• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

Әйел теңдігін жырлаған

Қазақтың алғашқы жазушы қыздарының бірі, қазақ әдебие­тінде өзіндік қолтаңбасымен дараланған қаламгер Сара Мыңжасарова Рахманқызының еңбегі қазақ халқы үшін орасан зор.  Сонау қазақтың классик  ақын-жазушыларының алтын бесігі болған Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қара Шоқат ауылында 1924 жылы дүниеге келген Сара Рахманқызы қаршадайынан әдебиетке жақын болып өседі. Жазушының әдебиетке  құштарлығы бала кезінен өзі өскен ортаның арқасында қалыптасты. Анасы Мәскеуден келген парасатты мұғаліммен жиі араласады. Орыс әдебиетінің ірі классиктерінің шығармаларымен таныстырады. 

Еңбекқорлығымен, асқан жауапкершілігімен, әдебиетке, білімге деген құлшынысымен болашаққа ұмтылған қаршадай қыз Ақтөбедегі мұғалімдер инс­титутына түсіп, оқуға ден қояды. Оқуын тaмамдаған соң, ағарту саласында жауапты қызмет атқарады. 1954 жылдан бастап Талдықорған, Алматы облыстық газеттерінің редакцияларында қызмет істеп, журналистика саласына сүбелі еңбек сіңіреді. Тіпті 1971–1983 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарып, еңбек жолында да абыройлы қызметтер атқарады. 
Жазушы Сара Рахманқызының шығармашылық өмірі ерекше құбылыстарға толы болды. Үнемі ізденумен, қазақтың, тіпті әлемнің классик жазушыларының шығармашылығына сусындап, аударма саласында тыңнан түрен салады. Вьетнам көркем әдебиетінің алғашқы прозалық шығармасы Нгумен Ванның «Буйвол» повесін, Абхазия кеңес әдебиетінің классигі Иван Папаскиридің «Женская честь» романын, «Алтын Прага ертегілерін», «Солдат хаттары» суреттемелер жинағын, балаларға арналған шығармаларды қазақ тіліне тәржімaлап, әлемнің озық үлгілі төл туындыларын қазақ тілінде сөйлетеді. Сара Мыңжасарова, әсіресе қазақ әйелінің тағдырына ерекше тоқталады. Сара Рахманқызы өзі қандай ержүректі, батыл, өр мінезді, қайратты болса, шығармаларындағы кейіпкерлері де сондай өр рухты, мелжемді болып келеді.  
Иә, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетіне көз жүгіртсек, сол кездегі туындылардың көбісі әйел тақырыбына арналған. Алайда қазақ әйелдерінің сана арпалысы мен жан толғанысын Сара Мыңжасарова мүлде басқа бағытта соны тәсілмен береді. Шым-шытырық оқиғаға құрылған туындылардағы кейіп­керлердің өмірі сол кездегі заманның шынайы бейнесін көрсетеді. Жазушы еш тартынбайды. Қаламын кеңге сермеп, қиялын қиянға шарықтатып, шексіз де шетсіз әлемнің бір ұшқынын шығармада асқан шеберлікпен ұсынады. Қаламгердің  «Қыр қыздары» романы,  1981 жылы «Әйел бақыты», 1984 жылы  «Төзім шеңбері» атты романдары жарық көреді. Сара Мыңжасарованың романдарындағы басты кейіпкерлерінде өмірге деген құштарлық, еңбекке деген құлшыныс, қиындыққа қасқайып қарсы тұратын табандылық, махаббат, нәзіктік, жүрек толғанысы мен жан арпалысы қылаң беріп тұрады. 
Әлем тарихында әдебиет саласында тыңнан түрен салған әйел жазушыларының шығармалары сарқылмас қазынаға айналды. Мәселен, ең алғашқы романист-жазушы Вирджиния Вулф – ағылшынның кәнігі жазушысы, әдебиет сыншысы. Ол ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы модернистік әдебиеттің жетекші қайраткері атанады. 1915 жылы алғашқы романы «Теңізден әрі» атты туындысын  жариялайды. Бұл туынды ағылшын әдебие­тінің құнды қазынасына айналады. Оның ең танымал шығармаларына «Даллоуэй ханым» (1925), «Маякқа» (1927) және «Орландо» (1928) романдары кіреді.
Сол іспетті Сара Мыңжасарова – өз шығармашылығында қазақ халқының мәдениетін, дәстүр-салты мен менталитетін батыл әрі айқын көрсеткен талантты жазушылардың бірегейі. Сара Мыңжасарованың 100 жылдығына орай оның «Әйел бақыты» кітабы қайта басылып шыққанының өзі жазушының абыройын көрсетеді.
Сара Рахманқызының алғашқы романы «Қыр қыздары» атты туындысы шоқтығы биік туындыға айналды. Бұл романда жазушы қазақ қыздарының басынан өткен ауыр жайттарды жазады. Романның негізгі идеясы 1917 жылға дейін қазақ әйелінің теңсіздікке ұшырап, мұң-мехнатқа толы ғұмырын арқалап, қиындыққа мойымай, қасқайып қарсы тұруы. Жазушының «Төзім шеңбері» атты романы да ерекше құбылыс. Оқиға кейіпкері Күнсұлу тағдырдың теперішін көп көреді. Күйеуі Сәлкен Мәскеуге оқуға түсіп, сол жақтан оқып келгеннен кейін әйелі Күнсұлуды менсінбеуі, өмірін көмірге айналдырғаны, Күнсұлудың рухын сөндірмей, нендей сергелдең болса да, оны еңсерудегі табандылық пен батылдыққа сүйенуі – шығарма желісінің шытырман оқиғалардан құралған, берері мол құнды туынды екенінің айқын көрінісі. 
Әлем тарихында әйел теңсіздігі туралы еш қаймықпай шығарма жазған әйел жазушылары саусақпен санарлықтай. Солардың бірегейі француздың атақты жазушысы Симон де Бовуар. Симон де Бовуар философиясының негізінде әйел­дің екі негізгі бейнесі жатыр: дәстүрлі мағынадағы әйел және өзін-өзі көрсету мен жалпы өмір сүрудің абсолютті еркіндігіне ұмтылатын әйел. Осылайша, экзистенциализмге сүйене отырып, әйелдік  — адамның өмірлік тәжірибесі арқылы пайда болатын мәңгілік қалыптасу. Сол теория бойынша де Бовуар әйел еркек қоғамын құратын бейнеде бола отырып, ер адамның «басқаша» болатынын айтады. Симон де Бовуар  «Екінші өріс» атты еңбегінде  тарихқа терең үңіліп, әйелдің рөлі туралы нанымды қалыптастырған әртүрлі халықтың мифін талдайды, сонымен қатар маңызды айырмашылық қайдан шыққанын түсінуге тырысады.  Симон де Бовуар шығармаларындағы басты идея – әйелді тәуелсіз субъект ретінде босату және жандандыру. Ол әйелдің құқын шектейтін және оларға таңдау еркіндігін қалдырмайтын адамзат тарихында қалыптасқан нормалар мен құндылықтарды қайта қарау қажет екеніне сенімді.
Симон де Бовуардың пікірінше, әйелдің өзін-өзі моральдық субъект ретінде жүзеге асыруы қарым-қатынастың үш формасы арқылы мүмкін болады: эмоция­лық қатынастар, құқықтық қатынастар және әйелді әлеуметтік маңызды субъект ретінде тануға байланысты қатынастар. Барлық үш салада босату үшін зияткерлік салада жеке тұлғаны жүзеге асыруға көмектесетін және өзінің жеке басын қалыптастыруға мүмкіндік беретін ақыл-ой еңбегі маңызды рөл атқарады.
Симон де Бовуар француз әйе­лінің құқығын қорғап, қолдап, шығармашылығында француз әйелінің жан дауысын тілге тиек етсе, қазақ жазушысы Сара Рахманқызы қазақ әйелдерінің жанайқай үнін, жүрек түкпіріндегі сырлы сезімін туындыларына арқау етеді. 
Сара Рахманқызы Мыңжасарованың шығармашылығы жіті сараптап, талдауды қажет етеді. Жазушының асқақ шеберлікпен жазылған төл туындылары кең тынысты, арнасы кең, толғауы терең. Өйткені қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы әйел романист-жазушы Сара Мыңжасарованың есімі өскелең ұрпақтың жадында мәңгілік қалары талассыз.

Алмагүл Құрманбаева,

"Тұран" университетінің қауымдастырылған профессоры

 

228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы