• Ақпарат
  • 26 Желтоқсан, 2024

ТҰРАР ЖӘНЕ ТҮРКІСТАНДЫ БӨЛШЕКТЕУ

2024 жылғы қазанда Түркістан Республикасының ұлттық-аумақтық республикаларға межеленуіне 100 жыл толса, 2025 жылы 19 сәуірде қазақ жерлерінің бір республика құрамына бірігуінің аяқталуына және қазақ халқының тарихи атауының қалпына келтірілуіне 100 жыл, ал 2025 жылы 6 қазанда кеңестік Қазақ респуб­ликасының құрылғанына 105 жыл толады. Біз бүгін кеңестік Түркістанды бөлшектеу идеясының тууы мен оның жүзеге асырылу тарихы туралы толғайтын боламыз.

Тұрар Рысқұлов басқарған Мұсбюроның тұтас әрі егемен Түркістан рес­публикасы үшін жүргізген күресі РК(б)П
ОК-нің үрейін ұшырды. В.Ленин мен Т.Рысқұловтың 1920 жылғы мамырдағы кездесуінен кейін-ақ Түркістан респуб­ликасын ұлттық-аумақтық бірліктерге бөлу мәселесі күн тәртібіне қойылды. «Түрік Кеңес Республикасын» және «Түрік халықтарының Коммунистік партиясын» құру бағытындағы түркістандық коммунистердің қимыл-әрекеті Мәскеуді осындай шешімге итермеледі. 
В.И. Ленин 1920 жылдың маусымында-ақ Түркістанды таратуды, Түркістан атауын жоюды ойластыра бастаған сыңайлы. Оған оның «Шығармалар жинағының» 41-томындағы «Түркістандағы РК(б)П
міндеттері туралы ОК шешімінің жобасына ескертпелер» атты жазбасында «Түркістандағы ұлттық топтардың автономиялық республикаларға, ал ұлттық азшылықтардың коммуналарға ұйымдасу мүмкіндігін беру қажет деп есептей отырып, олардың өмір сүруінің ұйымдық формалары туралы мәселені түпкілікті шешу үшін ТАКСР Орталық атқару комитетіне өзбек, қырғыз (қазақ) және түрікмен еңбекшілері кеңестерінің съезін шақыру міндеті жүктеледі. Осы съездер шақырылғанға дейін Түркістанды оның аумақтық-этнографиялық құрамына сәйкес облыстық бөліктерге бөлу жүргізілсін» деп жазуы айқын дәлел болады. Ол РК(б)П
ОК Саяси Бюросының Түркістан мәселесімен айналысқан ерекше комиссиясына Түркістанның Өзбекстан, Қазақстан және Түрікменстан бөліктеріне бөлінген этнографиялық және басқа да карталарын жасап, осы үш бөліктің бірігу немесе бөліну шарттарын егжей-тегжей анықтауды тапсырды. 
Бірақ Лениннің Түркістанды бөлшектеу туралы идеясы бірден жүзеге аса қоймады. Түркістандағы ұлттық-аумақтық межелеуді жүзеге асыру үшін қолайлы саяси жағдай және үлкен дайындық жұмыстары қажет еді. 
Түркістанның аса ауыр әлеуметтік-­экономикалық жағдайы және Бұқар мен Хорезм Халық Республикаларының егемендігі межелеуді бірнеше жылға кейін шегеріп тастады. Оның үстіне, 1920 жылдың басына дейін Закаспийде ағылшындар мен ақ гвардияшылардың Бұқар және Хорезм республикаларына қарсы соғысы жүріп жатты. Жетісуда азаматтық қарсыласу орын алды. Кеңес өкіметі Бұқар және Хорезм республикаларын өзіне бағындыр­ғаннан кейін ғана Түркістанды ұлттық-аумақтық бөліктерге бөлу мүмкіндігі туды.
Түркістанды ұлттық-аумақтық рес­публикаларға бөлшектеу туралы 1920 жылғы В.И.­ Лениннің тапсырмасын жүзеге асыру үшін 1922 жылғы 19 мамырда РК(б)П
ОК-нің Орта Азия бюросы (бұдан әрі – Ортаазбюро (Средазбюро) құрылды. Осы жылдан бастап Түркістан атауын қолдану азайтылып, «Орта Азия» термині қолданысқа енгізіле бастады.
1922 жылы Азамат соғысының аяқталуы мен Кеңес Одағының құрылуы Орта Азияны ұлттық республикаларға бөлшектеуге алғышарттар қалыптастырып, көпұлтты Түркістан АКСР-ін (бұдан әрі – ТАКСР) ұлттық-аумақтық республикаларға бөлу мәселесі күн тәртібіне көтерілді.
Орта Азиядағы межелеу саясаты жүргізілгенге дейін өмір сүрген ТАКСР, Бұқар және Хорезм сияқты мемлекеттер Ақпан төңкерісіне дейінгі Түркістан генерал-губернаторлығы, Хиуа және Бұқар хандықтары аумағында құрылды. Бұл мемлекеттік құрылымдардың аумағы осы өлкеде өмір сүрген ұлттардың этностық шекарасына сәйкес келмейтін еді. Оған қоса республикалардың кез келгенінде ешбір ұлт саны жағынан анық басымдыққа ие бола алмады. Мысалы, өзбектердің басым бөлігі (65%) ТАКСР-інде өмір сүрді, бірақ олар ондағы халықтың 41,4%-ын құрады. Өзбектердің 22,2%-ы Бұқар және 11,3%-ы Хорезм республикаларын мекендеді. Түрікмендердің 40%-ынан астамы ТАКСР-інде, 20,8%-ы Хорезм республикасында және 27%-ы Бұқар республикасында тұрды. Бірақ олар да сан жағынан басымдыққа ие бола алмады. Түрікмендер ТАКСР-індегі халықтың не бары 4,7%-ын, Бұқардағы халықтың 10,6%-ын және Хорезм тұрғындарының 28,7%-ын құрады. Тәжіктер, негізінен, екі республикада тұрды. Олар ТАКСР-інде 7,7% болса, Бұқар республикасында 31% болды. Қырғыздар, негізінен, ТАКСР-ін мекендеді, бірақ олар мұндағы халықтың не бары 10,8%-ын ғана құрады. Қарақалпақтардың үштен екісінен астамы ТАКСР-інде тұрды, олар ондағы халықтың 1,4%-ын ғана құрады. Ал қазақтар Орта Азия республикаларының үшеуінде де тұрды. Олар ТАКСР-інде – 19,3%, Бұқарда – 1,5% және Хорезмде 3,5% болды.
Орта Азия республикалары арасында ұлттық-аумақтық межелеуді жүргізу аса күрделі мәселеге айналды. Ешбір респуб­ликадағы ұлттар санының сол республика аумағында басымдыққа ие бола алмауы, мұндағы халықтардың ортақ тарихи тамырының тереңде жатуы, олардың бір-бірімен аралас және тығыз орналасуы ұлттық республикалардың шекараларын анықтауда көптеген қиындық туғызды. Сондай-ақ экономикалық орталықтар мен ірі елді-мекендерді бөлу мәселелері көп жағдайда тығырыққа тіреліп отырды. Экономиканың даму деңгейі мен халықтың ұлттық құрамы туралы статистикалық мәліметтердің мардымсыздығы жағдайды одан әрі қиындатты. Осының барлығы үлкен дайындықты талап етті. Осы мақсатта РК(б)П ОК Ортаазбюросы жанынан арнайы және әр ұлттық республикалардың жеке комиссия бөлімшелері құрылды. 
1923 жылғы 17–25 сәуір аралығында Мәскеуде болып өткен РК(б)П-ның ХІІ съезінен кейін Орта Азия республикаларының партия және кеңес органдары РК(б)П ОК-нен Орта Азияда ұлттық-аумақтық межелеуді жүргізуді, Қазақ АКСР (бұдан әрі – ҚАКСР) басшылығы Жетісу мен Сырдария облыстарының қазақ аудандарын республика құрамына қосуды сұрап, өтініш білдірді. ҚАКСР үкіметі 1924 жылғы қаңтарда кеңестердің ІV съезінде берген есебінде Жетісу мен Сырдария облыстарындағы қазақ аудандарын қосу туралы мәселені орталық партия және мемлекет органдарының алдына қойғаны атап көрсетілді. Түркістан кеңестерінің ХІІ съезіне делегат болып барған өкілдері де өздерінің сөйлеген сөздерінде межелеу жөніндегі мәселені тез арада шешу қажеттігін қадап айтты.
1924 жылдың басына қарай Орта Азия республикаларында межелеуді жүзеге асырудың қажетті тарихи алғышарттары қалыптасты. 1924 жылғы 31 қаңтарда РК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросының мәжілісінде Түркістан, Бұқара және Хорезм республикаларының ұлттық-мемлекеттік межеленуі туралы мәселе қаралып, Я.Рудзутакқа Түркістанға іссапары кезінде осы республикалардың жауапты қызметкерлерімен алдын ала талқылау өткізу арқылы оны жүзеге асырудың мүмкіндігін қарастыру тапсырмасы жүктелді.
1924 жылғы қаңтарда Ташкентте өткен ТАКСР Кеңестерінің ХІІ съезі рес­публикада қызмет еткен қазақ, өзбек, түрікмен, қырғыз және тәжік қайраткерлерінің өз ішіндегі саяси арасалмағының өзгеруіне әсер етті. 1924 жылдың 9 қаңтарында съездің комфракциясының мәжілісінде Түрікаткомның жаңа құрамына Т.Рысқұлов сайланбай қалды. Съезде Түрікаткомның төрағасы ретінде Н.Айтақов, оның орынбасарлары болып С.Қожанов және А.Рақымбаев, ал ХКК-нің төрағасы Р.Исламов, орынбасарлары ретінде А.Серғазиев пен Н.Паскуцкий бекітілді. Бұқара және Хорезм республикалары жетекшілерімен бірге осы түркістандық қайраткерлер Орта Азия республикаларының ұлттық-мемлекеттік межеленуін талқылау жұмыстарына белсене араласты. 
РК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы межелеу туралы ұсынысты алдын ала қарап, Я.Рудзутакқа 1924 жылдың наурызында Ташкентте осы мәселеге қатысты кеңес өткізуді тапсырды. Кеңеске қатысушының көпшілігі (А.Рақымбаев, Н.Айтақов, С.Асфендиаров т.б.) Орта Азияны ұлттық-аумақтық негізде межелеуді жақтады. Ал Ортаазиялық кеңестің төрағасы Н.Паскуцкий аймақтың экономикалық біртұтастығын ескере отырып, барлық республиканы ТАКСР құрамына біріктіруді ұсынса, С.Қожанов түрік тілдес халықтар өмір сүретін аумақты жасанды түрде бөлшектеуге болмайды деп межелеу­ге қарсы шықты. Кеңес шешімі бойынша Н.Паскуцкий мен С.Қожанов ұсыныстары негізсіз болып, Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік (аумақтық) межелеу туралы ұсыныс қабылданды. 
Орта Азия республикаларының жетекшілері мен осы мәселені талқылауға жауапты орталық және жергілікті шенеу­ніктердің пікір алшақтығы айқын көрінді. 1924 жылғы 10 наурызда ТКП ОК-нің мүшелері мен кандидаттары, РК(б)П ОК Ортаазбюросының және Түрікатком төралқасы мүшелерінің Ташкентте өткен біріккен кеңесінде межелеу мәселесі өткір талқыланды. «Түркістанның ұлттық-аумақтық межеленуі туралы» баяндама жасаған ТКП ОК-нің хатшысы А.Рақымбаев межелеудің қажеттігін негіздеп, өлкедегі шиеленіскен ұлтаралық қарым-қатынас­тарға баса назар аударды. Баяндамадан кейін қызу пікірталас өрбіп, жарыссөзге шыққандар ортақ шешімге келе алмады. Түрікатком төрағасы Н.Айтақов пен оның орынбасары С.Қожанов, ҚАКСР-інің Түрікатком жанындағы өкілетті өкілі Т.Жүргенов т.б. қайраткерлер межелеуді іске асырудың қажеттігін мойындағанымен, өзге әкімшілік бірліктермен қатар, Қарақалпақ автономиялы облысын құру қажеттігін алға тартты. Түркістан Экономикалық Кеңесінің төрағасы Н.Паскуцкий, ТКП ОК үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.Цехер, Түрікатком мүшесі С.Қожанов т.б. Күнгей Кавказ Федеративті Республикасының үлгісімен Түркістан, Бұқара және Хорезмді ортақ республикаға айналдыру идеясын ұсынды. А.Рақымбаев ҚАКСР аумағы тым ұлғайып кетеді деп, Түркістанның құрамындағы қазақ облыстарын Қазақстанға қосуға қарсы шықты. 
Кеңестің барлық материалы 1924 жылдың 23–24 наурызында өтуі жоспарланған ТКП ОК-нің пленумына даярлық жүргізу кезінде пайдаланылды. Межелеу мәселесін жан-жақты қарастырып, оны жүргізу қажеттігін мойындату үшін ТКП ОК-нің Атқару бюросы арнайы комиссия құрды. Комиссияның ұсыныстары ТКП ОК-нің пленумында талқыға салынып, О.Ишанқожаев арнайы баяндама жасады. Пленумға қатысушылар ұлттық-аумақтық межелеуді жүргізудің қажеттігін мойындағанымен, қабылданған қарарларда қайшылықтар орын алды. Мысалы, пленум межелеуді Түркістан республикасының аумағымен ғана шектеп, Өзбек, Түрікмен және Қазақ республикаларын ғана құрған дұрыс деп шешті. Сырдария және Жетісу облыстарын ҚАКСР-іне қоспай, өз алдына оқшау Қазақ республикасын құру көзделді. Пленум ТКП-нің ОК-не Орта Азиядағы мемлекеттік межелеу бойынша ортақ мәмілеге келуді тапсырды. 
ТКП ОК пленумның шығарған шешімдерін және межелеуді жүзеге асыруға бағытталған шаралардың кешенін белгілеу үшін арнайы комиссия құрды. Бұл комиссия Хорезмдегі саяси жағдаймен танысу үшін 1924 жылғы наурыздың соңында Хиуаға аттанды. Комиссия мүшесі С.Асфендиаровқа Хорезм республикасы саяси басшылығының межелеуге қатысты көзқарастарын анықтау тапсырмасы берілді. Г.Бройдо, С.Асфендиаров, Седов және РК(б)П ОК Ортаазбюросының мүшесі О.Карклин 1 сәуірде Хиуадағы ІІ Бүкілхорезмдік партиялық конференцияға қатысты. Онда ХКП ОК хатшысы К.Адинаев партиялық құрылыстың міндеттері туралы баяндама оқыды. Г.Бройдо «Хорезмнің қазіргі жағдайы және Коммунистік партияның негізгі міндеттері» тақырыбында сөз сөйледі. Бір аптаға жуық уақыт ішінде комиссия мүшелері жергілікті билік органдарымен байланыс орнатып, өзге де маңызды мәселелердің қатарында межелеу бойынша да бірнеше мәжіліс өткізді.
1924 жылдың ақпан-наурызында 
РК(б)П ОК Ортаазбюросы мүшелерінің ықпалымен Түркістан, Бұқара және Хорезм республикаларының партия жетекшіліктері ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүргізудің қажеттігін мойындап, өз келісімдерін берді. Межелеу бойынша жасалған алғашқы ұйымдастыру жұмыс­тарының қорытындысы туралы А.Рақымбаев РК(б)П ОК Саяси бюросының 1924 жылдың 5 сәуірдегі мәжілісінде көлемді баяндама жасады. Мәжілісте ұлттық-мемлекеттік межелеуді жүзеге асыру туралы ұсыныстар қолдау тапты. 
1924 жылғы 9 сәуірде РК(б)П ОК-нің Саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, ұлттық-мемлекеттік межелеудің жүргізілуін мақұлдады. Нәтижесінде РК(б)П ОК-нің Ортаазбюросы мен ТКП ОК-нің Орта Азияда межелеуді жүргізу және дайындық жөніндегі біріккен комиссиясы құрылды.
1924 жылғы 27 сәуірде өткен РК(б)П ОК Ортаазбюросының мәжілісінде Г.И. Бройдо РК(б)П ОК Комиссиясының Хорезмге жасаған іссапарының қорытындылары туралы баяндама жасады. Мәжіліс комиссияның жұмысын оң бағалай отырып, оның негізіндегі барлық ұсынысты О.Карклин, А.Рақымбаев, С.Асфендиаров, Қ.Атабаев және Р.Берзин кірген комиссияға тапсыру туралы қаулы шығарды. Артынан өкілдікті ұлғайту мақсатында бұл комиссия С.Қожанов, К.Адинаев, А.Мұхитдинов, М.Рыкунов, Ж.Әбдірахманов, И.Межлаук сынды жауапты қызметкерлермен толықтырылды. 
Бір уақытта ұлттық қосалқы комиссиялар (қазақ, өзбек, түрікмен) құрылып, олардың алғашқы мәжілістері 1924 жылдың мамырында өтті. Бұл комиссиялар болашақ жаңа республикалар мен облыс­тардың шегараларын анықтау, олардың саяси-экономикалық, шаруашылық, мәдени орталықтарын ұйымдастыру сынды межелеудің тәжірибелік маңызы бар мәселелерін шешу ісін қолға алды. Комиссиялардың жұмысы барысында жаңа мемлекеттік құрылымдардың сипаты мен ұстанымдары туралы мәселе бойынша қызу пікірталас өрбіді. 
Қазақ-қырғыз ұлттық комиссиясының алғашқы мәжілісі 1924 жылғы 5 мамырда С.Қожановтың төрағалығымен өтіп, оған С.Асфендиаров, Р.Құдайқұлов, И.Арабаев, К.Адинаев және Ж.Әбдірахманов (хатшы) қатысты. Мәжілісте Орта Азия федерация­сы құрылып, оған Қазақ республикасы қосылған жағдайда ғана қазақтар үшін ұлттық межелеу тиісті мән-мағынаға ие бола алады деген пікір орнықты. Комиссияның қаулысына сәйкес, бұл федерация Қазақ, Өзбек және Түрікмен автономия­лық республикаларынан, федерацияға республика мәртебесінде кіретін Тәжік және Қырғыз автономиялық облыстарынан құралып, ҚАКСР-іне Сырдария облысы толығымен және Жетісу облысының қазақ уездері (Лепсі, Талдықорған, Жаркент және Алматы) кіріп, орталығы ретінде Ташкент бекітілуге тиіс делінді. Сонымен қатар тұтас Өзбек республикасын ұйымдастыру кезінде Бұқара респуб­ликасының құрамындағы 2 қазақ округін (Шығыс және Нұрата) құру және олардың орталығы ретінде Бұқара қаласын бекіту туралы ұсыныс айтылды. Хорезм республикасындағы қазақ-қырғыз облысын күшейту мақсатында оған Адай округін және Әмудария бөлімін қосу, Ташкент бүкіл федерацияның орталығы міндетін атқаруға тиіс деген шешім қабылданды.
1924 жылғы 12 мамырда РК(б)П ОК-нің Ортаазбюросы межелеуді жүргізу жөніндегі біріккен комиссияның материал­дарымен танысты. Одақтық (Өзбек және Түрікмен) және екі автономиялы облыс (Өзбек КСР-і құрамында Тәжік автономиялы облысын және РСФКР құрамында Қара-қырғыз автономиялы облысын) құру; сондай-ақ ТАКСР-і құрамындағы қазақ аудандарын ҚАКСР-іне қосу туралы шешім қабылдады. 1924 жылғы 12 маусымда РК(б)П ОК Бюро шешіміне қолдау білдірді. 
Межелеу мәселесі талқыланып жатқан тұста ұлт қызметкерлері арасында Ташкент қаласы бойынша өткір пікірталастар мен тартыстар өтті. Ташкентті Қазақ Рес­публикасының астанасына айналдыруға ұмтылған қазақ қайраткерлері тобының позициясын РК(б)П Ортаазбюросының мүшесі С.Қожанов өзінің 1924 жылғы 2 маусымда РК(б)П ОК-ға жазған баяндамасында ашық білдірді. Оның пікірінше «Ташкент, интернационалды қала ретінде автономия құқығына ие болып, федерацияның орталығына айналуға тиіс. Ташкент қазіргі Түркістанның қазақ бөлігінің орталығы және бір уақытта, негізінен, қазақтар қоныстанған Сырдария облысының (облыста – 70% және Ташкент уезінде – 51%) орталығы ретінде Қазақ Республикасы орталық мекемелерінің шоғырланған жеріне айналуы керек. Ташкент Қазақ Республикасы үшін басты саяси, экономикалық маңызды тірек пункт, сондықтан Қазақ Республикасы үшін одан айырылу бүкіл Сырдария облысынан бас тартумен тең болады. Жетісу облысының экономикалық өмірін реттеу мүмкіндігінен айырылады».
Ташкентке қатысты қазақ қайраткерлерінің талаптарына түрікмен қызметкерлері қолдау көрсетті. Олар өз көзқарасын «...Ташкентке көршілес орналасқан уездерде қазақтар басым көпшілікті құрайды. Қала тұрғындары жалпы санының 1/3 бөлігін Ташкенттің ескі қаласында өмір сүретін өзбектер құрайды, осы себептен мәселе тек Ташкенттің ескі қаласы жөнінде болуы мүмкін... Ташкент қаласы қазақтардың қолында қалуға тиіс» деген оймен білдірді. Осы пікірді Түрікаткомның төрағасы Нәдір Айтақов қолдады.
Ұзақ талқылаулар мен таластардан кейін 1924 жылғы 10 мамырда межелеудің нақты жоспары бекітілді. Жоспар бойынша КСРО-ға кіретін Өзбек және Түрікмен тәуелсіз кеңес республикаларын, Өзбек республикасының құрамында Тәжік және Қара-қырғыз автономиялы облыстарын құру ұйғарылды. Соңғысы қай республиканың құрамына кіретіні туралы мәселе ашық күйінде қалды. Түркістаннан қазақ аудандарын Қазақ республикасына қосу шешімі қабылданды. Мәжіліс көптеген пікірталас тудырған Ташкент мәселесі бойынша да тиісті шешім шығарды. Қазақ қайраткерлерінің барлық қарсылығына қарамастан, РК(б)П ОК Ортаазбюросы комиссиясының шешіміне сәйкес, Ташкент құрылуы жобаланып отырған Өзбек рес­публикасының қарауына өтуге тиіс болды.
1924 жылғы 4 маусымда өткен РК(б)П ОК Ұйымдастыру бюросының мәжілісінде межелеу мәселесі бойынша О.Карклиннің және Г.Бройдоның баяндамалары талқыланды. Оған Орта Азия республикаларының атынан Түрікатком төрағасы Р.Исламов, ТАКСР Орталық Бақылау комиссиясының төрағасы Д.Манжара, ТКП ОК-нің III хатшысы және Түркістан үкіметі төрағасының орынбасары С.Қожанов, ТКП ОК хатшылары А.Рақымбаев пен И.Варейкис, РК(б)П ОК Ортаазбюросы төрағасының орынбасары О.Карклин, БХР Нәзірлер Кеңесінің төрағасы Ф.Қожаев және оның орынбасары Қ.Атабаев, «Ақ жол» газетінің редакторы И.Тоқты­баев, Түрікаткомның жауапты хатшысы Ж.Әбдірахманов, Қазаткомның төрағасы С.Меңдешев, Түрікаткомдағы ҚАКСР-інің өкілетті өкілі Т.Жүргенов, РК(б)П Қазобкомының жауапты хатшысы Г.Коростелев, ҚАКСР Әлеуметтік қамсыздандыру комиссары және Қазатком мүшесі Ә.Жангелдин, Хорезм республикасының Мәскеудегі өкілетті өкілі Н.Әбдусалямов қатысты. Мәжіліс РК(б)П ОК Ортаазбюросының межелеуге қатысты ұсыныстарын негізге ала отырып, мәселені бекіту үшін РК(б)П ОК Саяси бюросына енгізу туралы қаулы қабылдады.
1924 жылғы 12 маусымда РК(б)П ОК Саяси бюросы Орта Азия республикаларының ұлттық межеленуі бойынша Я.Рудзутактың жасаған баяндамасының негізінде қаулы шығарды. Қаулыға сәйкес КСРО құрамына тәуелсіз республикалардың құқығында кіретін Өзбек және Түрікмен республикалары құрылып, Түркістанның қазақ облыстары ҚАКСР-іне қосылуы тиіс болды. Жеке бөлініп шығатын Қара-қыр­ғыз автономиялы облысы РКФСР қарауына өтті. Сонымен бірге ағымдағы шаруашылық қызметке нұқсан келтірмеу үшін Орта Азия республикаларының мемлекеттік межеленуі және жаңадан ұйымдас­тырылып отырған республикалардың жариялануы бюджеттік жылдың соңына қалдырылды. РК(б)П ОК Саяси бюросы атышулы «Ташкент мәселесі» бойынша қазақ қызметкерлерінің наразылығын елемей, қаланы Өзбек республикасының құрамына қосуды дұрыс деп шешті. 
«Ташкент мәселесінде» РК(б)П ОК Саяси бюросы өзбек қайраткерлеріне қолдау көрсеткенімен, қазақ зиялылары бұрынғысынша Ташкентті ҚАКСР-інің құрамында қалдыру үмітінен қол үзбеді. С.Қожанов 1924 жылғы 19 шілдеде С.Асфендиаровқа жолдаған жеделхатында Ташкент мәселесі «ашық» қалғаны туралы хабарлады. С.Қожанов өзге қазақ қайраткерлері сияқты Ташкент мәселесін Түрікаткомның кезектен тыс сессиясында қайтадан көтеруге және оны қайта қарас­тыруға ұмтылды. Ұлт зиялылары қырғыз қызметкерлері тарапынан қолдау іздеді. Осы мақсатта С.Қожанов жеделхатында С.Асфендиаровты Р.Құдайқұловпен және И.Айдарбековпен біріге отырып, қырғыз қайраткерлері арасындағы топтық талас-тартысты тоқтатуға шақырды. 
1924 жылғы 12 маусымда РК(б)П ОК Саяси бюросының қаулысына сәйкес жаңадан құрылған республикалар мен облыстардың шекараларын және мемлекеттік мүліктерін анықтау ісі 15 тең құқылы мүшеден (әр ұлттан 3 өкілден) құралған Орталық аумақтық комиссияға жүктелді. Оған қазақ қайраткерлері ішінен С.Қожанов, С.Меңдешев және С.Есқараев кірді. Бұл комиссияның жанынан қазақ, өзбек, түрікмен және қырғыз ұлттық, сондай-ақ тәжік пен қарақалпақ қосалқы комиссиялары ұйымдастырылды. 
1924 жылғы 8 шілдеде РК(б)П Қазобком бюросы Межелеу жөніндегі аумақтық комиссия құрды. Оның құрамына ҚАКСР-інен С.Меңдешев (төраға) пен Ә.Әлібеков (Жер-су халкомы), кандидат болып Т.Жүргенов (ҚАКСР-ін Түрікаткомның жанындағы өкілетті өкілі) енгізілді. Сонымен қатар құрамына С.Меңдешев (төраға), Ә.Әлібеков және С.Есқараев (төраға орынбасарлары), А.Серғазиев, Т.Жүргенов (мүшелері), С.Қожанов, Ізбасаров, Ж.Мыңбаев (кандидаттар) кірген ТАКСР құрамынан ҚАКСР-іне қосылатын қазақ аудандарын басқару жөніндегі ревком құрылды. 26 шілдеде ҚазОАК төрағасы, аумақтық комиссияның Қазақ қосалқы комиссиясының (бюросының) және ТАКСР-інен ҚАКСР-не кірген қазақ аудандарын басқаратын Ревкомның төрағасы С.Меңдешев Ташкентке іссапарға жіберілді. С.Меңдешев Ташкентте РК(б)П ОК Ортаазбюросының, оның Аумақтық комиссиясының жұмысына қатысып, қосалқы Қазақ комиссиясының жұмысына басшылық етті.
1924 жылдың жазында қосалқы Қазақ комиссиясының мүшелігіне Түркістаннан С.Асфендиаров, С.Қожанов, С.Есқараев, А.Серғазиев, Г.Каучуковский, Ізбасаров және Қазақстаннан С.Меңдешев пен Ә.Әлібеков енгізілді. Комиссия мүшелері құрылған республикалардың шекарасы мен халық санын анықтау, олардың келісімшарты мен декларациясын, партиялық ұйымдардың жарғысын даярлау, мемлекеттік аппаратты ұйымдастыру, республикалар халық шаруашылығының бюджеттері мен жоспарларын құрастыру сынды қауырт жұмыстармен айналысты. Аумақтық комиссияның жұмысына Орта Азия аймағының тарихымен, экономикасымен, тұрмыс-салтымен жақын таныс болған бірде-бір ғалым-зерттеуші тартылмады. 
Аумақтық комиссия қызметінің нәтижелері алдымен РК(б)П ОК Ортаазбюросында және жетекші партия ұйымдары мен органдарында талқыланды. 1924 жылғы 14 қыркүйекте өткен ТКП ОК-нің, ТКП Орталық Бақылау және Тексеру комиссияларының біріккен пленумында Аумақтық комиссияның қызметі туралы оның төрағасы және ТКП ОК-ның жауапты хатшысы И.Варейкис баяндама жасады. Ол өз сөзінде шамамен небары екі апта жұмыс істеген Аумақтық комиссияның қызметінде болған қайшылықтар мен түрлі пікірдің алшақтығына назар аударғанымен, оларға селсоқ қарады. Орта Азиядағы жаңа мемлекеттік құрылымдардың жерлері мен шегараларын анықтауда большевиктік билік айтарлықтай қиыншылықтарға тап болды. Аймақта мекен еткен әртүрлі халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан аумағы, шаруашылық және өмір салтындағы ерекшеліктер, экономикалық және мәдени тұтастығы ескерілмеді. Бұл РК(б)П ОК Ортаазбюросының төрағасы И.Зеленскийдің «Біздің жасаған алғаш қадамдарымыздың бірі – мемлекеттік межелеу, ұлттық республикаларды құру бойынша атқарып шыққан жұмысымыз. Біз оны тұспалдап жасадық, мұнда аяқталмаған іс әлі көп, бұл жұмыс дөрекі атқарылды» деген сөзінен айқын көрінді. 
1924 жылғы қыркүйекте И.Варейкис және И.Зеленский өз ойын «Национально-государственное размежевание Средней Азии» атты шағын кітапшада жариялады. Кітапта ТКП ОК және Ортаазбюросының жетекшілері межелеу сынды күрделі мәселенің көбіне теория­лық жағына қарай назар аударылғаны айтылды.
Аумақтық комиссияның жұмысындағы айтарлықтай кемшіліктерге қарамастан, біріккен пленум Орта Азия республикаларының ұлттық межеленуінің жоспарын мақұлдап, бекіту үшін Түрікаткомның кезектен тыс ІІІ сессиясын шақыру туралы шешім қабылдады. 1924 жылғы 15 қыркүйекте ашылған Түрікаткомның кезектен тыс ІІІ сессиясының күн тәртібіне тек бір мәселе – ұлттық-мемлекеттік межелеу қойылды. Сессияда ТАКСР ХКК төрағасы Р.Исламов баяндама оқып, межелеуге қатысты қалыптасқан идеялар мен ұсыныстарды қайталап шықты. Алайда Р.Исламовтың баяндамасында тұңғыш рет ұлттық-мемлекеттік межелеудің Орта Азия халықтарының ортақ ерік танытуы нәтижесінде болғаны айтылды.
Сессияға қатысқан қазақ қайраткерлерінің (С.Асфендиаров, С.Есқараев, ­Б.Аралбаев) атынан сөйлеген С.Қожанов өз сөзінде ұлттық-мемлекеттік межелеу Орта Азия халықтарының өмірінде болған маңызды тарихи оқиға екеніне назар аударды. Түркістанның қазақ аудандарын қосып алуға даярланып жатқан ҚАКСР-інің соңғы төрт жылда мемлекеттік құрылыс пен халық шаруашылығы салаларында айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алмағанына қысқаша тоқталып өтті. С.Қожанов, бір жағынан, қазақ зиялыларының межелеу барысында Орта Азия федерациясын құру, Ташкент қаласын оның саяси орталығына айналдыру ұмтылыстары еш нәтижесіз аяқталғанын мәжбүрлі түрде мойындады. 
Қазақ қайраткерлері ТАКСР-інің таратылуына байланысты тұрғылықты жерлерін тастап, Қазақстанға қызметке ауысуға құлық танытпады. Ташкентті ҚАКСР-іне қоспауға 1924 жылғы қыркүйекте өткен Ташкент қазақтарының наразылық шерулері де өз ықпалын тигізе алмады. 
Түрікаткомның кезектен тыс ІІІ сессиясы РК(б)П ОК Ортаазбюросының Аумақтық комиссиясының жоспарын еш өзгеріссіз қабылдап, межелеу мәселесінің шешілуін РКФСР БОАК-тің кезекті сессиясына бекітуді ұсынды. 1924 жылғы 28 қыркүйекте Қазаткомның ІІІ сессиясы Т.Жүргеновтің «Қазақ АКСР-іне Түркістанның қазақ облыстарын қосу туралы» баяндамасын тыңдап, бірауыздан Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеуді және қазақ жерлерінің ҚАКСР-іне бірігуін қолдады.
1924 жылғы 11 қазанда С.Меңдешев РК(б)П ОК Саяси бюросының Орта Азия­дағы ұлттық межелеу туралы мәселені қараған кезектен тыс арнайы мәжілісіне қатысты. Осы мәжілісте РК(б)П ОК Саяси бюросы «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселені қарап, 24 пункттен тұратын шешім қабылдады. Мәжілісте Ташкент қаласын Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды. Осылайша, қазақ қайраткерлерінің Ташкент үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, қазақ тарапы ежелден қазақ халқы қоныстанған 900 000 кв верст жердің орнына 600 000 кв верст жерге ие болып, 900 000 қазақ Өзбек республикасы құрамында қалып қойды.
1924 жылғы 14 қазанда ХІ сайланған БОАК-нің ІІ сессиясы «Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын жекелеген автономиялы бірліктерге қайта құру туралы» қаулы қабылдады. Қаулы бойынша 1) Одақтас Өзбек КСР-і; 2) Одақтас Түрікмен КСР-і; 3) РСФКР құрамындағы Қара-Қырғыз автономиялы облысы; 4) Одақтас Өзбек КСР-і құрамындағы Тәжік АКСР-і сынды ұлттық-мемлекеттік құрылымдар мен автономиялы облыстар құрылды. ТАКСР-і құрамындағы қазақ жерлері ҚАКСР құрамына қосылды. 
Орта Азияда жүргізілген ұлттық-аумақтық межелеу нәтижесінде ҚАКСР-і құрамына бұрынғы Сырдария облысының Қазалы, Ақмешіт, Шымкент уездері және Әулиеата уезінің басым бөлігі, Ташкент және Мырзашөл уездерінің бөліктері қосылды. Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал (Талдықорған) уездері, Пішпек уезінің Георгиевка, Шу, Қарақоңыз болыстары ҚАКСР құрамына енгізілді. Осылайша, ҚАКСР-інің аумағы 700 мың шаршы шақырымға артып, 2,7 миллион шаршы шақырымға жетті. Ал халқы 1,5 миллионға дейіна көбейіп, жалпы халық саны 5 230 000-ға жетті. 
1924 жылы жүзеге асырылған Түркістанды бөлшектеу большевиктер билігі ұстанған ұлттық-таптық саясаттың заңды қорытындысы болды. Ұлттық принципке сәйкес жүзеге асырылған межелеу өз қайшылықтарына қарамастан, қазақ халқының бір республика құрамында бірігуіне және қазақ жерінің тұтастануына мүмкіндік берді.

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Орталық мемлекеттік 
архив директоры,
тарих ғылымының кандидаты

Суреттер ҚР ОМА 
дайындаған көрмеден алынды

 

 

1411 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы