• Ақпарат
  • 26 Желтоқсан, 2024

САРАБДАЛ САЯСАТ, СЫНДАРЛЫ САПАР

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

«Ana tili»
 

Елге инвестиция тартылса – құт, жұмыс орындары ашылады. Қазынаға салық түседі, отандық өндіріс дамиды. Ел экономикасы көтеріледі. Мемлекет басшысының 2024 жылғы шетелге сапарын бағамдау барысында осындай ой түйдік. Президенттің әр сапары маңызды. Жалпы, екі жағдайда мемлекеттің Туы көтеріледі. Біріншісі ел Президентінің шетелге сапары кезінде, екінші спортшы басты тұғырға көтерілген сәтте. Біз Президент Қ.Тоқаевтың шетелге жасаған ресми сапарына мониторинг жасау барысында жұмыс кестесінің өте тығыз болғанын аңғардық. Президент биыл қандай елдерге барды, саммит пен форумдарда нендей мәселелерді көтерді? Қысқаша таразылап көрейік.

 

Инвестиция – ел игілігі

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жыл басындағы сапары, алдымен, Италия елінен басталды. Президент ел басшысымен кездесіп, «Қазақстан–Италия» инвестициялық дөңгелек үстелінде сөз сөйледі. Дөңгелек үстелге халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның бизнес «капитандарына» Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. 
– Қазақстанда таяу арада экономикамыздың ашық, сенімді және қарқынды дамуына ықпал ететін аса маңызды әрі түбегейлі реформалар басталады. Мақсатымыз – Қазақстандағы стандарттарды, ережелерді және бизнес жүргізу тәжірибесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деңгейіне жеткізу. Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайы­зын қамтамасыз етеді. Біз италиялық ENI компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы. 
Президенттің айтуынша, көлік-логистика – ынтымақтастықтың тағы бір өзекті саласы. Қазақстан өңірлік хабқа айналуы үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды белсенді түрде қолға алды.
– Орта дәліз «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтырады. Біз оны Еуропа Одағының Трансеуропалық көлік желісімен және «Жаһандық қақпа» стратегиясымен ұштастыруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар «Үлкен жетіліктің» Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялар саласындағы серіктестігі (PGII) жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан артық қаржы құйды. Алдағы үш жылда 1 300 шақырымнан астам теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа бағытындағы тауар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Президент. 
Президент Катар мемлекетіне сапары барысында Консультативтік Кеңес мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, қазіргі жаһандық және өңірлік күн тәртібіне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді. Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев – Консультативтік Кеңес алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті. 
– Осы уақытқа дейін біз экономиканың түрлі бағытында, соның ішінде энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм саласында көптеген бірлескен жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта Катардың Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі болуына мүмкіндік мол, – деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық көлік және транзиттік бағдарлар тағы бір мүмкіндікке жол ашады. Бұл тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуына және осы дәліз арқылы жүк тасымалы көлемінің едәуір артуына үміт зор.
Мемлекет басшысы Катардағы сапар барысында халықаралық мәселелерге де ерекше назар аударды. 
– Жаңа қағидаттар мен нормаларға сай келісімге келу үшін қолайлы жағдай жасаудың жалғыз жолы – диалог. Сондықтан бүкіл жанжал БҰҰ Жарғысы және жалпыға ортақ халықаралық құқық негізінде шешілуге тиіс. Мен бұған сенімдімін. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбей, бұл түйткілдің түйінін шеше алмаймыз. Ал Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шығатын жол таба алар емес. Демек, оның мүшелерінің құрамын анағұрлым кеңейту қажет. Бұл ретте Қазақстан Кеңесте орташа державалар мен дамушы елдердің де үні естілуі керек деп санайды. Осы орайда Қазақстан да, Катар да дүниежүзіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісінде елеулі рөл атқара алады, – деді Президент.
Қазақстан Президенті сондай-ақ Әзербайжанның азат етілген Таулы Қарабақ аймағына да барып, қазақтың дәулескер күйшісі Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Заманауи инновациялық орталық Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазақстандықтардың атынан бауырлас әзербайжан халқына гуманитарлық тарту ретінде қысқа мерзім ішінде салынды. Орталықты отандық BI Group компаниясы салды. Нысанды жобалау жұмысы үш айдың ішінде жасалып, құрылысы 9 айда аяқталды.
– Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаһандық даму және Қазақстан

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдың Хайнань провинциясында «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» деген тақырыпта өткен Боао Азия форумының (БАФ) пленарлық сессиясында сөйлеген сөзі де жұртшылықтың назарын аударды. 
– Биыл Азия елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 60 пайыз өсіміне қол жеткізеді деген болжам жасалып отыр. Дүниежүзілік сау­даның 53 пайызы осы құрлықтың үлесіне тиесілі. Мұнда әлемнің ірі және қарқынды дамып келе жатқан экономикалық әлеуе­ті байқалады. Соңғы жылдары Азияға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі едәуір ұлғайды. Сондай-ақ бұл аймақта патенттік әзірлемелердің 70 пайызына иелік ететін әлемнің жетекші технологиялық орталықтары бар. Құрлық айтарлықтай адами ресурсқа ие. Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бо­йынша оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы фактордың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы алдағы жылдары жаһандық өсім мен дамуды ынталандыру ісін жалғастыру үшін Азия өңірінің мол әлеуеті бар екенін атап өтті.
– Осы ретте Боао форумы жалпыға ортақ экономикалық прогреске қол жеткізу жолындағы Азиялық инновациялық тәсілдің іске асқанын анық көрсетеді. Сондай-ақ бұл жиын Қытайдың жаһандық дамуға деген ұстанымының айқын символы ретінде танылды, – деді Қазақстан Президенті.
Рас, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісіне айналды. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 мил­лиард АҚШ долларын көрсетті. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. «Бір белдеу – бір жол» ауқымды мегажобасы Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты Қазақстан толыққанды пайдаланып отыр. 
Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.
– Қолданыстағы және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, Қазақстан қайбір елдің арасында дүрдараздық пайда болған жағдайда бәрін де диалог арқылы шешу керегін жөн санайды. Қ.Тоқаев Ереванда Армения премьер-министрі Никол Пашинян өткен келіссөз барысында Ереван мен Баку арасында тезірек берік әрі ұзақмерзімді бейбітшілік орнағаны маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ келіссөздер үшін Қазақстан өз алаңын ұсынуға дайын. 
Мамыр айындағы Сингапур еліне сапар барысында Президент Қ.Тоқаев Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетін, мол мүмкіндік ұсынатын және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел екенін айтты.
– Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклді іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары Инвес­тициялық кеңес құрдық, – деді Мемлекет басшысы.
Рас, Сингапур – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші серіктесі. Былтыр екіжақты сауда көлемі 1,8 миллиард доллар болды. Сингапурдың Қазақстанға құйған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары бұл көрсеткіш еселене түсетініне сенім мол. Президент сапар барысында Алматы іргесінде бой көтеретін Алатау City Сингапур стилінде салынатынын айтты. Бұл жоба болашақта «Орталық Азиядағы Сингапурға» әрі халықаралық жетекші бизнес-хабқа айналуды көздейді. Осы мақсатқа бөлінген мың шаршы километрге жуық аумақ Арнайы экономикалық аймақ режімінде дамиды. Сингапурлық Surbana Jurong компаниясы осы жобаның кешенді жоспарын әзірлеген. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ШЫҰ плюс» саммитінде сөйлеген сөзінде де ұйымның халықаралық беделінің артып келе жатқанына тоқталды.
– Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті. Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше-елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайыз болып отыр. Бүгінде Ұйымға мүше-мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл әлемдік сауданың төрттен біріне тең, – деді Президент.
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның халықаралық мәртебесін арттыру керек деген пікірде.
– Түркі ұйымы елдерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттермен сауда және тасымал көлемін арттыру қажет. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдаланған жөн. Бүгінде осы бағыт бойынша контейнерлік тасымалдау көлемі күрт артты. Көрсеткіш өткен жылдағы кезеңмен салыстырғанда екі есе өскен. Біз тасымалдың уақытын азайту үшін «Digital Trade Corridor» мультимодалды цифрлық платформасын құрдық. Осы бағытта Әзербайжанмен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда екіжақты теміржол әкімшіліктерінің интеграциясы аяқталды. Осының арқасында былтыр орта дәлізбен жүк тасымалдау көлемі 65 пайызға көбейді.Яғни 3 миллион тоннаға жуықтады. Ақтау портындағы хаб контейнерлік тасымалдау көлемін 300 мыңға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Порт Каспий жағалауындағы елдерге және Орталық Азия мемлекеттеріне қызмет көрсетеді, – деді Президент.
Жалпы, байқағанымыздай, Қазақстан басшысы биыл әлемнің әр аймағында өткен халықаралық форум мен саммитке көбірек қатысқан. Түрікменстанға ресми сапары аясында Мақтымқұлының туғанына 300 жыл толуына орай өткен «Дәуірлер мен өркениеттер байланысы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумында сөйлеген Қ.Тоқаев Мақтымқұлының күллі шығыс жұртына ортақ ұлы ойшыл, түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаған бірегей тұлға екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының Түрікменстанға ресми сапары аясында Ашхабадта қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. 
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қазан қаласында өткен БРИКС-тің пленарлық отырысының «БРИКС плюс»/«аутрич» форматында да сөз сөйледі.
– БРИКС даму тұрғысынан мол әлеует­ке ие және түрлі құрлықтағы мемлекетті біріктіреді. Сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтып, ортақ ресурстарды барлық қатысушының игілігіне тиімді пайдаланады. Өзара құрмет пен серіктестік, бірлесе өркендеу қағидаттарына негізделген келешектің іргесін қалауға БРИКС-тің тәжірибесі де, мүмкіндігі де жетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түседі. Сондықтан Қазақстан басшысы бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, БРИКС жаһандық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалардың үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алады. Бұл саммитке 36 елдің өкілдері және 6 халықаралық ұйымның жетекшілері, сондай-ақ жоғары деңгейдегі 20-ға жуық делегация өкілдері қатысқан.
Биыл Қазақстан Президентінің Моңғолия еліне сапары да табысты болғанын айта кетуіміз керек. 
– Қазақстан мен Моңғолия Азиядағы ірі елдер санатында. Сондықтан өзара сауда айналымы ауқымды болуға тиіс. Былтыр сауда-саттық көлемі 150 миллион долларға жуықтады. Бұл көрсеткішті көп ұзамай 500 миллион долларға жеткізу жоспарда бар. Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейту керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдас­тықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Екі ел үкіметі нақты шараларды қабылдайды, – деді Президент.
Сапар аясында екі ел делегациясы ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты нәтижелі келіссөз жүргізген. Алдағы уақытта Моңғолияда қазақстандық вакцина өндірісі ашылады. Қазақстан кәсіпкерлері Моңғолияның тау-кен саласын зерттеуге дайын. Халықаралық дәліздердің бәсекеге қабілетін арттыру – маңызды міндеттің бірі. Ол үшін екі ел арасындағы және басқа мемлекеттермен көлік қатынасын жетілдіру қажет. Бұл ретте Транскаспий бағыты мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану маңызды.
Президент Қ.Тоқаев Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне де қатысты. 
– Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл, ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін. Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түрік жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті ұйымға мүше-елдер арасындағы сауда-саттықты жандандырудың маңызы зор екенін атап өтті.
– Түрік әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше-мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Президент.

Келісті келіссөз, 
қарымды қатынас

Айта кету керек, Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың қараша айындағы Мажарстан пен Сербияға сапары да табысты болды. Келіссөз барысында жиырмаға жуық құжатқа қол қойылды. 
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Франция президенті Эмманюэль Макронмен кездесуі де екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндік береді. Дерекке жүгінсек, Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 17 миллиард доллар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кіреді. Соңғы 9 айда екіжақты тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жеткен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,1 пайызға жоғары. Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қазақстанда 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр екі ел сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі жол картасын бекітті.
Желтоқсан айының басында Сауд Арабиясының астанасында өткен One Water саммитіне қатысқан Қазақстан басшысы бұл кездесуде де маңызды мәселелерді көтерді. 
– Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды. Мемлекет басшысы мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды.
– Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүниежүзіндегі 2 миллиардқа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн, – деді Президент.
Шын мәнінде жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды.
– Суда шекара болмайды. Ол қоғамдас­тықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Біздің ойы­мызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мемлекеттердің диалогті жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті. Осы мақсатқа сәйкес, Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын One Water Vision коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді, – деді Президент.

Түйін. Біз мақала барысында Президент Қ.Тоқаевтың сырт елдерге барған сапарын ғана сөз еттік. Ал ТМД аймағындағы елдер және  Орталық Азия елдері басшыларымен кездесуінің өзі бір төбе әрі маңызы өте зор. Стратегиялық серіктес ел ретінде аймақтық даму мен экономикалық байланыстар ғана еліміздің даму қарқынын арттыра алады. 2024 жылы Ақордаға қаншама елдің басшылары келді, қаншама қабылдаулар болды, мұның бәрі еліміздің  халықаралық аренадағы абыройы мен беделін айғақтайды. Қазіргідей геосаяси жағдай шиеленіскен уақытта бейбітшілік пен ортақ диалогті ғана қалайтын Қазақстанның ұстанымы берік. Президент қашан да салмақты, сарабдал саясат ұстанады, сондықтан сапар да сындарлы, жемісті. Біз Мемлекет басшысының биылғы сапарын сараптау барысында әлемдік басқосулар мен саммит, форумдарда Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғаламның түйткілді мәселелерін жиі көтергеніне көз жеткіздік. Өйткені Қазақстан әлемдік дамудан сырт қала алмайды. Ендеше, Президент бастамалары баянды болсын, еліміз тыныш, әлемде тұрақты бейбітшілік орнасын деп тілейік.

1330 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы