- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Ұлт мүддесіндегі ұтылмайтын тұс
Термин жасауда, термин қалыптастыруда, салалық терминдерді сөздік қорымызға енгізіп, дамытып ілгерілетуде сөздің мәнісін, қадірін білетін қазақ зиялылары көп еңбектенді, тыным таппады. Қай кезде де ұлттық мүдде тұрғысынан еліне адал қызмет етті. Ал Алаш қайраткерлері енгізген, аударған термин сөздер, ұлттық терминқордың қалыптасу жолдары туралы сала мамандары не дейді? Ғылым мен білім тілін дамытуда нені басшылыққа алуымыз керек? Қазақ ағартушыларының жанкешті еңбегі мен идеясын жалғастырып, термин сөздерді барынша кең қолданысқа енгізе алып отырмыз ба? Осыған байланысты белгілі тілші-ғалымдарымыздың пікірін ұсынып отырмыз.
Шерубай Құрманбайұлы,ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор:
Ғылым тілінің негізін Алаш білімпаздары қалады
Қазақтың әдеби тілінің, ғылым тілінің тамыры тереңде жатыр. Ол сонау көне түрік дәуірінен, орта ғасырлардан бастау алады. Ал бергі кезеңдердегі даму тарихына келсек, қазіргі қолданыстағы ғылым тілі мен ұлттық терминдер қорының негізі ХХ ғасырдың басында қаланды. Бұл істің басы-қасында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күдеріұлы, Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Н.Төреқұлұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы бастаған Алаш оқығандары болды.
Алаш білімпаздары бұл іске кіріспес бұрын 1924 жылғы маусымның 12–18 аралығында Орынборда «Қазақ білімпаздарының сиезін» өткізіп, мәселені жан-жақты талқылады. Осы алқалы ғылыми жиында олар ғылым тілінің, қазақтың ұлттық терминқорын қалыптастырудың бағыт-бағдарын айқындап, терминдерді жасау мен өзге тілдерден алудың ғылыми қағидаттарын (принциптерін) белгіледі. Өздері кеңесіп-келісіп жасаған сол қағидаттарды сиез қаулысымен бекітті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ білімпаздары ұлттық терминқорды жасауға үлкен ғылыми дайындықпен, өркениетті жолмен келді. Олар термин шығармашылығында өздері бекіткен ғылыми қағидаттарды басшылыққа алды, әр жаққа тартпай, жан-жаққа шашырамай мақсатты, жүйелі жұмыс жүргізді. Сондықтан олардың бастаған ісі баянды, жұмысы нәтижелі болды. Үркердей ғана шағын топ аз уақытта қыруар іс бітірді.
Алаш оқығандарының терминологияны қалыптастырудағы ең басты қағидаты – қазақтың терминін қазақтың өз тілінде жасау. Бұл жөнінде білімпаздар сиезінде термин мәселесі бойынша негізгі баяндамашы болған Елдес Омарұлы: «Мәселенің қиыны – сөздің түсінікті болуында, баспасөз үшін, әсіресе пән кітаптары үшін пән сөздері керек. Ондай сөздер қазақтың өз тілінде бұрын болмаған. Оны жаңадан ойлап шығару керек», – деп түйіндеді.
Екінші қағидаты – термин ретінде жат тілдің әсеріне ұшырамаған түрік сөзін алу. Үшіншісі – Еуропа халықтарының бәріне сіңіп, жалпы жұртқа ортақ болып кеткен пән сөздерін қазақ тілінің заңдарына бағындырып, тілге икемдеп алу. Алаш зиялылары кірме сөздерді игеру мәселесін де ғылыми негіздеуге ерекше мән берді. Н.Төреқұлұлы «Жат сөздер туралы» деген еңбек жазып, 1926 жылы Мәскеуде жариялады.
ХХ ғасыр басындағы бүкіл термин шығармашылығын Алаш оқығандары осы үш қағидаттың аясында жүзеге асырды. Олар, негізінен, бірінші қағидатты басшылыққа алып, жаңа терминдер жасады. Мысалы, Ә.Бөкейхан аударған «Астрономия әліпбиінде» айналыс, бұлтшық, жанартау, жантайма, көкжиек,
күн қотаны, жұлдызшық, қашаған күш, қырағы түтік, тұтылыс, сақина тұтылыс, шала тұтылыс; А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал» атты еңбектерінде бастауыш, баяндауыш, есімдік, етіс, етістік, жалғамалы тіл, қопармалы тіл, түбіршік тіл, сүйеу таяқ, ішкергі жалғау, тысқарғы жалғау, теріс рай, азалы рай, бұрата сөз; Ж.Күдеріұлының «Өсімдіктануында» аналық, аталық, тұқымдық, сабақша, тостағанша, қайықша, тұқымқап, шешекқап, гүлжапырақ, аналық аузы, аналық мойны, асылшыны, жұбайлы шешек, жұбайсыз шешек, жемісқап, жіпше, жарықтуым, сутуым, қышқылтуым; Х.Досмұхамедұлының «Жануарлар» атты еңбегінде бұранық, оң бұранық, шапанша, жорғалаушылар, томпашық, инешік, қақпашық, тамыршық, барлауыл, сопақ мый, кіші мый, орта мый, борша жүйесі, сүйек жүйесі, қан жүйесі, ақ түйіршік, қызыл түйіршік, басытқы, үндес жік, май ұлпа, тор ұлпа сияқты ондаған термин қолданылады.
Алаш оқығандарының еңбектерінен алынып отырған бұл терминдердің барлығы дерлік сол кезеңде жаңадан жасалған еді. ХХ ғасыр басында жарық көрген пән оқулықтары мен ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбектердің қайсысын алып қарасақ та, ондаған, тіпті жүздеген жаңа атауды, терминді кездестіруге болады. Бұл деректер қазақ оқығандарының жаппай термин шығармашылығымен айналысқанын, білім беру мен ғылымның барлық саласында ұлт тілін іске қосып, таным құралы ретінде пайдаланғанын айғақтайды. Олар жасаған терминдердің елеулі бөлігі тұрақты қолданылатын сала терминдерінің қатарына еніп, бір ғасыр бойы қазақ баласының өз тілінде білім алып, ғылымды игеруіне қызмет етіп келеді. Алаштықтардың қаламынан туған бастауыш, баяндауыш, есімдік, етіс, етістік, аналық, аталық, сабақша, тостағанша, қайықша, ұлпа, жанартау, көкжиек сияқты жүздеген терминді сол қатарға қосуға болады. Бас-аяғы он шақты жылдың көлемінде қазақтың оқулық тілінің, ғылым тілінің негізін қалап, терминдер қорын ұлт тілі негізінде қалыптастырудың озық үлгісін көрсеткен олардың еңбегі ерен, ел алдындағы, отандық ғылым тарихындағы қызметі зор.
Егер қызыл империя оларды құрбан еткеннен кейін советтік саясатқа бет бұрып, оның ұраншыл идеологиясымен уланғандар алашшылдардың қаламынан туған терминдерін де білім-ғылым кеңістігінен аластауға кірісіп кетпегенде қазақтың ғылым тілінің ұлттық сипаты бұдан да жоғары болар еді. Бұған қоса ғалымдар мен білім саласы қызметкерлерінің келесі буыны олардың терминжасам тәжірибесін, өнегелі ісін одан әрі жалғастырып, жетілдіріп, ғылым тілін, терминжүйесін ұлттың өз тілі негізінде дамыту дәстүрін берік орнықтырар еді. Амал не? Оларға «ұлтшыл», «пантүркист», «пурист» деп айып таққан советтік әкімшіл-әміршіл жүйе Алаш ұстанымын терістеу арқылы ұлттық сипаттағы терминдер жасауды барынша шектеп, орыс тілі негізінде жасалған жалпысоветтік терминқор қалыптастыруға барын салды. Сөйтіп, ғасыр басында тілге жетік білікті ұлттық кадрлардың арқасында әдеби тілдің ғылыми стилін дамытып, ғылыми ұғымдарды қазақша атау үдерісі қарқынды түрде өріс ала бастаған ұлт тілінің ғылым саласындағы қолданысына тосқауыл қойылды.
Алаш білімпаздары белгілегендей,
Еуропа тілдерінде кең тараған кейбір терминді әкті, әтірәт, бактер, гемегілебен, електір, електірон, лейкесит, метеуір, қылор, натыр, неріб, пөліс, пыланет, пыластыр, пілеуір, сипыр, тембір, тырақома, үйез, ыстанса, ыстаршын, іспектір түрінде қазақ тіліне икемдеп, қазақ айтылымына бейімдеп қабылдады. Олар шет тілдерінен қабылданатын сөздерді сол тілдің емлесі бойынша жазу үшін қазақ әліпбиіне өзгелердің дыбыстарын таңбалайтын кірме әріптерді қабылдаған жоқ. Керісінше, кірме сөздерді қазақ айтылымына келтіріп, төл дыбыстарымызды белгілейтін өз әліпбиіміздегі 28 әріппен жазды. Төл әліпбиді жат сөзге емес, жат сөзді ұлт әліпбиіне бағындырды. Ал 30-жылдардан кейін кірме сөздерді орыс тілінің емлесі бойынша жазу үшін Ахаң жасаған әліпбиге 14 таңба қосылып, әріп саны 42-ге жетті. Ендігі жерде әліпбиді жат сөзге бейімдейтін заман туды.
Алаш оқығандары өздері жасаған терминдерін оқулықтарға енгізіп, мақалаларында қолданумен бірге, алғашқы терминдер сөздігін де жасап, баспадан шығарды. Қызылордада жарық көрген «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» (1926) мен «Пән сөздері» (1927) солардың қатарына кіреді. Алғашқысы 5 000, екіншісі 10 000 таралыммен шықты.
А.Үмбетбаев құрастырған (аударған) «Орысша-қазақша әскерлік атауларында» атқылау (обстрел), әдіс (метод), әдістеме (методика), бақылаушы (наблюдатель), жазықтық (плоскость), жасақ (отряд), көздеу (наводка), көздеуші (наводчик), сорап (насос), үстеме (надбавка) тәрізді бүгінгі терминқорымызды байытқан көптеген атау бар. Ай-нал (кру-гом), аяқ-қа (к ноге), оқта (заряжай), оң-ға (напра-во), сол-ға (на ле-во), тарал (разойдись), тізіл (стройся) сияқты әскери пәрмендерді де сәтті жасаған. Сонымен қатар сөздікте пидагер (волентер, доброволец), кемеші (матрос), өтім (пропуск), ұшар (самолет), қашақ (дизиртир), қайнатқы (кипятильник), күндікші (дневальный), далағай (плац), ғазшашар (газомет), оқшашар (пулемет), отшашар (огнемет) іспетті көптеген жаңа термин, атау бар.
Бұл келтірілген мысалдар Алаш оқығандарының басты ұстанымы қазақша термин жасау болғанына айқын дәлелі бола алады. Сөздік соңында: «Бұл атаулар қазақ білім кемесиесінің 1925-інші жылғы октәбірден 1926-ыншы жылғы үйенге шейін болған мәжілістерінде қабыл алынды. Қазақ білім кемесиесінің ағасы: Байтұрсын ұлы Ақымет. Кемесие қатшысы: Нұрым ұлы Ғаббас. 12-інші үйен 1926-ыншы жыл. Қызыл Орда», – деп жазылған. Яғни бұл сөздік А.Байтұрсынұлы төрағалық еткен комиссия бекіткен, Ахаңның тікелей қатысы бар еңбек.
Н.Қаратышқанов құрастырған «Пән сөздерінде» де алқа (коллегия), аталық (тычинка), әсірелеу (гипербола), баяндама (доклад), болмыс (бытье), жәбірленуші (потерпевший), күлте (венчик), дәріқана (аптека), тергеуші (следователь), нұсқау (инструкция), нұсқаушы (инструктор) сияқты сол кезеңде жасалып, білім комиссиясы бекіткен түрлі саланың терминдері қамтылған. Бұл сөздік те Алаш оқығандарының терминжасам ұстанымдарына сәйкес жасалған.
ХХ ғасыр басында еңбек еткен қазақ зиялылары қандай істі қолға алса да, ұлт мүддесін бірінші орынға қойып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты негізделген тұжырымдарға табан тіреді. Ғылым тілі мен терминологияны дамытуда да солай болды. Сондықтан олардың жолы ең дұрыс жол еді. Олар аман болғанда, советтік саясат салып жіберген жолға түспей ұлтымыздың нағыз зиялы, өресі биік оқымыстылары белгілеген бағытты ұстанғанда, қазақтың ғылым тілі де, терминологиясы да бүгінгіден әлдеқайда жүйелі, ғылымның барлық саласында еркін қолданылатын жетілген, әлеуетті құрал ретінде қызмет етіп тұратынына еш күмәніміз жоқ.
Орынай Жұбай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының докторы:
«Қазақша-орысша тілмаштың» орны бөлек
Ғасыр басында қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңалықтарға сәйкес жаңа ұғымдар, түсініктер қалыптасты. Ғылым, өнер-білім салаларында қазақ ұғымына жат жаңа сөздер пайда болды. Осыған байланысты жаңа ұғымдардың мәнін ашып, түсіндіру, қазақ тілінен сол ұғымға сәйкес балама табу, қазақ сөздерін жинақтап, саралау, яғни сөздік түзу қажеттігі туындады.
Күрделі еңбектің нәтижесінде жарық көрген сөздіктердің бірі – «Қазақша-орысша тілмаш». Кітап 1925 жылы Мәскеуде 10 000 дана болып басылып шығады. Сөздік жұмысын басқарған – Кемеңгерұлы Қошке, түзгендер – Кемеңгерұлы Қошке, Байтасұлы Абдолла, Бұралқыұлы Мұстапа, Байғаскин Есім, Дәулетбекұлы Ғаббас, Баймақанұлы Шәкір, Темірбекұлы Сұлтан, Сәрсенбайұлы Төлеутай болды.
«Қазақша-орысша тілмашты» түзушілер екі түрлі қызмет атқарған. Яғни, бір жағынан, қазақ сөздерін саралап, сұрыптап, олардың баламасын дәл тауып, дұрыс түсіндіруді, сол арқылы қазақ халқының болмысын, тұрмысын, рухын басқа халыққа таныстыруды мақсат етсе (бұл этнографизмдер мен фразеологизмдердің т.б. мәнін түсіндіруде ерекше байқалады), екінші жағынан, ғылым мен техника, мәдениет тағы басқа саладағы жаңалықтар мен өзгерістерге байланысты жаңа сөздер орыс тілінің әсерімен еніп жатқандықтан әрі ондай ұғымдар мен түсініктерге балама ретінде қазақтың төл сөздері қалыптаса қоймағандықтан, құрастырушылар орысша-қазақша сөздіктің міндетін де атқарған. Сол себепті «Қазақша-орысша тілмашты» түзушілер жеке реестрге қазақ тілінің дайын сөздерін ғана беріп қоймай, орыс сөздерінің (немесе орыс тілі арқылы басқа тілден енген сөздердің) қазақ тіліндегі баламасын ұсынып, шығармашылық та қызмет атқарған (бұл, негізінен, термин сөздерге байланысты). Мәселен, ғасыр басында аэроплан, акционерное общество, кинематограф, резолюция, инструкция, прогресс т.б. сөздердің қазақ тілінде дайын баламасы болмады. Әрине, бұл орайда баспасөз бетінде бұл атаулардың түрліше қолданылып жүргенін ескеру керек. Әйтсе де ол атаулар әдеби тілде қалыптасып үлгермеген еді. «Қазақша-орысша тілмашта» осындай сөздердің қазақ тіліндегі баламасы беріледі де, оның орысша аудармасы көрсетіліп отырады. Мәселен, сатсиалдық – социальный, социалистический; сома – сумма (капитал); қорытынды – 1) резолюция, 2) вывод; қосымша құн – прибавочная стоимость; нұсқа – 1) инструкция, 2) экземпляр, 3) копия; үдеу – прогресс; ұшқыш мәшине – аэроплан; жарналы серіктік – акционерное общество т.с.с. Яғни сөздік құрастырушылар қазақ тілінің сөздік құрамын молынан қамтуға тырысқанын байқаймыз. Сөздердің берілуі, сөз мағынасын түсіндіру, Еуропа сөздерінің дәл баламасын табу, сөздердің жинақталуы, сұрыпталуы тұрғысынан алғанда, «Қазақша-орысша тілмаш» өзіне дейін шыққан сөздіктерден әлдеқайда озық. Еңбектің құндылығы туралы «ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы қазақ әдеби тілі мәселелері» деген кітабында Ш.Мәжітаева былай дейді: «Әрбір әдеби тілдің сөздік қорының дамуы мен нормалануына сөздіктің тигізетін әсері үлкен. Қазақстанда бұл жұмыс 20-жылдардың ортасынан басталады. Қ.Кемеңгерұлының «Қазақша-орысша тілмашы» бұл саладағы алғашқы тәжірибе еді. Мұнда орыс сөздерін аударып алу принципі, негізінен, сақталған».
1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылады да, оны А.Байтұрсынұлы басқарады. Комиссия жат (өзге тілдік) сөздерді қабылдауда мына принциптерді басшылыққа алған:
а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу;
ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түрік сөзін алу;
б) түрік сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, Еуропа сөзін алу.
«Қазақша-орысша тілмашты» құрастырушылар да осы принциптерді ұстанғаны байқалады. Сондықтан «Тілмашта» төбелік шеңбер – полярный круг; тетік – 1) механизм, 2) прием; бедел – авторитет сияқты сөздермен қатар, нөмір, көлексие, атлас, білиәрт сияқты атаулар да кездеседі.
Қазақ тілінің өз мүмкіндігін пайдалана отырып, термин жасау үлгісі ХІХ ғасырда да көрініс тапқан. Белгілі ғалым Р.Сыздық төңкеріске дейінгі сөздіктердің ерекшелігіне тоқтала келіп, былай дейді: «Қазақ қоғамы өміріне жаңадан еніп жатқан құбылыстар мен ұғымдардың атауын жасауда өткен ғасырдың өзінде-ақ қазақ тілі өз мүмкіндігіне иек артқаны осы сөздіктерден білінеді. Мысалы, аренда – өсім; банкир – сүтхор, өсімші; работник – жұмыскер, малай; слуга – төлеңгіт; станция – қызыл үй, бекет; темница – қараңғы үй; хирург – сынықшы; художник – ұста, жамаушы; будка полицейского – қарауылшы үйі; компания – ортақ; железная дорога, вагон, локомотив – от арба; пароход – от қайық; столетие – жүз жыл; подорожная – бедерлі қағаз; баллотировка – тас салу т.б.». Бұдан жоғарыда келтірілген принциптердің негізі ХІХ ғасырда қалана бастағанын байқаймыз. Сондықтан ХХ ғасыр басындағы сөздік түзушілер барлық сөзге жаңа атау беруге тырыспаған. Құрастырушылар өздеріне дейінгі, өз тұсындағы сөздіктерді байыпты зерделеп, сөздерді саралап сұрыптаған. Мұндай үрдісті «Қазақша-орысша тілмаштан» да байқауға болады. Сөздік тізушілер термин жасауда сөздің түсінікті болуына ерекше мән берген. А.Байтұрсынұлының термин жасаудағы принциптерін толық қуаттап, рухани ұстазының жолымен жүрген. Оны Қ.Кемеңгерұлының мына сөздерінен де байқауға болады:
«...Терминдерді алу туралы кейбіреу басқа елдер қалай атаса, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де солай атайық десті. Бұл – тіпті адасқан пікір. Күйіміз жетсе, шамамыз жетсе, қазақшаландырып алуымыз керек. Мәселен, геометрияны қазаққа геуметрие десең, көзіне түк елестемейді. Ал пішіндеме десең, қазаққа таныс, көзіне елестейді. Сондықтан терминдерді қазақша алуға дауласуға мән жоқ».
«Тілмаш» түзу барысында да құрастырушылар осы тұжырымды басшылыққа алған. Оған сөздіктегі терминдердің берілуі дәлел бола алады. Мысалы: әдіс ғылымы – технология; ақының сапасы – реальная плата; әлем ғылымы – космография; әлеумет ғылымы – социология; айқасым – реакция (психологическая); білдіргіш – справочник; бекет – почтовая станция; тәжірибеқана – лаборатория; тән тіршілігі – физиология; тасу құралы (көлік) – транспорт; тетік ілімі – механика; тетік күш – механическая сила т.б.
«Қазақша-орысша тілмашта» сол кездегі қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтарға сәйкес жаңа ұғымдар мен атаулар да көптеп кездеседі. Осы тұрғыдан алғанда, сөздік түзушілер шығармашылық та қызмет атқарған сияқты.
1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде жазу, әліппе мәселелері, оқу, ғылым кітаптарын көбейту, бастауыш мектеп бағдарламаларын дайындау шараларымен қатар термин (пән сөзі) мәселесі де арнайы сөз болады. Онда Елдес Омарұлы баяндама жасап, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатұлы, М.Тұрғанбайұлы т.б. қоштап сөз сөйлейді. Съезде, негізінен, терминдерді қазақтың өз тілінен алу, одан табылмаса, басқа түрік халықтарының тілінен іздеу, одан да табылмаса, Eуропа халықтарының ортақ терминдерін қазақ тілінің дыбыстық заңдылықтарына келтіріп алу керектігі айтылады.
«Қазақша-орысша тілмаштағы» терминдерді шартты түрде былай топтастыруға болады:
а) тіл ғылымына қатысты терминдер: одағай – междометие; мұқам – жаргон; лұғат қисыны – теория словесности; тіл қисыны – стилистика т.б.
ә) әдебиет ғылымына байланысты терминдер: шендестіру – антитеза; мысқыл – сарказм; нақыл – 1) афоризм, 2) предание; оқшау сөз – фельетон; меңзеу – олицетворение т.б.
б) заң ғылымына қатысты терминдер: мәміле – соглашение; мизам – закон; қосалқы би – запасной судья; мүпті – обер – прокурор т.б.
в) экономика, қаржы, есепке байланысты терминдер: нарық – рыночная цена; несие – долг, кредит; кіріс – 1) доход, 2) вход; кері салық – регрессивный налог; кесіп капиталы – промышленный капитал т.б.
г) математика ғылымына қатысты терминдер: қос белгінің өрнегі – формула двойных знаков; қос шаршы теңдеулер – биквадратные уравнения; қосынды – сумма т.б.
ғ) физика ғылымына қатысты терминдер; қуат – сила, энергия; магнет – магнит т.б.
д) химия ғылымына қатысты терминдер: күкірт – фосфор; көмірлі зат – органическое вещество; көкжар – медный купорос т.б.
е) геология ғылымына қатысты терминдер: мұнай – нефть; саржан – коралл, кен жұмысы – горное дело, менерал – минерал т.б.
ж) география ғылымына қатысты терминдер: көрікті жер – ландшафт; құм төбе – дюна;
и) ботаника ғылымына қатысты терминдер: нарын – гранатовое дерево; қонақ – 1) гость; 2) род кормового растения; қоға – корень камыша; куча; қоғажай – водяной камыш т.б.
к) ауыл шаруашылығына байланысты терминдер: марқа – ягненок несколько подросший и жирный; күзем – осенняя стрижка овец; көген – веревка, которой привязывают овец;
қ) биология ғылымына қатысты атаулар: оқбақ – род птицы; құрқылтай – ремез (птица); қорқау – гиена; күшеген – маленький орел т.б.
л) медицина саласына байланысты терминдер: өт – желчь; күс – мозоль, мерез – сифилис; май – 1) масло, жир, сало, 2) мазь; бөген – 1) трахома, 2) выпадение волос хвоста лошади (болезнь) т.б.
м) дінге қатысты атаулар: мақам – голос (при чтении Корана); мақбоз – предопределение бога; Мәуліт – день рождения Магомета; мәкіру – неодобренный шариатом т.б.
Байқап отырғанымыздай, сөздік түзушілер ғылымның қай саласындағы термин болсын, мағынасы түсінікті де дәл болу жағына ерекше көңіл бөлген.
Әрине, мұндағы терминдердің бәрін де құрастырушылар ойлап шығарған деген ойдан аулақпыз. Сөздік түзушілер 1923–1924 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналында «Білім ордасының қазақша ғылыми-әдебиет кеңесінде қабылдап алынған пән сөздері» деген айдармен жарық көрген терминдерді, жекелеген оқулықтар («Оқу құралы», «Тіл – құрал» т.с.с. А.Байтұрсынұлы еңбектері т.б.) арқылы әбден тұрақталған атауларды, мерзімді баспасөз бетінде жүйелі қолданылу нәтижесінде қалыптаса бастаған терминдерді де негізге алған. Бұдан, бір жағы, сөздік құрастырушылардың өзіне дейінгі жарық көрген еңбектермен жан-жақты таныс болғанын, сөздік түзу жұмысына үлкен дайындықпен келіп, жауапкершілікпен қарағанын аңғарсақ, екінші жағынан, «жаңа тіл» ойлап таппай, бір заттың бірнеше атауын беруден гөрі осы уақытқа дейін қолданылып келген сөздерді тұрақтандыру мақсатын көздегенін байқаймыз.
…Қазақ тілінің сырын, мәнін терең түсінген қазақ зиялыларының қажырлы еңбегінің нәтижесінде ана тіліміздің мүмкіндіктері ашылып, терминдерді ұлт тілінде жасауға болатыны белгілі болды. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылмады. 1930 жылы Мәскеуде Бүкілодақтық партия мәжілісінде терминологияны ұлт тілдерінде дамыту мәселесі сөз болып, оның негізгі принциптері белгіленді. Осы кезден бастап А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының термин жасауда ұстанған принциптері теріске шығарылып, «қазақ тілін өзге тілдердің бәрінен де оқшау ұстады, бөліп-жырып қарады», «пуристік бағыт ұстады» деп сынға алына бастады.
1933 жылғы 22 маусымда Қазақстан Халық Комиссарлар Советінің Мемлекеттік терминология комиссиясын ұйымдастыру туралы қаулысы шықты. Осы кезден бастап қазақ тілінде баламасы болса да, басқа тілден енген халықаралық терминдер мен советизмдер аударылмай қабылдана бастады. Терминдерді ұлт тілі негізінде жасауға тырысқан қазақ зиялылары қуғындалды, репрессияға ұшырады. Соның салдарынан қазақ тілінің термин жасау мүмкіндігі шектеліп, қазақ тілі термин қабылдағыш тілге айналды. Мұндай үрдістің тілдің табиғи түрде дамуына кері әсер ететіні белгілі. Осы мәселе төңірегінде Ә.Қайдар былай дейді: «Бұл тығырықтан шығудың екі-ақ жолы бар. Оның біреуі – жаңа терминдерді жасауда сонау 30-жылдары қабылданған принциптің алғышартын, яғни қазақ тілінің өз мүмкіншілігін сарқа пайдалану деген дұрыс талабын бірізділікпен, ерекше білгірлікпен іске асыру болса, екіншісі – қабылданған совет-интернационалдық терминдерді (мұнда да мүмкін болғанынша) өз тіліміздің ішкі заңына бойсындыра алу». Ал мұндай маңызды да күрделі міндетті орындауда «Қазақша-орысша тілмаш» бірден-бір негізгі көздің бірі болары сөзсіз.
Әзірлеген
Бағдагүл Балаубай
636 рет
көрсетілді0
пікір