- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Әлібек әлемі
Сарынды өлең емес, дарынды өлеңге тән шығармашылық қимыл табысымен көзге түсіп жүрген танымал ақындардың бірі өзін дәріптеп, өлеңін әліптеуден аулақ жүретін ақынның бірі – Әлібек Шегебай.
Даласы бар талдырар құс қанатын,
Болған емес бұл елде қысқа таным.
Қайыс мінез қазақтың табиғатын
Адыраспан шөбіне ұқсатамын.
Аярлықтың тұмшалап көк тұманы,
Адалдықтың бұл күнде кетті мәні.
Азғындығы асқынған дүниеге
Адыраспан түтеткім кеп тұрады, – деген «Адыраспан» атты өлеңіндегі мына бір шумақтар көзге оттай басылып, көңіл күйге дереу ұялай кететіні Әлібек ақынның қазақ халқының ауылдық тұрмыс-тіршілігі мен наным сеніміне бала жастан қанық болып өскенін аңғартып тұрғандай болады. Өйткені адыраспан өсімдігінің қазақ тұрмыс-тіршілігіндегі қолданысы мен қадір-қасиетінен бейхабар ақынның одан ой түйіп, сезімдік серпіліс жасауы мүмкін емес. Оның «Ләңгі» дейтін өлеңі де ауыл балаларының балалық көңіл күйін дөп басып, өзінің көркем суреткерлігімен оқырманын балалық шақтың мол қызығына қыдыртып, сан қырлы салтанатына саяхаттата жөнелетінімен дараланып тұрады.
Оның үстіне ләңгі теуіп ойнаған балалық шақтың мол қызығынан көркем эстетикалық талғам арқылы «Бесігінде бақыттың тербелетін, Баста мәңгі тұрмайды ләңгі – ғұмыр», «Телефонға телмірген бүгінгінің, Балаларын біртүрлі аяп кетем!..» – деп ой түюі өлеңнің көтерген жүгінің жеңіл емес екенін көрсетеді. Осы тұста Әлібек ақынның бұл өлеңінен жақсы өлеңге тән шындық, көркемдік және тәжірибе сабақтың бір-бірімен өте тығыз ұштасып жатқанын айқын аңғара аламыз.
Бұл ерекшелік Әлібектің барлық өлеңінен дерлік табыла кететіні де оның ақындық тұлғасының қалыптасып үлгергенінен дерек беретіні жасырын емес.
Дүние түгел балқитын,
Шұғыла шашып таңынан.
Сағыныш иісі аңқитын
Анамның таба нанынан.
Көктемі көркем, жазы бақ,
Сағынам сол бір таң нұрын.
Тезектен қалған ажырап,
Таба нан – менің тағдырым.
Оның «Таба нан» атты бұл өлеңінде де біз жоғарыда атап өткен жақсы өлеңге тән шындық, көркемдік және тәжірибе сабақ сынды «үш бірлік» бірден көзге түсумен бірге, Әлібек ақын өлеңдеріндегі ауылдың тұрмыс-тіршілігіне тән детальдар мен зат және құбылыстар оның балалық кезінде жүрегіне орнап қалған таным-түсінігінің қала тұрмысынан мезі болған көңіл күйінің ауылға деген сағынышын тудыру арқылы өлеңге айналғанын айқындап тұрғаны анық. Сол себепті көрнекті ақын Темірхан Медетбектің «мен қазақ поэзиясындағы Төлеген Айбергеновтен кейiн көл-көсiр мол сағынышқа Әлiбек Шегебай өлеңдерi арқылы кездестiм. Әрине, екеуiнiң сағыныш тамыры бiр болғанымен, орындалуы, адам жанына әсер етуi екi түрлi. Төлеген сағынышы – тұлпар тұяқтың тастақ жерге түскенiндей дүбiрлi, дүрмектi, қуатты сағыныш болса, Әлiбек сағынышы – егiлiп тұрып, есiлiп айтылатын мұңлы сағыныш. Бiрақ мұңлы сағыныш дегенде, оны түнекке түскендей түнерiп, қалың қорысқа кiргендей тұнжырап қалатын сағыныш деп қабылдауға болмайды. Оның сағынышы туған жердiң сары ала белдерi мен ақ адырларын, баталарын берiп жататын аталарын аңсайтын, тiлеулес бауырлары мен қарлығаш қарындастарын iздейтiн, сөйтiп, сенiң жаныңда да өз ауылыңа деген үлбiреп тұрған аңсар сезiмдi оятып, жүрегiнiң дәл басынан өсiп шыққан шидей жiп-жiңiшке үмiт сабағына шырақ iлiп кететiн нәзiк сағыныш» деуі тегін емес.
«Қара сөз қара өлеңге айналғанда» айдарымен ақын Әлібек Шегебайдың Абайдың қара сөздерін өлеңге айналдырып, өзінің ақындық бағын сынап көргені де бізге белгілі.
Жас бала туғанында анасынан,
Оянар екі мінез санасынан.
Біреуі – ішіп, жемек, ұйқы болса,
Екінші – «неге?», «не?» деп аласұрған.
Пендені ішіп, жемек қам қылады,
Санасы екіншінің жаңғырады.
Болғанда біріншісі – тән құмары,
Әрине, екіншісі – жан құмары.
Адамда арман бар ма орындалмас,
Сермедің қайсысына қолыңды алғаш?
Дүние сырын біліп, танымаса,
Ондайдан адамдыққа орын болмас.
Жан қалауы шықса егер құрығыңнан,
Пайда жоқ тәннің ұзын сырығынан.
Әзелде Жаратушы – адам жанын,
Хайуанның үр жанынан ірі қылған.
Жаныңды жараласа тарпып кей сын,
Тәніңнің құлы болып тартып жейсің.
Зәуіде жанды тәнге бас ұрғызып,
«Кімнен-кім, ой, Тәңірі-ай, артық!» дейсің.
Таласып надандықпен тегіңде жоқ,
Жүресің кісілікпен көрінген боп.
Бұл күнде хайуаннан да жаман болдық,
Сәуле жоқ көкіректе, сенім де жоқ!
Абайдың «Жетінші қара сөзін» өлеңге айналдырған бұл алты шумақ өлеңнің алғашқы төрт шумағы қара сөздегідей ойды түсіндіру негізінде тақпақтау тәсілі арқылы бейнелеп көрсеткен болса, ал соңғы екі шумағы ойды пайымдау және сезімдік серпін (лирика) негізінде тақпақтау тәсілдерін араластыра қолдану арқылы айшықтап көрсетіп тұр. Сол себепті бұл өлеңде ой-сезімді араластыра бейнелеу басым орында екені белгілі. Бұл арада ой-сезімді бейнелеу тәсілдерінің ой-сезімді қарапайым бейнелеу тәсілдері және көркем бейнелеу тәсілдері деп екі топқа бөлінетінін ескергеніміз жөн секілді. Ой-сезімді қарапайым бейнелеу тәсілдеріне баяндау, түсіндіру, пайымдау, сезімдік серпін (лирика) қатарлылардың жататынын, ал көркем бейнелеу тәсілдеріне суреттеу, бүкпелеу және тақпақтау қатарлылардың тән екенін жіліктеп көрсету ақындық тұлғаның өз шығармашылығына баға беруіне көмектесетіні сөзсіз. Әрқандай бір ақын өз өлеңінде ой-сезімін қарапайым бейнелеу тәсілімен бейнеледі ме, жоқ, көркем бейнелеу тәсілімен айшықтады ма деген сұрақ қашанда біздің алдымыздан шығатыны анық. Бұл арада әсіресе ой-сезімді қарапайым бейнелеу тәсілдерінің тек өлең ұйқасын ғана малданып, сарынды өлең тудыруға бой алдыратыны мен ой-сезімді көркем бейнелеу тәсілдерінің, нақтылап айтқанда, суреттеу тәсілі мен бүкпелеу тәсілінің өлең ұйқасымен, яғни тақпақтау тәсілімен табиғи түрде жымдасып келіп, жақсы өлең тудыра алатын мүмкіндігін ерекше ескеруіміз керек. Өйткені әрқандай бір жақсы өлеңде ақылдық таным емес, сезімдік таным негізіндегі тәжірибе сабақ оқырманның жан дүниесін балқытып, қиял құсын қиырға шарықтататыны белгілі. Сондықтан жақсы өлең сезімдік серпінге өте мұқтаж. Ақын Әлібек Шегебайдың Абай өлеңдерін қара сөзге айналдырған нұсқасында осы мәселе жетіспей тұрғаны бірден аңғарылады. Оның ең басты себебі – Абай қара сөздері, негізінен, пайымдау мен түсіндіруден тұратындықтан, оны өлең шумақтарына айналдырған ақын кінәлі емес. Ақынның бұл арадағы артықшылығы – қара сөздің түпнұсқасында пайымдау тәсілі мен түсіндіру тәсілі арқылы бейнеленген ойды оқырманның қабылдау түйсігіне тақпақтап жеткізіп бергені ғана. Бұл бейне баланың қара сөзге қарағанда тақпаққа қызығып, оны оңай жаттап, жеңіл қабылдайтынын еске түсіреді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әрқандай бір өлеңде ұйқастық құрылымдағы тақпақтық тұрқы бар сарынды өлеңдік түр ғана емес, суреткерлік немесе бүкпелеу негізіндегі көркем шеберлік арқылы өлеңге сіңдірілген сезімдік серпін немесе лириканың өте зор рөл ойнайтынын анық аңғаруға болады.
Өлең шығармашылығы барысында сезімдік серпін (лирика) түр-тұлғалық пішіні жақтан тек үндестік пен ырғақ және ұйқасты қолданса, ал мазмұн жақтан арнау, қайталау, дамыту, түйдектеу, қатарлау, сабақтау және эмоция қатарлы түйіндерді пайдаланады. Сөйтіп, ақын өзінің жүрек қалауы болған сезімдік серпінін өлеңінде қалай берудің алуан түрлі жолдарын іздейді. Өйткені «поэзия өмірді қаз қалпында бере алмайды. Эмоциямен майлап, жылтыратып, өрнектеп, әрлеп береді», – дейді көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиев.
«Көркем шығарма заңдылықтарын терең түсініп, пайымдай алатын, арғы-бергі әлемдік һәм ұлттық көркемдік дәстүрлермен жете таныс жастар толқыны қазіргі поэзияның дамуына хал-қадерінше үлес қосуда. Солардың алдыңғы сапында деуге лайық Әлібек поэзиясына терең тамырлы ұлттық сипат тән (біздіңше, ақындарға ең басты керегі де осы). Ұлттық ойын көкпарды өмірдің баламасы ретінде алып, философиялық ой толғаған «Өмір – ойын» өлеңінен Әлібек шығармашылығының осы қырын байыптауға болар. «Өмір – көкпар, ал додаңыз – тіршілік, Бақ керек пе – додаға кір құлшынып. «Серке ғана қолыңдағы байлығың», – деп қояды өлім мәре күрсініп». «Өмір – көкпар», «өлім – мәре» метафораларының сәттілігі, осы бір ұлттық ойын ережесімен жалған дүние заңдылығын егіздеуі жас ақынның қалам қарымын, ой өресі мен көркемдік танымының биіктік пен кеңістікке қарай құлаш ұрарын, талант мүмкіндігін таныта түсетіні сөзсіз. Мерзімдік басылымдарда жарияланып жүрген кейінгі өлеңдер топтамасы Әлібектің ақындық талғамының биіктей түскенін көрсетеді. Күнделікті тіршіліктегі кейде көңілді жабықтырар, кейде жаныңды сергітер болмашы оқиғалар ақынның жүрегін толқытып, сыршыл жанын тебірентпей қоймайтыны анық. Сол өлеңдерінің табиғилық, шынайылық бояуын қанық ете түскен нәзік сезімталдықты айтпасқа болмайды. «Сағыныштың оғы тиіп, жаралы болған» ақын жанының мазасыздығы сезімнен бойын суық ұстаған мына дәуір үшін керек-ақ. Әлібек Шегебай қалыптасқан, сондай-ақ ізденіс үстіндегі ақын. Ақын қалыптасқан соң ізденісі тоқтайды деу қате түсінік. Өлең атты құпия да құдіретті әлемнің ақындар шалмаған қиыры қаншама! Қазіргі жас Әлібек пен ертеңгі егде Әлібекті осы әлем аясының сондай қиырларынан көрерімізге сенейік... Сенімдіміз де!» – деп сонау бір жылдары ақын Әлібек Шегебайдың ақындық беталысына сәтті болжамдық бағасын берген әдебиеттанушы, ақын Жанат Әскербекқызының пайымы алшысынан түсіп, өлең шығармашылығының шыңына «Алакеуім», «Әйнекке түскен Ай сәуле», «Ақ қауырсын», «Ақ жауын» жыр жинақтарымен табысты қадам басып келген Әлібек ақынның әлі де асар асуы алда деген сенім сертіне жүгінуге болады.
Қысқасы, әдебиеттанушы Мақпал Оразбектің пайымдауымен айтқанда, «ақын әлемi – біртұтас әлем. Сондықтан ақындық тұлғаны ақындық творчествоға тән тұтас дүние деп қараймыз. Нағыз талантты ақын өз шығармаларының ішкі табиғатынан бөлiнiп-жарылып көрінбесе керек, қайта өлеңнің өзегіне айналып кетеді. Яғни ақын жеке-дара күйде емес, өзі туындатқан шығарма тiнiнде деген дұрыс. Ақын тұлғасы жекелеген шығармаларының құрамынан құрылып, оның бүкіл творчествосының бойынан сомдалып шығуға тиіс. Сонда ғана жан-жақты толысқан ақын тұлғасы айқындалады. Ақындық тұлғаның шынайы болмыс-бітімі көрініс береді». Сонымен бірге лирикалық тұлғаның шынайылығы өлеңге шырай кiргiзсе, еш қайталанбас даралық жолы оған даналық пен дархандық сыйлайды. Ал оның көпке ортақ болған ортақтық келбетi оқырманның сезім-қиялын серпілтіп, өмір тәжірибесінің мәнерленген мәйегімен бөлісіп, ой-толғамын дәуiр рухына толы ұлттық болмыспен тоғыстырады. Осы тұрғыдан алып айтар болсақ, Әлібек Шегебай өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі, ең алдымен, оқырманның қабылдау түйсігіне етене жақын шынайы болмысы мен біртұлғалы құрылымының шымырлығымен көзге түссе, одан қала берді, сүбелі суреткерлікке толы образ айшықтылығымен айқындалады. Сонымен бірге оның өлең шумақтарында ұйқас қуалап, түршілдікке салынатын, бос сөздер жиынтығымен тақпақтық сипатқа бой алдырып, күшенбе ақындар секілді өзін жарнамалауға жапырыла жығылатын өлең шығармашылығындағы даңғазалық мүлде байқалмайды. Міне, бұл – ақын Әлібек Шегебай өлеңдерінің үшінші ерекшелігі. Төртінші бір ерекшелігі – оның жалпы өлеңдерінің ішіндегі әрбір өлеңнен кез келген бір шумақты алып тастауға келмейтін логикалық қисынының қатаң тәртіп астында тұтас тұлғалық сипат қалыптастыруы деуге болады. Сондықтан «стиль дегеніміз – әр жазушының идеялық позициясына орай шығармасындағы таңдап-талғап алған көркем форма ерекшеліктерінен көрінетін суреткердің өнер даралығы» екенін тұрақтандыра отырып, ақын Әлібек Шегебайды өлең шығармашылығы үдерісінде өзіндік дара стилі бар ақын ретінде бағалап, оқырман қауымға ой бөлісу, Әлібек өлеңдерінің әлі көп ашылмай жатқан қыры мен сыры бар екенін аңғартады.
Бекқожа Жылқыбекұлы,
филология ғылымының
кандидаты
156 рет
көрсетілді0
пікір