• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

Желтоқсан айы... Жылымық

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili»
 

Желтоқсан десе... Бұл айыңыз қазақты біресе қайғыртып, біресе қуантқан екен. Қазақ қуанған желтоқсанның сүйіншісі ХХ ғасырдың басында айтылып еді. 

 

«Жасасын Алаш, Жасасын!»

1918 жылдың қаңтар айында «Сарыарқа» газетінде Әлімхан Ермековтің «Жасасын, Алаш, жасасын!» атты мақаласы жарияланған. Онда: «Декабрдың 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып, ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды; Отансыз жұрт Отанды болды. Автономия бізге өмірлік мақсат еді, алыстағы жұлдыз еді. Іштегі дертті айта алмай, күрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүниежүзін жаңғыртып, Алаш ұранын шақырып отыр. Алаш! Алаш! Көтер басты. Уақыт жетті,  сүртелік көзден аққан қанды жасты! Бұл күн – тарихи күн; бұл күнді көріп өлген Алаш баласы мудасыз, армансыз...» деп, 1917 жылы желтоқсанның 5–12 аралығында өткен екінші жалпықазақ съезінің негізінде құрылған Алаш автономиясының сүйінші хабарын таратады.
Демек, желтоқсан айы – қазақтың тәуелсіздік арманы айтылған қастерлі мезгіл. ХХ ғасыр басында жаңа заманның ұлттарымен бір дәрежеде мемлекет болудың алғашқы қадамы жасалған, алғашқы сөзі айтылған кез. Бағзыдан жеке байрағы бар, өз жері мен елі бар халықтың заманаға лайық өз туын көтерген уақыты. Ел болудың, ұлт болудың жаңа замандағы қадамын талдап-талқылаған, таразылаған, Алаш автономиясын құру туралы съезд өткен айдың қадірі бөлек болатынының бір себебі де осы. Білімді ұрпақ, бірлігі жарасқан ел Алаш жолындағы азаматтардың ұраны еді. Бұл жайында Ахмет Мәметов (батыр Мәншүк Мәметованың әкесі Жиенғали Мәметов. 1925 жылы Мәншүкті Ахмет Мәметов бауырына басқан) былай дейді: «Ал, Алаштың ардақты ақ жүрек балалары! Өкілдеріміздің қылған қаулыларын орнына келтіруге тырысу, тартынбай жетегіне еру, жан-жаққа шыға жайылмай ел болудың қамын қылу, барлығымызға борыш, міндет. Бөтен халық өз еркін өзі біліп, өзі істеп жатқанда, біздің тілі жоқ мылқауша, құлағы жоқ саңырауша үндемей қарап қалуымыздың жөні болмас. Өкілдеріңіздің де төмендегі қаулыны қылғандағы арқа таянышы сіздер, мұны естеріңізден шығара көрмеңіз. Ал, Алаш ұранды, ақ жүрек адал елім, осы арада бір, алты Алаш баласы болып, ұраныңа бір бірікпесең, мұнан бұлай бас қосып өз тізгінімізді өзіміз алып кету қиын. Мал-жанды аямай ортаға салып қамданып, қарманар жерің – осы» («Бірлік туы» газеті. №19. 11 январь, 1918 ж.).
Желтоқсан айы ХХ ғасыр басында қазақты қуантқан, сүйіншілеткен, ақсарбас ататқан ай еді. Патшалы елдің ықпалында қалып, әлемге өз терезеңнен қараудың бар мүмкіндігінен айырылып қалдық па деп алаңдаған тұста автономияның қуанышты хабары тарағаны талай жүректі жылытқаны да рас. Қалай болғанда да, ол тұста желтоқсанның жылымығы жанды жадыратты, көңілді ағартты. 
Тек... Дәл осы айда, Съезд өткеннен соңғы 10 жылда, нақтырақ айтсақ, 1937 жылдың 8 желтоқсанында күллі Алаш ардақтылары ұстазымыз деп аялаған арда азамат Ахмет Байтұрсынұлының «Халық жауы» деген жаламен оққа байланғанын да ұмытпауымыз керек-ақ. Қазақтың бар болуы, дүние тұрғанша тұруы үшін аянбаған Байтұрсынұлының өнегесі әр қазақтың жадында. Сол қазақ желтоқсанның 1937 жылдағы дауылы ұлт ұстазының өмірін қиғанын есте ұстағаны да маңызды. 

«Мұз үстінде шырқырап тұрған бала...»

Желтоқсан – қыстың бас айы. Демек, оның ызғары денеңді мұздатады. Ал жанды тоңдырған ызғар ше? 86-ның желтоқсаны қазақтың жүрегін сыздатқан ең ауыр кезең еді. Құрбандар саны әлі күнге толық анықталып бітпеген Желтоқсан бізге 16 жастағы Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхамеджанова, 20 жастағы Қайрат Рысқұлбеков, 22 жастағы Ербол Сыпатаев болып мұңын шағатындай. Жас­тықтың, арзу-арманы толық айтылып бітпеген албырттықтың, қарасаң көз тоймайтын көркемдіктің, тазалықтың жырын айтатындай. 
Бұл ай талай қазақтың жігері жасып, жаны ауырып, жүрегі жаншылған кезі болғаны да рас. Сонымен бірге «Атам десең, атыңдар!» деген ақтық сөзді қасқайып айтқан, үміті үзілсе де, рухы сынбаған жұрттың қаһарын көрсеткен кезі болып та есте қалды. Көрнекті ақын, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Жұбан Молдағалиевтің «17–18 жастағы қыздардың шашынан сүйреп, сабаған жағдайды естіп-білгенше соғыста өліп кетпегеніме өкіндім» деген мәндегі әкелік сөзін айтқызған, қазаққа қазақтың жаны ауырғанын дәлелдеген айыңыз ғой бұл. Сол Желтоқсанның ызғарын еске алғанда көңіліміз қалған, яғни қазақтың жасын нашақор, ішкіш көрсеткендерге қатыс­ты жайтты көп айтамыз. Ол дұрыс та шығар. Оған қоса қазақтың қазаққа жаны ашыған, болысқан мінезін де естен шығармасақ керек. Сафуан Шаймерденов, Салық Зиманов сынды зиялылардың араша сөзі бүгінгі қазақтың да жүрегін жылытатынын осындайда назарға алғанымыз маңызды-ау! 
Менталды байланыс деген термин бар. Біріне-бірі жақын, жаны егіз жандардың бір-біріне қатысты жайттарды уақытқа, мекенге қарамай, сезіне білуіне қатысты қолданылады. Міне, осы менталды байланыс (егер солай айтуға келсе) желтоқсанда әр қазақта ерекше беки түсетіндей. Дәл осы айы­ңызда ұлттың шер-шемені ақтарылып кетеді. Дәл осы айыңызда жүректе беріш болып қатқан өкпе мен реніш сыртқа шығады. Себебі бұл ай қазақтың қаны сұраусыз төгілген айдың бірі ғой. Қазақтың қаны дегенде талай ұлт-азаттық көтеріліс, қанды қырғын айға қарамай, әр кезеңнің, әр жылдың, әр айдың естелігінде таңбаланғаны айтпаса да түсінікті. Ал желтоқсандағы запыран – халықтың осы айда жүректі қозғап өтер қасіретті жады іспетті. Желтоқсанның ызғары туралы әлі де айтылар, жазылар, зерттелер құжаты көп... Әзірге Желтоқсан сайын қаралы жұрт «Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жерде» тұрған Желтоқсан ескерткішіне барып тәу етеді, өткеннің ызғарын ұмытпасқа серттеседі. 

Қорғады сені серт беріп сан Арысым,Қазақстаным!

Желтоқсан айының әр қазаққа қастерлі, айрықша аяулы естелігі – Тәуелсіздік таңының атқан мезгілі ғой бұл ай! Заманалар бойы қазақтың аңсап өткен дербестігін жария­лаған күн – дәл осы желтоқсан деген айыңызда. Иә, егемендіктің бір күнге байлаулы емес екенін барлығымыз түсінеміз. Қаншама төгілген қан, көз жасы, көтеріліс пен құрбандықтың өтеуі ғой бұл. Желтоқсан деген айыңыздың арқаға аяздай бататын удай өкініші мен ауыр қасіретінің өтеуі де осы Тәуелсіздік болар. 
Қалай дегенмен, желтоқсан деген айыңыз – қазаққа қайғыны көп сыйлаған, аяулы сәттердің де естелігін қалдырған қастерлі ай. Дәл осы айда әділет, мейірімге қатысты да ұлттың ұстанымы өзгешеленетіндей болып көрінетіні бар. Себебі бұл ай – жылымық пен ызғардың алмасқан тұсы. 
Біздің тарих – тақсіретті тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Дәурендеген замандарымызды айтып дарақыланбай, дәурен тайған замандарымызды айтып қаралай, сары уайым сапырмай, оның қалай болып, қалай қойғанын терең пайымдап, озған тұстарымыздан өнеге тауып, опық жеген тұстарымыздан қорытынды шығарып, жан-жақты тағылым алмайынша, бүгінгі жасампаздық керек салиқалы ұлттық санаға қол жеткізе алмаймыз.
«Бодандық дегеніміз – обал-сауабыңды біреуге артып, Құдайдың салғанына көну. Бостандық дегеніміз – өз тағдырыңның жауапкершілігін өз мойныңа алып, өз қамыңды өзің қамдау. ...Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік. ...Ар-намыс қана Tәуелсіздікке тірек бола алады», – деген екен Әбіш Кекілбаев. 
Ендеше, желтоқсан деген айыңыз – халықтың ары мен намысының қайралар мезгілі. Халыққа тірек болуға ант берген биліктің де ары мен намысын таразылар айы да болса керек Желтоқсан... 

158 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы