- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰСТАНЫМЫНА ҮҢІЛСЕК...
«Тоғанай Т» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Тәуелсіздік һәм зиялылар» атты кітабы шықты. Кітапқа еліміздің өткенінің белгілі бір кезеңдеріндегі мәселелер жөнінен соңғы ширек ғасыр бедерінде қағаз және электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жария болған бірқатар зерттеуі, тарихи миниатюралары, публицистикалық мақалалары, дөңгелек үстел, жиналыс, конференциялардағы баяндамалары, журналистердің сауалына берген жауабы арнайы жүйемен топтастырылған.
Қаламгер жинақтың «Әлқиссасында» қазіргі жағдайдың бізді өзімізді-өзіміз жете тани түсуімізге міндеттейтініне, әсіресе Тәуелсіздігімізге отыз жылдан асқан сәтте болған ауқымды әрі қасіретті оқиға мұны қуаттай түсетініне назар аударған екен. «Ойлап қарасақ, 2022 жылдың басында халық бейбіт шеруге шығып, пәлен уақыттан бері іштерінде қордаланған талаптарын бар дауыспен жария етті, шешілмей келе жатқан, орындалуға тиіс деп санайтын экономикалық және саяси мәселелерін қысқа ұран-сөздерге түйіндеді, бірақ күллі елді шарпыған революциялық қозғалыстың үнін «еститін өкімет» естіп үлгермеді, шебер ұйымдасып, әр тараптан жұмылдырылған қара күштер бейбіт жиындарды бүліншілікке, бұзақылыққа, қанды қырғынға ұластырды. Қасіретті қаңтар оқиғасының себеп-салдары әлі де толық тексеріліп-тергеліп бітпесе де, ел ішін түгел қамтыған халық қозғалысының нәтижесі іспеттеніп, әділетті, нағыз қазіргі заманғы Жаңа Қазақстан құру идеясы алға тартылды», – дейді автор. Бұл идеяның алтын өзегі, сөз жоқ, ел қамын шындап ойлайтын, әділ, жан-жақты дамыған, озық, шын мәнінде жұрт көкейіндегі ұлттық мемлекет құру болса керек деген оймен, жазушы осы кітабын игілікті жорымалы реформаны жүзеге асыратын және баянды ететін ұрпақтың рухани әлемінің тұғырын нығайта түсу ісіне атсалысу ниетімен оқырман назарына ұсынып отырғанын айтады. Автордың ойынша, осындағы ішкі үндестікпен өзара жалғасқан материалдар оқырманның тарихи жады мен санасын жаңғыртуына септесіп, тәуелсіз еліміздің қазіргі ахуалы мен болашағы жайында ой түюіне, зиялылардың әр кезеңдегі әрекеттерін сын көзбен саралай білуіне, сөйтіп, бүгінде аса қажет айқын азаматтық позициясын бекемдей түсуіне жәрдемдесуді көздейді.
Жинаққа енген материалдар сегіз бөлім («десте») ішіне жіктеліп-жүйеленген. Бірінші десте материалдары тарихтың мәні мен өміріміздегі орны хақында және қазақ елінің өз этностық атауын жалаулатып жеке мемлекет құрған, одан отарлық күйге түскен кейбір елеулі сәттері жайында сыр шертеді. Екінші бөлімге жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар, оған қатысқан ер-азамат, қыз-келіншек, азаттық күрескерлерінің біразы туралы мақалалар жинақталған. Үшінші дестеде кеңес өкіметінің орнауы және содан бергі даму жолымыздың кейбір елеулі белестері сөз болады. Патшалық самодержавие тарих сахнасынан кетірілгеннен кейінгі алаштық және түркістандық болып екі өлкеге бөлініп тұрған қазақ автономиялары, кеңестік дәуірдегі ұлттық мүдде үшін күрес, солақай реформалар туғызған қарсылық қозғалыстары, Екінші Дүниежүзілік соғыс шындықтары тілге тиек етіледі. Төртінші дестеден ұлт азаттығы жолындағы соңғы бұлқыныс іспетті әйгілі Желтоқсан жайында оқимыз. Бесінші, алтыншы бөлімдерге қоғамдық тыныс-тіршіліктің Тәуелсіздік жарияланғалы бергі түрлі кезеңдерінде туған ұлттық мемлекет құру хақындағы ойлар, зиялылыққа көзқарас, Алаш идеясының өміршеңдігі туралы пайымдар топтастырылған. Жетінші дестеге өткен ғасырдағы сталиндік қуғын-сүргін, ашаршылық, жер-су мәселелері туралы мақалалар енген. Ал кітаптың сегізінші, яғни қорытындылаушы бөлігі тәрізді бөліміне озық ойлы зиялылар санатына жатқызылатын қаламгерлердің қоғамдық ұйымындағы еліміздің өркендеуінің белгілі бір күрделі кезеңінде бастан кешкен тыныс-тіршілігі, шығармашылық мәселелері, азаматтық ұстаным хақында жазылған мақалалар кіріпті.
Жинақтың соңғы «Түйін орнына» деп аталған тараушасында жазушы Бейбіт Қойшыбаев тарихи таныммен қатар, заманауи оқиғаларды арқау еткен жинағын әзірлеп біткен шақта жария болған маңызды құжатты атайды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдауында Жаңа Қазақстан құру идеясын жүзеге асыруға бағытталған шараларды аян етіп, елімізді жаңарту мен жаңғырту жолын кеңінен әңгімелегеніне, ондағы тұжырымдарды қалың жұрттың ризашылықпен қабыл алғанына назар аударады. Олардың жүзеге асуын баршамыз, әсіресе ұйымдастырушылық-орындаушылық қызметті атқаруға бел буған азаматтар қамтамасыз ететінін айта отырып, Жолдауда айрықша мән берілген ел бірлігі мен ұлттық құндылықтар тағдыры жекелеген адамның ұстанымына байланысты болғандықтан, өзі ұсынып отырған кітап белгілі бір дәрежеде әркімге шапағатын тигізетініне сеніп, күрескер ұрпақты бейжай қалдырмас деп үміттенеді.
Шынында да, рухи тұғырды бекемдей түсуге бағытталған «Тәуелсіздік һәм зиялылар» кітабы Отан тарихының ақиқатын білуге құмартатын азаматтарымыздың өткеніміз арқылы бүгінімізді дәл тануына қызмет етеді. Халықтық революцияны тұншықтырған Қанды қаңтардан кейін Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру идеясын ту еткен ұлы мұраттарымызды терең түсінуге жетелейді. Жеке бастың иланымдық тұғырын мығымдай түседі. Жинақтың Әділетті Қазақстан құрылысшыларына – ізденімпаз азаматтар, жастар, қалың жұртшылық үшін танымдық пайдасы ересен.
Балжан ХАБДИНА,
Баспа және полиграфия
ісінің қайраткері
468 рет
көрсетілді0
пікір