• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

Ауылды сағынып жүрсіз бе?

Президент Қ.Тоқаев: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деген болатын. Әрине, дәл бүгінгі күні қазақтың кез келген ауылында музей, кітапхана немесе мәдениет үйі жұмыс істеп тұр деп айта алмаймыз. Бірақ кейбір ауылдарда талан-таражға түсіп кетпей, «одақтан» қалған отты өшірмей қалған бірді-екілі мәдени ошақтар бар. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі отыз жылда, ел мақтанышына айналған қазақтың игі жақсыларына арналған мемориалдық музейлер мен орталықтар ашылды. Олар да ел игілігіне қызмет атқарып, қазақ жастарына ұлттың тарихы мен мәдениетін, әдебиетін, ата-дәстүрін үйретіп, насихаттауда қомақты үлес қосып жүр. 
 

Соның бірі Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында осыдан жеті жыл бұрын ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы. «Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтыла ма, осы аз ғана уақыт ішінде «Музейге сый» науқаны барысында және өнерге жанашырлықпен қарайтын жандардың қамқорлығы арқасында Орталық қазынасына тарихи маңызы бар 1000-ға жуық бірегей экспонаттар жиналды. Соның бірі – Әуезхан Мажайқызының сыйға берген керосин шамдары. Бұл ретте біздің білетініміз ХХ ғасырдың басынан 60–70-жылдарға дейін қазақ даласы керосин шамды (май шам) үзбей қолданды. Кейіннен электр жарығымен барлық аймақ толық қамтылғаннан бастап керосин шамдар әрбір үйдің қосымша қолданысына ауысты да, уақыт өте келе қажеттіліктен шығып қалды.
Жалпы, тарихта, алғашқы керосин шамды австриялық ғалымдар Игнатий Лукасевич пен Ян Зег 1853 жылы ойлап шығарған. Қазіргі уақытта керосинмен жанатын білтелі шамдардың бірнеше нұсқасы бар. Үйде пайдаланатын және қолға ұстап жүруге ыңғайлы ілгіші бар рамалы шамды әлі де ауыл-үйлерден кездестіруге болады. 
Қазақ елінде электр энергетикасының даму жолын негізгі төрт кезеңге бөлуге болады: бірінші кезең 1918–1945 жылдарды қамтиды, бұл кезеңде сол уақыттың өлшемі бойынша ірі электр станциялары салынып, алғашқы энергетикалық тораптар пайда болды. Екінші кезең (1946–1958) аймақтық электр станцияларында электр қуатын бір орталықтан өндіру күрт артып, алғашқы энергетикалық жүйелер құрылды. Үшінші кезеңде (1959–1990) республиканың энергетикалық базасы жедел қарқынмен дамып, аймақтық энергетикалық жүйе қалыптасты. Ал төртінші кезең деп тәуелсіз Қазақстандағы жағдайды айтуға болады. Электр энергетикасы да 1991 жылдан дағдарысты жағдайды бастан кешiрдi. Республиканың қолданыстағы энергетикалық қуаты 1990 жылдың басында 17000 мВт-қа жуық болса, 1998 жылдың ортасына қарай бұл қуат 10000 мВт-қа дейiн қысқарды. ҚР Үкiметi 1996 жылы электр энергетикасының қуат өндiрушi және электр тораптары активтерiне мемлекеттік монополияны реформалау, сөйтiп, электр қуатының бәсекелi рыногын жасау қажеттiгi туралы шешiм қабылдады. Міне, содан бергі кезеңде елімізде электр энергиясын тұтыну мен оны алмастыратын балама көздер табу және қолданысқа енгізу бойынша үнемі ізденіс жұмыстары толастаған емес.
Бүгінгі әңгімемізге арқау болған керосин шам – қазақ елінің энергетика саласындағы дамуының бір көрсеткіші секілді. Кешеден бүгінге дейінгі экономикалық дамуымыздың тарихи куәгері ғана емес, ол әр отбасына жылу мен жарық сыйлаған ізгіліктің нұры. Бүгінгі ғылымда төңкеріс жасаған көптеген ғалым, жазушы, ақындарымыздың бала күнінен айнымас серігі болған, олар оқыған сан кітаптарға жарық берген, жүректеріне жылу сыйлаған өмірлерінің кішкентай ғана бір бөлшегі десек артық айтқанымыз емес. 

Жанар ҚАЛИБЕКҚЫЗЫ, 
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының 
экскурсовод жетекшісі

 

144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы