- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Еркін СТАМШАЛ, тарихшы: КСРО кезеңіндегі көтерілістер тарихы терең зерттелмеді
Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-мұраты. Кеңес Одағы кезіндегі түрлі көтерілістер мен әлеуметтік қақтығыстар еліміздің Tәуелсіздікке жету жолындағы тарихында өшпес із қалдырды. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дүниежүзілік тарих, тарихнама және деректану кафедрасының оқытушысы, докторант Еркін Стамшалдың архивтік зерттеулері мен ғылыми жұмыстары көбіне Кеңес үкіметі кезеңіндегі оқиғаларға арналып, көпшілікке белгісіз деректер мен құжаттарды жарыққа шығаруға бағытталған. Қазақ қоғамының тарихындағы ұлтаралық қақтығыстар мен әлеуметтік толқуларды зерттеуге ерекше көңіл бөледі. 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мен тарихи әділетсіздіктерді зерттеп жүрген ғалымнан КСРО уақытындағы саяси-әлеуметтік көтерілістер мен толқулардың жай-жапсарын сұраған едік.
Отарсыздану – маңызды қадам
– Алаш арыстарының мүддесі, идеясы қазіргі Қазақстанның мемлекеттік құрылымын жасауына, Tәуелсіздік алуына қалай ықпал етті?
– Кез келген метрополияның уысынан шығып, өз алдына Тәуелсіз мемлекет құру жолына түскен бұрынғы отар елдің басынан өтуге тиіс бір үдеріс бар. Оны тарихи тілмен отарсыздану, деколонизация деп атайды. Ол – отарлық кезеңдегі тарихқа баға беру, жоғалған тарихи дүниелерін табу, теріс бағаланып келген тұлғалардың құқығын тарихи-ақиқи тұрғыдан қалпына келтіру. КСРО 1991 жылы құлағаннан кейін, осындай үдерістердің нәтижесінде Еуразия кеңістігіндегі алып империя, бірнеше шағын мемлекет, соның қатарында Орталық Азияның өзінде қаншама мемлекет қалыптасты. XX ғасырдың басында үркердей болып, қазақтың көгіне көтеріліп, ағартушылық бағытта еңбек еткен зиялылардың еңбегін бағалағанда, оны сол үлкен ареалдан, яки кеңістіктен бөліп қарай алмаймыз. Сол кезеңдерде отарсыздану тек біздің елде ғана емес, бүкіл Түркістан өлкесінің, Орталық Азияның, Кавказ елдерінің басынан өтті. Кеңес Одағының шаңырағы ортасына түсіп жатқан кезде, қайтсек Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, дербестігімізге қарай қадам жасаймыз деген мақсатта жұмыстар үздіксіз жасалды.
1960 жылдары Азия, Африка елдерінің отарлық езгіден құтылу үдерісі басталды. Ұлыбритания, Францияның, басқа да еуропалық түрлі отарлаушы елдердің езгісінен құтылған мемлекеттер сияқты үдерістер Еуразия кеңістігінде де жүрді. Бұл арада сол елдің дербестігінің мәселесі, жоғалып бара жатқан тілі, үлкен қауіп төніп тұрған діні назарда тұрды. Патшалық Ресей тұсында шоқындырудың қалай жүзеге асырылғаны, ол үрдіске отарлық құрылымдар қалай дайындалғаны белгілі. Бұл туралы қазір іргелі зерттеулер бар. Алаш зиялылары қазақ халқының басына төнген оқиғалардың бәрін бақылап, көріп отырды. Осылайша, «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасып, бір мақсат-мүддедегі Алаш зиялылары кесек-кесек ойын, ойлы көзқарасын, үндеуін жариялап, азаттық жолындағы бастамаларды бір орталықтан үйлестірумен айналысты. Отарлық бұғаудан босау дүниежүзілік үдеріс. XX ғасырдың басы социал-демократиялық күштердің ықпалы артқан шағы. Ал большевиктердің билікке келуі бұл жоспарға кедергі келтірді. Құлдық санадан арылып, дербес мемлекет болуға ұмтылу – Қазақстанның бүкіл аумағында жүрген үдеріс болды. Жетісу өңірінде уақытша комитеттер құрылды, қазақ съездері өтті. Бүкілқазақ съезінде халық милициясын құру және білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қаулыда: «Осы күнгі дайын әскер орнына халық милициясы құрылсын. Жалпы міндетті бастауыш оқу аса қажет. Бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде болсын. Мектеп кітаптары болсын, өзге баспасөздер болсын, бәрі де «қазақ» емлесімен жазылсын» деп көрсетілген. Қазақ мемлекетінің негізін қалауға бағытталған маңызды қадам болған Бірінші жалпықазақ съезі ұлт зиялыларын біріктіріп, оларды ортақ мақсатқа жету үшін бірлесіп әрекет етуге ынталандырды. Съезге қатысқан делегаттар қайтып келіп, комитеттер құрды, кейінірек ол Уақытша үкіметтің комитеттеріне жалғасты. «Қазақ комитеттері» деген ұйымдардың құрамында Ы.Жайнақов, С.Сатылғанов, О.Әлжанов, И.Тергеусізов сынды үлкен қайраткерлер болды. Айта кететін маңызды бір жайт, қазіргі дербес мемлекет Қырғызстан да ол уақытта Қазақстанның құрамында (қазіргі Жетісу өлкесінде) болды. Зиялылардың ықпалы Қырғызстанды да қамтыды. Ишаналы Арабаев сияқты тұлғалар шықты. Алаш қайраткерлерінің Шәуешекке сапарлауы Шығыс Түркістанға (ол кездегі Синьцзянь өлкесі) ықпал етті. Қытайдағы қазақтардың да жаппай жазалау науқанынан сырт қалмағаны сондықтан. Мұның бәрі, шын мәнінде, Азаттық жолындағы тәуелсіздікті аңсаған талпыныстардан туған қозғалыс еді.
Тынышбаевтың ғұмырнамасының Қызылорда кезеңі жеткілікті зерттелмеген
– «Ақиқат» журналына «Қызылорда құрылысы: инженер Тынышбаев еңбегі» атты зерттеу мақалаңыз шықты. Ол мақалада: «Түркістанның арда азаматы, Жетісудың ұлы қайраткерінің тұлғалық ғұмырнама ақиқаты әлі күнге дейін толық анықталып, анық сипатталып, жаппай хатқа түсіп, жария болған емес» деген екенсіз. Биыл туғанына 145 жыл толып отырған қайраткер, ғалым, инженер Мұхамеджан Тынышбевтың өмірі мен қызметіне байланысты соны тарихи-археографиялық зерттеулеріңіз туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.
– Мұхамеджан Тынышбаев – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, Түркістан мухтариатына, яғни автономиясына жетекшілік жасаған, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш жол қатынастарының инженері. Иә, М.Тынышбаевтың өмірбаянына, қызметіне байланысты диссертациялық еңбектер, зерттеулер жазылды. Бұл кісінің ғұмыры өте күрделі. М.Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысының Ешкіөлмес тауында (қазіргі Қабанбай ауылы) дүниеге келген. Патша үкіметінің жүйесінде оқып, білім алды. Патша билігі құлағаннан кейін Уақытша үкімет деген уақытша құрылым пайда болды, оның комиссары болып қызмет атқарды. Патша кезеңінде I Александр атындағы Петербург Жол құрылысы институтын аяқтады. Кішкентайынан оқуға деген құлшынысының арқасында ол он жасында Верныйдағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық сыныбына оқуға түседі. Тынышбаевтың бір жылдық ғұмырының өзіне күрделі оқиғалар сыйып кетеді. Тынышбаевтың өмірі мен қызметінің биохроникасына көз жіберейікші. 1925 жылы Қазақстан автономиялық Республикасының орталығы Орынбордан Қызылорда қаласына ауыстырылады. Қызылордаға ауыстырылған кезде арнайы комиссия құрылады, оны бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің бірі Аспандияр Кенжин басқарады. Аспандияр Кенжин басқарған комиссияның 1925 жылдың 12 шілдесінде Қызылордада өткен мәжілісінде М.Тынышбаевтың баяндамасы негізінде Қазсыртқысауда-Қазмемсауда (Казвнешторг-Қазгосторг) мекемесінің жобасы бекітіледі. Осы мәжілісте Құрылыс комитеті мен оған бағынатын Құрылыс бюросын құру туралы М.Тынышбаевтың ұсынысы қабылданады. Құрылыс комитеті Құрылыс бюросын құру үшін М.Тынышбаевқа Орынборға барып, Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесінде баяндама жасауды тапсырады. Тынышбаевтың баяндамасында құрылыс материалдарының ортақол сапасы, материалдардың жеткізілуін бақылау, құрылыстың барлық жұмысын үйлестіру мәселелері қамтылған.
Жалпы, 1920 жылы Ленинмен келісім жасалғаннан кейін Алашордаға қатысы бар тұлғаларға кешірім жасалды. Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметі биохроникасы үшін маңызды дата ретінде 1920 жылдың 4 қазанында Орынборда өткен Құрылтай съезге Орынбор-Торғай облысынан делегат ретінде сайланғанын, съезде Қазақ АКСР ағарту халық комиссары болғанын, бұл қызметті 1921 жылдың қазанына дейін атқарғанын айтуға болады. Ал 1921 жылдың 4–10 қазанында Орынборда өткен Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің 2-съезінде А.Байтұрсынұлы Қазақ АКСР ағарту халық комиссарының орынбасары, коллегия мүшелігіне бекітілген. 1921 жылдың қазанынан 1922 жыл қазанынан дейін ағарту халкомы қызметін Аспандияр Кенжин атқарған. Алаш зиялыларының мемлекеттік қызметке тартылуы және одан шеттетілуі әрқилы сипатта жүрген. Кеңес өкіметі Ташкентте жер саласында жұмыс істеп жүрген Мұхамеджан Тынышбаевты жаңа астана құрылысына жетекшілікке шақырады. М.Тынышбаевты қызметке шақырған Техникалық комиссия төрағалығына бекітілген А.Кенжин (халық комиссарлар кеңесі жанынан Қызылорда қаласы құрылысына басшылық жасау үшін құрылған) деп топшылауға болады. Қазақстан үкіметі жанынан құрылған Құрылыс комитеті төрағасы Абылай Серғазиевтің техникалық жағынан орынбасарлығына М.Тынышбаев бекітілді. Қызылордада бүгінге дейін сақталған вокзал, мәдениет сарайы, басқа да ғимараттардың барлығында Мұхамеджан Тынышбаевтың қолтаңбасы бар. М.Тынышбаевтың ғұмырнамасының Қызылорда кезеңі жеткілікті зерттелмеген. Осы бойынша табылған деректерді үлкен ғылыми жаңалық деп айтуға болады.
Біз бұл тұлғаның 1930 жылдары тұтқындалып, әрі қарай сотталып кеткенінен хабарымыз бар. Бірақ Қызылордадағы құрылыс жұмыстарын атқаруына байланысты тағы бір сот процесі болғаны белгілі емес еді. Ол тақырыпты ешкім жазбапты. Қызылорда құрылысының жұмысы 1925 жылы басталады, 1926 жылға дейін қарқынды құрылысқа байланысты маңызды өзгерістер болғаны архив құжаттарында қатталған. Құрылыс материалдары жетпей, комиссариаттар, ОГПУ, мемлекеттік органдар жаңа мекенге орнығып жатқан кезең.
Сол кездегі астана құрылысына басшылық ету үшін құрылған Құрылыс комитетінің төрағасы Абылай Серғазиевтің 1925 жылғы 26 маусымда Ленинградқа жолдаған арнайы хаты арқылы Қызылорда құрылысын салуға архитектор Александр Будасси ресми түрде шақырылды. А.Будассиге жолданған хатта Қызылорда құрылысына 1 миллион сом қаржы бөлінгені хабарланған. Александр Владимирович Будасси де, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты, Санкт-Петеребургтегі I Александр атындағы Жол құрылысы институтының түлегі. А.Будасси оқу орнын 1903 жылы бітірген. Ал Мұхаметжан Тынышбаев бұл оқу орнын 1900–1906 жылдары оқып, тамамдаған. Ресейлік зерттеуші Игорь Кувырков 2018 жылы жарық көрген «Инженер Будасси» атты зерттеуінде Будасси мен Тынышбаевтың 1912–1913 жылдары Жетісу теміржол құрылысында бірге қызмет атқарғанын жазады. Қызылорда қаласындағы құрылыста А.В. Будасси
Құрылыс бюросын басқарды. Ал құрылыстың жалпы барысына жауапты Құрылыс комитеті жанындағы техникалық кеңеске Будасси, Тынышбаев, Давыдов сияқты үш инженер мүше болып кірген.
Қызылорда қаласы құрылысына керек материалдар осы жерде дайындалды. Бұған керек құм, алебастр, кірпіш және әк мөлшері жеткілікті болды. Ағаш, цемент және әйнек басқа өңірлерден әкелінді. Құрылыстардың іргесін қалауға қоршау қабатын жасау үшін цемент жетпеді. Керек материалды сырттан тасу мүмкін емес еді. Қысқа мерзімде салыну керек бірінші және екінші деңгейлі мектеп, тұрғын үй, дизель қоймасын салуға цемент пайдаланылатын. Уақытында құрылысты аяқтау үшін М.Тынышбаевтың ұсынысымен жергілікті оқшаулау тәсілі (туземный способ изоляции) пайдаланылды. Бұл тәсілдің мәнісі кәдімгі шидің бір-екі қатарын қабат етіп, әк езіндісімен толтырып құю болатын.
– «Инженерлер ісі» туралы кеңірек айтсаңыз. Инженерлерге қандай айып тағылды?
– Қаржы жетпеуі мен науқаншылық Қызылорда қаласы құрылысын тығырыққа тіреді. Осы кезде Мұхамеджан Тынышбаевқа 1926 жылдың 1 қаңтарынан бастап Құрылыс комитетінде қызмет істемейтіні ресми түрде хабарланған. Үкімет мекемелерінің жоспарлау, қаржыландыру бойынша кемшіліктері, Орынбордан жеделдетіп көшіп келіп жатқан үкімет қызметкерлерінің отбасын орналастыру бойынша асығыстық Қызылорда қаласы құрылысындағы сапасыздыққа алып келді. Жаңа қалыптасып келе жатқан, қайткен күнде бар кінәні большевиктік билік жүйесінен тыс іздеу дәстүрі құзырлы органдардың алдына бұл кемшіліктерге айыптыларды табу «міндетін» қойды. Патша билігі тұсында білім алған құрылысшы мамандардың әлеуметтік тегіне дүрдараз, іс-әрекетіне наразы советтік билік 1928 жылға қарай «инженерлер ісін» ойлап тапты. 1928 жылдың күзінде Қызылорда қаласы құрылысшыларының үстінен ашық сот өтті. Істі Қызылорда қаласында РСФСР Жоғарғы Сотының көшпелі сессиясы қарады. Қылмыстық жауапкершілікке А.Будасси бастаған инженерлер, Қызылорда қаласы құрылысына жауапты басқа да қызметкерлер тартылады. Сот процесі туралы ақпарат жергілікті «Советская степь» газетінде үзбей жарияланып тұрды. Бұған қоса Қызылорда құрылысшылары соты туралы мақала орталық партиялық орган «Правда» газетінде де жарық көрді. Инженерлер соты басталмастан бұрын «Советская степь» газетінде Исабаев деген автордың «Қызылорда қаласы қалай салынды?» атты осы іс бойынша прокурор Арсеньев дайындаған айыптау қорытындысы негізінде жазылған мақалалар сериясы 4 нөмірге жарияланады. Айыпталушы ретінде 14 адам сотқа тартылады. Сот процесін еңбекшінің көбі бақылай алуы үшін мәжіліс кешкі уақытта жүргізілді. Сотталушылардың ішінде Қазақ АКСР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы құрылыс комитетінің бас инженері М.Тынышбаев та бар еді. Тынышбаевқа 1926 жылғы РСФСР қылмыстық кодексінің 111-бабы бойынша айып тағылады. Бұл баптың мәнісі өкімет өкілінің әрекетсіздігі, яғни лауазымды тұлғаның өзі міндетті әрекетті жасамауын білдіретін. Соттың екінші мәжілісіне Мәскеуден Қызылорда қаласы құрылысында қолтаңбасы бар тағы бір инженер Гольдгор күзет арқылы әкелінді.
Инженерлерге тағылған басты айып – Будассидің құрылыс бюросындағы жұмысына еңбекақы ретінде үнемделетін қаржының 25%-ын алуға келіскені. Бұл қаржы Будассидің өзіне ғана емес ол жұмысқа тартқан инженерлердің бәріне тиесілі болған. Қызылордадағы инженерлер сотында пайдакүнемдік айыбы тағылады.
Бұл инженердің бәрі Патшалық билік кезінде оқыған терең білімді адамдар еді. Құрылыстың мән-жайын түсінбейтін, білімі шала, бірақ идеологиялық жағынан бәрін түтіп жеуге дайын тұрған большевиктік жаңа билікпен инженерлер әу бастан тіл табыса қоймады. 1928 жылы большевиктік биліктің дәстүрлі қазақ қоғамына екпінді шабуылы басталғаны белгілі. 1928 жылы дінге қарсы шабуыл басталды. Байларды тәркілеу, астық дайындау, ет дайындау сияқты шаруашылық-саяси науқандар жүрді. Соған байланысты «Құрылысты дұрыс салмады» деген желеумен Қызылорда құрылысына басшылық еткен инженерлер айыпталды. Ең қызық жері, айыпталушы инженерлердің соты олар өздері салған ғимаратта өтті. Бұл – 30-жылдардағы жаппай жазалау толқыны басталмаған кезең. Сол себепті сот ашық жүргізіліп, инженерлердің алдын 4 жылға, М.Тынышбаевты 2 жыл шартты мерзімге соттайды. Сот тергеу барысында Қызылорда құрылысына қатысы жоқ М.Тынышбаевтың адмирал Колчакпен байланысқаны, Алашордаға қатысы бары сұралады. Мұхамеджан Тынышбаевтың соттағы соңғы сөзінде: «Мен денсаулығымды бердім. Қызылорда құрылысы сияқты ешқандай жұмысқа ешқашан беріліп істеген емеспін», – деген. Құрылыс жұмыстарына басшылық етіп, күні-түні ұйықтамағандықтан М.Тынышбаевтың денсаулығы сыр берген. Бұл кезде Тынышбаев 56 жаста. Архивте сөзіме дәлел болатын құжаттар бар. Мұхамеджан Тынышбаев бүкіл жұмысы үкіметтің көз алдында өткенін, өзін айыпты деп таппайтынын алға тартады. Большевиктік билік мұндай тұрпатты оқыған, сауатты адамдарды пайдаланбағанда, кімді пайдаланады? Ойлап қарасаңыз, индустрияландыруға ірі ғалымдар керек еді. Ғалым деген Маркс пен Энгельстің, Лениннің еңбектерін жаттап алу емес. Сапалы білім алған, тәжірибесі бар инженерлер керек. Оларды кеңестік, шаруашылық жұмыстарға алғанда бұрынғы шыққан тегі, ақсүйек, ауқатты адамдар болғанына, патшалық жүйеде әртүрлі қызметтер атқарғанына көз жұмғанымен, сенбегенін де байқаймыз. Қызылорда құрылысы да, сондай бір кереғарлықтың астарында туған еді. 1928 жылғы инженерлерге қарсы соттан кейін, кез келген жұмыстағы «кемшіліктерді» бұрынғы Алашордадан іздеу ісі үдеп кетті. «Алашордашыл» деп айыптау негізсіз жалаға айналып кетті деуге болады.
Міржақып өлеңін жаттатқаны үшін айыпты болған
– Ілияс Мырзахметовтің 1935 жылы Қоңырөлең ауылында оқушыларға Міржақып Дулатовтың өлеңін жаттатқаны үшін айыпталуы, қазір айтсақ, ертегі секілді.
– Иә. солай. Қазіргі Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылында 1935 жылы оқушыларға Міржақып Дулатовтың:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп, тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі,
Пайдалан керегіңе жараса, Алаш! – деген шумағын жаттатқаны үшін Ілияс Мырзахметов есімді мұғалім «алашордашыл» ретінде айыпталып, сотталған. Алашордамен байланысы үшін негізді-негізсіз айыптау көптеген істегі саяси қуғын-сүргіннің өзегіне айналып кетті. Содан кейін жасанды істер белең алды. Академик Мәмбет Қойгелді бұл істер бойынша бірнеше том құжат жинағын жарыққа шығарып жатыр. Сол томдардың тақырыбы: «Алаш ісі. 1920–1930 жылдар. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» деп аталады. Бұл – өте маңызды да өткір мәселе. Архив істерін қарасақ, «біреу біреуді ұстап берген, қазақ қазақты қаралап, орға жыққан» дейтін әңгімені көпіртуге негіз аз екенін көреміз. Себебі жаппай жазалау – әккілікпен жасалған, жан-жақты ойластырылған үдеріс. Жігін жатқызып, адамнан қылмыскер жасауға сырттан кәнігі маман тергеушілер, жедел қызметкерлер армиясы әкелінген. Олардың міндеті – кайткен күнде де зиялы қауымды айыпты қылу, қоғам қайраткерлерін соттау. Зерттеу барысында большевиктік ұстанымды жан-тәнімен қабыл еткен Ораз Жандосовтың тергеуде берген жауаптарын қарап отырсақ, «Әу баста Жетісудағы кәмпескеге кедергі жасадым, қанша бай-бағланды құтқарып қалдым» деген жауабынан өз басына барша пәлені үйіп-төккенін көруге болады. Іс жүзінде олай болмаған. Архивтер ашық, бұл пікір басқа құжаттармен дәлелденбейді. «Халық жауларын» қинап-азаптап кінәсін мойындату туралы арнайы нұсқау бар. Сталиннің «Патшалық билік кезеңінде адамдардан азаптап, жауап алды. Біз «бұларға» келгенде неліктен либералды көзқарас танытуымыз керек? Азаптап жауап алынсын» деп жазғаны бар. Тек 1938 жылы Л.Берияның қолымен адамдардан азаптап жауап алуды тоқтату туралы арнайы қаулы қабылданды. Оған дейінгі тергеудегі жауаптың барлығы адамның сағын сындыруға, рухын басып, жаныштауға, алдын ала дайындалған жауаптарға күшпен қол қойдыруға бағытталды.
Ал 1928 жылғы Тынышбаевтың алғашқы қылмыстық ісі көп зерттелмеген, талқылайтын тұсы көп. Себебі архив құжаттарында құрылыс бойынша инженерлік шешімдер, жобалар, калькуляциялар бар. Жүйелі зерттелсе, М.Тынышбаевтың қоғам қайраткері ғана емес, білікті, талантты инженер ретіндегі тың ойы, жаңалықтары жарыққа шықпақ.
– Архивті зерттеу барысында құжаттың контексін сақтаудың маңызы неге зор? Нағыз тарихшы маман қандай қателіктерден аулақ болуы керек?
– Археографиялық ізденістер – тарихшы өмірінің маңызды да ажырамас бөлігі. Көп уақытымыз архивтегі қажет құжаттарды іздеумен өтеді. Сабанның арасынан ине іздегендей, бір құжат қаншама құжаттарды қарағаннан кейін кездеседі. Ол бір құжатты ала салып, мақала жазу деген де кәсіпқой тарихшы үшін жат іс. Ол құжат басқа құжаттармен қуатталуға тиіс.
1930 жылдары отырықшыландыру (седентаризация) кезінде ауыл, артельдер ру-ру болып қоныстанған. Көптеген артель мен колхозға қазақ руларының атауы берілген. Ол туралы кезінде Ораз Жандосов та жазып қалдырған. Колхоздарды үлкен рулар, шаруашылық ауылдарды кіші рулар деп көрсеткен. Отырықшыландыруға қатысты мұндай құжаттар жер комитетінің қорында жатыр. Жасырудың керегі жоқ, архивтерде әлсін-әлсін тазарту жұмысы жүргізілді. 1928 жылғы «Степная правда» газетіне зер салып отырғанда, М.Тынышбаевтың суреті ойып алынғанын көрдім. Не үшін олай жасалды? Алашорданың кітаптары, оған қатысы бар адамдар туралы мағлұматтар үнемі «тазаланып» отырды. Сол сияқты, архив қорлары, әсіресе орталық архивтер, «тазалауға» көбірек ұшырады.
1930 жылдары жер қорын анықтау, бөлу бойынша жер комитетінің бригадалары (партиялары) Шәкәрім қажымен кездескен. Жер комитеті мамандарының фотоаппараты болған. Қажыны суретке түсіріп алған. Кейін жарияланған Шәкәрім Құдайбердіұлының сол суретінің астына оған қатысты шағын ақпарат берілген. Бұл жер өлшеуге қатысты мекеме болғандықтан, ол жердің архиві «тазалауға» ұшырамаған, яғни сурет сақталып қалған. Сол себепті тарихи зерттеу кешенді ізденісті талап етеді. Анығында, шынайы тарихшы контекстeн бір құжатты суырып алып, жалаулатуға, ұрандатуға қарсы. Егер бұл тенденция белең алса, архив ісі шектелуі ықтимал. Сондықтан мұндай іске сын көзбен қарағанымыз абзал. Төңірегімізге қарасақ, архив соғыстары жүріп жатыр. Кез келген тарихшыға қажет дүние – архивтердің ашық болуы. Ғалым алдымен құжатты жүйелеп, оның басқа құжаттармен қуатталатынын анықтайды.
Жақында ғана Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебайдың «1920–1936 жылдардағы Кеңестік Қазақстанның билік жүйесінде болған адамдардың өмірбаяндық-тұлғалық анықтамалығы» атты кітабы жарыққа шықты. Кеңестік билік тармақтарына тартылған жергілікті ұлт өкілдерінің, келімсектердің аты-жөні көбіне түрлі шатасушылық туғызады. С.Шілдебайдың анықтамалығында архив құжаттары негізінде олардың кім екені жіліктеп жазылған. Осы сияқты қазақ съездеріне қатысқан қаншама тұлғалар зерттелмей жатыр?!
Менің ғылыми зерттеуімнің аясы, көбінесе Кеңестік кезеңді қамтиды. «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәскеудегі Ресей мемлекеттік әскери архивінде (РГВА) болдым. Сол архивте баяғы Алашорданың Батыс бөлімшесінің Кеңестер жағына қалай өтуіне қатысты құжаттармен таныстық. Жаһанша Досмұхамедұлының хаттары Алашорда қайраткерлерінің аралық кезеңде кәсіби саясаткер ретінде іс-қимыл атқарғанын көрсетеді. Негізінде, бұл тақырыпта жүйелі зерттеулер жасалған. 1918 жылғы «Қазақ» газетін оқысаңыз, Кеңес дәуірі келгенін және оның кеткенін шаттана жазады. Алашорданың Батыс бөлімі өкілдерінің: «Егер біз бірден большевиктерді қолдап кететін болсақ, онда бізді ақ казачество қырғынға ұшыратады. Сол себеппен біз сендерді мойындамаймыз һәм қолдамаймыз. Алдымен жеңіп, ақ казачествоның қазақты қырмайтынына кепілдік беріңдер» деген хаттары сақталған. Сондай саясаткерлік-мәмлегерлік көріністері бар деректер мен құжаттарды кезіктірдік. «Архив – 2025» бағдарламасы аясында көптеген жабық күйдегі құжаттар жарыққа шықты.
Өңірдегі көтеріліс істері Мәскеуге жіберілген
– Өзіңіздің құрастыруыңызбен шыққан «Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары», Әуезхан Шаштаевтың «Жетісу өлкесіндегі империялық-полицейлік қадағалаудың тарихы (1867–1917)» атты еңбектеріңізге жеке-жеке тоқталып өтсек? Әсіресе 1920–1991 жылдар аралығындағы оқиғаларды қамтитын Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік-этностық қақтығыстар тарихының тағылымы турасында сөз қозғасақ?
– Бұл зерттеу жұмыстары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аясында орындалды. Жобаға тарихшы, ғалым Қ.Алдажұманов, Г.Көкебаева, С.Шілдебай, М.Қалыбекова сияқты ғалымдар қатысты. Бұл еңбектің ерекшелігі – кеңестік жүйеге өткеннен кейін Қазақстанның тарихында бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, саяси себептермен басылып-жаншылған әртүрлі қақтығыстар талқыланды. Бұл қақтығыстардың сипаты әлеуметтік, ұлтаралық, саяси, экономикалық болуы мүмкін. Міне, бұл жоба – сол қақтығыстардың себеп-салдарын зерттеген кешенді зерттеу. Бұл 3 жылдық жобаның аясында археографиялық экспедициялар жасалды, ғылыми конференция, дөңгелек үстелдер өтті. Монографияның тағы бір ғылыми жаңалығы – халық құлағдар болмаған, біле бермейтін, Теміртаудағы, Жетіқарадағы, Шымкенттегі жалпы халық көтерілістері жан-жақты баяндалады. Отандық тарихшылар XX ғасырдың 20–30-жылдарындағы күштеп ұжымдастыруға, шаруашылық-саяси сипатта жүргізілген ет жинау, астық дайындау науқандарына қарсы көтерілістер тарихын 1929 жылдан, Бетпаққара көтерілісінен бастайды. Монографиядағы «1928 жылғы Аралтөбе көтерілісі» атты мақаламда бұл шаруашылық-саяси науқандарға қарсы бас көтерудің 1928 жылдан бастау алғанын көрсеттім. Бұл оқиға Жетісудағы, Талдықорған уезіне қарасты Аралтөбеде, орыс-казак шаруаларының арасында болған.
Шынын айту керек, КСРО-дағы индустрияландыру ауыл шаруашылығын тонау негізінде жүзеге асырылды. Оның ішінде көшпелі, жартылай көшпелі шаруашылықтар толығымен тоналды. Зұлматқа, ашаршылыққа келіп ұрынуымыз тікелей осы шешімге байланысты. 1928 жылғы сәуір айында Жетісуда орналасқан Аралтөбеде (қазіргі Кербұлақ ауданы) шаруалар астық дайындау бойынша келгендерге жиналған астықты бермей қойып, ауылды басып алып, өздерінің Уақытша үкіметін құрған. Уақытында Мәскеудегі орталық биліктің назарын аударған бұл көтерілістің негізгі ұйымдастырушылары ретінде танылған 44 қатысушысы РСФСР Қылмыстық кодексі 58-бабы тармақтарымен сотталды. Дәл осы көтерілісті тергеу барысында ОГПУ органдары бұл бас көтеруді «кулактар ұйымдастырды» деп тану туралы тергеу-сот органдарына ашықтан-ашық саяси тапсырыс берген. РСФСР Жоғарғы Соты Қазақ КСР-індегі бөлімшесі судьясы көшпелі сот отырысын көтерілістің ошағы – Аралтөбеде өткізген.
Ату жазасына кесілген Сыздықов
– Жабық тақырыпты қозғаған екенсіз. 1967 жылғы көтерілістің негізгі себебі мен наразылық білдірушілердің арыз-тілегі қандай еді.
– Бұл жоба аясында арнайы зерттелген 1967 жылғы 13–15 маусым аралығындағы Шымкент көтерілісінің тарихына тоқталайық. Отандық тарихнамада мүлде зерттелмеген деуге болатын бұл тақырыпты зерттеу үшін Шымкенттегі Түркістан облыстық мемлекеттік архивінде жұмыс істедім. Кеңестік Қазақстанды дүрліктірген бас көтерулердің деректері Мәскеуге әкетілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген 1950 жылғы Құсмұрын, 1957 жылғы Жетіқара, 1959 жылғы Теміртау көтерілісі бойынша іс құжаттары Мәскеуге жөнелтілген. Бірақ осы Шымкент көтерілісінің қылмыстық ісі бойынша құжаттар Қазақстанда қалып қойған. В.А. Козлов деген Ресей тарихшысының сөзімен айтсақ, Шымкент көтерілісі Брежневтің кезіндегі «ең ірі бас көтеру» болған. Кеңестік держава көлемінде дүрлігу туғызған. Көтеріліс барысында халық қаланы милиция қызметкерлерінен тазартып, бірнеше күнге басып алған. Көтеріліс әлеуметтік сипатта болған. Халықтың күштік құрылымдарға ашық қарсы тұруы. 1950–1960 жылдары Шымкенттің төңірегінде түрлі жазалау мекемелері салынған. Арасында қатаң режимдегі түрмелер болған. Қылмыстық жауапкершіліктерін өтеп, сол жерде қалып қойған адамдардың қалың контингенті қалыптасқан. Шымкент сондай қылмысқа қатысты аумақтың біріне айналып кетеді. Ол жерге депортацияланған халық өкілдері әкелінген. Бұл көтеріліске орай арнайы СОКП ОК хатшысы А.П. Кириленко ұшып келеді, КСРО қоғамдық тәртіп сақтау министрі, Л.Брежневтің досы – Н.А.Щелоков ұшып келеді. Қазақстан компартиясының 1-хатшысы Д.А. Қонаев та барады. Көтеріліс Орта Азия әскери округінің қолбасшысы генерал Салманов бастап келген армия күшімен басылады. Шымкенттегі қақтығыс кезінде милиция органдарының 20 қызметкері, 3 әскери маман, 3 партия-кеңес қызметкері әрқилы деңгейде жараланған. Көтерілісшілердің арасынан 50 адам әскерилердің оғынан жараланып, 7-і қаза болған. 1967 жылдың 16 маусымында қаза болғандардың сүйегі жер қойнына берілген. Қарағанды қаласының тұрғыны Нағайбеков есімді құрбанның сүйегі туған жеріне апарылған. Сол кездегі сот процесінің материалдарын қарасақ, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне орай сот процестерімен ұқсастық көзге ұрып тұр. Көтерілістің бұрқ ете қалуына 1967 жылғы маусымның 12-сінен 13-іне қараған түнде, сағат 01:00 шамасында көшеде мас күйінде жатқан жерінен автопарктің жүргізушісі, 1938 жылы туған В.Я. Остроуховтың айықтырғышқа жеткізіліп, таңғы сағат 06:00 шамасында жасалған тексеріс кезінде оның өліп қалғаны анықталуы себеп болған. В.Остроуховтың қызметтестері, Шымкент қаласы автопаркі жүргізушілері – бұрын сотталғандар жұмыстарын тоқтатып, ереуіл бастайды. Тергеу барысында айықтырғышта жан тапсырған В.Остроуховтың жергілікті жасөспірім жігіттермен байланысқаны анықталады. Осылайша, В.Остроуховтың өліміне оған соққы жұмсады деген айыппен Спабек Сыздықов есімді 21 жастағы қазақ жігіті айыпталады. Спабек Сыздықовтың өзі 1948 жылы Ташкент облысы Жоғары Шыршық ауданының Калинин атындағы колхозында туған, Шымкенттегі Титов атындағы мектептің кешкі бөлімінде 11 сыныбын бітірген. С.Сыздықовтың сотында қоғамдық айыптаушы ретінде сөз алған партия мүшесі, Шымкент қорғасын зауыты комсомол комитетінің хатшысы В.И. Борисов: «Біздің алдымызда Спабек Сыздықов отыр. Оның жасы 21-де, мектеп-интернатты бітірген соң бір жарым жыл еш жерде жұмыс істемей, оқымай, өзінің масылдық өмір ғұрпын «шешеме шаруашылық бойынша көмектестім» деп бүркеп келген. Біздің алдымызда өмірінде ешқашан қоғамға пайдалы іспен айналыспаған, айналысуды қаламайтын нағыз арамтамақ тұр» деп сөйлеген. Шындығында, іс құжаттарында айыпталушының әкесі Манап Сыздықов облыстық қаржы бөлімінің қызметкері екені, оның қалыпты отбасыда тәрбиеленгені көрсетілген. Бұдан бөлек, С.Сыздықов шоферлік курсты «жақсы» бағаға бітірген. Шымкент қаласының №12 мектебін бітіру аттестатында да Спабектің мінез-құлқы «өте жақсы» бағаланған. Шымкент облыстық сотының қылмыстық істер сот алқасы 1986 жылғы желтоқсаншылар сотындай «қоғамдық тапсырысты» асыра орындады десе де болады. Спабек Сыздықов ату жазасына кесіледі. Осылайша, бақытсыз жағдаймен өмірі бүлінген қазақ жігітінің тағдыры тоталитарлық үгіт пен күштеу машинасының табанында жаншылды. Қарапайым қазақ жігітінің тағдырына адвокат Адольф Эммануилович Смолкин араласып, жас жігіттің өмірін күйреткен әділетсіздік топанындағы жалғыз арашашы болғанын айту керек. Осы жылдың 9 тамызында сотталушы мен адвокатының кассациялық шағымын қараған Қазақ КСР Жоғарғы Соты қылмыстық істер алқасы шағымданушылардың уәждерімен келісіп, С.Сыздықовтан ату жазасын алып тастап, 8 жылға бас еркінен айыруға үкім етеді. Жеті құлыптың астында халықтан жасырылған қақтығыстар тарихы терең зерттеуді керек етеді.
– Айтар ойы, қосар үні бар азаматтар кеше де, бүгін де «Мемлекет үнімізді естісінші» деген ұранмен басын қатерге тігіп, елінің болашағын ойлап көтеріліске шықты. Сол көтерілістің бәрі дерлік бүгінгі Қазақстан деп аталатын мемлекеттің байрағы желбіреуіне жағдай жасады. Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен азаматтардан қандай сабақ алуымыз керек?
– Ақсақал тарихшы, тәлімгерім Қ.Алдажұманов мақаласында 1916 жылғы көтеріліс пен 1930 жылдардағы ұжымдастыруға қарсы көтерілістерді салыстырып, ортақ сипаттарына назар аударған. Ғалым екі көтерілістің де ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыстар екеніне тоқталады. Біріншісі – патшалық билікке, екіншісі – кеңестік билікке қарсы шыққан көтерілістер деген баға береді. Бетпаққара, Торғай көтерілістеріне қатысқандардың ұрпағы 1930 жылдары қайта атқа мінеді, елін-жерін қорғайды. Бұл үрдіс Жетісудағы көтерілістерде де қайталанады. Бір әулеттің тарихын ортаға сала кетейін. Жаркент өңірінде халық көтерілісін басқарған Жақыпберді Солтанбеков деген тарихи тұлға бар. Ол – Тазабек Пұсырмановтың немересі. Тазабекті орысқа қарсы шықты деп қытай билігі арандатып, улап өлтірді деген дерек бар. 1916 жылы оның баласы Әбубәкір мен Жақыпберді Қарқара көтерілісіне қатысқан. 1930 жылдары Әбубәкір қартаяды, ал Жақыпберді күштеп ұжымдастыруға қарсы тағы көтеріліске шығады. Сонда бір әулеттің өмірінде әке, бала, немере – барлығы ел басына күн туған кезде, қолына қару алып, елді сақтап қалудың әрекетін жасаған. Бұл көтерілістің бәрінде ұлт-азаттық сипат бар. Екінші бір мәселе, Желтоқсан көтерілісінің әлеуметтік сипатын да баса айтуымыз керек. Тұрғын үй мәселесі, тіркеу жүйесі, қазақтардың қалаға кіре алмауы, қазақ мектептері санының кеміп кетуі – ұлттық мәселе. Бірақ шешілуі жағынан әлеуметтік мәселе екенін есте ұстағанымыз жөн. Шымкент көтерілісін ұлт-азаттық сипаттағы қозғалыс деп қарастырмаймыз. Бұл – азаматтардың КСРО сияқты алып мемлекеттің әлеуметтік саясатына қарсы шыққан көтерілісі. 1959 жылғы Теміртау көтерілісі туралы айтсақ, Еуропадан болгарлықтарды «туысқан, социалистік ел» деп алып келеді. Оларға жақсы жатақхана, ыстық тамақ, жоғары жалақы беріледі. Кеңес Одағының әр қиырынан келген жұмыскерлер мен жергілікті жұмыскерлерге түрлі көзқараспен қараған. Бұл көтеріліс жұмысшыларға борсыған су бергеннен бұрқ ете қалған. Желтоқсанның ардагерлерімен сөйлескенде «Барлық жерде Колбиннің орнына қазақ болсын деген ұран болды ма?» деген сұрақты қоямын. Көзкөргендер ондай ұранның болғанын жоққа шығармайды. Бірақ көтеріліске шыққандардың Қазақстанды басқару билігіне ұсыныстарында «қазақстандық орыс» кандидаттар, партноменклатураның семейлік өкілі Морозов, қостанайлық Демиденконың да аттары аталған. Француз тарихшысы Изабель Охайан 1960 жылдардағы колхоздардың тарихын зерттеп жүр. 1930 жылдардағы отырықшыландыру туралы зерттеп, еңбек жариялаған. «Не зерттейсіз?» деп сұрағанымда, колхоз жұмысшыларының колхоздан тыс немен айналысқанын зерттейтінін айтты. Колхоздан тыс қарым-қатынас, бір-біріне көмектесу, сабантойлар – өте қызықты тақырып. Колхоз – крепостнойлық правоның бір түрі ғой. Колхоз мүшесі, яғни жұмысшысы өз еркімен ешқайда кете алмаған, жеке құқы болмаған. Кететін болса, оны колхоздың бригадирлері мен төрағалары күшпен қайтарып алған. Тіркеу жүйесі 1980–1990 жылдары, Кеңес өкіметінің соңғы кезеңдеріне дейін сақталып тұрды. Кеңестік кезеңдегі бас көтерулердің көпшілігінде ұлт-азаттық сипат бар. Біреуінде аз, біреуінде көп болуы мүмкін. Қ.Алдамжұманов жазғандай, 1916 жылғы мен 1930 жылдардағы ұжымдастыруға қарсы бағытталған көтерілістердің ұлт-азаттық сипаты басым. Мысалы, деректерде аштық босқындарының Сібірге дейін кеткені айтылады. Олар кетпесе, генофонд құритын еді. Тұрар Рысқұлов қырғыздың Орталық комитетін басқарған Жүсіп Абдрахмановқа тапсырма беруінің нәтижесінде қырғыздар аштықтан босқан елге өз бетімен қолдау көрсетті. Бұл туралы архив құжаттарында бар.
Әркімнің де тарихқа таласы бар...
– Жас зерттеушілер неге асық, неден қашық болғаны жөн?
– Қазіргі заманда тарихшы болу қауіпті болып кетті деп әзілдеп айтатыным бар. Себебі тарихи зерттеулер бізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де саясиланып барады. Екіншіден, тарих жалпы мамандыққа айналды. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтқандай, әркімнің тарихқа таласы бар болып тұр. Бірде-бір сілтеме берілмеген жарияланымдар таңғалдырды. Филологтердің, тіл мамандарының тарихпен айналысуына еш қарсылығым жоқ. Зерттеу жүргізген соң, өзін-өзі сыйлайтын тарихшы өзі сүйенген авторлар мен деректерге сипаттама, құжаттарға міндетті түрде сілтеме беруі керек қой. Әрі қарай ғылым дамуы керек. Зерттеуші барды іздемейді, жоқты іздейді. Кейбір әуесқой «тарихшылардың» бұлай істеуіне өздері тапқан құжаттарының «қолды» болуынан сақтану себеп дегенді де естиміз. Олай болса, мұндай аузы-мұрны жоқ дүдәмал жарияланымдарды тарих ғылымына үлес деп айта аламыз ба?
Тұлғаларды, өңірлерді бір-біріне қарсы қою – қауіпті құбылыс. Біз мұндай әрекеттерге батыл тойтарыс беруіміз қажет. Себебі кез келген тарихи оқиға – сол уақыттың жемісі. Оны сол кезеңдегі мәселелермен түсіндіріп барып айту қажет. «Мына қайраткер мына тұлғаға қарсы шыққан» сынды пікірлер ел арасында көптеп айтылады. Кейін олардың қай-қайсысының да шекесі шылқыды ма? Кейін бәрін қырып тастады, соғыстан кейін ешбірі тірі қалмады емес пе? Мәселені тарихи контексінен бөліп қарастыруға болмайды. Ол тұлғалар кеңестік жүйеде басқарылған мемлекеттік құрылымды пайдалану арқылы халқына қызмет ете алды. Егер Т.Рысқұлов КСРО халық комиссарлар кеңесінің төрағасының орынбасары қызметінде болмаса, ол арнайы комиссия құруға, ашыққандарға жәрдем беру ісін қатаң қадағалауға қалай қол жеткізер еді?
Жас тарихшылар жақсы, толымды зерттеуге қол жеткізу үшін араб, парсы тілдерін, төте жазуды білуі керек. Ондай дайындығы болмай тұрып, тек қана «сәнді» көрінген тақырыптарға барып, уақытын зая жібергенше, тарихымызда терең зерттелмей жатқан тың тақырыптарды барласын. Тарихшы өз саласының нағыз маманы болып, қойылған сұрақтарға мүдірмей, құжаттар төңірегінде жауап бере алуға, тоқтам сөз айтуға қауқарлы болса керек. Тарихшылар еңбегін қазақ тілде жазуы керек, жалпақшешейлік жасап, өзге тілде жариялау осы ақпарат дәуірінде қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Контент, ақпарат, мазмұн, мәні бар кітапты керек адам өзі-ақ аударып алады. Біздің тарихшылардың деңгейі сондай болуы керек деген тілегім бар. Тағы бір айтарым, қазір құжаттар жинағы түріндегі кітаптар көптеп жарық көріп жатыр. Құпиясызданған архивтер бойынша жинақтар шығару, әрине, орынды. Екінші жағынан, құжат жинақтарын көптеп шығарғанда шетелдік тарихшылар деректі алу үшін архивке арнайы бармай, кітаптан ала салу қаупі тұр. Мысалы, Германия архивтерінде көп жұмыс істеген профессор Гүлжауһар Көкебаева ол жақтан тауып алған құжаттар бойынша архив қызметкері: «Құжатты монографияңызға пайдалана аласыз, сілтеме жасай аласыз, бірақ мұны толық күйінде жарыққа шығара алмайсыз. Құжаттарды жариялау – біздің, неміс архивтерінің жұмысы. Құжатты жарыққа шығару тек архивтің құзырында», – деп жазбаша талаптар қоятынын айтты. Біздегі архивтердің әрқайсысының жанында ғылыми-зерттеу орталықтары болуы керек. Құжат сапасы құжаттарды жинап, кітаптарды шығарған тарихшылардың кәсібилігіне де байланысты. Мысалы, ғалым, баспагер Ғарифолла Әнес құжаттарды жылдар бойынша бөліп-бөліп шығарайық деп айтатын. «Арыс» баспасынан Алматы облыстық мемлекеттік архиві қызметкерлерінің күшімен 1928 жылғы Қастек ауданындағы тәркілеу құжаттары жарияланды. Кейін Балқаш ауданы бойынша да осындай жинақ шығарылды. Келер жылы Алматы облыстық мемлекеттік архиві Еңбекшіқазақ пен Іле ауданының 1928 жылғы тәркілеу науқанына қатысты құжаттар жинағын шығармақ. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия 3 жыл жұмыс істеді. Шын мәнінде, осы 3 жылда нағыз «архив революциясы» болды. Аудандық, облыстық, ведомоствoлық архивтердегі маңызды құжаттар жарық көрді. Осы орайда, төте жазу, араб графикасында жазылған кеңестік кезең құжаттары мәселесін тағы айта өтейін. Бақанастағы Балқаш аудандық архивінде зерттеу жүргізгенде Жетісу өңіріндегі жалғыз көшпелі аудан саналған өңір тарихының 1920–1940 жылдарына тән құжаттардың шамамен 80%-ы төте жазуда екені байқалды. Жалпы, Балқаш аудандық архивінің жағдайы өте мүшкіл. Баға жетпес қазына арнайы жабдықталмаған көне ғимаратта апаттық жағдайда сақталып тұр. Төте жазуда хатқа түскен тарихымыздың ақтаңдақтарын ашатын өте көп құжат, құнды дүниелер бар. Сол себептi жас тарихшыларымыз төте жазу әліпбиін қазірден бастап үйренуді, жетік меңгеруді қолға алуы керек қой деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат Сұлтанқызы
602 рет
көрсетілді0
пікір