• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

Ұрпақ тәрбиесіндегі ұмытылмайтын құндылық

«Мен жастарға сенемін» деп жар салған тек Мағжан Жұмабаев емес, Алаш оқығандары білімге құштар жас атаулыға сенім артты. Ал Мағжан зиялылардың ортақ ойын айтты десек болады. Араб­ша хат танитындар жеткілікті болғанымен, орысша оқығандар азшылық етті. Патшалық Ресей қазақты оқытуға құмбыл болған жоқ. Алаш зиялылары мектеп ашпас бұрын оған оқулық қажеттігін түсінді. Әр пәнді кім да­йындайтынын бөліп алды десек те болады. Басты мақсат – қазақ мектебінде қазақша оқыту қажет десті. Бала қай тілде оқыса, сол тілге қызмет ететінін барлық зиялы бір кісідей түсінді. Жай оқытып қоймай, қазақ баласын өз тілінде, өз менталитетінде ғылымға баулу қажеттігін ұқты. Сондықтан ұрпақ тәрбие­сі Алашорда үкіметінің басты мақсатының бірінен саналды. Мәселені тереңірек білу үшін алаштанушы-ғалымдардан «Алаш және бала тәрбиесі» тақырыбында сөз қозғауды өтіндік. 
 

Айгүл ІСМАҚОВА, филология ғылымының докторы, профессор, алаштанушы-ғалым:

 

Тек қазақта ғана – ананың тілі

Алашорда үкіметін құрған саяси элитаны «жапон тыңшылары, панисламист, пантюркист» деп кінәлағаны мәлім. Ондай кінә тағу «дербес мемлекет екен, оның мемлекеттік жері, діні, тілі болу керек» деген ұстанымға байланысты туған. Дербес елде рухы азат ұрпақ өсіру Алашорда үкіметінің басты бағдарламасының бірі болатын. Жапонға қатысы не десеңіз, бұл айып­тау Батыстан ғылым мен заманауи технология алып, мемлекеттік басқару ұлттық тәрбиеге негізделуі керек деген ұстанымға қатысты шыққан. 
Мағжан Жұмабаев Ахаңның тап­сыр­масымен 1922 жылы жарық көрген «Педагогика» кітабында: «Адамзаттың педагогикасында ақыл, дене, құлық, сұлулық тәрбиелері бар, ол қазақта да бар. Ақыл – білім алу, дене шынықтыру – дені сау болу, сұлулық – этика, эстетика, саз өнерін, әуезді түсіну және осының бәрін қазақ құлық тәрбиесіне бағындырып ұстайды», – дейді. Үйде ата-ана, мынау жақсы, мынау жаман, мынау оң, мынау теріс деп үйретеді, мектепте алған тәрбие осы құлық тәрбиесіне негізделуі керек. Барлығын ұлттық тәрбиеге бағындыру қажет, себебі отарланған елміз. Дінімізден, ділімізден айырылған, шоқындырыла бастаған халықпыз, сондықтан қалған қазаққа ұлттық тәрбие беру керек. «Педагогика» қалған қазақ қазақтығын ұстап қалу үшін жазылды дейді. Мағжан қазақты адамзаттан бөлмейді (ақыл, дене, құлық, сұлулық), бірақ бәрін ұлттық тәрбиеге бағындыруымыз қажет деп түйеді. Осы ойды Әлихан мен Ахмет мақалаларында айтса, оны «Педагогикада» Мағжан негіздеп берді. 
Ұлттық тәрбиенің басты ерекшелігі – ұлды ұлша, қызды қазақ ұлтының анасы ретінде тәрбиелеу керек дегенді Жүсіпбек Аймауытов та «Психология» оқулығында баса көрсетеді. Ұлды ұлша тәрбиелесең, ол  еркек, отағасы болып өседі. Отанды қорғайды, түздің адамы. Қазақ «алып анадан туады» деп қыз баланы әкесінің оң жағына отыр­ғызып құрметтеген. Қазіргі қыздар ондай тәрбие алмағандықтан, бүкіл ұрпақтың анасымын деп өздерін сезінбейді. Қазақ тілінде тәрбие алмаған бала ұлтына қызмет ете алмайды. Отарлаған елдің аудармашысы, өзге де қызметшісі болған сол кездегі шенеунік қазақтардың өз ұлтына жаны ашымайтынын ашық айта келіп, Алаш зиялылары қазақ мектебін көптеп ашу үшін жоғарыдағыдай оқулықтар жазуды қолға алған. 
1913 жылғы 2 ақпаннан шыға бастаған «Қазақ» газетінің басында киіз үй, оның түндігі батысқа ашылған, батыста қағба, ғылым, технология бар. Есігінің екі босағасында қазақ деген сөз төте жазумен берілген. Яғни киіз үй – қазақ мемлекеті. Жапон ұстанымы деген – осы. Батыстан ұлттық құндылықтарды жоққа шығармайтын, адамзаттық, қазақтық құндылыққа сай ілім-білім кірсін дегені. «Егер шәкірті қылмыс жасаса, ұстазын жазалау керек» деген сөзді Мағжан ирандық бір ғұлама айтқан деп келтіреді, ол сөздің пайғамбардың хадисінен екенін айта алмаған, өйткені ол кеңестік идеологияға қайшы келеді. Ыбырай «ұстаз – мектептің жүрегі» десе, Ахаң мен Әлихан «жаны» деп көрсетеді, ал Мағжан «бала мектептен жан азығын алсын» дейді. 
Мағжан кішкентайдан балаға ертегілерді оқытуды ұсынады. Сәби күнінен арманшыл қылып өсірмесең, қара басының қамын, бір күндігін ғана ойлайтын отарланған халықтың ұрпағы болатынын айтады. Қиял-ғажайып ертегілеріндегі аспанға ұшып, жердің астына түсіп, шығып жүретін кейіпкерлер арқылы баланың қиялына қанат бітетінін айтқан. 
Жүсіпбек «Психология» оқулығында жан мен тәнді Абайдың «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі, «Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі» деп келетін өлеңімен түсіндіреді. Мағжан Шәкәрімнің, Сәбит Дөнентаевтың өлеңдерін де мысалға алады. Екі оқулықта да жан, тән, ар сөздерін түсіндіру үшін «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген секілді мақал-мәтелдерді де пайдаланады. 
Жүсіпбек патша үкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнап жатқан 1917 жылы жазған «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Біз отарланған елміз, ұлтты сүю өзгеден жоғарымыз деген әсірешілдік емес, бізден кейін қазақтар құл болмауы үшін қазақ тілінде білім беріп, салт-дәстүрін құндылық ретінде ұстанатын білім саласын қалыптастыру керек», – дейді. Басқаны жамандауды мақсат қылмайды, кім отарлағанын да айтпайды, қазақ қалпына келгенін қалайды. Көршіміз ғасырлар бойы өз халқын құлдықта ұстағанын айта келіп, крепостнойлық бізге үлгі болмауға тиіс деп қазақ ешқашан ешкімді құлдықта ұстамағанын сөз етеді. 
Бесік жырын тыңдаған бала сегіз, тоғыз айда сөйлеп кететін болған. Қазір тоғыз айлықты қойып, үш-төрт жастағы бала сөйлемейді. Себебі анасы баласымен сөйлеспейді. Ана тілін жатырда жатып сіңіріп, бесік жырын тыңдаған баланың ойының қисыны да таңғаларлық болады. «Бесік жырын айтпай кеткендіктен, қазақ ұрпағының алдында кінәлі», – дейді Мағжан. 
«Мұғалім қырық минөт сөйлегенде бала естен танып шығады, баланы сөйлетіңіз, дауыстап оқытыңыз, қазақ тілі бай тіл, сол байлықты сезінеді, ойын түсінікті етіп айтуға үйренеді, қисынын қалыптастырады», – дейді. Бала қалай қабылдап отырғанын білмесе, сөзі далаға кететінін ескертеді. 
Ахмет «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп алады да, әрі ананың тілі, себебі қазақ баласы ана жатырында құлық тәрбиесін алады, бесік жырын тыңдайды» деп түйеді. Еуропалық тілдер баяғыдан өз ұлттарының атымен аталады. Тек бізде ғана – ананың тілі. Ана тілі дегенді кіргізген Байтұрсынұлы, осы «Педагогика» мен «Психологияда» тәрбиені анадан алу деп түсіндіреді. Ұлттық құндылықтарды ана тілінде сіңіру, ананың қазақ қоғамындағы аса жоғары миссиясын меңзейді. 

 

Раушангүл АВАКОВА, филология ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетітүркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі:

 

Балапан ұяда нені көрсе...

Қай кезеңде болсын, ұлт тағдыры ұрпақ тәрбиесіне қатысты болған. Халқымыздың сан ғасырлық дәстүрлі тәрбиесі ұлттық этика мен мәдениетке негізделгені белгілі. Халқымыз үшін отбасылық құндылықтың негізі бала тәрбиесі екенін ешкім жоққа шығара қоймас. 
Қазақ халқының өте бай ауыз әдебиеті үлгілеріндегі мақал-мәтелдер, аталы сөздер осыны айғақтаса керек. «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі»; «Болар баланың бетін қақпа, белін бу»; «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер»; «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген сияқты тағы басқа да мақалдар ойымызға дәйек, сөзімізге дәлел бола алады. 
Дәстүрлі, байырғы қоғамда бала тәрбиесінің ошағы отбасы болғаны анық. Осы бір үрдіс қазір де өз маңызын жойған жоқ, солай болып қалады да. Ұрпақ тәрбиесінің негізі баланы адамгершілікке, кісілікке, кішілікке, мейірімді, қайырымды, көпшіл етіп тәрбиелеуге бағытталатынын бәріміз білеміз. 
Әрбір ата-ана ұл-қызының тәрбиелі болып өсуіне мүдделі. Данышпан Абай айт­қандай, түпкі мақсат – «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан» ғой. Яғни өмірде, қоғамда өз орнын табу деген сөз. Осы ұлы Абайдың «толық адам» концепциясы ұрпақ тәрбиесіне қатысты күрделі де маңызды мәселенің шырқау шыңы дер едім. Ол, қарапайым тілмен айтқанда, жан-жақты жетілген, тәрбиесі мен білімі бірдей ұштасқан тұлға. Тәрбиесіз берілген білімнің өзі дұрыс болмайтыны туралы әл-Фараби бабамыз да айтып кетті. Анығында, тәрбие мен тәлім ақсаған жерде бәрі кері кетеді. Жалаң білім  жарға жығады.
ХХ ғасырдың басындағы ұлттың рухани сілкінісі Алаш қайраткерлерінің жанкешті еңбегіне тікелей байланысты. Алаш зия­лылары бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлі ұлттық тәрбиені ұстана отырып, оны заман талабына, дәуір сұранысына сай жаңаша жаңғыртудың үлгісін ұсынды. Осы істің басында Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезовтер болды. Олар ұрпақ тәрбиесін ағартушылық бағытпен ұштастырды. Сол кезеңдегі басты мәселе қазақ баласының мектепте оқып, сауат ашып, білім мен ғылымға қарай бой ұруы еді
Ахмет Байтұрсынұлы «Бала тәрбиесін, оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерді өзі жақсы білуі керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам болуы керек» дегенді баса айта келіп, қасиет­сіздіктің түп тамыры дұрыс берілмеген тәрбиеде екенін жеткізген.
«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланың тар ойлы ақымақ болуына сол баланың өзі емес, тәрбиешісі кінәлі», – деген Мағжан Жұмабаевтың сөзі терең мағынаға ие. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбек жазғанын білесіздер. Ал Жүсіпбек Аймауытов адам баласының ақыл-ойының, мінезінің әртүрлі болуы, оған берілген тәрбиенің әртүрлілігінен екенін айтқан. 
Тәрбиенің ізгілік мұраты – ақыл-ойы толысқан, адамгершілігі орныққан, елін, жерін сүйетін, ұлтының рухани дәстүрін құрметтейтін, тілі мен тарихын терең білетін және оны қорғай алатын нағыз адамды қалыптастыру екені сөзсіз. Дәл қазіргі таңда бала тәрбиесі өте бір нәзік, шетін, қажетті мәселеге, қоғамдық сипатқа айналғанын жасыра алмаймыз. «Біз қай жерде қателік жібердік, неден ұтылдық» деген сұрақ баршамызды толғандыруға тиіс. Сол себепті де сөз соңында бала тәрбиесіне қатысты дәстүрлі құндылықтарды қайта жаңғырта отырып, Алаш арыстары салған сара жолды ұстануымыз қажет дегенді айтқым келеді. 

Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы-ғалым:

 

Жақсы әкенің аруағы...

Алаш қайраткерлерінің ғұмырын, тағдырын, отбасысын жан-жақты зерттеп жүрген соң, мына нәрселерді айрықша атап айтқым келеді. 
Бірінші, Алаш арыстары өз баласын ұлттық рухпен тәрбиелеген. Намысты. Мінезді. Бір жылдары Жүсіпбекұлы Бектұр (Виктор Аймауытов) үй-күйсіз қалып, қарттар үйін паналап жүргенде, «Неге Қонаевқа бармадыңыз?» деп сұрапты. Сонда оның айтқаны: «Мен – Жүсіпбек Аймауытовтың ұлымын! Мен оған емес, ол маған келсін», – депті. «Жақсы әкенің аруағы жаман балаға қырық жыл азық» дегенге салып, әкесінің атын, абыройын пайдаланса болар еді, бірақ ол текті атаның баласы емес пе? Табиғатынан сұраншақтығы жоқ, әр күніне қанағат қылатын Бектұр осындай ірі болған екен. 
Екінші, Алаш ұрпақтарының бәрі қайырымды, мейірімді еді. Әрқашан өзін емес, өзгені ойлап, өзгелерге болсын деп, басқалар үшін қамыққан. Бұл отбасыдан, әкелерінің араласқан ортасынан көрген адами асыл құндылықтарға байланысты. Бұған мысал ретінде Гүлнар Міржақыпқызының өзі секілді жазықсыз жазаланған тағдырластарына созған көмек қолын, қамқорлығын айтсақ та жеткілікті. 
Үшінші, жақсылардың жұрнағы әкесі, анасы сынды бір-біріне адал, әділ болды. Мұхамедхан Сейітқұл деген Алаш меценатының ұрпағы, әйгілі ғалым Қайым Мұхамедхан ұстазы Мұхтар Әуезовті ешқашан сатпай, Алаш аманатына деген адалдығымен, Абайдың шырақшысы болып өмірден өтті. Міне, осының бәрі – ошақ басынан басталған тәрбие. Қазақтың сол жігіттері қиын-қыстау уақытта өмір сүрсе де, адамгершілік жолынан жаңылмады. Бізге ауадай қажет үлгі-өнеге – осы. 
Бір сөзбен айтқанда, Алаштың аймаңдай арыстары ұрпақтарына рухани байлықты тәлім-тәрбиеге орап қалдырған екен. Бізге бүгінгі таңда да Алаштың әлеуеті қажет-ақ. Әркім өз ұрпағын иманды, ибалы қылып тәрбиелеп, ұлттық уызына жарытып өсірсе, қазақтан тағы да сол Алаштың айбоздарындай күшті, тегеурінді ұрпақ туады, өседі, өнеді. Соның бәрі отбасыдағы тәрбиеге, діл мен тілге байланысты екенін ұмытпай, балаларымыздың болашағына инвестиция салып, дұрыс азамат қылып өсірейік. 

Анар САЛҚЫНБАЙ, филология ғылымының докторы, профессор: 
 

Даналық бастауы – оқу

 

Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген уақыт қандай еді... 
ХХ ғасыр басы, аумалы-төкпелі кезең. Ғасыр басында болған төңкеріс, ақ пен қызылдың (бәлки, ақ пен қараның) керісі... керістің кері кеткені сол – ақтың жеңіліп, қараның жеңгені, діннің жеңіліп, дінсіздіктің орнығуы, ділдің әлсіреуі, ашаршылыққа ұласқан аштық, ұлардай шулап елден көшуге мәжбүр болған қазақ, тілдің кенеуі кетуі. 
Ұлы Абай ғасыр бастауында тұрғанда, 1902 жылы: 
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек, 
Замана оны илемек, – деп жазған екен. 
Заманы Ахметті сүйреді, Ахмет заманды сүйемелдеді. Заманды қай жан билемек? Әрине, Ахметтей арысты заман илей алмады, анық. Философия тілімен айтсақ, уақыт өзгермелі материя­ның өмір сүру формасы болғандықтан, қоғамдағы әр алуан өзгерістер уақыттың мазмұнына айналады. Қоғамдағы болып жатқан маңызды оқиғалар тізбегі үздіксіз болғандықтан, әрбір маңызды саяси және мәдени-рухани оқиға өткенді аяқтайды және болашақты анықтайды. Қоғамдағы саяси не экономикалық, әлеуметтік өзгерістер адам баласының қатысуымен жүзеге асады, сондықтан бұл өзгерістер тұлғаға тікелей әсер етері тағы анық. Тұлға қоғамдық өзгерістен тыс бола алмайды. Ахметтей тұлға өз уақытының ұлтшыл азаматы ғана емес, ұлтшыл қайраткері ретінде замана ұсынған мазмұнға иленбеді де, илікпеді. Пассионар тұлға ұлт мүддесі үшін күресте заманға өзін билетпеді, билетпеді ғана емес, уақыт ырқына көнбей, өз билігін айтты, жүрек үнін ісімен жеткізді, ойланды да ойлантты, «маса» болып ызыңдап, ұйқыдағы қалың елін оятты, Алаш деп атқа қонып, біліммен де, білікпен де қызмет етті. Алайда уақыт тұлғаға қызмет етпеді, илікпеген тұлғаның жанын алды, ал тұлғаның рухы Алаш кеңістігінде шырақ болып мәңгі жанды. 
Заманға өзін билетпеу үшін кез келген тұлғаның артындағы халқы да мәдениет пен өркениет тұрғысынан өзге елдермен иықтас болуы қажет еді. Ал иықтас, өзгелермен тең болуы үшін, әрине, білім керек, білік керек, ғылым керек. Ахмет алдына уақыт ұсынған ең бірінші қызмет халықтың көзін ашу, оқыту болды. 
А.Байтұрсынұлы «Оқу жайы» атты мақаласында «Бұл күнде оқудың керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғанын көріп тұрамыз. Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшпекші» дей келіп, сол замандағы қазақтың байлығы «көлденең көк аттыларға түсіп, соларға жем болғанын» ашына жазады [Тіл тағылымы. 1992. 428-бет]. Осы пікірдегі «өнерлі» сөзінің мән-мағынасын ашу қажет. 
«Өнер» сөзі қазақ ағартушыларында жиі қолданылған.
Ы. Алтынсарин: 
«Өнер-білім бар жұрттар, 
Тастан сарай салғызған», – десе; 
Абай: 
«Әсемпаз болма әрнеге, 
Өнерпаз болсаң, арқалан. 
Сен де бір кірпіш, дүниеге 
Кетігін тап та, бар қалан», – деп жазады. 
Біздің қазіргі түсінігімізде қабылданып кеткен «өнер» сөзінің мағынасы мен Ыбырай, Абай, Ахмет қолданған «өнер» ұғымы арасында біраз айырма бар. Қазіргі қазақ тіліндегі «өнер» тек орыс тіліндегі «искусство» сөзінің аудармасы мағынасында жұмсалып, қалыптасып барады. Ал «өн» түбіріне негізделіп жасалған «өнер» атауының ұғымы бұдан әлдеқайда тереңірек. Өн – өндір, өндіріс, өнім сөздерімен түбірлес болып келетін «өнер» сөзінің уәжі мен мәні – адам қолымен жасалған, өндірілген белгілі бір заттың, не нәрсенің жоғары деңгейде сапалы орындалуы, жетістігі. Мәселен, жігітке жеті өнер де аз деген сөздің мәні жігіттің би билеуі, операда ән салуы, киноға түсуі ғана емес, оның көп істі білуі, қолынан әр нәрсенің келуі, әрі әнші, әрі ақын, әрі балуан, әрі етікші, әрі аңшы, әрі мерген, әрі зергер, әрі ұста [ағаш ұстасы, темір ұстасы т.б.] болуы. Демек, Ахмет қолданып отырған «өнерлі халық» тіркесінің мағынасы – өркениетті халық ұғымымен парапар. 
«Қазақ пайдаланып отырған шөп шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ – бәрі де завод пен фабрикаларда істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе қымбат», – дейді А. Байтұрсынұлы [Тіл тағылымы. 1992. 428-бет]. Зауыт пен фабрикада жасалып жатқан бұйымдар мен заттар – өркениеттің, техникалық дамудың жемісі. Өркениетке жету үшін, техникалық даму арқылы өзгелермен тең болу үшін білім жолы, өнер жолы керек еді халыққа. Осы жолды нұсқайды Ахмет Байтұрсынұлы. Бұл – тек Ахметтің қалауы емес, замана ұсынған басты ақиқат. Уақыт алға тартып отырған қоғам дамуының басты қағидасы. Бұл қағиданы ұстамаған ел уақыттан ұтылары, сөйтіп, кім көрінгенге жем болары анық еді. 
«Қазақтың шаруасына бір жағынан надандығынан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдіктен, теңдіктен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат етіп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнерге мезгілі өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымыз­ды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екенімізді білдірер едік», – дейді А.Байтұрсынұлы. Бұл Ахметтің, Ахмет бастаған алашшыл зиялылардың кредосы, мақсаты, мүддесі сынды естіледі бізге. 
Заман әрқашан да ғылым мен білімге, өнерге жол ашқан. Кім ғылым мен білімге уақытын арнаса, уақыт соған қызмет етпек. Уақыт тек білініп, білінбей өтіп жатқан күндер мен түндер ғана емес, ол адам баласының ғұмыры да. Адам баласының ғұмыры артында ұлт ғұмыры, ұлт болашағы тұр емес пе?! Демек, өнер, білім, ғылым жолы – Ахмет ұсынған және ұстанған басты жол. Ұлы уақыт дәргейінде ежелден басталған ұлы жолды Ұлы дала төсінде заманаға қарай жалғау, дамыту Ахметке оңай болмады. Қиындық тек халықты оятуда ғана емес еді: 
 – биліктің қарсылығы; 
 – «шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының» көбінің санасына қазақы рухани төңкеріс керек еді; 
 – баланың сауатын ашатын араб қарпінің қазақ сөзіне, қазақы сөйлеу үдерісіне сәйкес келмеуі; 
 – мектеп ашу үшін лайық орындардың болмауы; 
 – оқытушы мұғалімнің жетпеуі, деңгейінің төмендігі; 
 – оқытатын оқу құралдары мен оқулықтың болмауы т.б.
Ең алдымен, қоғамды басқарып отыр­ған билік ахметтік оқу мен білім беру жолына қарсы еді: «Хүкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын тіпті тілемейді. Сондықтан мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату – өз міндетіміз» [Тіл тағылымы. 1992. 430-б.] деген Ахаң осы «мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа тарату» міндетін толық әрі адал ақтап шықты. 
Үзеңгілес әрі пікірлес Міржақып Дулатұлы былай деп жазады: «А.Байтұрсынұлының арқасында санасыз түрде болмаса да шын мәнінде орыстана және татарлана бастаған қазақ зиялыларының бір тобы дереу есін жиып, …өз ағаттықтарын түсіне бастады…» Бұл негізсіз пікір емес екені анық, әрине. «Тіл – құралдың» «Сөз басында» былай депті: «Біздің жасынан орысша не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да, қиындықпен жазады. Себебі – жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық». Рас. Бұл – қазірде де бар дағдарыс. Тіліміздің бұзылмай, дамуын тілесек, Ахмет айтқандай, «әуелі өз тілімізде оқытып» содан соң қажетіне қарай орыс не ағылшын, неміс, қытай тілдерінде оқыта беруге болар еді.
Ахмет қазақ баласының оқу жайын, орысша оқығандардың жағдайын, мектепке не керегі туралы бірнеше мақала жазады. Жан айғайға толы бұл мақалаларды жай ғана оқып шығу мүмкін емес. Өз заманының қиындығы мен сол уақыттың жыры ғана жазылған деуге келмейді бұл мақалаларда, тіпті бүгін де бұл мәселелердің кейі қиқулап, алдымыздан шығып жүргенін несіне жасырайық.
«Оқу үшін қаражат керек. Хүкімет бөлген қаражаттың мардымсыздығы мен бай балаларының аз ғана балалары оқуға түсіп жатқанын, «бұлардың 5–6 жыл оқып білгені шала-шарпы орыс тілі, шала-шарпы орыс жазуы. Білгендері шала-шарпы мұсылманша хат біледі, білмегендерінде ол да жоқ» [сонда, 431-бет]. Жастарды оқыту үшін қаржы керегін нақтылай келе А.Байтұрсынұлы ел баласын өз қаржысына оқытып отыр­ған Мамановтарды үлгі етіп жазады. Өз қаржысына мектеп-медресе ашып, қазақ баласын оқытып, сауатын, көкірек көзін ашып, қараңғыда сәуле шашып жүрген осындай байлардың мол болуы керегін ескертеді. «Медреседе оқып жүрген балалардан зерек-зерек балаларды таңдап алып, жылына 300 сом ақша расход кесіп, орысша, мұсылманша болсын оқу оқып қайтуға жібереді екен», – деп жазады. 
Оқу не үшін керек? Ахаңның пайымдауынша, оқу, ең алдымен, ұлт жұмысы үшін керек. Ал «ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек» [433-б.]. «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын. Бала деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан қазына, қазынаға борыштымын деп жүр. ...Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болмақшы, Құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» дегенді айтқан да А.Байтұрсынұлы екенін көзі ашық жастар білгенімен, сөздің астары терең, мәні кең. Иә, «жұртым» деген бала өсіп шығып, ұл болып ұлтын ұлықтап, одан ұлттық санадан мемлекеттік санаға дамып-жетілуі үшін қажетті дүниені бүгінгі қазақ баласы мектептен алып отыр ма? Ұлттық құндылықтарға, ұлттық дәстүрге қаншалықты мән беріледі. Мұның артында мектептегі тәрбие арқылы санаға берік сіңетін ұлттық идеология­мыздың жағдайы қалай еді деген сан сауал жағадан алатыны несі? «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзі көңілге көп демеу екені рас [baq.kz]. 
 Қалай оқыту керек деген сауалға жауапты ұлт ұстазы әліпбиге реформа жасаудан бастайды. Реформаны араб таңбаларын қазақ сөзінің айтылуына ыңғайлап жасайды. «Араб әліппесі қазақ арасына дінмен жайылған. Дінмен байланысқан әліппені тастап, қазаққа басқа әліппе алдыру – қиын жұмыс» 
[А.Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалар. 3-том]. Ахмет үшін басқа әліпбиді алу неге қиын болды деген сұраққа жа­уап табу да оңай болмас. Әйтсе де, біздің пайымдауымызша, жазу – мәдениеттің ең жоғары көрсеткіші. Жазу арқылы яки жазба тіл арқылы, адам баласының дүниетанымы, менталитеті (ділі) бірте-бірте тәрбиеленіп, қалыптасатыны анық. Жазуды үйретудің артында ділмен, мәдениетпен бірге діннің де әсерінің болу ықтималдығы қылаң берері рас. 
Араб әріптері қазақ сөзіндегі дыбыс­тарды толық таңбалай алмағаны да ұлт ұстазы үшін кедергі бола алмады. Реформаның ең мәнді тұсы да осында жатыр: «дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде. Тәнді жан қалай билесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды солай билейді; яғни дауыс­ты дыбыстар жуан айтылса – дауыссыз, иә, жарты дауысты дыбыстар да жуан айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, басқа дыбыстар да жіңішке айтылады» [А.Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалар. 3-том]. 
Ғалым жасаған әліпбидің басты ерекшелігі ретінде қазақтың әр сөзін дәл таңбалап, әрбір таңбаның мәні мен ерекшелігін нақты сипаттап әрі осы дәлдік пен нақтылықты ғылыми тұрғыдан терең талдауында дер едік. Әріп саны дыбыс санымен бірдей болуға тиіс деген ғылыми тұжырым қалыптастырған А.Байтұрсынұлы төл сөздердің құрамындағы буындардың бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке болуына ерекше мән бергені белгілі. 
«Дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні есебінде» деп санаған Ахмет Байтұрсынұлы әрбір әріп пен оның айтылу жолын тәптіштеп түсіндіріп, жазу емлесін жасайды. «Дауыссыз дыбыстар дауысты дыбыстардың иелігінде» (Тіл тағылымы, 328-бет) деп түсіндірген ғалым қазақ тіліндегі үндестік заңының ерекше қасиетін айта отырып, оның айту мен жазудағы нақты әрі табиғи қалпын сақтап, дауыссыздың өзі, шындап келгенде, осы заңға бағынатынын дәлелдейді. Бұл ғылыми тұжырымды кейінгі ғалымдардың мойындағаны, теориялық-тәжірибелік тұрғыдан анықтағаны тағы шындық. 
Ғалым дауысты дыбыстардың графемалық қасиетін – «буыншы әріп» ретінде танытады да, олардың мәнін, сөз құрамындағы мазмұндық сипатын ерекше талдайды. Сөз мағынасын анықтайтын дәйекші белгінің маңызын жіті түсіндіреді. «Дыбысқа сәйкестеп әріп алынбаса, сөздің жазылуы мен айтылуы бөлектенбей қала алмайды» деген ойын бірнеше рет қайталай отырып дамытады. Дыбыс пен әріптің қарым-қатынасын талдағанда, «дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөздің жазылуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті» деп әр сөздің жазылу үлгісінің өзіндік қисыны мен қағидасын жасайды [Тіл тағылымы, 359 – 360-беттер]. «Тілдегі бар дыбыстың бас-басына арнаған белгісі бар болса», тәртіпті жазу болатынын әрқашан нақтылап отырады [Тіл тағылымы, 380-бет].
Қазақ жазу үлгісін ағылшын, америка, француз, қытай жазуларымен салыс­тыра отырып, олардан ерекше екенін дәлел келтіре отырып анықтап, айтылу мен жазылу арасындағы сәйкестігі мол жазулардың қатарына төте жазуды да жатқызады. 
А.Байтұрсынұлының араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы ешбір талассыз қабылдады. Мұның себебі – реформаның қазақ тілінің табиғатына сәйкес жасалғаны, ғылыми негізінің нақтылығы мен айқындығы. 1912 жылдан бастап жаңа жазу іс жүзінде қолданыла бастады. 1915 жылы осы жазумен 15-тей қазақ кітабы басылып шықты. 
А. Байтұрсынұлы «Баяншыны» неге жазды? 
«Баяншыда» мынадай эпиграф тұр: 
Балалар! Бұл жол басы даналыққа,
Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!
Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер іздеп тауып алалық та. [А.Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалар. 3-том. 244-б.].
Ахаңның жалғастырған жолы бар. Ол – даналық жолы. 
Ұлы Абайдың: 
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп 
бермедім... 
Ыбырайдың: 
Кел, балалар, оқылық, 
Оқығанды көңілге 
Ықыласпен тоқылық, – дегенін әрі қарай іспен жалғастырған ұлт ұстазының балаларды оқуға шақыруында нәтижелі нұсқау бар. Нұсқауға сүйеніп, ерінбей де жалықпай жолға түскен баланың барары мен табары – даналық. Бұл жолмен бара жатқан адамзат баласы көп. Тек олар түскен оң жол бар. Сол жолды байқап қарау керек, іздеп табу керек. Бұл жолда өшпес жарық бар, кетпес байлық бар. 
Ахмет нұсқаған даналық жолы – Абай айтып кеткен «кемел адам» болудың нақты бағдары. Бұл бағдарды бастау, яки «Үйрену һәм үйрету басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып, мұқалмайды, оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады. Үйретушінің де жігері құм болмай, ісі ілгері оңай жылжыған сайын көңілденіп оқытуға жаһады зорайып, шабыттанады» 
[А.Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалар. 3-том. 245-б.]. Қазіргі лингводидактика теориясы да осыдан басталады. Ұлт ұстазы «Әліппе» кітабы оңай болса, балалар неғұрлым аз қиналса, соғұрлым жақсы болатынын нақтылай да қайталай жеткізеді. Әр әріп таңбасының табиғатын таныстырып, мазмұнын ашады. 
А.Байтұрсынұлы үшін мақсат айқын, міндет нақты. Сондықтан ісінің нәтижелі боларына көзі жетеді. Оқушыға не керек, мұғалімге қалай оқыту дұрыс дегенде, негізгі қандай мәселеге назар аудару қажеттігін біледі. Түсіндіреді. Түсінікті ете жеткізеді. Ана тілін оқытудың теориялық негіздемесі де, тілдік білім берудің тиянақты мазмұны да, оқытуды дұрыс ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері де, дербес білімді меңгеру және меңгерту технологиясы мен олардың арасындағы негізгі заңдылықтары да «Баяншыда» жүйелі берілген. 
 Қазіргі «Лингводидактика» ғылымының негізгі міндеттеріне кіретін: 
 – тілдік білім беру; тілді үйретудің ең өзекті мәселелері мен антропоөзектік тұжырымдардың қағидалық негіздерін дамыту;
 – тілдерді оқыту процесінің мәнін және оның тиімділік шарттарын сипаттау және түсіндіру;
 – тілді оқытудың әдістемелік жүйе­лерін, оқу материалын таңдау және құрылымдау принциптерін, тілді оқытудың құралдарын, әдістері мен тәсілдерін, ағымдық және межелік бақылаудың нысандары мен әдістерін теориялық тұрғыдан негіздеу;
 – тілді оқытуды ұйымдастыру жүйе­сінің жетілдірілуін, оқытудың жаңа жүйелері мен технологияларының пайда болуын теориялық негіздеу және түсіндіру сынды мәселелер «Баяншыда» қамтылған. 
«Оқу үйренгендегі бас мақсат – керек сөзді жаза білу, жазылған сөзді оқи білу. Сөз – дыбыстың мағыналы болып тізілгені. Сөзді айту – дыбысты ауызбен тізу. Оқуға балалар дыбыс үйренеміз деп келмейді, оқу, жазу үйренеміз деп келеді» [А.Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалар. 3-том. 252-б.]. Қарапайым ғана басталған лингводидактика теориясы мұғалімге де түсінікті, логикаға да сыйымды. Ахаң ұсынған және тәптіштей түсіндірген дыбыспен оқыту әдісі қазіргі сөйлеу тілі арқылы оқытуға жақын келеді. Немесе буынға бөліп оқыту тәсіліне, үйрету жолына бүгінгі ұстаздар да назар аударса, ұтары көп болар еді. Ахмет идея­ларын негізге алып, Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту – бүгінгі қазақ білім беру жүйесінің ең басты әрі өзекті мәселесіне айналғаны жөн дер едік. 
Сәкен Сейфуллин кезінде былай деп жазыпты: «...Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл». Иә, ұлтшыл деген сөзден ығып, үрейленіп қалған, коммунистік сана сіңген бүгінгі мұғалімдерге ахметтік жол әлі де тосын көрінетінін өмір көрсетіп отыр. 
Қорыта айтқанда, Ахмет заманынан кейін 100 жыл өткен соң, заман мен тұлға арасындағы байланыстың сипатын танып, сырын біле аламыз. Мәні мен мағынасын терең түсінеміз. Дербес елдің, демократиялық қоғамға бет түзеген елдің азаматы ретінде Ахмет Байтұрсынұлындай азаматтың көсемдік келбеті мен ұлт ұстазы ретіндегі болмысын танимыз да, үлгі тұтамыз. Тек бұл үлгі тұту сөз жүзінде ғана емес, әр мектептегі әрбір сабақта жүзеге асырылып, қазақ тілінің дамуына үлес қосатындай болғаны мақұл. Бүгінгі қоғамда болып жатқан әр алуан тарихи мәні бар оқиғалар тағы да тұлға мен заман арасындағы байланыстың тереңдігін алға тартуда. Бұл – мәңгілікке созылатын өмір заңы. Қазақ баласы, Ахаң айтқандай, «қатарынан кем болмауы» үшін де даналық жолын таңдауы керек. Ал даналық бастауы – оқу. 

Әзірлеген 
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

 

1093 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы