- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
Ұлпаштан қалған ұлағат
Менің кейіпкерім – Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында Аударма және тілдерді дамыту басқармасының негізін қалаған, ұлттық дәрілік саясатты дамыту және әдебиеттану салаларында абыройлы еңбек еткен, ұзақ жылдар «Денсаулық» ғылыми-танымдық журналының тілшісі болған Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі Ұлпаш Сағынайқызы Тілеген. Ол – медициналық журналистика майталманы. Медициналық аударманың қазіргі замандық даму кезеңінің көшбасшысы. Тірі энциклопедия. Жастардың ұстазы һәм тәлімгері. Көкейдегі көрікті ойды көркем жеткізу шебері. Сан қырлы, мың сырлы Ұлпаш апамыз күнтізбе парағын ашқан 2025 жылдың осынау күндерінде 70 жас жотасында бәйтеректей жапырағы жайқалып тұрар еді. Мұңлы мақамды толғауым шәкірттік шалқымамен жазылып, гүл шоғымен бірге тартуланар еді... Жаз дидарын суық топырақ жасырып, Кеңсай қойнауында жер-ана бесігінде тербеліп, мәңгілік мекенінде дамылдай бастағалы заулап қырық күн өте шықты.
Замандастары «Ұлпеке» деп ұлықтайтын, айбарлы азаматтардың өзі айбынды, адуынды мінезінен жасқанатын, гүлдей нәзік қыздар айналасына шоғырланып, «Апа! Апатай! Апажан!» деп еркін еркелейтін, құдды анасындай арқа сүйеп, талайлы тағдырынан сыр шертіп, мұң шағатын, әзиз әпкелерінің жігерлендіруіне жігерін жанып, қайрауын естіп, қайраттанатын аяулы Ұлпаш апамыздың есімі шежіре бетіне көшті. Айтқан ақыл-нақылдары жүрегімізге жазылып қалды.
Батыстағы Ақтөбе өңірінде ата-анасының кезекті тұрақтаған қонысы – «Ұлпан» бекетінде теміржолшылар отбасында дүние түндігін түріпті. Шетінеп кеткен тұңғыштың орнын толтырамын дегендей, шырқыраған айғаймен туған қызға азан шақырылып, Ұлпаш деген ат қойылды. Перзенттер көшін бастаған бөбектің соңынан бірінен соң бірі ұл туып, ержетті, қыз өрбіп, бойжетті. Жай Ұлпаш болмады, әкесі ырзалықпен «Майұлпаш» атап кетті. Анасының қолғанаты, отбасының ақылманы, қамқоры болып өскен апамыздың соңғы деміне дейін қандай бауырмал, туысшыл болғанын, анасы ертерек озып кеткенде қара шаңырағындағы әкесін қалай елжіреп сағынатынын, сый-қоржындарын арқалап, елге ат басын жиі бұрып тұрғанын білеміз. Жуық жылдарда әкей тоқсанның төріне өрлеп барып, о дүниесімен қауышқанда Алматыда Сағынай әкеміздің құдайы асының Ақан серінің «Құлагер» дастанындағы «Сағынайдың асынан» кем болмағанына куәмыз. Айтпағымыз, әкесінің атын шығарып, баспасөз бетіне қашап жазып жүрген бір өзі қыз бала болса да, он ұлға татитын есті, елеулі перзентке деген ел батасы!
Ол Орал мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетінің түлегі, Шалқар қаласындағы орта мектептің химия және биология пәндерінің оқытушысы, ененің көңілін тапқан, жұбайының қабағын баққан ауылдың ұяң қызы еді. Тірлік ағысы нарық ақырып тұрған жылдары отбасымен бірге Алматыға қарай айдап, тұла бойындағы тума таланты, білім-білігі Ұлпашты алып шаһардың сыйлы тұрғындарының біріне айналдырып, мәшһүр қаламгерлер сапына қосты. Екі жұмысына қосымша он шақты жыл «Фолиант» баспасында ұлттық әдебиет қорына қазына қосқан қауыммен шығармашылық ынтымақтастықта болды. Ғибратты ғалым Сейіт Қасқабасовтың өзі: «Қазақстанда «Бабалар сөзі» 100 томдығын алғашқы әрпінен соңғы парағына дейін түгел оқып шыққан жалғыз адам бар, ол – менің құдағиым Ұлпаш!» деп мадақ лебіз білдірген екен. Осы 100 томдықтың корректор-редакторы болып, талай күндер мен түндер көз майын тауысты. Қызы қонған құтты қияның осы Сейіт абыздың шаңырағы болып шыққанын мақтанышпен айтудан жалықпайтын. Өзі де тағдыр теперішін аз тартпағасын ба, ұл-қызының бағы да, бабы да келіскенін, келістірген өзінің аналық сүйіспеншілігі мен ұстаздық ұстаммен берген үздік тәрбиесі екенін сезініп, марқаятын. Сосын да сүйікті құдағиының қазасын көтере алмай, отадан шыққан сырқат халінде қайғыру соңы қиындап, арасына бес-ақ күн салып, апамыз да жедел жәрдеммен барған жерінен ауруханада көз жұмыпты. Жомарт ұлын, «өз топырағымнан жаралған!» деп келінін, шеттерінен талабы таудай өнерпаз немерелері үшін шаттанудан, шүкіршілік айтудан, қалаша орысша арнаға бұрылып бара жатқан жерлерінен қазақша үйіріне қайырып қосудан, ана тілінің нәрінен сусындатудан еш шаршамаушы еді. Әйтеуір, тұңғыш жиен-немересінің ұзатылу тойында ақ батасын беріп, шашу шашып үлгеріпті.
Елішілік өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып, үкімет пен әкімдік тарапынан шешімін табу жолдарын іздейтін Сарқыт Ысқақ, тарихи бетбұрысты кезеңде сайқал саясаттың сары майын ерітіп жазатын алғыр қаламгер Бейбіт Жұмажан апайларымыздың құрбысы редакцияға келген сайын «Алматы ақшамы» газетінде басталған тырнақалды қадамдарыма сүйініш білдіретін. Сымбатты да сұңғыла ханым өңірлес сіңлім деп мені де бауырына тартты. Әдеби кештерді бірге тамашалау дәстүрімізге енді, «Азия дауысы» деп дүрлігісіп, Медеуге сабылған сағаттар болды. Бірде ақын Танакөз Толқынқызының кешінен кейін залда бір қатарда отырған Зәмза Қоңыр, Мағира Қожахмет тағы басқа танымал қаламгер апайларды қолқалап үйіне алып барып, дем арасында жайылып кеткен берекелі дастарқан басында әңгіме-дүкен құрып, өлең оқып, ән салып, арқа-жарқа болғанымыз бар. Анамнан айырылып, көңілім қаяулы жүргенде үйіме көңіл айтып келіп, батиқасын оқыды. Інісінен айырылғанда біз де апамызды жұбатуға жан салдық.
Мұхтар ағамыз депутат болып сайланып, Парламент мінберінен тіл туралы мәлімдемелерін оқып жүрген тұста «Жалын» журналындағы жұмысыма қоса, Мұхаң он екіде бір нұсқасы жоқ «Рух-дария» газетін мойныма артып қойып, жартымсыз жалақы, мардымсыз қаламақымен үйімдегі бірі әкесіз, бірі анасыз бауырларымды баламмен бірге бағу, оқыту-тоқыту міндеті қабырғамды қайыстырған мен өз бетімше нәпақа іздеп кеткен жылдарым еді. Тәуелсіз Кәсіпкерлер қауымдастығының «Независимая газета» басылымының қазақша беттерін толтырып, қосымша үйдің жанындағы баспахананың редакторы болып, тіршілік үшін тырбаңдап жүргенде ақындық арманым айдалада қалып, журналистік жорға жүрісімнен де жаңылып бара жатқандай едім. Алдымен Алланың қамқорлығы, одан кейін анамның батасы болар, анашымның жүз күндік асын өткізіп, қариялар батасын алып, елден оралған 2010 жылғы жазда дәрілік заттардың қазақша аудармасы іске қосылған 1990 жылдан «Дәрі-дәрмек» кәсіпорнының штаттан тыс маманы болып келе жатқан Ұлпаш апамның ұсынуымен халық денсаулығы күзетінің алғы шебінде тұрған ауқымды дәрілік холдинг – Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығына қызметке шақырылдым. Аударма саласында тәуір тәжірибем болғанымен, латынша шегенделіп, орысша тебенделген медицинаның тоң топырағына тың түрен салуым еді. «ЕАЭО айналымына қосыламыз» деп дабыл қаққан бас директордың өтінішімен Ұлпаш апамыз менімен бірге бірнеше тіл маманын аудармашылар армиясына қосты. Академик Раиса Салмағамбетқызы басқаратын Фармакологиялық орталық жанында «Дәрілік нұсқаулықтарды аудару тобы» деген қарабайыр атпен қалта бөлім болып, жүктеменің ауырлығынан, маман тапшылығынан сынық арбадай қиралаңдап қалған аударма ісінің айы оңынан, жұлдызы солынан туып, жаңа сапа деңгейіне көтерілді. Ұлпаш апамыз Аударма және тілдерді дамыту басқармасы болып құрылуымызға ұйытқы болды. «Ваш казахский язык кто вообще читает?!» деп тепсініп жүргендердің аузына құм құйылды. Осы жаңа басқарманың жетекшілігіне өзі шақырылғанымен, орыстілді ұжымда жауынгерлік рухының мұқалмауын ойлады ма, әлде аудармашылықтан журналистігін жоғары қойды ма – «Денсаулық» журналынан зейнетке шығу ниетімен қызмет ауыстырмады. Бірнеше кітабы, аударма жинағы жарық көрді. Зейнеттен кейінгі жылдары аздаған уақыт біздің орталықта штат құрамында жұмыс істеп, күн сайын көрісу, сұқбаттасу, сырласу, мейрамдарда бірге қуанысу, мерейтойлар тойласу ғанибетіне ие болдық. Күн сайын жер астынан көмір қазғандай ұшы-қиырсыз аударма алапатының астында аласапыран жүктемеден жауыр болып, журналистика жағалауынан қашық жүзіп кеткеніммен, бұл жерде де қаламымды ұштап тұрудың амалын таптым. Мәскеулік атышулы ғалымдар «Фармакология Шахерезадасы» деп атаған Раиса Күзденбаеваның 70 жасқа толған мерейтойында «Ғалым да Сіз, Ханым да Сіз!», Есім Ысқақ ағамыз 60 жас асқарына көтерілгенде «Өзіміздің Терминком», ал Ұлпаш Тілеген «Алпысым – тал түсім» дейтін белеске келгенде «Аман бол, апаларым!» деген атаулармен белгілі басылымдарда өзім рухани құбыла таныған тұлғалардың келбетнамасын сомдап, бірінші басшымен сұқбаттар, Орталық өткізген халықаралық форумдардан репортаждар жарияладым. «Халық денсаулығы үшін!» ұранын салып жүрсе де, тек жоспармен және ақпармен бас қатыратын, орындаушы роботтарға айналып, орысшасымен белден басып, қазақ тілін біздерден ұялғаннан ерініп бұрмалап сөйлейтін ортадағы алдыңғы үздік буынның осындай шоқтығы биік тұлғалары болмаса, рухани тозуға ұшырап кетеріміз кәміл еді.
Соңғы жылдар жүзінде бас қосуларда сирек көрісіп қалғанда қанша дес бергісі келмесе де, оптимист, энтузиаст Ұлпаш Сағынайқызының шырайлы реңінің солғын тартқанын байқап қалдым. Ауырып жүріп, Гүлзира сіңлісі 50 жасқа толғанда өзінің «Денсаулық» журналына «Жақсылық жаршысы, денсаулық сақшысы» деген мақала жазып жүр-ау. Үлкен басымен кішіге ілтипат танытқанына разылықпен ұлттық нақышты желбегей қамзолды иығына жауып үлгергеніме тәуба! «Сол тойда аяғым талғанша билеймін» дейтін, ұлым үйленгенде, келіншайға аяғы жетпегенінен-ақ іштей секем алып, уайым биледі. Өткен жылғы Жаңа жылда туған күнімен құттықтап кіріп шықтым, көршілеріммен бас қосуға қолқалап алдырдым. Апамның өсиет сарынының басым болып кеткенінен, бұрынғы желпінісінің бәсеңдеуінен көңілдің ең түкпірінен беймәлім қимастық сезім билегені де рас...
«Өмір дегеніміз – өткен күндер емес, есте қалған күндер!» Осы сөзді 39 жасында өмірден озған туған ағамның қойын дәптерінен оқыған едім. Ел ағаларының, ойшыл тұлғалардың керуені лек-легімен келмес сапарға аттанды. Апаларым, сіздер де асығып жолға шықтыңыздар. Ұрпақ сабақтастығы үзіліп, жалғанбай қалмас үшін іздеріңнен келе жатқан ұрпақ бекемденіп алғанша қарайлай тұрмадыңдар ма, беу, апаларым?! Сіздердей қайта тумас болмысымен қарапайымдылығынан танбаған, ақырын жүріп, анық басып, тура жолдан адаспай, даңқ қумай, бедел таластырмай, толағай іс тындырған, мақсат-мұраттарын нық белгілеген және Алладан аманаттаған миссияларын адалдықпен орындаған, үлкенге кішілік ізетінен жаңылмаған, кішіге үлкендік өнегесін дарыта білген жандардың жаннаттың ең қастерлі төрінен орын алары хақ. Қазақ халқы өр мінезді, ұшқыр қалам иесі – Ұлпаштай ұлағатты қызын ұмытпайды!
Гүлзира СЕРҒАЗЫ
436 рет
көрсетілді0
пікір