• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

Қамқоршымның қарапайым қағидалары

Әкем түсіме жиі енеді. «Менің әкем өлген жоқ екен ғой, әлі үйімізде жүр екен ғой» деп оянамын. Бірақ түсім екенін білгенде, жүнжіп сала беремін. Кеудемді сағыныш билейді. Жүрегіме беріш болып байланған сол түйінді тарқата алмай келемін. Тарқамас та. Өзіммен бірге сарытап сағыныш болып кетер. 


...Бірде әкем есекке арба жегіп, қыр­дан жантақ шауып әкелуге жиналды. «Ата, ата! Мен де барайыншы» деп етегіне жармастым. Әкемді «ата» деп атаушы едім. Өйткені сол кездің өзінде әкем егде көрінетін. Сөйтсем, әкем қазан төңкерісі тұсындағы әпербақандықты, отызыншы жылдардағы ашаршылықты, қырқыншы жылдардағы алапат соғысты көрген екен ғой. Осынша бейнетті  көрген оның жаны соншалықты сірі еді. 
Сонымен, қырға бардық. Әкем жантақ шабуға білек түрініп кірісіп кетті. Шамасы, төрт-бес жасар баламын ғой, әкемнің арбаның жетегін көтеріп қойып, күрке жасап берген жерінде тыныш отыра аламын ба – орнымнан тұрып әрі-бері жүгіріп кетемін. 
– Отырсаңшы, ұлым! Басыңнан күн өтіп кетеді ғой, – дейді әкем. 
Күннің өтетінін, мұның соңы ауырып қалатынымды қайдан білемін, асыр салып ойнағым келеді. Кейде әліме қарамай, әкемнің қолындағы кетпенді алып, жантақ шапқым бар. Аяғыма жаңтақ кіріп кетер деп те қорықпаймын. Сірә, қыбыр-жыбырым көбейіп кетті-ау, шамасы, әкем өзі қолдан жасаған күрке-көлеңкесінің астына мені байлап қойды. Қасыма үйден ала шыққан шалапты қалдырды. Баламын ғой, сонда мені байлап қойды деп әкеме өкпеледім. Кейін білдім, әкем байғұс баласының басынан күн өтпесін әрі аяғына тікен кірмесін деп осындай тәсілге амалсыз барыпты. 
Бүгін біздің үйде қарбалас. Шешем әкемнің жаңа киімдерін сандықтан шығарып, қағып-сілікті. Менің де біркиерлерімді дайындап жүр. Ертең Наурыз! Ауыл шетіндегі қыратқа Наурыз мерекесін тойлауға барамыз. «Той қалай өтер екен? Қандай қызық көремін?» деп ойлап жатып, ұйықтап кетіппін. Шешемнің «тұр-тұрлауымен» көзімді ашсам, әкем көк есегін ерттеп те қойған екен. Шіркін, көктемдегі қыраттың, жота-жоталардың масатыдай құлпырған көркі мен танау қытықтар иісі қандай! Айналама тамсана қарап келемін. Көк есек қоржын мен екеумізді көтере алмай келе ме – қайқаң-қайқаң етеді. Соны сезіп, әкем оны жетекке алды. 
Наурыз деген тойдың болатынын мен сонда тұңғыш рет көрдім. Ауыл адамдары үйіндегі текемет, алаша, кілем, көрпе-жастықты алып келіп, жайып тастады. Дастарқан үсті әп-сәтте бауырсаққа, құрт, ірімшік, сары май, жент, басқа да тәттілерге толды.
Аталар Құран оқып, қошқар сойды. Жеңгелер мен бойжеткендер қазан басында жүр. Жерошақтың жалыны маған әлемнің ғажап сиқырындай  көрінді. 
Атамның тізесінде отырмын. Үлкендер бірінен соң бірі шежіре шертеді. 
– Тыңда, балам! Бұл өміріңе азық болады, – дейді әкем.
«Әңгіме де адамға тамақ бола ма екен?» деймін іштей. Сөйтсем, әкем мені сол кезден-ақ үлкендердің әңгімесін тыңдап әрі жаттап өсуге баулыған екен-ау. Наурыз мерекесінен ұлттық құндылықтарды бойыма сіңіргісі келген екен-ау. Бүгінгідей көз алдымда: ауыл ақындарының айтысы, алтыбақан, асық ату, тоғызқұмалақ, қазақша күрес, қошқар көтеру, күй сайысы, көкпар, қыз қуу – бәрі-бәрі тартысты да қызықты өтіп еді. Содан кейін де бірнеше рет Нау­рыз мерекесіне бардым. Бірақ өткен ғасырдың алпысыншы жылдары дала төсінде қарапайым ғана өткен сол тойдай ұмытылмас әсерді алып көрмеппін. Бәлкім, әкем жанымда болмағандықтан да шығар.
Біздің үйде бұлжымас бір тәртіп-талап бар еді. Әкем әлдеқандай шаруа­сымен сырттан келсе, жүгіріп барып есектің шылбырынан ұстап, әкемді жерге түскен соң қораға байлауды, қайтып келіп қолына құманнан су құюды, үйден шыққалы жатқанда алдына галошын қою­ды, ал шешерде мәсісін тартуды өзіме мәртебе көруші едім. Әкем таңертең тұрғанда бәріміз қатар бір төсекте жатсақ та, амандасуды ұмытпайтын. Бізге үлкендермен қос қолдап «ассалау­мағалейкум!» деп амандасуды үйретті. Егер көшеден бір қария өтіп бара жатқанын көрсе маған «балам, жүгір, атаңа сәлем бер» дейді.  Мен құлдыраңдап жүгіріп барып атаны танымасам да, «ассалаумағалейкум» деп сәлем беремін. «Таудай бол», «Молда бол, балам» деп ата бата береді. «Таудай болын» да «молда болын» да түсінбеймін. Есейгенде білдік қой, батаның ең үлкені осылар екен. Үйге қонақ келгенде қолыма құман, сүлгі ұстатып, жағалай қолдарына су құйып шығушы едім. 
– Балам, құманды қос қолдап ұста. Суды лақ еткізіп ақтара салмай, үзіп-үзіп құй. Асықпа. Аталардан бата алған бала жаман болмайды деп отырушы еді.
Бірнеше нәубетті басынан өткеріп, бізді кеш сүйгендіктен бе – әкем тым балажан болатын. Бізді көп айналып-толғанбаса да, шығарға жаны бөлек.  Бірде үй сыртында ойнап жүріп оңбай құладым да тіземе әйнек кіріп кетті. Сондағы әкемнің жаны қалмай шырылдағаны есімнен кетер ме?
Әкем көп оқи алмаған, шаласауатты кісі еді. Бірақ көкірек күмбезі кең, оқығаны аз болса да тоқығаны мол жан болатын. Шежіреге жүйрік, эпостық жырларды, ертегілерді көп білетін. Әкемнің қара шекпенінің астында отырып қазақ ертегілерінің барлығын дерлік тыңдадым. Ол базаршылап шыға қалса, сыртында суреті бар кітап көрсе алып келетін. Дәптер, қалам, сиясауытты біз мектепке бармай жатып үйіп тастады. Мектеп демекші, бірінші сыныпқа баратын болдым. Апам Рәзия шыт матадан көйлек пен шалбар тігіп берді. Қалыңдау матадан сөмке де дайын болды. «Мектепке су жаңа болып баратын болдым» деп қуанып жүргенмін. Бір күні көршінің баласы су жаңа сөмкесін көрсетті. Былғарыдан жасалған қоңыр сөмке. Жылт-жылт етеді. Сөмке бірнеше бөліктен тұрады. Аузы құлыптанады. Соны көріп үйге бақырып жылап келдім. 
– Ата, көршінің баласынікіндей сөмке әпермесеңіз, мектепке бармаймын, – деп қиғылық салдым. 
Әкем күрсінді. Шешем шырылдады. – «Ондай сөмкені қайдан табамыз!»  – «Табасыздар. Болмаса мектепке бармаймын. Айттым бітті. Сөз осы». Әкем көк есегін ерттеді. Содан үш күн бойы жоғалып кетті. Ол келгенде қуанғанымды көрсеңіз ғой, көршінікіндей сөмке тауып әкеліпті.
– Қайдан келдіңіз? – деді шешем.
–  Шымкентке барып келдім, – деді әкем.
Сөз осымен бітті.
Әкем әулеттің үлкені саналатын. Сондықтан інісінің барлығы әкемнен ақыл-кеңес сұрап отыратын. Бірде-бірі алдын қиып өткен емес. Сол заманның әдеті ме, дәстүрі ме – егер бір үйде мал сойылса, өзімізге қарасты барлық үйдің адамдары сол үйден тамақтанатын. Жеңгелерім жүгіріп жүріп қызмет етеді. Әулеттің үлкені болғандықтан ба – шешемнің сөзі де далада қалмайды. Жеңгелерім кезегімен үйге келіп, бөлмелерді әктеп, көрпе-төсектерді жуып, текемет қағып кететін. Бұл бұлжымайтын заң сияқты көрінетін. Текемет демекші, киіз басқанда біздің үйде кішігірім той болушы еді. Әкем менің құлдыраңдап жұмыс істеп жүргенімді көрсе қуанатын. Үлкен ағаларым Қыдырбек, Қамбарбекке мені үлгі еткенде төбем көкке бір елі жетпей қалады. Ал інім Болатбек онда тіпті жас еді. 
Әкемнің Керімбек, Ергешбек, Әнуарбек деген інілері болды. Керімбек көкем кеңшар партия комитетінің хатшысы, Ергешбек көкем прораб, жылжымалы-механикаландырылған колонна бастығы, Әнуарбек көкем ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Міне, сонда олар қызметке тағайындаларда, сайланарда әкемнің алдына келіп «көке, мені осы қызметке өсіргелі жатыр, қалай қарайсыз?» деп ақыл сұрағандары есімнен кетпейді. Сірә, бұл үлкеннің батасын алу шығар. Әлде ақылдасқаны болар. Мұндағы айтпағым, інілері әкеммен ақылдаспай еш нәрсе істемейтін.
Керімбек, Ергешбек, Әнуарбек көкелерім әкем туралы көп айтушы еді. Қазан төңкерісі кезінде әкемнің мал-мүлкі тәркіленіпті. Одан да аман қалған. Ашаршылық кезінде жаяу-жалпылап Ташкент асқан. Бұл аждаһа аузынан да аман қалған. Аждаһа аузына жұтылып кетпеу үшін Жылыбұлақ түбінен қашып шығып, тауға сіңіп кетеді. Жол-жөнекей тұзақ құрып, қоян, торғай, шіл, кептер, қырғауыл, басқа да аң-құстар аулап, азық етіп, жан сақтапты. Бала болсам да есімде, әкем маған «Ұлым, өмір сынағы таусылмайды. Егер әлдебір себеппен суда қалып кетсең, сені ешкім құтқара алмайды. Сондықтан суда жүзуді үйрен. Ал айдалада жалғыз қалған жағдайда тұзақ, қақпан құру керегіңе жарайды.  Сонда аш қалмайсың»  деп отырушы еді.
Бірде әкем атына мінгестіріп, кеңшардың жылқышысына алып барды. Сөйтсем, әкем жылқышыға бірнеше қылқұйрық қосып қойған екен ғой. Жылқышыға сәлем беріп, малының амандығын білуге барған ғой. Осы жерде  үлкен бір әңгіме бар. Әкем бір жылдары жылқылы  болған екен. Құмкент пен Жайылма ортасында «Дәніқұлдың қорасы» деген мекен беріге дейін тұрды. Бірде сол қыстауға бір топ атты әскер келеді. Аттары болдырып келеді екен. «Маған қырық жарау ат бересің. Ұлытауға кетіп барамыз. Қайтар жолда өз аттарымызбен кетеміз. Оған дейін мына аттарды бағып отыр» дейді командир. Момын шаруа адамы әкем не десін, сұраған атын береді. Командир деп отыр­ғанымыз мемлекеттік деңгейдегі үлкен лауазым иесі болса керек, әкеме «өмір бойы үкіметтің қамқорлығында боласыз» деп мөрін басып, бір қағаз тастап кетеді. Осы құнды құжатты бір ағамыз әкемді зейнеткерлікке шығару үшін аудан орталығына барғанда жоғалтып алады. 
Әкемнің соғыстан соң тағы да әскери қызметке қалып, құпия зауытта жұмыс істегені, майдандағы ерліктері өз алдына дастан болатын. Өкініштісі, мен олардың барлығын ағаларымның аузынан естідім. Сол ағаларым әкемді көрсе, «көкелеп» құрақ ұшушы еді. Алдынан кісі кесіп өтпейтін. Біреуге уәде берді ме, орындайтын. Кешкілік бізге жеті атамызды жаттатушы еді. Қазақы ырым-тыйымдардың барлығын әкемнен үйреніппін. Ең бастысы, «ұят боладыны» санама сіңірді.
Бүгінде ойлап отырсам, қамқоршымның қарапайым қағидалары мен өсиеттері мені осы биікке көтерген екен. Оқушы кезімде «сен Дәніқұлдың ұлысың ба» деп үлкендер сұрай қалса, көзім жасаурап, мұңға бататынмын. Бүгінде сирек қариялар «О, Дәніқұл жәкемнің баласы» деп алдымнан шығады. Төбем көкке жеткендей болады. «Жақсы әкенің есімі ұлға қырық жылға азық» деген, бәлкім, осы шығар.
Әке! Соның барлығы Сіздің арқаңыз­да!
Төңкерісті, ашаршылықты, соғысты бастан кешпесеңіз, менің есейіп, ел қатарына қосылғанымды көрер ме едіңіз?
Иә, мына жалған дүниеде төрт құбыласы түгел кім бар дейсіз?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, 
Халықаралық «Алаш» әдеби 
сыйлығының лауреаты, 
Жазушылар 
одағының мүшесі

139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы