- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Ұлт рухын тілден іздеген
Әл-Фараби кітапханасында академик, ғылым қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың иегері, Түркияның «Türk Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамының құрметті мүшесі, Башқұртстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, соғыс ардагері, филология ғылымының докторы, профессор, аса көрнекті түркітанушы-лингвист Әбдуәли Қайдардың туғанына 100 жыл толуына арналған «Мәдениет – өркениет – жаһаният контексіндегі гуманитарлық ғылым: тіл, этнос, қоғам» атты халықаралық конгресс өтті.
Іс-шара модераторы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжан. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкеева «Академик Ә.Қайдардың зерттеулерінің лингвофилософиясы: тіл, мәдениет, қоғам, жаһаният» тақырыбында баяндама оқыды: «Қоғам санасын жаңғыртуға бағытталған Жаңа Қазақстан қоғамының руханиятына ерекше мәні бар іс-шара болып отыр. Шын мәнінде табиғатпен астасып өмір сүрген көшпелі мәдениет өкілі ретіндегі ата-бабаларымыз өздерінің күнделікті тұрмысында сөз құдіретінің қоғамдық-әлеуметтік, тәрбиелік, ел тұтастырушылық т.б. мәндерге ықылым заманнан бері ерекше назар аударып отырған. Сөз қызметінің мәні ұрпақтан-ұрпаққа берілетін синергетикалық қуаттың сөз мәніне енуінде жатыр. Соның негізінде, этномәдениет игеру үдерісінің тіл иесінің рухын қалыптастыратын рухани жаңа даму үдерісіндегі қуатпен толықтырылып отырады. Осыған байланысты тіл иесі санатының даму үдерісінде тілдің қызметін жасампаздық қуат көзі ретінде анықтап, тілді адам рухының тірі әрекеті, адам болмысының тереңінен бастау алатын және оның бүкіл болмысына енетін халықтың біртұтас энергиясы деп тұжырымдаған Уильгельм фон Гумбольдттың, «сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген А.Байтұрсынұлының философиялық қағидаларына сай рухани-танымдық, жасампаздық қызметіндегі тіл мен рух сабақтастығын біртұтастықта қарап, ұлт рухын тілден іздеген академик Әбдуәли Қайдардың тіл мұрасын зерделеу аса маңызды. Олай болса, тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, дүниетаным мен сананы қалыптастыратын, ұлттық мәдениетті құрап, жүйелеп жетілдіретін – тіл, мәдениет, қоғам, руханият сабақтастығында тану академик Ә.Қайдардың рухани мұрасын зерделеуде үлкен үлгі болмақ. Себебі ғалым қазақ тілінің түбіріне терең бойлап, тіл иесінің болмысы мен өмірінің айғағы болған сөз құдіретін тануда осы жолдың басында тұрған аға буын Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Халел Досмұхамедұлының аманатын жалғастырған кейінгі толқын І.Кеңесбаев, М.Балақаев сынды т.б. қазақ тіл білімінің негізін қалыптастырған ғалымдардың ғылыми еңбегін жалғастырып, ана тілін зерттеуді асыл мұраты деп ұстанған әріптестері Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаев, Телғожа Жанұзақов, Ербол Жанпейісов, Құлмат Өмірәлиевтермен т.б. қанаттаса жүріп, ерен еңбек еткен, қазақ тілінің кәсіби деңгейге көтеріліп, өрісінің кеңеюіне өлшеусіз үлес қосқан тек ғұлама ғалым ретінде ғана емес, ғылымды ұйымдастырушы ретінде әлемдегі қазақ тілін зерттейтін жалғыз мекеме Тіл білімі институтының 30 жылдан аса басшылығында болған, қазақ руханиятына мол ғылыми-танымдық мұра қалдырған бірегей тұлға, қоғам қайраткері. Тіл қазынасын ұлт болмысымен сабақтастыра зерттеуді ғалымдық мұраты ретінде көрді. Біріншіден, тіл – мәдениет. Бай тілдік деректерде сақталған этномәдениеттің жан-жақты мазмұнын ашу қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде тілдің халықаралық қатынастар аясындағы қызметіне ғана қатысты емес, заманауи қазақ қоғамындағы тіл тұтынушылар үшін де ел танымдық қызмет атқарады. Тіл мен мәдениеттің өзара байланысын біртұтастықта қарастыру қазақ ұлтының этностық табиғатына сай қалыптасқан мәдени-танымдық ерекшеліктерді бойына жиған қазақ тілін қазақы шындық болмысында сипаттайды. Демек, тіл ақиқатты сезіну, қабылдау тәсілдерінің бірі ретінде этностық бір ұжым мүшелерін тек тілдік жағынан емес, мәдени-танымдық жағынан да жақындастырады». Жамал Манкеева әсіресе көшпелі мәдениет өкілдерінің тіл мен сөздің қоғамдағы рөліне ерекше мән бергенін атап өтіп, тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ұлттың руханиятын қалыптастыратын, дүниетанымын айқындайтын маңызды құрал екенін көрсетеді. Сондай-ақ тілдің тек ұлттық сана мен мәдениеттің көрінісі ретінде емес, сонымен бірге елдің халықаралық аренадағы бейнесін қалыптастырудағы маңызын атап өтеді. Тіл мен мәдениеттің сабақтастығы арқылы қазақ ұлтының өзіндік ерекшеліктері мен шынайы болмысын танып білуге болады.
Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Нұрлан Оразалин «Академик Әбдуәли Қайдар: қазақ этносының қалыптасуы» тақырыбында баяндама оқып, «1970 жылдары Әбдуәли Қайдардың қолынан бестік бағалар жазылған диплом алған едім. Сонда ағамыз мемлекеттік комиссияның төрағасы болған еді», – деп естелік айтты.
Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің басшысы, Еге университетінің профессоры Мұстафа Өнер «Академик Әбдуәли Қайдар және түркітану» атты баяндамасында латын әліпбиін енгізу арқылы, жаңа жазудың, жаңа ереженің негізі арқылы ғана кирилл әліпбиіне, орыс тіліне деген тәуелділіктен құтыла аламыз деген ойды баса айтты. Бұған қоса, академиктің ұйғыртану саласындағы ғылыми еңбектері түркітану ғылымына қосылған алтын қазына екеніне тоқталды. Ол: «Қазақ тілі туралы алғашқы филологиялық зерттеулерді орыс түркологтері жүргізді. Ресейдегі түрік халықтарынан этнографиялық және лингвистикалық материалдарды жинап, Батыста ертерек басып шығарған Генрих Юлий Клапрот 1806 жылы Зайсан көлі айналасында экспедиция жасады. Ол мұнда көптеген қазақпен аз-көп түрікше сөйлесуге болатынын айтты. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ жазба тіліне сіңірген ең үлкен қызметін айта өткен жөн. Ол 1914–1915 жылдары Орынборда басылған «Тіл – құрал» (1-кітап: Дыбыс жүйесі мен түрлері; 2-кітап: Қазақ тілінің сарфы)» атты грамматикасын және 1919 жылы Семейде шыққан «Оқу құралы» деген еңбектерін атап өту керек», – дей келе, қазақ түркологиясына арналған оқулықтар мен сөздіктердің бастау тарихына шолу жасап, ғалым Әбдуәли Қайдардың латын графикасына өту идеясын тоқсаныншы жылдарда көтергеніне ерекше тоқталды. Баяндамашының айтуынша, бар түрік жұрты біріксе, алынбайтын қамал болмайды.
Жиын барысында Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі қазақ тіл білімінің қара нарының өлшеусіз еңбегіне тоқталды. «Әбдуәли Туғанбайұлы іркіліссіз ізденістің, есепсіз еңбектің, мойымас мінездің, таймас табандылықтың адамы еді. Қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп, «Қазақ тілі» қоғамын құрғаны үшін де, этнолингвистиканың түп басында тұрғаны үшін де, үндемей жүріп, үлкен істерді атқарғаны үшін де ғалымды ана тіліміздің «Алтын адамы» деп атағанымыз әділетті әрі абзал болар еді», – деді ол.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруымен жасалған академиктің өмірі мен шығармашылығына, рухани бай мұрасына шолу жасалған бейнебаян көрсетілді. Халықаралық конгресс жұмысына қоғам қайраткерлері, қазақ тілтанымы, түркітану, филология, лингвистика бойынша отандық және шетелдік ғалымдар, жазушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
568 рет
көрсетілді0
пікір