- Ақпарат
- 12 Желтоқсан, 2024
Сайрагүл Иманхан, М.Мақатаев атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі: Мемлекеттік тіл түбінде төрге шығады
Көп жылдан бері мектепте еңбек пәнінен сабақ беріп келемін. Уақыт озып, егделеген сайын көрген-білгенің, түйгенің көбейе түсетіні анық. Ата-ана өз баласынан, жалпы, жасы үлкендер өзінен кейінгілерден үміт күтеді. Бірақ заман өзгеріп тұрады. Оған қарай адам да бейімделіп, түрлі жағдай болып жатады. Алдымен байқалатыны – бала қалайда ата-анасына еліктейді, тегіне тартпай қоймайды.
Оны айтып жатқаным, баланың қай тілге бейім болғаны ғана емес, сауаты қандай деңгейде екені де әке-шешеге қатысты дер едім. Қазіргі жас ата-аналар баласын тәрбиелеуге тек мектеп міндеттідей қарайтыны да таңдандырады. Баланың сәби күнінен қасында ең көп болатын адам, әрине, өз анасы. Былдырлап қай тілде сөйлеуі де сол анасына және әкесіне байланысты. Әрине, орта әсер етпей қоймайды, алайда баланың жақсы немесе жағымсыз жолға түсуі, жауапкершілігі, дос таңдауы дейміз бе – көп әрекеті тегіне, әке-шешесіне, олардан алған үлгі-өнегесіне тікелей қатысты. Сондықтан ата-анаға «алдымен өзіңді тәрбиеле» дегенді қала көшелеріне үлкен қылып жарнамалап жазып қою керек деп ойлаймын.
Бұл ретте сәбиді алдымен өзінің ана тілінде, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қанықтырып өсірудің маңызы зор. Себебі бөтен тіл сіздің ұрпағыңызды аздыруы ғажап емес. Өйткені жат тілден алған әсер, тәлім-тәрбие ата-бабадан келе жатқан генге жағымсыз жағынан ықпал етіп, ол ұрпағыңыздың тағдырына әсер етуі мүмкін. Оған қоса қазір, Құдайға шүкір, жергілікті ұлт Қазақстанда 70 пайыздан астық. Көпшіліктің аты – көпшілік, болашақта мемлекеттік тіл бәрібір төрге шығады. Өйткені көпшілікке бағыну – демократияның негізгі қағидасы. Соған байланысты мемлекеттік тілге деген сұраныс міндетті түрде артады. Ал қазақтың жас аналарына ұл-қызды ана тілімізде тәрбиелесеңдер, болашақта өкінбейтін боласыңдар дегім келеді.
Алматы облысы
Іле ауданы
749 рет
көрсетілді0
пікір