- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Бас киімде қасиет бар
Әрбір халықтың өзіндік қасиет тұтатын дәстүрлі бас киімі болады. Олар рухани тұрғыдан сакралды мазмұнға ие. Мысалы, түріктілдес халықтар ішінде осындай бас киімдерді көруге болады. Қазақта – кимешек, қырғызда – элечек, башқұртта – кашмау, чувашта – хушпу.
Чуваш әйелінің мерекелік бас киімі хушпу үсті ашық және арқа жағы ұзынша болып келеді. Хушпу теріден жасалып, бірнеше қатардан тұратын, көп жағдайда тоғыз-он қатарға дейін әртүрлі көлемде тиындар тігіліп, моншақтармен безендіріледі. Этнографиялық тұрғысынан топтарға жіктелуіне байланысты хушпудың пішіні мен биіктігі де әртүрлі және безендіру жағынан да бір-бірінен өзгеше. Хушпудың дулыға, конус, жартышар тәрізді түрлері бар. Чуваш әйелі қалыптасқан дәстүр бойынша алғаш хушпуды үйлену тойының үшінші күні қыздың киімін әйелдің киіміне ауыстырғанда киген. Хушпудан басқа ұлттық бас киімдердің қатарында чуваш қызы киетін тухья да бар. Оның хушпудан айырмашылығы тухья бастың дөңгелек контурын қайталап, тек моншақтармен безендірілген жоғары конус пішінімен ерекшеленеді, терең бас киім бүкіл маңдайын қасына дейін жауып тұрады.
Тарихшы Г.И. Комиссаров хушпуды тойдан кейін 40 күн немесе 6 апта киген деп жазады. Осы 40 күн ішінде жас әйел артынан келген жасауында қанша көйлегі мен сурпаны болса, сонша рет киім ауыстырып көрсетуі қажет. Чуваш әйелі хушпуды 40–45 жасқа дейін киіп, әрі қарай тұрмысқа шығатын қызына сақтаған. Хушпудың астынан сурпан деп аталатын сүлгі тәріздес орамал таққан.
Қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» музейінде чуваш халқының тұрмыстағы әйел киетін бас киімі – хушпу сақталған. Бас киім цилиндр пішінде, былғарыға алты қатар тиындар қатар-қатар тізбектеліп, барлығы 490-дай тиын тігілген. Тиындардың жылы әртүрлі. Тиындардың жылының әртүрлілігіне қарап, бұл хушпудың бірнеше ұрпақ бойына жаңаланып отырғанын байқауға болады.
Лаура Сапарғалиқызы,
«Анаға құрмет» музейінің
экскурсия жетекшісі
169 рет
көрсетілді0
пікір