- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
БЕТАШАР – ЕРЕКШЕ ҚОРҒАУДАҒЫ МҰРА
Жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин беташар ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілгенін айтып сүйіншіледі. Мұндай шешім ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің Парагвай астанасы Асунсьонда өткен отырысында қабылданған. Комитет жыл сайын Конвенцияға қатысушы мемлекеттер ұсынған кандидатураларды бағалау және сол мәдени тәжірибелер мен материалдық емес мұра көріністерін Конвенция тізіміне енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдау үшін жиналады. Осы орайда аталған тізімде қазақтың тағы қандай құндылығы, қай салт-дәстүрі енгізілген екен деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
ЮНЕСКО тізімі
Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне алғашқы болып домбырамен күй орындау өнері мен киіз үй жасау және жинау дағдылары 2014 жылы еніпті. Онда «Күй өнері домбыра деп аталатын дәстүрлі алмұрт пішінді, ұзын мойын, екі ішекті, шертпелі музыкалық аспапта орындалатын қысқаша жеке шығарманы білдіреді. Музыка көрерменді рухани және эмоциялық деңгейде тартатын классикалық және импровизацияланған шығармалар арқылы адамды тарихи тамыры мен дәстүрімен байланыстыруға бағытталған. Бұл – адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастың маңызды құралының бірі және қазақ мәдениетіне қатысты білім мен дағдыларды беруге ықпал етеді. Музыка әдетте баяндалған әңгіме, аңыздармен сүйемелденеді» деп түсініктеме береді. Ал киіз үй жасау туралы былай делінген: «Киіз үй – қазақ, қырғыз халықтары арасында қолданылған көшпелілердің баспанасы. Ол киізбен жабылған және арқанмен өрілген ағаш дөңгелек қаңқасы бар, оны қысқа мерзімде оңай жинап, бөлшектеуге болады. Әдетте тәжірибелі қолөнершілер жетекшілік ететін қоғамдық топтар жұмыс істейді және тоқыма, иіру, өру, киіз басу, кестелеу, тігу және басқа да дәстүрлі қолөнер әдістерін қолданады. Киіз үй жасау бүкіл қолөнерші қауымын тартады және жалпыадамзаттық құндылықтарды, сындарлы ынтымақтастық пен шығармашылық қиялды қалыптастырады».
Ал тізімге 2015 жылы айтыс енгізілген. ЮНЕСКО-ның ресми сайтынан бұл тізімді іздесеңіз, айтыс туралы мынадай түсініктеме береді: «Айтыс – қазақтың домбырасының немесе қырғыздың комузының сүйемелдеуімен айтылатын немесе импровизацияланған ауызша поэзияға арналған сайыс. Екі орындаушы (ақын) әзіл-оспақ пен терең философиялық толғаулар арасында алмасып жатқан тапқырлық тартысында өзекті тақырыптағы өлеңдерді импровизациялау үшін жарысады». Ең қызығы, біздің қатырма жұқа нан жасау мәдениетіміз де дәл осы тізімге 2016 жылы енгізіліпті. Бұл мәдени мұраны ЮНЕСКО Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттеріне ортақ деп көрсетеді. Осылайша, аталған елдерде шелпек жасау және оны тарату мәдениеті кең таралған дәстүр ретінде жалғасуына мүмкіндік берген әлеуметтік функцияларды атқаратынын айтады.
Дәл осы жылы бұл тізімге қазақша күрес те қосылған. Онда: «Қазақстанда күреспен ерлер мен әйелдер кәсіби деңгейге дейін айналысатын ұлттық спорт түрі екені, жыл сайынғы «Қазақстан барысы» турнирі сияқты халықаралық жарыстар да өтетіні айтыла келе, «күрес тәжірибесі қазақстандық жас ұрпақты өз тарихы мен мәдениетін құрметтеуге, батыр балуандардай болуды мақсат етеді», – деп жазылған. Сонымен қатар сол жылы Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі де ЮНЕСКО тізімін толықтырыпты. Түсініктемесінде «Наурыз – әртүрлі салт-дәстүрлер, рәсімдер және басқа да мәдени іс-шаралар екі аптаға созылатын «жаңа күн» дегенді білдіреді» дей келе, бұл мейрамды Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия мемлекеттеріне ортақ деп көрсеткен.
Ал 2017 жылы қазақтың дәстүрлі ойыны асық келесі тізімді толықтырған. «Бұл ойын жасына, этностық тегіне немесе діни көзқарасына қарамастан, адамдарды біріктіретін позитивті ынтымақтастықтың жақсы үлгісі. Ол мерекелік шаралар мен жиындарда кеңінен қолданылады, ал бұл әдетті сақтауда, сондай-ақ оны Қазақстандағы басқа этностар арасында кеңінен насихаттауда, балалық шақтың ұлттық символына айналдыруда қоғамдастық басты рөл атқарады» деп түсіндіріліпті. Сондай-ақ 2018 жылы Әзербайжан, Қазақстан және Түркия мемлекеттеріне ортақ деп Қорқыт Ата мұрасы ЮНЕСКО тізімін жаңартқан. Түсініктемесінде: «Қорқыт эпикалық мәдениеті, халық ертегілері мен музыкасы он екі қаһармандық аңыздарға, қиссалар мен ертегілерге және ауызша сөз, орындаушылық өнер, мәдени кодтар мен музыкалық шығармалар арқылы ұрпақтар арасында таралып келе жатқан он үш дәстүрлі музыкалық шығармаларға негізделген» деп жазылған. Сонымен қатар осы жылы атбегілердің көктемгі жоралғылары да тізімге қосылыпты. Көктемгі жоралғыларға бір жыл бойы дайындалған тәжірибенің негізгі құрамдас бөліктері – бие байлау, айғыр қосу, қымызмұрындықты жатқызыпты.
2020 жылы Дәстүрлі зияткерлік және стратегиялық ойын – тоғызқұмалақ
ЮНЕСКО-ның тізімін толықтырған. Оған «арнайы тақталарда немесе жердегі шұңқырлар сияқты импровизацияланған тақталарда ойнауға болатын дәстүрлі ойын» деп анықтама беріпті. 2021 жылы «Сұңқар аулау – адамзаттың тірі мұрасы» атауымен тізім тағы да Қазақстан тарапына қатысты жаңартылады. Анықтамасына келсек, «Сұңқар аулау – сұңқарларды (кейде бүркіт, сұңқар, қаршығаны және басқа да жыртқыш құстарды) үйрету және ұшудың дәстүрлі өнері мен тәжірибесі. Ол 4 000 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді» деп түсіндіріпті. Сонымен қатар «Ортеке», Қазақстанның дәстүрлі орындаушылық өнері – би, қуыршақ және музыка 2022 жылы аталған тізімге қосылған. ЮНЕСКО анықтамасында «Ортеке – театр, музыка және қуыршақ театрын біріктірген қазақтың байырғы сахналық өнері. Бұл халық өнері дәстүрлі қос ішекті домбырамен музыкалық орындауды және ағаш қуыршақпен билеуді қамтиды» деп көрсеткен. Ең қызығы, осы жылы Қожанасырдың әзіл әңгімелері осы тізімнің қатарында болуға лайық деп танылған. Дұрысы, бұл құндылықты да Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстанға ортақ мұра деп көрсетеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл тізімге биыл беташар қосылып отыр. Ал ресми анықтамасын «Қазақстанда Беташар ырымы – үйлену тойында қалыңдықтың бетін ашу рәсімі. Құрмет пен сәлемдесу белгісі ретінде келін мен жеңгелері, айтылғандай, әр адамға бас иеді» деп көрсетіпті.
Жөні бөлек беташар
Беташар – қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй-ішін таныстырады, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сияпатын атайды. «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы Санжар Керімбай дәл қазақтың беташарындай беташар әлі көрмегенін, тіпті естімегенін айтады.
«Өзім дәл біздікіндей беташарды әзербайжаннан немесе түріктен көрген жоқпын. Өзбекте де бұл дәстүр қатаң сақталмаған сияқты. Сайрамда тұратын өзбек достарым келін түсіргенде шақырған. Оларда біздегідей арнайы бүкіл елді атап шығып, аруақтардан бастап бәріне сәлем салдырмайды. Қазақтың беташарының формасы әдемі қалыптасқан, келе салып шымылдыққа отырғызу, келінді көрсетпеу, ертеңіне елдің игі жақсыларының алдына шығару, иіліп сәлем салдырып, тағзым еткізу, ең соңында ақсақалға бата бергізіп барып, енесі келіннің бетін ашуы дегеннің бәрі әдемі салтқа құрылған», – дейді Санжар Керімбай.
Спикердің сөзінше, ол Түркия мемлекетінде тұрып, түріктердің келін түсірген салтын көрген. Айтуынша, түрікте де, өзбекте де қазақтікіндей беташар жоқ көрінеді. «Түріктің де, өзбектің де тойына қатысып көрдім. Әзербайжан, қырғыздың беташарын көрген жоқпын, бірақ оларда осындай бар деп те естімедім. Видеосын да көрмедім. Соған қарап, дәл біздегісі ерекше дәстүр деп ойлаймын», – деді.
«Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізімі» қаншалықты маңызды деген сұрағымызға маман өркениет пен мономәдениеттің маңызы арқылы жауап беруге тырысты. Айтуынша, адамзаттың мәдениетін барынша алуан түрлі қылып көрсету тиімді болмақ.
«Мәдени алуандықтан арылған сайын адам біртектілікке кетеді, ал біртектілік мономәдениет адамды жалықтырып жібереді. Адамның өмірге деген құлшынысы азаяды. ЮНЕСКО «Құдай алуандықты сүйеді» деген принцип бойынша, адамзаттың мәдениетін барынша алуан түрлі қылып көрсетеді. Эстетикалық жағынан да, философиялық жағынан да бай мазмұнға ие мұраны адамзаттың бір құндылығы ретінде ұстап отырғысы келеді-ау деп ойлаймын. Бүгінгідей ағылшын тілі мен математиканың, ІТ-дің мәдениеті күшейген заманда ұлттың мәдени қалпынан айырылып қалмауы маңызды. Салт-дәстүрге қоса ұлттың шежіресі, қиссасы, аңызы бірге жүруі керек. Мұның бәрі болашақ қазақтың, рухани бай жас буынның, өзгенің мәдениетіне жұтылмайтын тұлғаның шығуына септеседі деп есептеймін», – дейді С.Керімбай.
Дәстүр мызғымасын десек...
Белгілі этнограф Бұлбұл Кәпқызы беташар дәстүрі ЮНЕСКО тізіміне енген соң, оның заманауи үлгісіне абай болуымыз керегін, ұрпақтан-ұрпаққа бұзбай жеткізуіміз маңызды екенін алға тартты.
«Беташарымыз ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасына енгізілді деп естіп, қуанып жатырмыз. Бұл, бір жағы, қуаныш, қазағымыздың салты, дәстүрі әлемдік деңгейге көтеріліп, әлем соған қызығып жатыр дегеннің айғағы. Беташар – жаңа түскен келінді сол ауылға таныстыру және сол ауылды жас келінге таныстыру. Бұл дәстүр басқа ұлттарда да бар шығар, бірақ қазақтың салты өте ерекше. Аузы дуалы азаматтар ғана өлең-жырмен келіннің бетін ашып, жыр айтады. Беташарда келінге көрімдік береді. Ол көрімдікті қайтеді? Бұрындары көрімдікке құлынды бие болсын, бұзаулы сиыр болсын, әйтеуір, ұрғашы мал атаған. Ол – келін мен ұлдың алғашқы дәулеті – көгендік деп атаған. Осылай алғашқы дәулеті жиналатын. Қазір ол мүлде басқа дүниеге айналып кетті. Келіннің алдына ыдыс қойып қояды да, асабалар не болса соны айтып, той қонақтары келіннің руласы ма, туысы ма – онда шаруасы жоқ, залға келген барлық адамның атын атап, сәлем салдырады, олар ақша салады. Біреу көрімдікті аз салады, біреу көп салады, соның бәрін әжуаға айналдырады. Ол дұрыс емес. Одан кейін келіннің жанында инабатты, ибалы сол ауылдың үлгілі келіндері тұруы керек. Ал ол жерде қазір той жүргізіп жүрген жас қыздар тұрады, ол келін атанды ма, атанбады ма – белгісіз. Қазақтың байырғы салты, байырғы дәстүрімен беташар орындалып, ол ЮНЕСКО-ның тізіміне еніп жатса құба-құп. Оған қуаныштымыз. Бірақ дүниежүзілік деңгейде мәдени мұраның тізіміне еніп жатқандықтан, енді біз бұл салтымызды дұрыс насихаттап, дұрыс қолдана білуіміз керек. Сайқымазақ етпейік. Әдемі қалпында сақтап, жаңа буынға әдемі қалпында таныстыруымыз керек деп ойлаймын», – дейді Бұлбұл Кәпқызы.
Этнографтың сөзінше, мұраларымыздың аталған тізімге енуі мәдениетімізді дүниежүзіне танытуға, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалуға ықпал етпек. Сондықтан оны барынша аялап сақтағанымыз абзал.
«Тізімге енген құндылықтарымыздың барлығына ешқандай қарсылығым жоқ. Оның барлығы қазақтың басқа ұлттан ерекшеленетін дәстүрлері ғой. Мұның бәрі – қазағымыздың құнды мұралары. ЮНЕСКО-ның өрнек тоқу мен кілем тоқу өнерінен сапа белгісінің иегерімін. Қазір ежелгі сақ-ғұн дәуіріндегі тоқу дәстүрін сақтаған және көшпелілерге тән қазықпен тоқитын ешқандай ел жоқ. Біз ғанамыз. Сондықтан осы қазақтың ұлттық өнері – кілем тоқу. Көлденең жерге қойып тоқимыз ғой, ондай тоқу әдісі дүниежүзінде кездесе бермейді. Алаша тоқу, кілем тоқу, сырмақ сыру деген өнерлері де мұралар тізіміне енсе екен. Ұлттық құндылығымыздың ЮНЕСКО көлемінде жарнамаланып, насихатталуы қуаныш, мақтаныш деп білемін. Ұлттық құндылығымыз өте көп. Оларды да зерттеп, зерделеп, сол істі жасап жатқан мамандар ЮНЕСКО деңгейіне мәдени мұра тізіміне енгізілсе қуаныштымын. Өзім де үлес қосқым келеді», – дейді этнограф Бұлбұл Кәпқызы.
Енді оқу орындарында, мектепте, балабақшада ұлттық дәстүрлердің бәрі айтылуы да маңызды екенін ұмытпасақ керек-ті.
718 рет
көрсетілді0
пікір