- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Iлияс шығармаларына жаңа көзқарас қажет
Қоғам дамуы экономикаға тікелей байланысты дейік, бірақ ұлттық сана қалыптаспай, ұлттық ортақ мүдде пайда болмай, жиған ақша, дүниеңнің де еш қайыры болмайтынын уақыт көрсетіп отыр. Ал ұлттық сана мен мүдде Ілияс Жансүгіров секілді халықшыл ақындардың шығармаларын жастар бойына молынан сіңіргенде ғана пайда болары сөзсіз. Жалпы мәні де, мағынасы да түрі мен тұлғасы да, халықтық, ұлттық сипатқа ие шығармалар ғана біздің қоғамды айықтырары сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде, жалғыз Ілияс емес, біраз ақын-жазушының шығармаларын қайта ой елегінен өткізіп, ұлт мүддесі тұрғысынан қарастыруымыз керек. Мектеп бағдарламаларында ақынның өмірі, репрессияға ұшыраған, қуғын көрген кездері көбірек айтылады да, астарлы ұлттық тіндері қала береді. Ұлттың сол кездегі өмірін, салт-дәстүрін біз тек қаламгерлердің шығармалары арқылы біле алатынымызды ескерсек, шынайы шығармалардың ақиқатын айту абзал. Мейлі, ол жақсы болсын, жаман болсын, біздің халықтың тарихы, одан біз тек сабақ, үлгі алуымыз керек.
Мәселен, шағын мысал, Ілияс ақынның «Күйші», «Құлагер» сияқты поэмалары қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің тоқайласқан тұсында дүниеге келген ұлттық дәстүр, ұлттық қарым-қатынастың ғасырлық уақыт кесіндісін қамтитын, тарихи оқиғаларды баяндаушы үлкен дүниелер. Бір ғана «Құлагер» поэмасының өзінде зерделеп қараған адамға бір ғасырдан астам уақыттың көлеміндегі қазақ тарихы жатыр. Ақын Сағынай асын былай бастайтынын бәріміз білеміз:
Басталды әңгіменің былай басы,
Болды оған 70–80 жыл шамасы,
Арқада Иременді мекен еткен,
Керейде Сағынайдың болыпты асы.
Осындағы 70–80 жыл. Поэманың жазылу кезеңі шамамен 1930 жылдар деп есептесек, кейін шегергенімізде болған оқиға ақынның өзінің туған жылына сәйкес келеді, яғни 1840 жылдары орын алған уақиға болуы керек. Ал ас беріп жатқан Сағынайдың өзі – ол кезде 100-ге жақындап калған кәрі шал. Оны ақын поэмасында былайша берген:
Қаудырап аппақ қудай сақал, шашы,
Қалтырап жынданғандай қолы, басы,
Сағынай саптыаяққа сиіп өлді,
Тоқпақтай 94-ке келіп жасы, – дейді.
Міне, мұндағы 94-жылды жаңағы айтқан жылдарымыздан одан әрі шегерсек, біз 1700 жылдарға кетіп қаламыз. Поэма сонда қаншама жылдар арасындағы оқиға мен өмір көрінісін қамтиды. Ол кездегі ас беру салты, жан-жақтан жиналған рубасылардың үй тігіп жатуы, ондағы әртүрлі үйге түскен қонақтардың мәртебесіне қарай жіктеліп бөлінуі тағы басқалар сол кездегі тұрмыс-тіршілік тәптіштеп суреттеледі. Мұндағы ұлттық салт-дәстүр, ағайын арасындағы қарым-қатынас ендігі жерде бұрынғының ескілік қалдығы деп емес, ата-баба салты деп түсіндірілуі керек. Поэмада жақсы қамтылған рулық тартыс пен бай манаптардың қара халыққа жасаған артықшылығы, кеңестік білім беру кезіндегідей таптық тұрғыдан таныстырылмай, халқымыз мәдениетінің әлі де ақсап келе жатқан тұстары екенін, оны қалай түзетсек болады деген ойлар төңірегінде өрбіткеніміз жөн. Бұдан да басқа, поэманың тілдік құрылымы, ақындық қуаты, ұлтқа жанашырлық жағы, басқа да қырларын жеткізе айтуымыз керек. Төкпе ақын ретіндегі үдемелеп, үстемелеп келетін ақын ырғағы, ұйқасы солқылдақ болғанымен, ішкі мазмұны жағынан тарих іздерін табуға болатын ақын білімпаздығы үлгі ретінде ұсынылса. Ілияс ақын Құлагердің шабысындай, апшыны қуырар, кең құлашты ақын, оның сөздік қорының молдығынан болса керек, өлең жолдары лекілдеп, бірінің үстіне бірі құйылып, төгіліп жатады. Бұл Ілияс Жансүгіровтің бала кезден-ақ халықтық ауыз әдебиеті үлгілерінен мол сусындағанын, ел арасындағы ауыздан-ауызға көшіп жүретін, ерлік, батырлық жырлардың қайнарынан қанып ішкенін көрсетеді.
Ақындық талант, ақындық қасиет кез келген адамға беріле бермесі анық. Тәңірден алған сыйы бар ондай адам еңбектенбей, тек сол ерекше қасиеттерімен шектеліп қалса, тоқырауға ұшырары сөзсіз. Ал Ілияс ақын жыл сайын үдей шауып, жыр жазып отырған, соған қарағанда білімін жетілдіруді қаламгер есінен шығармаса керек. Оның үстіне әке-шешенің, өскен ортаның да қосқан үлесі аз болмағанға ұқсайды. Сондықтан болашақ ұрпаққа қаламгердің осы бір жақтарын да баса айту абзал.
«Құлагер» поэмасында бірінен-бірі өткен, мәртебесі көк тіреген рулардың бай-бағландар өмірі мен Батыраш сияқты ұрда-жық мықтысымақтар іс-әрекеті қапталдасып келеді. Біз жастарды байлар өміріне жиіркенішпен қарауға үйреттік, ұлттық астарын танытуға құлшынбадық. Салттағы құнды тұстарды айтудың орнына, қайта оларды жабайылық деп таныстырдық. Сондықтан Ілияс ақын поэмаларын мектепте оқыту кезінде оның ұлттық колоритіне аса мән берген жөн. Оның сыршыл да мұңшыл ақын екенін 20 жасында жазған «Жанды сөз» өлеңінен-ақ айқын байқауға болады.
Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер,
Қайғы, зардың қуанышын жақсы тінтер.
Жүрегіңнің айнасын шаң басқанда,
Орамалым өлеңмен бетін сүртер.
Тұп-тұнық поэзия айдынына келіп қонған жастың кіршіксіз сұлу жазбасы бірден жаныңды жадыратып, кеудеңді қуанышқа бөлейді. Ол жас кезінен-ақ өлең додасына кіріскен ақын. Оның шығармаларының үйренер, үлгі алар тұстарын айтқан кезде жақсылыққа жетелер, арманыңа қанат бітірер мөлдір лирикасын естен шығармау дұрыс. Поэзия дүлдүлінің шығармашылығына үнемі соны көзқарас керек. Ақын шығармашылығының ішкі сырын ашып көрсетіп, оқырманға жатқыза, жеткізе баяндауды қажет ететін талай дүние бар. Сондай шығармаларының бірі – «Рүстем қырғыны». Бұл шығарма да мектеп оқулықтарында рушылдықтың, ескіліктің қалдығы ретінде танылып, айтылмай келді. Тіпті аты да аталмағандықтан, ондай шығарманың бар екенін көпшілік білмейді де. Ал, шынтуайтында, бұл – бір кездегі ру-ру болып өмір сүрген қазақ қоғамының сол кездегі трагедиясы. Ақын қынжыла отырып, тоз-тоз болған қазақ жұртының аянышты тұрмысын баз қалпында жырлайды. Бүгінгі қоғамда ондай жабайы тұрмыс-салт болмысын көрмек түгілі, естудің өзі құлаққа түрпідей тиері сөзсіз. Ал сол кездегі ру мен ру, ауыл мен ауыл арасындағы шапқыншылық, ағайын арасындағы қан төгіс ақын назарынан тыс қалмаған. Тіпті қалған ұрпағы кек алады деген оймен бір ру келесі бір ру немесе тайпаның кішкентай балаларына дейін жойып жіберуі, соңында ешкімді қалдырмай қырғынға ұшырату сияқты іс-әрекеттері бұрындары үйреншікті жағдай болғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Сол себепті де көбеймегенбіз. Ұлттың өспей, соңғы бірнеше ғасырда қынадай қырылуының басты себебі де осы ру, жүз арасындағы алауыздық. Міне, осы болған оқиғаны ақын жайып салады.
Шығармасында үйсін, найман арасында бірталайдан созылып келе жатқан осындай ұлы өштіктің аясында матайды үркіп жүрген үйсіндер шапқан. Ақын осындай ру арасындағы келіспеушіліктің аяғы үлкен қан төгіс, қырғынмен тамамдалатынын үлкен бір ерекше кек-ызамен жазады. Осы орайда таңғаларлық тағы бір нәрсе, «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» демекші, оқиғаны өзі баяндаушы бола тұра, өз руының адамын зорайтып көрсетпей, болыспай үйсін жағындағы басқыншылықты ашық жаза отырып, қырылып қалған матай жұртшылығының сол кездегі аянышты халін, сол күйінде суреттейді. Сатай сияқты, Олжабай, Қайнар, Ырай, Естемес сияқты найман руының батырларын төре Рүстем сияқты рубасының қалай қырғынға ұшыратқаны оларды аяусыз қалай өлтіргені оқыған оқушының жанын түршіктіреді. Жер атауының «Бала қырғыны» аталу себебін ақын былай түсіндірген:
Олжабай мен кемпірін матастырып,
Шашынан, сақалынан байлап қойды.
Қыр деген Рүстемнің жарлығымен,
Бауыздап балалардың бәрін сойды.
Бауыздап, тірсегінен тегіс тіліп,
Самсатып керегеге тастады іліп.
Бақыртып балаларды лақ сойғандай.
Қанжармен бауыздайды қарқ-қарқ күліп.
Осы сияқты жауыздық, ру арасындағы қырғын, сол кездегі жабайы өмір салты ақын шығармашылығында бүкпесіз көрініс табады. Біздің бұл жердегі мақсатымыз – жауыздықты, жамандықты әсіре көрсетіп, жеке тоқталу емес, сол кезеңнің адам айтқысыз, адам нанғысыз шынайы көрінісін танып-білуді ұрпаққа ұғындыру.
Ілияс ақын – қазақ баспасөзінің басында тұрған, қазақ жерінде алғаш ашылған қазақ газеттерінің бірі «Еңбекшіл қазақтың» тілшісінен бастап басшысына айналған ірі қайраткер тұлғалардың бірі. Оның өмір сүрген уақыты –қазақ қоғамының әртүрлі тарихи оқиғаларды басынан кешіріп, тағдыры талқыға салынып өтіп жатқан, аласапыран кез. Ескі мен жаңаның, ақ пен қызылдың нағыз майданда жан алысып, жан берісіп жатқан сәті. Осындай кезде қоғам қайраткерлерімен қатар, арлы қазақ қаламгерлері де даулы мәселелерге жиі араласып, газет бетінде өз пікірін білдіріп жатты. Сондай газет бетіндегі пікірсайыстардың бірі – бүгінге дейін көпшіліктің назарынан тыс қалып жүрген Ілияс ақын мен белгілі публицист, қаламгер, кейін репрессияға ұшыраған Зиябек Рүстемов арасындағы тартыс.
«Еңбекші қазақ» газетінде істеген 1929–1930 жылдары Ілияс ақын, «Таңқыбай» деген бүркеншік атпен бірнеше фельетон жазған. Соның бірі репрессияға ұшыраған белгілі қаламгер, З.Рүстемовке қатысты. Зиябек Рүстемов – белгілі үстаз, ғалым, кезінде Халық ағарту министрі, Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры болған, шығыстанушы Лениншіл Рүстемовтің әкесі. Кеңес өкіметін құрушылардың, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Кейін репрессияға ұшырап, Сібірге он жылға айдалған. Ташкенттегі М.Әуезов оқыған жоғары оқу орны САКУ-ді бітіріп келген жас Зиябек «Ауыл» газетінде 8 айдай жұмыс істейді. Осы кезде «Еңбекші қазақтың» 1929 жылғы қазанның басындағы нөмірінде І.Жансүгіровтің «Газет емес, концерт» деген фельетоны жарық көреді. Зиябекті сынаған бұл мақаланы белгілі ақынымыз Ілияс Жансүгіров «Таңқыбай» деген бүркеншік атпен берген. Бұл кезде ол кісі осы газеттің сын бөлімін басқарған. Зиябек – «Ауыл» газетінің жаңа редакторы. Оның газет жұмысынан кетуіне де себеп болған осы сын мақала.
«Жаз бітіп, күз келді, құстар да өз орындарына қайта бастады. Сол сияқты мына «Ауыл» газетінің қызметкерлері де жылы жаққа кеткен-ау» деймін деген мазмұнда басталады мақала. Одан әрі газетте басқа адамның мақаласының жоқтығы, сырты да, іші де Рүсметовтің өз өлеңімен толғаны, бас мақаланың астына дейін Рүстемовтің бүркеншік атының көбейіп кеткені сыналады.
Бұл мақаладан кейін 4 қарашада «Ауыл» газетінде «Таңқыбайға жауап» деген Зиябектің көлемді мақаласы жарық көреді. Онда ол өзінше дәлелдерін айта келіп: «Газетте жалғызбын, мен жазбағанда бас мақаланы кім жазады, өлеңім елге керек болғасын беріп отырмын. Менің келгенім жақында, кадр жоқ. Газетте бір жат элемент болды, оны қуып салдым» деген мазмұнда жауабын келтіреді. Бұдан кейін көп кешікпей, Зиябектің «Ауыл» газетіндегі жауабына орай, «Еңбекші қазақ» газеті тағы да белгілі қаламгеріміз Әбділда Тәжібаевтың «Аталы сөзді арсыз қайырады» деген мақаласын басады. Мұнда ол Зиябекке «кінәңды мойындап, тыныш отыр» деген мағынада сес көрсетеді.
Алдыңғы екі, Ілияс пен Зиябектің мақаласына орай 1928–1930 жылдары «Ауыл» газетінің жауапты хатшысы болған, екі адамның да көзін көрген қарт журналист Үзденбаев Қасен ақсақалдан көзі тірі кезінде, 1990 жылдары, мынадай естелік алғанбыз: «Ең алдымен, мынаны ұғынған жөн. Бізді кінәлаушылар көп. Қазір аннан-мыннан хабар алып, шындықтың беті ашылып жатқаннан кейін бәрі білгірсіп сайрап жүр. Ал біздің заманымыз басқаша болатын. Аузыңнан артық шыққан бірауыз сөз түбіңе жетіп жататын. Менде «халық жауы» атанып, барып қайтқан адаммын. Неге отырғызды, не үшін – білмеймін. Зиябек ол кезде белді-белді, үлкен қызметтерде жүрген, қоғам қайраткері болатын. Ол ірі тұлғалар қатарына жатады. Әрі олардың өмірі бізден екі есе қауіпті болды.
Мен, жалпы, ол адаммен көп қызметтес болғаным жоқ. «Ауыл» газетіне келгенде алғаш көруім. Жас кезі-тұғын. Ұзын бойлы, тау халқы секілді бүркіт мұрынды, шүңірек көз, қалың қасты, беті қызыл, жұқа ерін, келісті де келбетті, әдемі жігіт болатын. 1929 жылдың басында мен ауырып, емделуге кеткенмін. Келсем, жаңа редактор болып З.Рүстемов тағайындалыпты. Менімен отырып, біраз сөйлесті. Қарапайым адам екен. Жағдайымды, жұмысқа қашан шығатынымды сұрады. Мен әзірше шықпайтынымды, ауылға барып демалатынымды, әзірге шамалы күн газетте жұмыс істеп, жолға қаржы тауып алуым керегін, ауылға жүргелі отырғанымды айттым. Бір аптадай газетті шығарысуға атсалыстым да, ауылға кеттім. Қайтып келгенде ол кісі орнынан босап қалыпты. Міне, менің ол кісімен қызметтес болуым осымен тамам.
Ал газет төңірегіндегі әңгімеге тоқталсақ, ол кісі әкелген жаңалық – газетте сын-сықаққа арналған жаңа мүйіс ашыпты, өлең, әдеби бет көбірек беретін болыпты. Сосын, Жалпақов Рашид деген тілшіміз бар еді (өзі жақсы журналист болды, кейін майданда қаза тапты), соның нағашы ағасы ма – біреу, патшаның тілмашы болған. «Үстем тап элементісің» деп жұмыстан шығарып жіберген. «Таңқыбайға жауабындағы» Зиябектің «бір жат элемент бар екен, қуып салдым» деуі сол. Тікелей фельетон жайына келсек, ол былай: Ілиясты бәріміз құрмет тұтамыз, сыйлаймыз, бірақ сол фельетон асығыс жазылған дүние еді. Олай дейтінім, біріншіден, Ілияс бізге келген жоқ, газет тігіндісіне қарап отырып жазды. Екіншіден, ол кезде газетте 4–5 адам жұмыс істейтін. Біреуі мен ауырып жаттым, біреуі демалыста болатын, ал енді бірін қудырып жіберді. Сонда газетті Зиябек өзі шығармағанда, кім шығарады. Иә, өзі шығаруы керек, иә, жабу керек. Ал өкімет органын жапқанда істің немен тынатыны тағы белгілі. Міне, сондықтан ол фельетон Зиябек үшін артықтау болатын және оның шырылдап жауап жазуы да осыдан».
Соңғы мақаланы өз қолымен жазған Әбділда Тәжібаев ақсақалымыз көзі тірі кезінде мынадай деректерді бізге жазып берген: «Ол мақала жөнді есімде қалмапты. Жалпы, мен Зиябекті білетінмін. Ақын адам. Ешқандай бір-бірімізге ашу-ызамыз да жоқ болатын. Есімде қалғаны, Ілияс пен Зиябектің мақаласы шыққанан кейін бас редактор шақырып алып: «Біздің газетте жазылған мақалаға қарсы мақала жазыпты, сен үстінен тағы жаз» деп тапсырма берді. Ол кезде мен «Еңбекші қазақ» газетінде істейтінмін. Редакторымыз Сәдуақасов болатын. Бастық айтқан соң, амал не, жаздық».
Көп жылдар құлыпта жатқан, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архивін ақтарып жүрген жазушы Дүкенбай Досжанов ағамыз Сәдуақасов пен Рүстемов туралы пікірін кітабында былайша жеткізген болатын: «Істі болғандар ішінде Сәдуақасовтың, Рүстемовтің де материалдары бар. Ол кезде Алашорданың зияны туралы жазбаған қаламгер бар ма? Сәдуақасов, Мағжан, Ахметтер туралы шығармасының байшыл-ұлтшыл екенін дәлелдеп, бір-бір том жазып шыққан адам. Ал сот процесінде Зиябек пен Сәдуақасов көзқарасында қайшылық бар. Көбіне З.Рүстемов Сәдуақасовқа қарсы куәнамалар тартады».
Міне, бұған қарап, жоғарыда жазылған мақалалар айналасында әлі шешілмеген, талай даулы мәселенің бар екені сөзсіз. Сондықтан болашақ жас буынға Ілияс, Сәкен, Бейімбет шығармаларын оқытқан кезде, олар көрген тар жол, тайғақ кешуді ескере отырып, олар жазған шындықты ұлттық тәрбие тұрғысынан түсіндірсек, халықшыл ақындар рухын оқырманға бір табан жақындата түсеріміз сөзсіз.
Сансызбай Мадиев,
филология ғылымының
кандидаты, әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ-дің журналистика
факультетінің оқытушысы
182 рет
көрсетілді0
пікір