- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ҒАЛЫМДАРДЫ БІРІКТІРЕДІ
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Алматыдағы Достық үйінде академик, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аясында ғылымды дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Әр саланың көш басындағы жетекші ғалымдардың басын қосқан жиынға Ұлттық ғылым академиясының бұрынғы президенттері, салалық ғылым академияларының басшылары мен академиктер қатысты.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев 2024 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, есеп берді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әлемдегі үздік академиялардың тәжірибесін талдай отырып, ҰҒА-ның мақсат-міндеті анықталып, 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы белгіленді. Сондай-ақ халықаралық тәжірибе негізінде Академия жұмысының нақты тетіктері әзірленді, соның нәтижесінде ғылым саласындағы жүйелік олқылықтар түзетіліп, негізгі басымдықтар бойынша жұмыс жүргізіледі.
ҰҒА басшысының айтуынша, биыл алғаш рет ғылымды дамытудың басымдықтарын анықтау үшін ауқымды зерттеулер жүргізіле бастады. Салалық министрліктердің, әкімдіктердің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының, бизнес өкілдері мен жетекші ғалымдардың қатысуымен 30 өңірлік және салалық форсайт-сессия ұйымдастырылып, нәтижесінде ғылыми зерттеулердің 200 басым міндеті анықталды. Алдағы жоспар – халықаралық деңгейге шығу.
Президент Қ.Тоқаев өңірлік ғылымды дамытуға назар аударғаны белгілі. Әзірге 8 облыстың әкімдігі ғана жергілікті бюджеттен ақша бөлген, бұл өте төмен көрсеткіш. Сондықтан ғалымдардың облыс әкімдіктерінің жанынан Ғылым және технологиялар бойынша кеңес құру туралы ұсынысы Президент тарапынан қолдау тапты. Биыл Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында ғылыми жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, Академия президиумының 4 көшпелі отырысы өтті. Бұл жиындар әр аймақтың өзіне тән басым саланы дамытып, өнім өндіруге дейінгі іс-шараларды қамтиды.
Ғылым саласында кадр тапшылығы – өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда 21 мың адам ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде ондаған есе жоғары. Сондықтан Президент жанындағы ҰҒА жас ғалымдарды қолдауға айрықша көңіл бөледі. Оның жарқын дәлелі – Tәуелсіздік жылдарында алғаш рет академия жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұған дейін мұндай кеңесті 1968 жылы академик Шахмардан Есенов ұйымдастырған екен. Академияның Жас ғалымдар кеңесінің құрамына 23 жетекші жас ғалым тартылды. Сондай-ақ жас ғалымдардың құқын қорғайтын омбудсмен қызметі енгізілді. Осы кеңестің ұйымдастыруымен жуырда «Жас сәтбаевшылар» атты жас ғалымдардың бірінші конгресі өтті.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев тағы бір жаңалықты атап айтты, ол ғылым жөніндегі Ұлттық баяндамада алғаш рет жас ғалымдардың жағдайы мен жетістіктеріне арналған жеке тарау болады. Ғалымдардың қаржылық жағдайын жақсарту мақсатында да көптеген жұмыс қолға алынды. Мәселен, қазір Академияда ғылыми сыйлықтар алуға үміткерлердің конкурсы өтіп жатыр. Сәтбаев, Уәлиханов, Алтынсарин, Күлтегін, Қонаев, Әуезов атындағы беделді сыйлықтар өз иесін табады.
Ақылбек Қажығұлұлы ҰҒА-ның қызметіне қатысты мәселелерді де атап өтті: Академияның дербестігі; Академияны мемлекеттік тапсырма және тpансферт арқылы қаржыландыру; академиктерге гранттарды конкурссыз бөлу.
Жиында салалық академия басшылары өз ойы мен ұсынысын жеткізді. Академик Кәрімбек Құрманәлиев ЖОО-ға арналған оқулықтар шығаруды мемлекет тарапынан қаржыландыру керегіне тоқталды. «ЖОО-да студенттердің 75 пайызы қазақша оқығанмен, оқулықтардың 39 пайызы ғана қазақ тілінде. Қаныш Сәтбаев 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазды. Сіздер де әрқайсысыңыз өз салаңызда оқулық жазып, үлес қоса аласыздар. Қазақ тілі ғылым тілі бола алады», – деді К.Құрманәлиев.
Академик Рахман Алшанов әлемдегі геосаяси аухал өте күрделі екеніне тоқталып, мемлекеттің тұрақтылығын нығайтуға қатысты болжам жасауға ғалымдар көмектесуі керегін айтты. Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайынов: «Мектептегі білім сапалы болмаса, мемлекетте ғылым да, экономика да алға жылжымайды. Ең басты міндет – балалар білімінің сапасын көтеру. Бұл үшін білім мәселелерін зерттейтін ғылыми-зерттеу институтын құру керек», – деді.
Дөңгелек үстел барысында ғалымдар салалық академиялардың жағдайы, ғалымдардың бір мүддеге бірігуі, ғылым саласын жүйелі дамытудың тетіктерін іске қосу, ғылыми-зерттеулердің бағытын реттеу және басқа маңызды тақырыптар жөнінде ой-пікірі мен тың ұсынысын жеткізді. Жиын соңында академиктер ғылымға қосқан үлесі үшін Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған медальмен марапатталды.
Дина Имамбай
826 рет
көрсетілді0
пікір