• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

Жиырма бестің жалын жыры

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыс­тық әмбебап ғылыми кітапханасында «Ымырттағы кітапхана» әлеуметтік-мәдени жобасы аясында жас ақын Нұрдәулет Қабасовпен «Ай-хай, 25!» онлайн кездесу кеші өтті.


Кейінгі уақытта жас ақынның үздіксіз ізденісі оның шығармашылықта жетістіктерге жетіп, жаңа әрі терең өлең-жырлардың жазылуына сеп болды. Қазақ әдебиетінің қорына өзінің өрнекті өлеңдерімен, өзгеше тіркестерімен жаңалық алып келгісі келетін жас буынның арманы асқақ, әдебиетке деген құштарлығы ерекше. Мұны байқап жүрген ұстазы, өңірге белгілі айтыскер ақын Оралбай Каметия өзінің ақ тілегімен осы іс-шараның шымылдығын ашты. Әрі қарай Нұрдәулет Қабасовпен «Zoom» қосымшасы арқылы байланыс жасалып, сұрақтар қойылды.
– Қайнаған қарбаластың ішінен әр күні өзімді тауып алып, ізденісті үзбеуге тырысудамын. Жазу процесінің қарқыны жиі демесем де, жаңа өлеңдер жазуға деген талпыныс тоқтаған емес. Жалпы, шығармашылықта жай жазып қана қоймай, бүгінгі дәуір әдебиетіне жаңа әрі көңілге қонарлық сөз, не ой әкелу – басты арманым. Сондықтан әдеби үдерістің көшінен алыстамау керек, – деп ойын ортаға салды Нұрдәулет Сағидоллаұлы.
Іс-шара барысында ақын, аудармашы, Жазушылар одағының мүшесі Есенбек Жұмағалиев жырға құштар жас ақынмен әдеби байланысы жөнінде ой тарқатып, оның алдағы уақытта көлемді дүниелермен көпшіліктің таңдайын қақтыратынына сенім білдірді. Сондай-ақ кешке ақынның әкесі Сағидолла Қабасұлы мен нағашысы Ербол Жанәділұлы қатысып, қуанышын жеткізіп, екінші мүшелге толған Нұрдәулеттің балалық шағынан естеліктер тарқатты. Өңірге белгілі ақын Балагүл Бақиева кеш иесінің шығармашылығына сәттілік тілейтінін айтып, мезгіл жайлы өлеңін оқыса, Нұрдәулет Қабасовтың қатарлас-замандасы,  жас ақын Александр Мәруаұлы інілік ізгі тілегін ақтарып, «Аға» тақырыбындағы өлеңін оқып берді.
Айта кетейік, Нұрдәулет Қабасов – Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Еңбек жолын 2021 жылы бастаған. Бірнеше ай уақыт «Ақтөбе» телеарнасының жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. Қазіргі кезде «Керуен тур» компаниясының негізін қалаушы, «Оқы» білім орталығының директоры. 
Іс-шараның негізгі мақсаты – кеш иесінің шығармашылығын оқырман қауымға таныстыру, сондай-ақ оның осы уақытқа дейін жазған туындыларына шолу жасау. Кездесу кешінде «Арай» өнер орталығының директоры Арайлым Мырзабекова мен Ғабит Мырзагерей «Ойылдың ерке қызымын», «Сыңарым» әндерін әуелетіп, қатысушылардың қошеметіне бөленді.

Аманжол ИСЛАМҒАЛИ,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық
 әмбебап ғылыми кітапханасының 
қызметкері

137 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы