• Ақпарат
  • 12 Желтоқсан, 2024

Тәуелсіздіктің 33 белесі

Бір нәрсе анық, Тәуелсіздік жариялау оңай, бірақ басты мәселе – оны баянды ету. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген бала бүгін отыздан асып барады, ол болашағына бағыт-бағдар алған, маман иесі атанған Қазақстан азаматына айналды. Біз мақала барысында Tәуелсіздігімізді баянды еткен, ел өмірінде елеулі жаңалық ретінде тіркелген, тарих үшін өзіндік орны бар оқиғалар мен деректер жиынтығын саралап беруге тырыстық. Сонымен...

1. 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыда сол кездегі коммунистік партияның 18 минутқа созылған жедел жиынында Қазақстанда Геннадий Колбин елге басшы болып тағайындалды. Оған наразы болған бірнеше мың қазақ жасы 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңына жиналып, наразылығын білдірді. Мұндай акция Қазақстанның өзге де қаласында жалғасты. Кеңес билігі наразылықты күшпен басты, бейбіт шеруге шыққандарды ұрып-соғып, жаппай қамап, жауапқа тартты. Деректер әртүрлі, 170-ке жуық адам қайтыс болып, 2 мыңға жуығы зардап шекті, 8,5 мың адам ұсталды, 900-ге жуығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 99 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, ал 600-ге жуығы жоғары оқу орындарынан және жұмыстан шығарылды. Кеңес Одағында бірінші болып бас көтерген қазақ жастарының бұл наразылығы демократияның бастауы болды десек қателеспегеніміз.
2. Қазақстан 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» қабылдады. Бұл күн 2009 жылға дейін Республика күні ретінде мемлекеттік мереке болып келді. Кейін атап өтілмейтін болды. Тек 2022 жылдың 29 қыркүйегіндегі Президент Тоқаевтың Жарлығы бойынша 25 қазан «Республика күні» мемлекеттік мереке мәртебесіне қайта ие болды. Бұл күн «ел тәуелсіздігіне апарған сара жол» екені анық.
3. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Қазақстанның Tәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш АҚШ, екінші болып Қытай, содан соң Ұлыбритания, сонан соң Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран мойындады. Ал Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты, бірақ Тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі Вячеслав Ғиззатов келтірді. 
4. 1991 жылғы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Кеңес Oдағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың 468 сынағын өткізді. Полигон аумағындағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында өткізілді. 1991 жылдың 29 тамызында Президент Жарлығымен Семей полигоны жабылды. Қазақстанның бастамасымен осы күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялау туралы 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қарар қабылдады.
5. 1991 жылғы 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ал қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев 1994 жылғы 1 маусымда, ал 2015 жылғы 2 қыр­күйекте ғарышқа үшінші қазақ Айдын Айымбетов аттанды.
6. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Еліміздің екінші Ата Заңы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 99 баптан тұрады.
7. Алматы қаласында 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті. Оған әлемнің 33 елінен 800-ден аса өкіл қатысты. Жалпы еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 144,9 мың отандасымыз оралды.
8. 1992 жылғы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі – генерал-полковник Сағадат Нұрмағам­бетов.
9. 1992 жылғы 22 мамырда Қазақстан ЮНЕСКО құрамына енді. Ауқымды әрі маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін 1993 жылы Қазақстанда ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының тұсаукесері, М.Өтемісовтің 200 жылдығы, Абайдың 150 жылдығы, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Қастеев, Ә.Марғұлан мен А.Жұбановтың, Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығы атап өтілді. ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне «Қыз Жібек» эпосы енгізілді. Қазақстанның мәдени және табиғи мұрасының 5 көрнекті ескерткіші ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енді.
10. 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіздіктің басты атрибуттары – Ту мен Елтаңба бекітілді. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков, ал Елтаңбаның авторы – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Конкурс кезінде осы екі мемлекеттік рәміздің 1 500 нұсқасы ұсынылды. Сол жылы 11 желтоқсанда Әнұранның мәтіні бекітілді. Оның жүздеген нұсқасы талқыланды. Соңында Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев пен Жадыра Дәрібаеваның мәтіні таңдалды. Ал 2006 жылдың қаңтарында респуб­ликаның жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне композитор Ш.Қалдаяқовтың (сөзі Ж.Нәжімеденовтің) 1950 жылдары жазылған «Менің Қазақстаным» әні алынды. 
11. 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданды. БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан, Пан Ги Мун және Антониу Гуттериш елімізге бірнеше рет ресми сапармен келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2011 – 2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысының орынбасары  – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметін атқарды.
12. 1993 жылдың 15 қарашасында Ұлттық валюта  – теңге айналымға енді. Теңгенің алғашқы үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлелов салды. Валютаға белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар басылды. Бір теңгелік банкнотта  – Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте  – Сүйінбай, бес теңгелікте  – Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан Уәлиханов, жиыр­ма теңгелікте  – Абай, елу теңгелікте  – Әбілқайыр хан, ал жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесі сомдалды.
13. 2000 жылы Президент Жарлығымен Ұлттық қор құрылды. Ұлттық қордың негізгі мақсаты – келешек ұрпақ үшін қаржы жинағын қалыптас­тырып, әлемдік шикізат нарығындағы өзгерістердің ел экономикасына ықпалын кеміту. Ұлттық қор әлі күнге экономиканың өзіндік қауіпсіздік және қорғаныс кепілі болып келеді. 
14. 1995 жылдың наурыз айында Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құрылды. 
Ассамблеяның негізгі міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, құндылықтарды дамыту. Ассамблея Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етеді. 
15. 1996 жылғы 16 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан Tәуелсіздігінің бес жыл толуына байланысты «Тәуелсіздік монументі» ашылды. Оның авторлары архитектор Ш.Уәлиханов, мүсіншілер- Н.Далбай, Ә.Жұмабаев, сәулетшілер Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев тағы басқалар. 
16. 1997 жылдың 20 қазанындағы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» №3700 Жарлыққа сәйкес, Ақмола қаласы ресми түрде 1997 жылдың 10 желтоқсанынан астана болып саналады. 1998 жылғы 6 мамырда Ақмола қаласы жұртшылығының тілегі ескеріліп, Үкімет жанындағы ономастикалық комиссияның қорытындысы негізінде Ақмола атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты.
17. 1997 жылғы 1 қазанда Қазақстан  – 2030 стратегия­сы – ел дамуының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық бағдарламасын қабылдады. Стратегияда көзделген мақсат – ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату болды. 
18. 1999 жылы екі елдің басшысы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақстан  – Қытай мемлекеттік шекара сызығын демаркациялау туралы хаттаманы бекіту» заңына сәйкес, шекаралық мәселелерді толық реттеп, құжатқа қол қойды. Ал 2005 жылғы 18 қаңтарда әлемдегі ең ұзын шекаралық белдеу болған Қазақстан  – Ресей шекарасы нақтыланып, БҰҰ тарапынан мойындалды. Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстанмен арада шекара шегенделді.
19. 2001 жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы басталды. Бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттырды.
20. 2003 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын жасауды тапсырды. Бағдарламаны жүзеге асыру 2004 жылы басталды. Кейін 2007 жылдан 2009 жылға дейін және 2009 жылдан 2011 жылға де­йін жалғасты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы рухани және білім беру істерінің даму саласындағы негізгі құжат, стратегиялық ұлттық жобаға айналды. «Мәдени мұраның» мақсаты – тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштерін ашу, ұлттық мәдениет үшін айрықша маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді консервациялау, қалпына келтіру және қайта жасау; мәдени мұраның, оның ішінде ауыз әдебиетін, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудің біртұтас жүйесін жасау; әлемдік ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері базасында гуманитарлық білім берудің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау, шетелде Қазақстанның мәдени мұрасын үгіттеу.
21. 2009 жылғы 19 мамырда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің №224 бұйрығымен - «Болашақ» халықаралық стипендиясы бекітілді. 1993 жылдан бері 11 мыңнан астам қазақстандық әлемнің үздік университеттерінде білім алып, тәжірибесін шыңдап, қазір ел экономикасының әр саласында еңбек етіп жүр.
22. 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтас­тық ұйымының Астана саммиті өтті. Қазақстанның ұраны төрт «Т» – «траст» (сенім), «традишин» (дәстүр), «транспаренси» (транспаренттік) және «толеранс» (төзімділік) 
Жалпы, Астана саммитіне ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет және ондаған ұйымның басшысы қатысты. Астана саммиті осы іргелі ұйымға мүше-елдердің болашақтағы маңызды басымдықтарын анықтауға бірегей мүмкіндіктер берді.
23. 2017 жылы Астанада ЭКСПО
халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Үш айға созылған шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге 4 миллион адам келді. Олардың ішінде жарты миллион шетелдік азамат бар.
24. Алматы қаласында 2017 жылғы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында қысқы универсиада өтті. Оған спорттың 12 түрі бойынша спортшылар қатысты. Қазақстан өз тарихында алғаш рет қысқы универсиада қорытындысында бірінші орынды жеңіп алды. 
25. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Аталған жоба жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік беруге, білім сапасын арттыруға және ұлттың өзіндік сана-сезімі мен оның тілін дамытуға бағытталды. Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология саласы бойынша әлемнің ең үздік 100 оқулығы қазақ тіліне аударылды. 
26. 2019 жылғы 19 наурыз күні кешкі сағат 19:00-де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа бейнеүндеу жолдап, өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Осылайша, елді 30 жыл басқарған Президент өз еркімен қызметінен кетті. Қазақстандықтар үшін бұл тосын мәлімдеме болды. Ол өз орнына Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. 
27. 2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылғы 12 маусымда Конституцияның 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті. Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қарашасында өткен кезектен тыс Президент сайлауында тағы да 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті. 2022 жылғы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
28. 2022 жылдың 2 қаңтарында сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты Қазақстанда басталған наразылық шаралары тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихындағы ең қатал қақтығысқа айналды. Қақтығыс барысында 238 адам қаза тапты. Жарақат алғандар  – 4 353 адам, оның ішінде 3 393 құқық қорғау органдарының қызметкері, мүліктік шығын 100 млрд теңгеден асты, 3 702 қылмыстық іс қозғалып, 9 900 адам тұтқындалды. 152 адам сотталды. 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздіктер ресми деңгейде мемлекеттік төңкеріс деп аталды. ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің мүлкі тәркіленіп, 18 жылға сотталды. Ол «мемлекетке опасыздық жасағаны» (ҚК 175-бабының 1-бөлігі), «билікті күшпен басып алғаны» (ҚК 179-бабының 3-бөлігі) және «билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны» (ҚК 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы) үшін кінәлі деп танылды. Ал оның орынбасарлары А.Садықұлов  – 16 жылға, Д.Ерғожин  – 15 жылға, 
М.Осипов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың барлығы генерал шенінен және мемлекеттік наградаларынан айырылды. Сонымен қатар сотталушылардан мемлекет кірісіне 10 миллиард теңгеден астам қаржы және 24 млн АҚШ доллары өндіріп алынды.
29. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел назарын аударған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. 
 – Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан «Ұлттық қор  – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайы­зын балалардың арнаулы жинақтау­шы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыз­дың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын. 
«Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. Бұл – Жаңа Қазақстанның сипа­тына сай келетін маңызды бастама. Сондай-ақ табысы мол кәсіпкерлер мен азаматтар қорға демеушілік көрсете береді деп сенемін. 
Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді.
Біздің елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. Ал халықтың басым бөлігінің табысы төмендеп келеді немесе еш өзгеріссіз қалды. Бұл  – мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Мұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осындай дағдарыстың алғашқы белгілері көріне бастады. Халықаралық сарапшылар, атап айтқанда, KPMG Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды немесе жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады. Мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Тез арада жағдайды өзгерту керек және көп нәрсе сіздерге байланысты, құрметті кәсіпкерлер,  – деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 
30. 2023 жылғы 16 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды халық санының 20 миллионға жетуімен құттықтады. Сүйінші хабарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Twitter» парақшасында жазды. Президент құттықтауында: «Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы  – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді»,  – деді. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылғы 14 қараша күні таңғы сағат 08:10-да өмірге келген бес сәби Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізді. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келгенін айта кетейік.
31. Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысындағы Жетіген ауылы Алатау қаласына айналады. Бұл туралы тиісті құжатқа 2024 жылғы қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Alatau City жобасы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі экономикасының катализаторы болады. Ол ғылыми, білім ордасына айналады. Алматыдағы, өзге өңірлердегі ЖОО-ны, ғылыми-зерттеу институттарын болашақта Алатауға көшіру ұсынылып отыр. Жаңа қалада 40 мыңға жуық студент оқитын болады. 2050 жылға дейін Алатаудағы экономиканың барлық саласында 900 мың жұмыс орны құрылады. 
32. «2024 жылғы 6 қазанда өткен референдумда ел халқы «Қазақстанда АЭС салуды қолдайсыз ба?» деген сауалға жауап берді. Референдумға 5 миллионнан астам азамат қатыс­ты. Қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС салудың қажеттілігін қолдаса, ал 2 452 071 азамат қарсы дауыс берді.
33. Қазақстан БҰҰ электронды үкімет бойынша әлемдік рейтингісінде 24-орынға ие болды. БҰҰ рейтингісі екі жылда бір рет жасалады және ол 193 елдің арасында өткізіліп, бағаланады. Электронды қызметтің дамуы бойынша 2024 жылдың рейтингісінде Қазақстаннан кейінгі орындарда Уругвай (25-орын), Швейцария (26), Түркия (27), Франция (34), Қытай (35), Канада (47) орналасқан. 2024 жылғы рейтинг 2022 – 2023 жылдары жиналған деректерге қарап жасалған. Қазақстан сондай-ақ ТМД елдері арасында көшбасшы. Электронды қызмет бойынша қазақ елі Ресейден (43-орын), Армениядан (48-орын), Өзбекстаннан (63-орын) және Әзербайжаннан (74-орын) озып тұр.
Міне, Тәуелсіздік тарихында басты деп саналған деректер базасын түзіп шықтық. Бірақ елдің қалыптасуында орны бар оқиғалар легі мұнымен шектелмек емес. Тәуелсіздік – қастерлі ұғым. Сондықтан егемен елдегі халқымызды қолдап жүрейік, бірлік пен ынтымақ арқылы Отанымызды қорғай білейік. 

Әзірлеген 
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

1580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы