- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Ендіктерді аралап еркін дүбір...
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Белі бекем елдің болашағы қашан да жарқын. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген ұлағатты сөзі бар. Бұл өткен ғасырдың басында айтылса да, өзінің тарихын, мәнін жойған жоқ. Жыл өткен сайын маңызды бола беретіні де ақиқат.
Өйткені тәуелсіздік деген мәңгілік ұғым. Бір ел тәуелсіздікті күресіп алады, соның жолында ұлы құрбандықтар болуы да мүмкін. Екінші бір ел бар, мемлекеттілігін сақтай алмай, ішкі тартыс пен қайшылықтан құлайды. Мұндай мемлекеттер тарихта жоқ емес. Олардың тәуелсіздігі мәңгілік болмайды. Бір елдер мәңгілік бітпестей көрінер майдан алаңына айналады. Бір ғана мысал, Ауғанстан,Сирия мен Ливия, Ирак пен Палестина, қазір сыртқы және ішкі күштердің тартысынан соғыс алаңына айналды. Ішкі бірлігі бекем ел болса, берекесі кетпес еді ғой.
Сондықтан Алла берген бақ байрағы – тәуелсіздігіміздің қадіріне жетуіміз керек. Мәңгілік ел деген ұғымның астарында, ең алдымен, Тәуелсіздікті сақтап қалу, баянды ету, нығайту деген ұғым тұрғанын бәріміз де түсінуіміз керек.
Адам өмірі – басты құндылық. Бір ел – бір діл. Ұлттық бірегейлік қана елге береке әкеле алады. Қазақ тілі ғана Қазақстанды мекендеген бар ұлтты топтастырады. Ұлттық бірегейлікке бастайтын ұлттық идеология. Оның мазмұндық бастауы Алаш қайраткерлерінің идеясында жатыр. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». Әлихан Бөкейханның осы сөзі қазақтың әр шенеунігі мен азаматының жүрек түкпірінде тұруға тиіс. Сонда ғана тәуелсіздік ұғымының мән-маңызы мен тарихын түсіне аламыз.
Алаш қайраткерлерінің қазақ мемлекетін құруға ұмтылысынан жүздеп мысал, қайраткерлердің еңбегінен қанатты сөз келтіруге болар. Халық та, бүгінгі билік те, алаштықтардың адал қызметін толыққанды сезініп, түсіне алуға тиіс.
1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында алаңға шыққан қазақ жастары демократияның алғашқы қарлығашы болды. Алматыда басталған демократиялық жалын артынан бүкіл Кеңес Одағын шарпыды. Бүгін сол Одақта болған 15 республиканың бәрі де тәуелсіз ел.
1991 жылдың 16 желтоқсанында жер-жаһанға тәуелсіздігімізді жарияладық. Содан бері 33 жыл өтті. Кеңес Одағынан шыққан көптеген ел соғысты бастан өткерді. Кей ел ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ете алмады, азаматтық соғыс болды. Бірнеше ғасыр бұрын сыртқы жаугершілік пен қырқысты біз де көргенбіз. Бірақ елімізді, жерімізді сақтап қалдық. Тәуелсіздік алғалы тыныштық. Өйткені бейбітшіліктің дәмін жақсы білеміз.
Ырымшыл халықпыз. Баламыз да, болашағымыз да жақсы болса дейміз. Тіпті дүниеге келген баламыздың атын қастер тұтып, ерекше есім қоямыз. Дерекке жүгінсек, көңіл көтеріледі, көз тояды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда, яғни Қазақстан өз Тәуелсіздігін жария еткен күні елімізде 959 сәби дүниеге келген екен, соның ішінде ұл бала – 491, қыз бала – 468. Сол 1991 жылғы 16 желтоқсанда туған балалар бүгін 33-ке келді. Орда бұзар отыздан асты. Шүкір!
Жаһандық интеграция адамға ат қоюға да ықпал етеді. Қазір Анелия, Медина, Милана, Амалия, Жасмин, Данэлия есімді қазақ көбейіп барады. Кісі есімі адамның тағдырына да әсер етеді деген тәмсіл бар. Ат қоярда сөздің мағынасын біліп барып қою қажет. Жақсы ат жаныңды жадыратады емес пе? Енді мына бір жайт, тіпті көңіл қуантарлықтай ғой. Қазақстанда Тәуелсіздік атын иеленген екі бала бар екен. Егемен атын иеленген – 21, Азат –14 065, Еркін – 3 913, ал Бостандық атын алған 23 азамат бар. Ал ел атын иеленген Қазақстан есімді 32 адамның барына бек қуанатынымыз анық. Сондай-ақ елімізде 86 – Теңге, 26 – Астана атты азаматымыз бар. Бір адамның есімі – Атазаң. Тағы бір деректі айта кетейік, Қазақстанда ел Президенті Қасым-Жомартпен аттас 818 адам тұрады.
Бұл ғана емес, Семей қаласымен аттас – 28, Алматы атты – 21, Түркістан атын қойған 18 бала бар. Сондай-ақ 15 – Атырау, 14 – Тараз, 12 – Қостанай,11 – Ақтау, 10 – Нұр-Сұлтан, 3 – Шымкент, бір-бірден Ақтөбе және Талдықорған атты ұл-қыз Қазақстанда өмір сүреді.
Жақсы атпен өмір сүрген жақсы ғой. Өмірі, тұрмысы жақсы болсын, дейміз олардың.
Ақиқаты, арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы ала құйын дауылдарға төтеп беріп, ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Алапат соғыс пен арпалысқан айқаста үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен заманда атамыз қазақ түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды. Ендеше Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. «Ер қонысынан айырылса, ел ырысынан айырылады». Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн – бұл!
Әңгіме Tәуелсіздіктен шықты ғой. Жақсылыққа ұмтылған Қазақстан азаматтарының болашағы нұрлы, жүзі жарқын болса дейміз. Ақын айтқандай, «ендіктерді аралап еркін дүбір», жер-жаһанға қазақтың үні естіле берсін.
Тәуелсіздігіміз баянды болсын!
1508 рет
көрсетілді0
пікір