- Тұлға
- 12 Желтоқсан, 2024
АРДА АЗАМАТ ЕДІ
Мен үшін ең қиын нәрсе – пәниден мезгілсіз өтіп кеткен жақыным туралы естелік жазу. Шын айтамын. Одан да кез келген жанр бойынша шығарма жазсам, мұншама қиналмас едім. Жан-жүрегім ауырмас еді. Амал не...
Біз «Абитуриент – 77-ден» «Студент – 77-ге» айналған бақытты жастар едік. Өйтпегенде ше, ол заманда журналистика факультеті Қазақстанда тек С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің маңдайына жазылған бақ болатын. Сондықтан студенттік бір орынға 13–14 абитуриент таласатын. Барлық жоғары оқу орнында мемлекеттік сынақ 4 пәнмен шектелсе, журфакта ғана қосымша екі сынақ алдыңыздан алынбас қамал сияқты «мен мұндалап» тұратын. Факультет деканы Темірбек Қожакеевтің өзі қатал мінезімен һәм талапшылдығымен бірнеше сынаққа тең еді ғой.
Самат Бектенұлы сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау облысының Новобогат (қазір Исатай) ауданының Тұщықұдық ауылынан келіп, дайындық курсын бітірген екен. Неге екенін қайдам, осы бір жеңілдікті КСРО қарулы күштерінде әскери міндетін орындап қайтқан азаматтар пайдаланатын.
Бір таңғалғаным, Сәкең бес жыл бойы біз сияқты әртүрлі себеппен көзге түскен жоқ. Біз сияқты жатақханадан қуылып көрген жоқ, стипендиядан да қағылған жоқ. Біртоға мінезді, бірақ ашық-жарқын, адал, өткір мінезді, не болса да көзге айтатын, өжет азамат ретінде көрсетті өзін. Айтпақшы, сынақты тапсыра алмай қалған кезі де болмады-ау.
Оқуды бітірген соң Сәкең өз еліне жолдама алды. Бірнеше жыл араласқан жоқпыз. Өйткені мен Қарағандыда, ол Гурьевте.
Тағдыр бізді 1980 жылдың аяғында қайыра табыстырды. Екеуміз де республикалық «Лениншіл жас» газетінде қызмет еттік.
Міне, осы кезден бастап ағалы-інілі болып жақын араластық. Шынымды айтайыншы, мұндай ұстанымды, мұндай таза, мұндай шыдамды адам көрмеген сияқтымын. Бірде-бір рет біреу туралы сөз айтқанын, өзінің қиыншылығы жөнінде әңгімелегенін, көңіл күйі болмай, тұнжырап жүргенін көрмеппін. Менің марқұм аталас ағам, әріптесім Жұмабек Кенжалин екеуінің мінезінде ұқсастық бар еді. «Қазақ газеттерін» басқарып тұрғанда Жұмекеңнің Самат Бектенұлын «Ана тілі» газетінің бас редакторы етіп тағайындауында да ерекше сыр бар екен-ау.
Аллаға шүкір, Самат Бектенұлымен жақсы дос болдым. Түсініспей қалған сәтіміз болған емес. Көбіне мен ақыл сұрайтынмын. Сәкең балаға асықпай түсіндіргендей, маған мәселенің жай-жапсарын тәптіштеп айтып беретін. Құдай-ау, енді мұндай ақылман ағаны қайдан табамын?
Көңіліміздің жарасқанының белгісі шығар, Қарағандыда да, Астанада да, Алматыда да тойларымның құрметті қонағы болды. Отбасымда да қонақ болды. Алматыға шипажайға демалуға келгенімізде жағдай сұрап келетін. Інілік еркелігімді көтеретін.
Бірде (2001) кешкісін Ақтаудан Алматыға ұшқалы тұрып: «Сәке, түнгі 1-де қарсы алыңызшы. Маңғыстауда күн ыстық. Шөлдедім», – дедім. Сенесіз бе, әуежайға келді. Бір жерден шөл бастық. Үйіне алып барып, қонақ етті. Ал мұндай ағаны, досты түн ішінде таба аласыз ба?
Бақұл болыңыз, Самат ағам!
Алла алдыңыздан жарылқағай!
Исатай-Махамбеттің тұяғы еді
Амал бар ма, қимасақ та, «Қош!» дедік,
Өткен шақпен жазып шықтық естелік.
Самат досым бейпіл сөзді жандарға,
Жалт қараса, жым болатын сескеніп.
Шындық үшін жүретін шырыл қағып,
Ақ-қараны алатын бұрын танып.
Сағынышпен жететін Нарынына,
Жалаң аяқ кешетін құмын барып.
Нарынның ауа жетпес аптабындай,
Жаныма бұл қайғының батқанын-ай.
Исатай-Махамбеттің тұяғы еді,
Саматтың ұрпақтарын сақта, Құдай!
Айтбай СӘУЛЕБЕК
287 рет
көрсетілді0
пікір