• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАТТЫҒЫ ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӨЗІМЕН

Өмір бойы туған Отанын көре алмай қор болған, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлттық санасы мен намысы жоғары шетел қазағы қызыл империяның құрсауында қалған Қазақстанда не болып жатқанына үнемі құлағын түріп, көңілі алаңдап, сағынышпен күн кешкен. Сондықтан Кеңес Одағы ыдырап, оның құрамында болған ұлт республикалары 1991 жылы бірінен соң бірі бостандық алып, салтанат құрып жатқанда, «Қазақстан қашан Тәуелсіздігін жариялайды екен?» деп, күн санап, ай санап, тағатсыздана күттік дейді Түркия, Моңғолия және Қытайдағы қазақтар. Оның алдында КСРО-ны сақтау жөнінде референдумда Қазақстан халқының 80 пайызға жуығы «КСРО сақталсын» деп дауыс беріпті» деген сөз Қытай қазақтарының көңіліне қобалжу ұялатып қажып кеткендей болдық», – дейді Оспан батыр Исламұлының (1889–1951) «Бала батыр» атанған атақты мергені көзі тірі Құнанбай батыр (автордың өзі жинаған материалдары – АӨЖМ).
 

«Қазақстанның еркіндік алатынына бірден-бір сенген Түркия қазақтары. 1991 жылғы 25 қыркүйекте Анкараның Есенбұға алаңында 200-ден астам қазақ ұлттық киім киіп шығып, қазақ мемлекеті мен ұлтын ұлықтаған сөздер жазылған плакаттар ұстап қарсы алды», – дейді осы оқиғаны көзімен көрген делегация мүшесі Оқап Қыдырханов (Қыдырханов О. Өз елім – өзегім. Алматы, 2012. 60-б). Түркиялық қазақ ағайын Қазақстан басшысын «Жұмһурбашкан», яғни президент деп қарсы алуы Қазақстан егеменді ел дегеннің белгісі еді. Делегация мүшелері Жазушылар одағының басшысы Қ.Найманбаев «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Т.Әбдікпен, Құранды қазақ тіліне тұңғыш аударған О.Қыдырхановпен әңгімесінде 80-нен асқан Ұядан Ақай қария былай деген: «Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрғанын айтсам, айып етпеңіздер. Қазақстан президентіне көрсеткен жаңағы құрмет менің өмірімдегі ең зор қуанышым. Бұған жеткізген тәңірге мың шүкіршілік. Әттең, жаңағы жерде «Истихлал Маршнан» (Түрік гимнінен) соң қазақтың өз мемлекеттік Әнұраны ойналса, біздің бойымыздағы қан кернеуі екі есе ұлғаяр еді-ау» (Қыдырханов О. Өз елім – өзегім. Алматы, 2012. 60-б.). Қазақстанның тәуелсіздік алғанын Ыстанбұл көшесінде келе жатып естігенде Халифа Алтай ақсақал сол жерде бет орамалын жайып жіберіп, Құран оқып, отанының азаттығына бағыштайды. Бұл өңім бе, түсім бе деп, Алланың бізге берген рахымы, сыйы ғой дедім қуанып, шаттанғаннан. (АӨЖМ)
Шетелдердегі қазақтармен қоянқолтық араласып өмір тұрмысын көріп, әңгіме-дүкен құрғанда, ешкімнің қас-қабағына қарамай, жалтақтамай өз еліндегідей емін-еркін жүріп жатқан Түркия қазақтары ғана. Өкінішке қарай, мұндай жағдай, тіршілік басқа бірде-бір алыс-жақын шетелдердегі қазақтарда жоқ. Біраз жылдар қазақ диаспорасын зерттегенде ойыма түйгенім – осы.
Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын естіген Пекиндегі жүздеген қазақ студенті жиналып, бұрынғы Әнұранынан «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген сөздермен бірін-бірі құттықтап, Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқайды... (АӨЖМ)
Қазақстан Тәуелсіздік алып, өзінің бостандығын жариялап, Назарбаевтың сөзін радиодан естігенде, Шыңжаң қазағында қуанбаған адам жоқ, – дейді жазушы Көбен Асқарұлы. Үйдің ішінде бір адам қуанса, менің әкем қуанды, 90-нан асып көзі көрмей қалған болатын. Көзім көрмесе де, көңілім сенді, мен бақытты екем, қазір өліп кетсем де арманым жоқ, – деді әкем, екі жылдан соң қайтыс болды.
Сол сөзді естіген соң «Алтай аясында» журналының мекемесіне бардым. Журналдың бас редакторы менің аталас бауырым Қабыл деген жігіт еді: «Аға, Қадыс Уәли Алтай аймағының губернаторы бізде жиын ашсам деп жатыр, бірталай зиялы мен кадрлар түгел қатысады, сіз Ғалағанды замандасыңыз ғой шақырып келіңізші, біздің шақырғанымызға келмейді», – деді. Ғалымбек деген кәрі төңкерісші түрмеден келген, үйінде жатып алады қызметіне көп келмейді, зейнетке шығуға таяп жүрген. Мақұл дедім де, үйіне барып есігін қағып едім, әйелі қызметіне шығып кеткен кез, есікті Ғалымбектің өзі ашты. Үстелдің үстінде жарым бөтелке ішімдік тұр.
– Ай, Ғалымбек, – дедім, – сенің әкең Әует арақтан өлген жоқ, найзағай түсіп өлмеп пе еді, мынауың не, таң атпай істегенің.
Ғалымбек: – Дәл айттың, жай түсіп өлген әкем тірілді, міне, соған қуанып отырмын. Сен отыр, мен әңгіме айтып берейін. Жиырма жыл түрмеде отырып келдім, келгеннен кейін үкімет «сенде қылмыс жоқ екен, сен ақ адам екенсің» деп мені қызметке орналастырды. «Алтай аясының» редакциясына келіп, директор болдым, әйел алдым, бала сүйдім, 20 жыл бейнет ұмытылып кетті, бірақ көңілімде бір мұз қатып қалып еді, сол мұз бүгінге дейін ерімей келіп еді, бүгін түні еріді. Ақдалада айдау­да соңғы жылдары жүргенде аздап еркіндікке шығарып, жаздың бір күні мені егін суаруға жіберді. Түскі тамақ ішіп келейін деп суды тоспалау жерге байладым да, асхананың тамақ беретін тесігінің аузына келсем, қалың кезек. Суым орып кетеді-ау деп біреудің кезегін алайын десем, ешкім кезегін бере қоя­тын емес, кезектің артына тұрсам, суым қашып кететін түрі бар. Тұрғандарды жағалап келсем 6-қатарда өзіммен қалжыңдасып жүретін бір моңғол жігіті бар еді, қолында ыдысы бар әлгі жайбарақат тұр екен. Ту сыртынан келіп итеріп жіберіп едім, сенделіп кетіп қолындағы ыдысы ұшып түсті.
– Бұл сен тұратын жер емес, мен тұратын жер. Ол жерге түскен ыдысын алып, ішіндегі топырағын сүртіп тұрып:
– Ай, Ғалымбек, сен қазақтың оқыған зиялысысың, оңшыл, теріс төңкерісшіл болып келгенсің. Мен үкіметтің бір қо­йын ұрлап жеп қойған Балғанжап атты қойшымын, өзім ұры, өзім надан. Сен жаман Балғанжап десең, оның дұрыс, мен мойындаймын. Қазақ, сенің нең бар, менің жаман да болса мемлекетім бар.
– Әлгі сөзді естігенде, көзімнен жас шығып кетті. Тез жүріп артыма да, тамаққа да қарамай кетіп қалдым. Осы сөз көңілімде мұз болып қалып қалды, ойымнан кетпей қойды. Бүгінде дербес­тік алғанда сол мұз еріді, содан ішіп отырмын.
– Мен де Ғалағанның сөзіне іріленіп кетіп, бөтелкені екіге бөліп құйып ішіп алдық. Көшеге шықтық, бір топ адам шулап жүр: «Қазағым жасасын», «Қазақстан жасасын», «Қазақстан мемлекет болды» деген ұран сөздер естіледі, әлгілерге қосылып, Қабылдың өзін қосып алып, түнде жиналысқа бардық. Жиналыстан рухтанып шығып, үш күн тойладық. Әбден қас қарайғанда үйге қарай келе жатсам, бұрыштағы үлкен қақпаның алдында біреу сұңқылдап жылап отыр, масаңдау екен, жақындасам өзіммен бір сыныпта оқыған сабақтасым Әбілкерім деген ұйғыр мұғалім.
– Ай, саған не болды ботадай боз­дап, – деймін.
– Мына Шар Руссияның (ұйғырлар Ресейді Шар Руссия деп атайды) Азияға жеткен аяғы біздің Қашқарияға неге жетпей қалған.
– Шар Руссия кезінде Алты шәрға дейін аяғымды көсілем деп, Шоқан Уәлихановты жіберген. Біздің Шоқан Уәлиханов барды емес пе сенің Қашқарияңа. Шоқанды қуалап жіберген патшаңнан, өздерінен көр, тұр кет үйіңе дедім...» [Ш. Уәлихановтың Қашқарияға саяхаты туралы айтылып тұр. – А.Т., АӨЖМ].
«Қазақстан қашан Tәуелсіздік алады-деп күн санап күтіп жүрдік», – дейді Моңғолияның вице-прьемері Зардыхан Қинаятұлы. Моңғолиялық қызметтес әріптестер: «Сендер, қазақтар, орыстың құшағынан шықпай қойдыңдар ғой, сірә?», «Қазақтар орыс болып кеткен бе», т.с.с. әзіл-қалжыңы аралас сөздермен күнде қажайды. Бір күні Министрлер кабинетінің мәжілісінде отыр едік, қызметші қыз есіктен кірді де, аяғын тез басып прьемер-министрдің жанына келіп, алдына бір қағазды қойып кетті, премьер қағазды қарады да, менің алдыма ысыра салды, қарасам «Қазақстан Тәуелсіздік алды» деген телеграмма екен. Көзімнен жас шығып кетті. Біраз толқып отырдым да, өзіме-өзім келіп, жиналыстан үзілісті күтпей-ақ шығып, үкіметтік байланыстан Моңғолияның атынан «Тәуелсіздік құтты болсын!» деп, бірнеше сөйлем қосып, жедел телеграмма бердім. (АӨЖМ).
Монғолия қазақтарында Қазақстанның Tәуелсіздік алғаны соғым басына шақыру дәстүрімен сәйкес келеді. Дастарханға жиналған халықтың қыс­тың ұзақ сары таңында бірден-бір әңгімеcі Қазақстанның жеке мемлекет болғаны туралы болады, ән айтылып, күй шертіліп, сыбызғы тартылады. Кейбір отбасы арнайы ақсарбас сойып, Қазақстаннның Tәуелсіздік тойы деп атап өтеді. Жастардың арасында Қазақстан жеке мемлекет болды, біз өз елімізге кетеміз деген сияқты сөздер айтылып, моңғолдың ақшасын жыртып, лақтырған келеңсіз жағдайлар да болыпты.
Қазақ дәстүрінде атақты ұлы оқиғаларды «Көкқасқа» деп жылқыны құрбандыққа шалып атап өткен. Моңғолия мен Ресейдің жылқы ұрлаушылары сонау ақ патшаның заманынан бастап, қазірге дейін бір-бірімен байланысып, Монғолия жағы өздері ұрлаған жылқыны Ресейге, ресейліктер Монғолияға өткізіп, бір-бірімен айырбас жасап, сөйтіп, бірінің ұрлығын бірі жапқандықтан, жылқы сіңеді екен. Бұл – ежелден барымтаның «өткерме» деп аталған түрі. Екі жақтан да жылқы ұрлығын жасайтын қазақтар. Ресей жағынан жылқы алып келе жатқанда екі елдің шекарашылары бірігіп рейд жасап, барымташылардың жолы бөгеліп қалады. Қыстық күні аяз, барымташылар түнде ғана от жағып жылынып, ас ішеді, күндіз түтін шығарса көзге түсіп қаламыз деп сақтанады. Жылқыларды қалың орманның ішіне тығып тастаған, бір аптадай уақыт өтіп кетеді, сол кезде өздерінің радиоқабылдағыштары арқылы Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын естіп, атап өтпекші болады. Моңғолиядан да уәделескен жылқышылар келіп жетеді. Өңкей өрімдей жас жігіттер (16 мен 23-тің арасында) мұндай оқиғаға көкқасқа шалайық деп бір тайды таңдап, жығып бауыздар сәтте ішіндегі біреуі: Мал батасын берме, жан батасын берме, бостандық батасын бер деп дауыстайды. Сонда жылқышылардың үлкенірегі былай бата беріпті:
Көкқасқа тайға бата,
Қазақстанның Тәуелсіздігіне бата,
Үш елдің достығына бата,
Шекараның бостығына бата,
Жылқыларымыз екі жақтан 
асып тұрсын,
Қазақстанның Тәуелсіздігі 
баянды болсын,
Бүкіл әлем таныған 
мемлекет болсын,
Көкқасқаның қанымен,
Көгерейік, көктейік!
Алла риза болсын!
Аллах акбар!
Сөйтіп, екі жақтың жылқышылары көкқасқаның еті біткенше Тәуелсіздік тойын тойлап, өздерінше атап өтіпті. Екі күн өткен соң құрбандық шалғанын күткендей шегара ашылып, жылқыларын аман-есен айдап өткен екен (АӨЖМ).
Қазақстанның Туына, оның түсіне, көк байраққа өздерінің ойын айтып пікірін білдірген моңғолиялық қазақ, қалқа, тува дөрбет халықтары «Тудың түсі өте дұрыс таңдалған», «Ежелгі көк түріктен келе жатқан көк байрақ қой» - деп қазақтардан, «көк аспандай, кең аспандай түстес екен, Көк тәңірінің қасиетті көк түсі емес пе» сияқты сөздерді моңғолдар мен твалықтардың аузынан естідім.
Алтай өлкесіне барып жүргенде ұлты алтай Семен Кишкин қариямен әңгімелесудің сәті түсті. Біздің қазақ дос­тарымыз бен таныстарымыз Қазақстан Тәуел­сіздігін алғаннан бері діншіл болып барады. Мешіттерін салып жатыр, балаларын шетелге оқуға жіберіп жатыр, өз дініміз, өз Құдайымыз, өз президентіміз бар деп кеуде қағады.
– Барлық қазақтың діні – ислам, Құдайымыз –Алла, сіздің айтып отырғаныңыз мүлде қате, – дедім мен.
– Ай, тұра тұр, қазақтың жеке Құдайы бар екен ғой, аты сенің есіміңдей – Ахмет, осындағы қазақтар арнайы автобус шығарып Түркістан деген қалаға барып жатады, Арабияға бармай-ақ сол жерге барып қажы боп келдік дейді. Сонда ғана менің есіме Қожа Ахмет Ясауи сап ете қалды, сексеннің сеңгіріне келген Семен ақсақалға Қожа Ахмет Ясауидің ешқандай Құдай емес, ХІІ ғасырда өмір сүрген дін қайраткер, исламның сопылық бағытының уағызшысы, Түркістанда жерленген, Түркістанның қазақтың көне астанасы болғанын біраз тәптіштеп түсіндірдім. Жасында Барнауыл университетінің тіл-әдебиет факультетін бітірген саналы Семен ақсақал бірден түсінгеніне риза болдым (АӨЖМ).
Ташкент қаласына барып жүргенде өзбекстандық әріптестеріміз мынадай бір әңгіме айтып еді. Өзбектің бір бай жігіті үйленетін болып, әр елден, әр жерден қалыңдық таңдайды. Сонда бір ақсақал: «Ерте заманда қолы жеткендер Күшәрдан қыз әкелетін. Мынадай мақал бар:
Сұлуын-ай Күшәрдің,
Қауынын-ай Тұрфанның,
Тұлпарын-ай Іленің.
Сен дүние әлемді кезіп жүрген байсың. Алсаң Күшәрдің сұлуын ал», – деп кеңес береді. Бұл мәтел көне замандарда шыққан. Күшәр сұлу қыздарымен, Тұрфан дәмді қауындарымен, ал Іле аймағы атақты үйсін тұлпарларымен аты шыққан. Жігіт те ақылды екен. Ақсақалдың кеңесімен Шыңжанға бірнеше рет барып жүріп, Қашқар жағының бір ұйғыр қызына үйленетін болып, Ташкентте бес жүздей адам шақырып той жасайды. Қыз жолдас болып еріп келген сол жақтың қазағының қызы екен. Той үстінде қыз жолдасқа сөз берілгенде, ол құйқылжыта қазақ әнін салады. Дауысы ерекше ашық, әннің қайырмасын созғаны сонша – кәсіби әнші ме деп қалдық. Бүкіл тойшы қауым риза болып қол соқты. Сонда өзбектің елағасы жасындағы Турсын ака деген бір азаматы, тамаданың қолынан микрофонды жұлып ап: «Қазағым жасасын! Қазақстан жасасын! Мен де қазақпын!» деп айқай салады.
Тамада «Турсын ака, сізге не болды өмір бойы өзбек болып, енді қазақ болғаныңыз» дегенде, Турсын ака «Менің түбім де қазақ, қаным да қазақ, жаным да қазақ, жетпіс жыл өзбек болғаным жетеді» дегені бар-ды (АӨЖМ).
Турсын аканы Тұрсын аға қылған қазақ әнінің әуезі, өнердің құдіреті, сол өнерді шет жерліктерге мойындатқан қыздың дауысы демекпіз.
Қай заманда, қай халықтың өнер тарихына көз салсақ, үздік өнер шығармалары белгілі бір тарихи толғағы жеткен оқиғалар шегіне жетіп, талантты өнерпаздар оны бірден байқап, мәңгілік қайталанбас өнер туындыларын өмірге келтірген. 
Қазақтың бостандық алған, тәуелсіз ел болған сәтін музыкамен көркемдеген, бүкіл халықтың сүйіп айтатын әніне, керек десеңіз ұранға айналған – «Көк тудың желбірегені». Авторлары Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағының тумасы ақын Алмас Ахметбекұлы, Іле аймағы Күнес ауданының тумасы сазгер Ермұрат Зейіпхан. Бұл азаматтардың жүрегінде бодандықтың қамытынан құтылып, бостандыққа деген арманы, Отаны Қазақстанға деген сағыныш, ата-бабаларының еркіндік үшін төккен қаны мен тері, егемендік алған елінің қуанышы түйісе келе, адамға ерекше күш пен асқақ рух беретін өнерді өмірге келтірген. Мұндай туынды жасау шын мәнінде бостандықтың дәмін татып, қадір-қасиетін сезінген соны ойы мен санасына тоқып өскен шын таланттардан ғана шығады.
Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту,
Жан емес,
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені –
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай , Қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.
Көктудың желбірегені -
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Көзінің мөлдірегені.
Аумахан Мулиянұлы Моңғолия армиясының Бас штабында құрылыс және коммуникация басқармасының бастығы әскери шені полковник, Қазақстанның азаттығын былай деп жырлайды:
Еңсеңді көтер, қазағым,
Арылды бүгін азабың,
Егеменді елмін деп,
Тарихын мәңгі жазамын.
Жүрмеймін енді жат жерде,
Еліме туған кетемін,
Нем бар менің басқа елде,
Қуаныш кернеп жетемін.
Атамыздан аңсап ек,
Тәуелсіз ел болсақ деп,
Шаңырақ қазақ көтерді,
Шашу шашып, қол соқ көп (М.Аумахан. Өмір елестері. Өлеңдер. Екінші жинақ. Ұланбатыр, 2001. 39-б.).
Қазақстанға келген бетінде, ақын былай деп жырлайды:
Мен бүгін атам қазақ жеріндемін,
Бабамыз Абылайдың төріндемін,
Төбем тұр қуаныштан көкке жетіп,
Аласа бұрынғыдай көрінбедім.
Күн туды енді бүгін қазағыма,
Көнбейміз біз күштінің мазағына,
Жиылып қуатты бір ел боламыз,
Тарихын өз қолыммен жазам мына (М.Аумахан. Өмір елестері. Өлеңдер. Екінші жинақ. Ұланбатыр, 2001. 11-б.).
Елге келіп ата-жұртымен, халқымен араласа бастағанда ақын:
Атадан қалған дәстүрім,
Асқақ емес бәстігім,
Басынған сөзін басқаның,
Келмейді, сірә, естігім.
Ақ көңіл, аңқау, алданғыш,
Қойдай қоңыр қазағым,
Адал еңбек, әділет,
Аққан судай тазамын (М.Аумахан. Өмір елестері. Өлеңдер. Екінші жинақ. Уланбатыр 2001. 11-б.).
Қазақстанға алғаш болып бет бұрған, Иран қазақтары болды (Ислам Жеменей. Иран қазақтары. (Тыныс тіршілігі, салт-дәстүрі). Алматы: Зерде, 2007. 152-б.).
1980 жылдардың ортасында, Моңғолиядағы қайта құру, демократизациялау үрдісінің басшыларының бірі, республика премьер-министрінің орынбасары, «Моңғолия Ельцині» атанған Зардыхан Қинаятұлы болды және Қазақстанға қазақтарды көшіруге мұрындық болған да осы кісі еді.
1995–1996 жылдары Ілкіде байсалды басталған көш артынан бірталай қиындыққа кез болып, біраз қандастың қайта оралуына себепші болды. Сол кезде небір өсек-аяң тарады. Сол жағдайға байланысты Зардыхан аға бірнеше рет шетел қазақтары қауымдастығының отырысында баяндама жасап, мақалалар жазып, халықты сабырға шақырды.
«Мен қоғамтанушы тұрғысынанда, оралман ретінде де көш көліксіз болды деп айта алмаймын және көші-қон төңірегіндегі біржақты жылауық психология, елімізге, бірлігімізге жат кейбір қаңқу әңгімеге қосыла алмаймын. Қазақстан Үкіметі жоқтан бар етіп, көші-қон төңірегінде қалыптасқан көптеген мәселені біртіндеп шешіп келеді. Бірақ біз алғашқыда аса дүбірлі басталған қазақ көшінің ет қызуы тез басылып, 1994–1995 жылдардан көші-қон мәселесі тығырыққа тіреле бастағанын мойындауымыз керек сияқты. Көштің мұндай күйге ұшырауына әкеліп соқтырған себеп-салдар қатарында мен бірнеше жағдайды атар едім. Меніңше, көшті тығырыққа әкеліп тіреген ең басты себеп елдің экономикалық ахуалына байланысты. 1995–1996 жылдары Қазақстан экономикасындағы бұрынғы Одақтан қалған мүмкіндік сарқылып, жас мемлекеттің өзіне тән экономикалық дағдарыс басталды. Дағдарыс салдары қазақ көшін қабылдаушы негізгі объект-ауыл шаруашылығына тым ауыр тиді. «Байтал тұр ғой бас қайғы» болып қалған ауыл үшін көш салмағы қия бетте ауған түйеге салған бұраудай батты» (Зардыхан Қинаятұлы. Монғолиядағы қазақтар. Алматы, 2007. 256 б.).
Айтан Нүсіпханұлы Қазақстан топырағына келгенге дейін-ақ бүкіл Шығыс Түркістан халқының күрескер көсемі ретінде досқа да, дұшпанға да белгілі болса, ол Қазақстан халқына теледидар, радио, газет-журналдар арқылы асқақ рухты көсемсөз шебері, терең білімді саясаткер ретінде де кеңінен танылды. Оның республика Тәуелсіздігі, ұлттық саясат, ұлттық кілт, сондай-ақ қазақ диас­порасының жай-күйі туралы жазғаны мен айтқаны жұртшылықтың жүрегіне жетіп жатты. (Айтан Нүсіпханұлы. Қайғыңды, қайран қазақ, арқаладым... 2-том. Алматы: Қоғам және қылмыс. 2002. 382-б.).
...Ұлы даладағы ұлы қазақты екі алпауыт держава екіге бөліп алған соң, әрқайсысы өзіне қараған аумақтағы байырғы халықты қырып-жойып, ассимиляциялап, бос қалған жерге Қытай қытайларын, Ресей орыстарын әкеп орналастыруды көздеді. Іс жүзінде отаршылар өз ойлағанынан да асып-түсіп жатты (Айтан Нүсіпханұлы. Қайғыңды, қайран қазақ, арқаладым... 2-том. Алматы: Қоғам және қылмыс. 2002. 8-б).
Ең қиыны, бізде құндылықтар туралы ұғымымыздың мейлінше шатасуға ұшырап тұр. Отаншылдық дегенге өзіміз онша еліге қоймаймыз. «Қазақстандық отаншылдық» дегенге басқаларды селт еткізе алмаймыз. Көп себептің бірі, әрі бірегейі – біз сатқындарды сатқын деп білмейміз. Бізде «Отан сатқыны» деген атымен жоқ. Іс жүзінде сатқындар интернационалдар болып алған. Айналаң анталаған жау, сөйте тұра, бір сатқын шықпаған неткен тап-таза патриоттар елі бұл өзі?
Егер сатқындар сатқындығының жазасын алмаса, әшкереленбесе, оларға халықтың өшпенділігі оянбаса, отаншылдықтың қадір-қасиетін қалай бағалап, немен салыстырып түсіне алады?.. (Айтан Нүсіпханұлы. Қайғыңды, қайран қазақ, арқаладым... 2-том. Алматы: Қоғам және қылмыс. 2002. 11-б.).
А. Нүсіпхан екі нәрсенің басын ашып айтқан қазақтың өз ішіндегі сатқындық, тәуелсіздік алғалы хандар мен билерді, әсіресе батырларды ұлықтап, том-том кітап, мыңдаған мақала жазып, жүздеген ескерткіш қойдық. З.Қиянатұлы бір сөзінде осыншама батырларымыз бола тұрып, жоңғардан неге жеңілдік деп еді. Кемінде, екі себебі бар: қазақтың басы бірікпеген – ұйымшылдықтың жоқтығы, екінші, қазақ қалай орыс пен қытайға бодан болды – сатқындық басталды, сатқындар сословиесі қалыптасты. Сатқындық қазақтың жаны мен тәніне кіргені соншалық – халықты, ұлтты сату арқылы жағдайын жасады, отарлаушылардың көзі мен құлағы, үрген иті, жазалаушы жендеті болды. Ол – ол ма, қазірге дейін елін, ұлтын жамандап, нәпақа табатын сатқындар (антиқазақтар) бар. 
Елдік, ерлік мәселелер шешілген ұлы қуаныштарда Көкқасқа шалынып, Ақсарбас аталады. Ресей мен Моңғолия жылқы ұрлаушылары – жас жігіттердің ақ қар, көк мұзда Көкқасқа шалғанын, әсіресе «мал батасын берме, жан батасын берме, бостандық батасын беріңіз» деген сөзін естігенде, таңданбасқа және сүйсінбеске болмайды. 
Шетелдік қандастарымыз Қазақстанның Тәуелсіздігін жан-тәнімен түсіне білді, себебі олар жат жұртта қаншалықты тамағы тоқ, киімі көк болғанымен өз елі, бостандық, тәуелсіздік деген сөздердің парқын біліп өсті. Сондықтан шетжерлік қазақтардың бұл оқиғаны елемей қалғаны жоқ, бөркін аспанға атып қуанды, кейбір жерде атап өтуге мүмкіндік болмаған жағдайда, іштей шаттанып, көңілдегі ойларын қағазға түсіріп, бізге жіберіп жатты. Бірталай шетелдік азамат тәуелсіз Қазақстанға келгенде, бір нәрсе аламын деп емес, тәуелсіз еліме не берсем екен, нендей үлес қоссам екен деген сезімде болды. Тәуелсіздік – қашанда тәтті ұғым, барлығынан жоғары тұрады.

Ахмет Тоқтабай

 

185 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы