- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Кәсіби бағытты арттыратын кітап
Элеонора Әзіржан,
«Ana tili»
Алматыдағы БҰҰ-ның бас кеңсесінде еліміздің БАҚ өкілдері мен Орталық Азия университеттерінің профессорлары бас қосқан «Тұрақты дамуға арналған деректер журналистикасы: Орталық Азия үшін мақсаттар, сын-тегеуріндер мен адам құқықтары» атты халықаралық конференция өтті. Жалпы, «деректік журналистика» немесе «дата журналистика» деген не? Оның қазіргі деңгейі қандай?
Қазір цифрлық жүйе дамыған сайын ақпараттың халыққа жетуі көз ілеспес жылдамдықпен таралып жатқаны айқын. Әлемде сәт сайын ақпарат ағыны жаңғырып, адамдар оны сараптап та үлгермей жатыр. Сондықтан әлемдік журналистика саласы сандық деректермен жұмыс істеу көкжиегін кеңейтті. Бұдан соң біраз Бұқаралық ақпарат құралдары сандармен, нақты ақпараттармен тікелей жұмыс істеуге көшіп, оларды дереккөзге айналдырды. Сөйтіп, «деректер журналистикасы» немесе «дата журналистика» ұғымы нақты қолданысқа енді. Осы орайда дата журналистикасын елімізде, Орта Азия аймағында одан әрі дамытып, аталған бағытта журналистердің біліктілігін арттыру үшін сала мамандары білек сыбана кірісті. Нәтижесінде Орталық Азия елдерімен бірлесіп шығарылған «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» атты еңбек дүниеге келді. Бұл кітап қалай жарық көрді? Мұндай пайдалы оқулықтардың қатарын көбейту үшін не істеу керек? Осы UNESCO IPDS жобасында барлық автордың басын қосқан жетекші, саяси ғылым докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева сұрағымызға жауап берді: «2021 жылы ЮНЕСКО-ның коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасының «Орталық Азия елдеріне бейімделген деректер журналистикасы курсын даярлау» жобасын ұтып алған едік. Курс қазір өзбек, тәжік, қырғыз, ағылшын тілдеріне аударылып тұр, енді мағыналарын бір-бірімен салыстырып, өңдеп редакцияға жібереміз. Жалпы, еңбектің дайындалуына алғашқы жұмысынан бастап, соңғы штрихына дейін үш жыл уақыт кетті. Мұндағы басты ерекшелік, Орта Азия елдерінің бірігіп, дата журналистика курсын жазуы. Журналистика саласында бұрын-соңды мұндай бірлескен халықаралық ұжымның еңбегі болмаған. Жобаға атсалысқан авторлар: Мадина Мансұрова (Қазақстан), Гүлнұр Төлепбердинова (Қазақстан), Зарина Буенбаева (Қазақстан), Санатбек Сейдеханов (Қазақстан), Айтолқын Ашимова (Қазақстан), Элира Турдубаева (Қырғызстан), Аита Сұлтаналиева (Қырғызстан), Қымбат Болотбекова (Қырғызстан), Яхутхон Маматова (Өзбекстан), Фатима Муминова (Өзбекстан). Ғылыми еңбек журналистика факультетінің студенттеріне, тәжірибе жинаушы журналистерге, деректер журналистикасына қызығушыларға арналады», – деді.
Кітап «Зерттеу және статистика принциптері», «Ашық көздерден ақпарат жинау», «Электронды кестелерге кіріспе», «Сторителлинг тренді деректер журналистикасында» сынды 11 тарауды қамтыған.
Жоба авторының айтуынша, дата журналистиканың Қазақстандағы қазіргі деңгейі әлі де графикалық деңгейде. Бізге интерактивті журналистиканы, картографиялық журналистиканы дамыту қажет. Егер интерактивті журналистика дамыса, тараптардың бір-бірімен кері байланысында еш мәселе болмайды. Ал журналистік зерттеуде картографиялық бағыт үлкен рөл атқарады. Дата журналистика Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дiң журналистика факультетінде ашылды. Өзім координатор болып, жоспарын құрдым. Бұл бағыт ашылғалы бері бізден 68 түлек бітірді. Қазір елдегі біраз университетте конвергентті журналистика, зерттеу журналистикасы деп оқытылып жатыр», – деп ғалым-профессор журналистиканың елдегі дамуына үлкен сенім білдірді.
Конференцияға көршілес өзбек, қырғыз елдерінен авторлар, студенттер, докторанттар, ғылыми қызметкерлер мен ұстаздар қатысып, еңбектің маңыздылығына тоқталды. ҚазҰУ-дің 2-курс докторанты Олжас Әбдіхалықтың айтуынша, «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсын» оқу арқылы мынадай мәселелер шешімін табады: журналистер, ең алдымен, ашық ақпарат көздерінен деректерді қай жерден алатынын үйренеді. Ашық дереккөздермен жұмыс істеуді үйрену оңай дүние емес. «Оны қай жерден табамыз, ғаламтордың қай жерінен іздейміз?» деген сұрақтарға оңай жауап береді. Ақпараттарды факчекинг жасауды үйренеді, яғни сол алған деректерді қайта тексеру барысында қате кетіп қалмауын терең меңгереді. Одан кейінгі негізгі дүние визуализация құралдарын пайдалану, яғни алынған ақпараттарды көрнекілік құралдары – инфографика, диаграмма, графика сынды түсіндірмелермен аудиторияға қысқа уақытта ұғынықты әрі әдемі тәсілмен жеткізе алу. Қазір Қазақстан ашық дереккөздері бойынша әлемде 40-орында. Бұл ашық дереккөздермен жұмыс істеуді, оған оңай қол жеткізуді үйрену арқылы біз елдегі коррупцияның алдын алып, оны жеңе аламыз».
Жиынға ZOOM платформасы арқылы қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Қазіргі ақпараттық кеңістікте фейк, түрлі-түрлі жасанды интеллектінің қатысуымен жасалатын алаяқтық кезіндегі деректерді сараптауда дата журналистиканың маңызы зор. Ақпараттың дауыл секілді шарпыған кезеңінде кәсіби журналистер өз жауапкершілігін толық түсінуі керек. Қазіргі фейк, жасанды жаңалықтардың қайсысы дұрыс? Ақиқат қайда? Мұны кәсіби журналистердің ажырата білуі өте маңызды. Осы тұрғыда бүгінгі ұсынылып отырған деректік журналистика бойынша жаңа оқу курсы, яғни кітаптың таныстырылымы Орта Азия университеттеріне бейімделіп, ЮНЕСКО-ның Халықаралық коммуникация дамыту бағдарламасының арнайы қолдауымен дайындалған. Сонымен қатар деректерді өңдеу мен талдау саласындағы үздік әлемдік тәжірибелер мен құралдарды меңгеруге, жаңа бағыттағы журналистерді дайындауға, жасанды интеллект пен цифрлық, әлеуметтік платформалармен жұмыс істеуге үйретеді. Курс біздің мамандарымызға, оқытушыларымызға, профессорларымызға, студенттерімізге жаңа серпін, жаңа бағыттар ашады деген үмітіміз бар. Еңбек тек қана қазақстандық авторлар емес, қырғызстандық, өзбекстандық авторлардың бірлескен жұмыс нәтижесі. Сондықтан атсалысқан көршілес ел мамандарына алғысымызды айтамыз, – деді. Министр одан әрі сөзін жалғап, келесі проблемаларға тоқталды. «Қазір көп жағдайда кәсіби журналистеріміз блогерлерге, әлеуметтік желідегі белсенділерге жеңіліп жатыр. Бұл осындай қилы заманда журналистің жұмысын шектейді. Олар кей жағдайда жауапкершілікті сезіне отырып, кәсіби журналист айта алмаған нәрселерді айтады, кейде керісінше жауапкершілікті сезінбеген медиабелсенділер фактілерді тексеріп, дайындалмай жариялай салады. Контентті кейін журналист зерттеп, зерделеп халыққа ұсынса, оны көпшілік оқымай да қалады. Өйткені жаңалықтың өзінің бір қағидаты бар ғой: «Кім бірінші берсе, сонікі дұрыс» деген. Сонда кәсіби мамандар бәсеке тұрғысынан кәсіби емес мамандардан ұтылыпр жатыр. Сондықтан журналист мәртебесін жоғалтпай, жаңа деңгейге шығаруымыз керек», – деді. Ол осы тұрғыда «Деректер журналистикасы бойынша оқу курсы» кітабы журналистерге үлкен қару, білім, жаңа серпін бола алатынына сенім білдірді.
800 рет
көрсетілді0
пікір