- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Ажары бөлек аймақ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ақтөбе облысына сапары барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Президентке Ақтөбе облысының әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Облыс басшысының айтуынша, биылғы 11 айда аймақ экономикасы 6 пайызға өскен. Ал өнеркәсіп өндірісі 4 пайызға артып, осы жылдың алты айында шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 175 миллион долларға жеткен. Президентке Ақтөбе қаласының әуежайын мультимодальды хаб ретінде дамыту үшін мұнда арнайы экономикалық аймақ құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бұл жобаға 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция тартып, 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Облыс әкімі Мемлекет басшысына өңірде жүзеге асырылып жатқан және 2025–2027 жылдарға жоспарланған инвестициялық жобалар туралы да айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласында салынатын жаңа құрылыс нысандарының макеті таныстырылды. Президент тапсырмасына сай, шаһарда 700 орындық драма театры және 35 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтермек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» шахтасын аралап көрді. Шахтаның қуаттылығы жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді. Мемлекет басшысына жаңа нысанда 1 800 жұмыс орны құрылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тартылатын инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады.
Eurasian Resources Group директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов «Болашақ» шахтасы ERG компаниялар тобының ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатынын атап өтті.
Кәсіпорын «Миллионное» және «Алмас-Жемчужина» кен орындарын игерумен айналысады. Кен қазу ісіне автоматты режімде бұрғылайтын интеллектуалды бұрғылау қондырғысы, қашықтан жер үстінде басқару жүйесі, сондай-ақ толықтай автоматтандырылған жүк көтеру машиналары секілді озық технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтар қолданылады. Компания басшысының айтуынша, Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды. Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды. 1979 жылы негізі қаланған колледжде 1 157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр.
Оқу орнының директоры Бағдашжан Молдашева Мемлекет басшысына білім беру үдерісінде қолданылатын озық технологиялар жөнінде мәлімет берді. Студенттер колледж аумағындағы оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ жаттықтырушы-
симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев колледж жұмысымен танысқан соң студенттермен және түлектермен кездесті. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы дуалды оқыту жүйесінің аса қажет екенін жеткізіп, аталған колледждегі теория мен өндірісті ұштастыру арқылы жүргізіліп келе жатқан білім беру ісіне жоғары баға берді.
Президент №1 Хромтау орта мектебін аралап көріп, мектептің білім беру ісіндегі ерекшеліктерімен және оқушылардың зертханалық жұмыстарымен танысты. Президентке бұл оқу ордасы «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» пилоттық жобасына енгізілгені жөнінде ақпарат берілді. Қанатқақты жоба шағын жинақты мектептерде цифрлық технологияларды қолдану арқылы білім берудің сапасы мен оқытудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жоба аясында мұғалімдер қашықтан тәжірибе алмасады.
Мемлекет басшысы аталған білім ошағындағы және басқа да ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн-режімде қатысты.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай елді мекендерде тұратын балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектепке автобус сыйға тартты.
Мемлекет басшысы Ақтөбе қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығының ғимаратын да аралап көрді. Нысан өңірдегі 15 мыңға жуық бейнекамера арқылы жергілікті жердегі ахуалды нақты уақыт режімінде тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Орталықтың жедел залында 32 инспектор мен «102» шұғыл желісінің үш операторы жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов полиция қызметінде қолданылып жатқан цифрлық жобалар туралы баяндады.
Қазір Ақтөбе облысында 5 жедел басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Осы орталықтар арқылы өңірде 1,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық ашылып, 187 мың жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталған.
Сонымен қатар Президентке ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологиясы қолданыла бастағаны туралы мәлімет берілді. Бұл технология бақылау камераларындағы бейнеге талдау жүргізіп, жоғалып кеткен азаматтарды табуға көмектеседі. Сонымен қатар арнайы платформаға жүктелген фотосуреттер арқылы күдіктілердің бет-бейнесін танып, қажет мәліметтерді де ұсынады. Бұдан бөлек жол жүру ережесін бұзу фактілерін тіркеп, көлік қозғалысын қадағалауға жәрдемдеседі.
Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет екенін айтып, қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етудің маңызына назар аударды.
Президент Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының қызметімен де танысты. Мемлекет басшысы мекеме қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың жұмысына табыс тіледі.
Еркін ҚАЛДАН
671 рет
көрсетілді0
пікір