- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
ТОРАҢҒЫЖЫЛАҒАН
Қарагөз Сімәділ,
«Ana tili»
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан 100 томдық «Бабалар сөзінде» тораңғы туралы аңыздың бірі былай дейді:
«Ертеде ғайыптан ба, әлде көктен бе бір бала пайда болады. Бұны біреулер қыз екен дейді, біреулер ер бала екен дейді. Бірақ, негізінен, ер бала көрінеді. Сол бала жас кезінде қайтыс болып, сол жерге жерленеді. Кейін баланың бейіт басына Тораңғылы ағашы пайда болып, дарақ болып өсіп шығады. Бала бейітінен қасиетті жағдайлар көрініп, халық баланы әулие бала деп жориды. Сонымен, сол бейітті «Тораңғылы әулие» деп атайды. Тораңғылы ағашының бір бұтағын кесіп не шауып алған адамдар көрер көзге зардап шегіп ауырғандары байқалады. Содан кейін бірде-бір адам бұтақ алмайтын болған...»
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Kazakhcinema» киноқоры «Қазақфильм» киностудиясы «Жел пайда болған жер» деректі фильмін көпшілікке таныстырды. «Қорқыт Ата» Халықаралық жүлдесін жеңіп алған деректі фильмнің сценарий авторы және режиссері Жәнібек Мұртазин, қоюшы операторы Қуаныш Құрманбаев, композиторы Алтынбек Мырзабеков.
Тораңғы жылай ма? Жылайды, әрине. Жылағанда да көзінен қанды жасы төгіледі. Сол үшін ел арасында тораңғының қызыл сөлін қан деп, бұл ағашты қастерлеп, жөнді-жөнсіз кесіп, шабуға тыйым салған. Шөл далада бір-бірінен алшақ өсетін ағаштың бойы да әртүрлі, жапырағы да сан алуан. Деректі фильм басталғаннан-ақ тораңғының осы бір ерекшелігі жақыннан, алыстан түсірілген кадрларда анық байқалады. Тораңғының тағы бір ерекшелігі – діңі қурап қалып, «әй, енді көктемейді-ау» дегенде де, ағашының бір бұтағынан дарағы көктеп, жапырақ шығады да, қайтадан тіршіліктің әнін айтады.
Деректі фильм дегенімізбен, бір өзеннің екі жағасын пароммен жалғаған ауылдардың қоңырқай келбеті, ауыл адамының күн сүйген бейнесі, тіпті күн мүжіген киіміне дейін сізді сол өлкеге жетелей жөнеледі. Құмды ауылдың түсі сан алуан емес: қоңыр, сарғыш, күнге шағылысқан жалқын. Міне, деректі фильмнің өне бойынан сары мен қоңырдың сансыз реңкін байқайсыз: атадан қалған (тораңғыдан істелген) қоңырқай-сарғыш шаңырақ, қайраңда қалып қойған сұрқай-қоңыр қайық қалдығы (ол да тораңғыдан шабылған), қанық қоңыр қазақы ер (тағы да тораңғы), шөлде жатқан ақшыл қоңыр қураған тораңғы ағашы, бәленбай жыл бұрын қазылып, тораңғымен шегенделген қуарған ақ сұр-қоңыр құдық іші... Жоқ, бұл түс көңіліңді құлазытпайды, керісінше, аппақ шөлдің де құбыла түсер сансыз реңкі бар екенін еске салып, бір түсті әлемнен мың реңкті көре алған маманның тапқырлығына риза боласың. Осындай бір түсті, мың реңкті әлемде тораңғының жылт-жылт еткен, сыңғырлап-сыбдырлаған сап-сары жапырағы әлгі реңктерге көрік үстеп, көзді қуантады. Ал көкпеңбек аспан мен ақбауыр бұлттардың қандай үйлесімді екенін байқағанда шөл даланың тіршілігін әрі қадірлей, әрі ұната түсесіз.
«Тораңғы – өз экожүйесінің ажырамас бөлігі саналған эндемик қана емес, көшпелілердің маңызды мәдени символы. Аңыздарға сүйенсек, тіпті желсіз күнде де бұл ағаштың жапырақтары жайқалып, жел шақырады екен» дейді фильмнің таныстырылымында. Айтқандай, деректі фильмнің «Жел пайда болған жер» деген атауы – тораңғыны көргендер біледі, бұл ағаш маңында үнемі бір жел қоса жүретінінен шыққандай. Тораңғыны көрген адам білетін тағы бір дерек, бұл ағаштың жапырағы үнемі желмен тербеліп тұрады. Сондықтан да болар, «тораңғы түнде сыңсып ән салады екен» деген де сөз бар халық арасында. Деректі фильмде сол сазды контрабастың сүйемелдеуінде де тамаша көрсеткен.
«Алдымен осы ағаштың жағдайын тек қана кино емес, түрлі өнер түрі арқылы жеткізіп, оның қуаты мен нәзіктігін, құдіреті мен әлсіздігін көрсеткім келді. Ағаш тарихымен кең көрермен қауымын, әсіресе тораңғы жайында аз білетін жастарды таныстырғым келеді. Біздің түсірілім тобын осы ежелгі ағаштың ертегі әлеміне алып кіргендерге алғысым шексіз», – дейді фильм авторы.
Фильмде тораңғы ағашынан жасалған мүлікті зерттеп-зерделейтін этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева, тораңғы ағашын зерттеумен және өсірумен айналысқан ғалымдар, тораңғы тоғайлардың бүлінуіне алаңдаған эколог сөз алады. Әсіресе тораңғы туралы халықтың таным-түсінігін талдап берген Т.Қартаеваның деректері көрерменді осы бір ерекше ағаш әлемімен жете таныстыра түсері сөзсіз. «Шынжыры үзілмеген» деген сөз тіркесі бар. Біз сол шынжырдың бір бөлігіміз. Ата-бабаларымыз қалыптастырған мұра осы күнге дейін жетті. Ал оны техниканың заманында өмір сүріп жатқан біз ертеңге қалай апарамыз? Өзімізді, тамырымызды жоғалтып алмауымыз керек. Сол үшін тамырымызға жиі үңіліп тұру маңызды», – дейді Т.Қартаева.
Шөл даланы орманға айналдыру ісінде сексеуіл егу мәселесі қолға алынып жатқаны белгілі. Ал тораңғы өсіру ше? Бұл істе нені ұтып, неден ұтылдық деген мәселені ғалымдар жан-жақты талдайды.
Қазақ даласында осындай киелі, қастерлі, эндемик, төзімді, сонысымен бірге мәңгілікке жойылып кету қаупінің алдында тұрған тораңғы атты ағаштың барын көрермен тек деректі фильмнен ғана тамашалап отырмаса екен дейсің... Деректі фильм авторлары жойылып бара жатқан тораңғы ғана ма, онымен бірге, ұлттық мәдениет, тіл, діл, ұлттық тамырмен байланысымыздан және табиғатпен үндестігімізден қол үзіп бара жатқан жоқпыз ба деп алаңдайды.
Фильм тораңғы жапырақтарының күннің сәулесімен жылтылдап, желдің тербеуімен сыбдырлап тұруымен басталады. Осындай ғажайып шөлдің таңғажайып ағашының түбінде отырып той-тойлап, шөлмек сынықтарын тастап кеткендердің де жүгенсіз қылығы айыпталатындай. Олар тастап кеткен шөлмек сынықтарын жинап, жіпке тізіп, тораңғы бұтағына ілген экологтің жұмысына қарасаңыз, бұл әйнек сынықтарының сыңғыры тораңғыжылаған күндердің мұңын жеткізіп тұрғандай...
239 рет
көрсетілді0
пікір