• Cұхбаттар
  • 26 Желтоқсан, 2024

Самат Құсайынов, фотограф: Әр фотосуретте өмір бар

Фото да өнер. Ал фотограф болу оңай емес. Кейде сәтті кадр үшін көп еңбектенуге, тәуекелге баруға тура келеді. Мұндай сәттерді басынан өткерген адам ғана сәтті фото түсіре алатыны сөзсіз. Ал фототілші болу екі есе жауапкершілік. Журналистің бір мақаласын бір ғана суретпен сөйлетіп, ойнатып беру фотографтың жұмысына тікелей байланысты. Елімізде фотоөнер, фототілші туралы айтқанда Самат Құсайынов ойға оралады. Алғашқы еңбек жолын «Ana tili» газетінен бастаған ол бүгінде  50 жасты еңсеріп, тәжірибелі, білікті маманға айналды. Қазір Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің фототілшісі қызметін атқаратын әріптесімізді аз-кем әңгімеге тарттық.

– Самат Серікбайұлы, фотография саласында жүргеніңізге қанша уақыт болды? Ең алғаш бұл салаға қалай келдіңіз?
– «Ana tili» – ұлттың газеті болса, мен үшін бұл газет қара шаңырағым сияқты. Осы саладағы ең алғашқы жұмысымды «Ana tili-нен» бастадым. Фотографияда жүргеніме 20 жылдан асты. Фотографияның, негізінен, пейзаж жанрын жақсы көремін, сосын фотопортретті  ұнатамын. Фотода жанр көп қой, бірақ әр фотограф жанына жақынын таңдайды.
Фототілші тек қана бір тапсыр­мамен жүрмейді, фототілші жан-жақты болуы, үнемі ізденісте жүруі керек. Мысалы, «Ana tili» газетінде жұмыс істеп жүргенде жертөледе тұратын отбасының жағдайын түсіріп, газетке шығардық. Оны сол кездегі қала басшысы Иманғали Тасмағамбетов көріп, әлгі отбасыға үлкен үй берді. Орыс тілінде жазылып, аударылмай қалып кеткен көшедегі жазуларды суретке түсіріп газетке шығарып едік, ол қателер де дереу өзгерді. Мұндағы айтпағым, фототілшіге қырағылық керек. 
– Қазір елімізде бұл сала қалай дамып жатыр?
– Фотография – мәселені айқын әрі нақты көрсететін бағыт. Фотожурналистика бұрыннан бар, қазір де қарқынды дамып келеді. Қазақ журналистикасында фототілшілер қатары да көбейді. Бұл салада бұрын біз істеп жүргенде маман аз еді, сондықтан барлық жанрды қамти беретінбіз. Қазір әрқайсысы өзінің саласында, жанрында еңбек етіп жүр. Мысалы, біреуі ат спортын, біреуі футбол, спорт, біреуі табиғатты суретке тартады. 
– Фото түсірілім кезінде шабыт қалай келеді? Әуес­қойлық пен кәсібиліктің арасында қандай айырмашылық бар?
– Журналист әрбір мақаланы ашу үшін ізденеді ғой. Сол сияқты, фотография да үлкен ізденісті қажет етеді. Бір суретпен бір мақаланы ашуға болады. 
Түсірілім кезінде шабыт адамға әр нәрседен пайда болады. Мысалы, табиғатқа шыққан кезде әсемдікті көресіз. Портретті түсіргенде адамның жақсы бейнесін, жақсы ракурсын тауып түсіргенде шабыт келіп, одан сайын түсіре бергің келеді. 
Әуесқойлық пен кәсібиліктің арасы жер мен көктей. Әуесқойлық – әркім өз қалауына сай суретке түсіреді. Сондықтан фотоаппарат ұстағанның бәрін фотограф деп есептеуге болмайды. Өйткені фотоаппараттың ішінен, объективтің ар жағынан өмірді көріп тұруың керек. Фотода адамның характерін бере алу маңызды. Мысалы, театрды түсіргенде, сахнада актерлер ойнап жатқан образды әдемі, сәтті ұстағың келеді. Портретте адамның бейнесін шығару үшін адамда көз жанарының жарқылын ұстау өте қиын. Көз жанары бір сәтте ғана жарқ етеді, сол сәтті ұстай білу керек. Адам күлген кезде, қуанған кезде сезім пайда болады. Сол сәттерді ұстау қажет. Күлгенде, қуанғанда, қатты бір ойда отырған кезде барлығы адамның көзінен байқалады. 
– Суретке түсіру өнер ме, әлде хобби ме?
– Өнер! Кәдімгі сурет салған сияқты өнер. Суретке түсірген кезде адамның суретінен тірі дүние шығару керек. Мысалы, мен Жамбыл облысы Сарысу ауданына қатысты фотожинақ шығарғанмын. Біздің ауыл шалғай жатқан, көркі көріне бермейтін аймақ қой. Жинақты елге апарып табыс еткенде, таңырқап риза болғандар да болды, бізде мұндай табиғат жоқ деп сенбегендер де кездесті. Адам бір жүріп өткенде сұлулықты байқамауы мүмкін. Ал фотокөзбен, фотообъективтің көзімен көп нәрсе шығаруға болады. Біреулер мұны хобби қылып жүрген шығар, оны шын кәсіпке айналдыр­ғандар өнер деп бағалайды. 
– Пейзаж, портрет түсіргенді ұнатамыз дедіңіз. Соңғы уақытта салт-дәстүрімізді көрсететін тақырыпқа да батыл қадам жасап жүргеніңізді байқаймыз. Бұл туралы көрме де өткізіпсіз...
– Қазақтың тыныс-тіршілігін, ұлттық салт-дәстүрін фотосурет арқылы көрсетемін. Өйткені жазған басқа, суретпен көрсеткен басқа. Фотосурет – әрбір сәтті ұстау. Дәстүр деген ұлттық тәрбиенің кілті, ұлттық ұлы дәстүрмен тәрбиеленеді. 2009 жылы Президенттің тілдерді дамыту қорының қолдауымен Астанадағы Ұлттық кітапханада «Сайын дала – салт-дәстүр» деген фотокөрмемді өткіздім. Сол көрмеге келген шетелдіктердің қызығушылығын көріп, тағы да шабыт ала түстім. «Alatau-Aqparat» медиахолдингінің басшысы Ержан Қалымбайұлының қолдауымен Түркияда да көрме қо­йып қайттық. 
«Ұлы даланың салт-дәстүрі» – Türk Yurtlarında Büyük Bozkırın Kültürü» атты фотокөрмені Alatau-Aqparat медиахолдингі мен ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымы бірлесіп ұйымдастырды. Көрме алдымен бір мекемеде өтетін болып, кейін орны ауыстырылды. Көрме Түркияның алғашқы президенті Ататүріктің өзі ашқан Анадолы музейінде қойылды. Бұл жер кезінде Жібек жолы болған ғой, менің туған жерім Жамбыл облысы да Ұлы Жібек жолының бойындағы мекен. Кешегі мен бүгінгі Жібек жолын жалғаған көрме дәл Анадолыда көрсетілгенінің өзі ерекше мәртебе деп білемін. 
Көрмеде Қазақстанның әр аймағындағы адамдардың күнделікті өмірін бейнелеп, олардың қонақжайлығын, дәстүрін және табиғатпен байланысын жеткізуге тырыстым. 
– Көрменің мақсаты қандай болды?
– Менің мақсатым – қазақ мәдениетін, ұлттық ойындарды, әдет-ғұрыпты сурет өнері арқылы дәріптеу. Түрік, әзербайжан, тәжік – бәрін ұстап ұйытып тұрған – ұлттық салт-дәстүр. Біз Анадолыда, жалпы шет мемлекеттерде қазақтың да рухани дүниесі бай екенін дәлелдей түскіміз келеді.
Біздің көрме Түркияның «Анадолы өркениеттері музейінде» ұйымдас­тырылды. Музей негізі – 1921 жылы қаланған. Музей Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің басшылығымен кеңейіп, ғимараты жаңарған. Бүгінде музейде неолит, қола дәуірі, Ассирия мен Урарту, хетиттер мен фригиялар, Ежелгі Грекия мен Ежелгі Рим, Византия және Осман империясы өркениеттерінен жинақталған коллекциялар сақталған. Тіпті тарихы 7500 жылға баратын жәдігерлер бар. Бұл аумақ «Ұлы Жібек жолының» ұйытқысы болған. Осыған қарап туған өлкем Тараз бен Анадолы арасында да мәдени сабақтастық болғанын сеземін.
Түрік фототілшілері мен біздің фототілшілер арасында аса бір айыр­машылық бар деп айта алмаймын. Әйтсе де түрік ағайындарда 1984 жылы «Түрік фото одағы» құрылыпты. Биыл 40 жылдық мерейтойы екен. Біз де сонда қонақ болдық, пікір һәм тәжірибе алмасып қайттық. Өздерінің іргелі журналы шығатын көрінеді. Әртүрлі тақырыпқа байланысты атымтай жомарттардың қолдауының арқасында фотоөнерді дәріптеп отырады екен.
Мен үшін бұл үлкен мәртебе, қуа­ныш. Суреттерімде түрік елдерін ортақ құндылықтарын, салт-дәстүрлерін көрсеткім келді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

 

1434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы