұбаныш болған да шығар-ау! Қайткенде де Әлияның арманы өлмеу ме дейміз. Оның есімі жадымыздан өшпей, ерлігі ұмытылмай, қазақ қызының батырлығының, қайсарлығының бір үлгісі болып бүгінге жетуі де сол өлмеудің, өшпеудің жолы емей, немене? Өзінің де, анасының да сүйегі қайда жатқаны белгісіз болғанымен, рухы тірі, аты тірі. Жыл сайын кемі жүз қазақ атын атап, өзін еске алады. Батырлықтың үлгісі деп біледі. Мына өмірде маңдайына жазылған жасы 18-ақ жыл болғанымен, биыл, туғанына жүз жыл толған шақта да талайлардың құрметіне бөленіп келеді, қастер тұтқан тұлғасына айналып жүр.    
«Сәлеметсіз бе, Сапура.
Бұл хатқа айран-асыр боларсыз, не де болса Лияның ең жақын майдандас досы болған соң сізге хат жазуды дұрыс көрдім. Лия енді арамызда жоқ…» Бұл – Әлия туралы туған жерге жеткен соңғы хат. Әлияның серіктес-снайпері Надежда Матвеева 1944 жылдың 26 қаңтарында жазған. Әлия сол жылдың 14 қаңтарында көз жұмған еді…
18-ден енді асқан шағында шаһид кешкен Әлияның шиырлаған ізі тым аз секілді: Ақтөбенің Бұлақ ауылында дүниеге келген, Әулиеатада мектепке барған, Мәскеуде, Ленинградта оқыған. Арада «Артек» лагеріне барып келген. Одан әрі Рыбинский, Взятск, Амерево. Казачиха ауылының маңында ерлікпен қаза тапқан. Осынау қысқа жолда Отан деген ұғымды қастерлеп өткен қыздың ерлігіне бас иетін жұрттың ықыласы мол.
Қайран, Әлия! Өзіңе арналған ескерткіштің бәрінде әскери киіммен қасқайып қарап тұрасың. Әсем де қонымды көйлек киіп, шашыңды сәндеген, арманы асқақ, нәзік те көркем арудың Отан, туған жер, туған топыраққа деген қастерлі де аяулы сезімі айрықша байқалатын туындыға қарайтын да уақыт жақындап қалған шығар-ау! Әкесі мен анасын, бауырын тағдырдың сұмдық дауылы үйіріп әкеткен, бүтін бір отбасыдан қалған жалғыз жапырақ – Әлияның тағдырын, арманын, қайсар болмысын бейнелейтін жаңа заманның ескерткіші де асқақтар деп сенеміз.  

1205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы