• Ақпарат
  • 09 Қаңтар, 2025

Оюдың сырына үңілген

Өнертанушы Шөптібай Байділдаұлының Қостанай облыс­тық тарихи-өлкетану музе­йінде «Өнер сыры – өрнекте» деп аталатын көрмесі өтті. Қолымызға түсе бермейтін он саусағынан өнері тамған ғажайып тұлғамен емін-еркін сөйлесудің сәті түсті.


Әкенің қатал талабы

Кейіпкердің айтуына қарағанда, қазақта жазудан ерте ою-өрнек пайда болған. Алдымен, тайпалық белгі-таңба элементі ретінде көрінсе, оның көмегімен әрбір ру өзінің даралығын көрсетуге ұмтылыс жасаған. Кейін уақыт өте дербес өнер ретінде қалыптасқан. 
Кейіпкеріміздің әкесі Байділда Омарұлы ауыз әдебиетін, ежелден келе жатқан ескі әңгімелерді, шежірені өте жетік білетін, ауызша есепке жүйрік екен. Ол ұлын жастайынан аң аулау, балық ұстау, бақша егу, тұрмыстық заттар жасау­ға, қолөнерге үйретіпті. 
Зейінді бала кішкентай кезінен көркем табиғатқа іңкәр болды. Әкесінің мағыналы әңгімесін құлағына құйып өсті. Өнер, әсіресе оның ішінде қолөнер түрі ағаш жону, сақина, жүзік соғу, кірпіш құю, салтанатты үйлер салу, қызыл кесенелер тұрғызуды бұлардың әулеті өте жетік меңгеріпті. Әкесінің туған жерінде атақты Әбен зергер, Самырат, Көшек, шеберлер, Тайшық, Сейтқасым секілді ұсталар аз болмаған. Нағашы жұртында да танымал азаматтар жеткілікті-тін. 
Маңайдағы қарттар кешке малдарын қораларына жайлағаннан соң, бір үйге жиналып, әңгіме-дүкен құрып, мәре-сәре болатын. Үлкендер жағының сөзін кейін­гілер бөлмей, ұйып тыңдайтын. Әкесі осынау құйма құлақ ұлын өзімен бірге ертіп апарып, оң тізесіне отырғызып, әлгі көкірегі шежіреге толы ақсақалдардың мағыналы сөздеріне ден қойғызатын. 
Шаңырақ иесі көктемгі су тасығанда жайылмаға ау құратын. Белден келетін мұздай суға түсіп, аудың жібін тартып, су ішінде жарты сағаттай тұрған кездері де болды. Ол ұлын тоңады, суық тиеді деп өбектемейтін. Сондықтан табиғаттың қыр-сырына әбден үйреніп, тіршілікте кәдеге асар заттарды өзі жасап ала беретін. Сол кездерде қазіргідей электр жарығы жоқ, жұрт май шамды пайдаланатын. 
Әлгі май шамның жарығымен қазақтың «Жеті батыр» жырын қарттарға екінші сыныптан бастап оқып беруді дағдыға айналдырды. Олардың өтініші бойынша, бір күні «Қобыланды», екінші күні «Ер Тарғын» жырын нақышына келтіріп оқитын. 
Ерекше талғампаздықты талап ететін суретті де төменгі сыныптан бастап әдемі салатын. Бірақ әкесі оған пәлендей қуана қойған жоқ. Кейін ою-өрнекке бейімделе бастады. Бірінші сыныпты кіл үздік бағамен бітірді. Ауыз әдебиетіне, тарихқа, географияға ынтасы ерекше болды. 
Ол өзі бастауыш сыныптарда дәріс берген ұстаздары Қапан Ысмағұлов, Назарбек Бектемісов, Қабден Байқасынов, Тұрғынбек Шопановтарды әрдайым ұмытпай еске алып жүреді. 
Талғампаздық 
ерте қалыптасты

Уақыт бір орында тұрмайды. Сонау 1963 жылы Аманкелді ауданы Иманов кеңшарындағы «Жаңа ауыл» орта мектебін он сегіз түлек ойдағыдай тамамдады. Сол білім ордасын бітірген жылы жаңа ашылған «Родник» (кейін «Жыланшық» болып өзгертілді) кеңшарына құрылысқа бармақшы болып, республикаға үндеу жариялады. Сол берген сертінде тұрып, бригада құрды. Білек сыбанып, кәдімгі қызыл кірпіш құйды. Күзде бұлар тарап, жан-жаққа кетті. Сыныптастардың алды үлкен қалаларға оқуға түсе бастады. Алайда әкесі өзін ауылдан басқа жаққа жібермеді. Оның сөзіне қарсы келмей, содан арада он жеті жыл өткен соң ғана, отыз төрт жасында Алматыға аттанды. 
Асқар таудай әкесінің мұны алысқа оқуға жібермеуінің өзіндік себеп-салдарын кейін азамат болғанда ғана түсінді. Ол өмірден көп қиындық көріп, арып-ашып, жүдеп-жадап қартайған шағында құшағына алған перзентін көзінен таса етпей, жанында ұстады. Қайран мейірімді жанның қадір-қасиеті мен түпкі ойын жылдар өте ұғынды. 
1966 жылғы маусым айында көрікті бойжеткен Әзизамен шаңырақ көтерді. Зайыбы екеуі сегіз баланы өсіріп, қатарға қосты. Бәрі де жүрегі қалаған кәсіп бойынша қызмет атқарады. 
Осы балаларынан тараған ұрпақтары бәйбішесі екеуінің тіршіліктегі мәні әрі сәні. Бір немересі Ақнұр қазіргі таңда бауырлас ел Түркияда білім алып жатыр. Ол – болашақ журналист. 

Арман алдамайды

Бала кезде кім болсын қиялшыл келеді. Алайда арман ешқашан да алдамайды екен. Шөптібай Байділдаұлының өмірі осы сөзімізге нақты дәлел. Оның жастайы­нан сурет салып, ою-өрнек жасауға ден қоюы жылдар өте өз жемісін берді. 
Бірқатар оюы «Қазақтың ою-өрнектері», «Ою ой, өрнек сал» атты кітаптарына енді. Биыл Алматыдағы белгілі бір баспадан «Қазақтың тұрмыстық ою-өрнектері» деген атпен жаңа жинағы жарық көрді. Ол жоғары оқу орындарының ұстаздары мен студент-жастарға, ғалым-зерттеушілерге, жалпы оқырман қауымға арналған. 
Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген туындыға қазақтың көрнекті жазушысы, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сапарбек Ұзақов пікір жазды. 
Шөптібай Байділдаұлы өзі ойған оюларын Астанадағы Тұңғыш Президент музейіне, Президенттің Мәдени орталығына, облыстық және басқа да музейлерге тапсырды. Суретші немесе ою-өрнекпен айналысып, оған ғұмырын арнаған адам үшін көрменің алар орны қашан да бөлек. Мәселен, оның бірқатар туындысы 1992 жылы Түркияда өткен әлем жастары фес­тиваліне, 1996 жылы Америкада ұйым­дастырылған олимпиадаға, Алматыда, Астанада, Түркістанда, Қостанайдағы жеке көрмелеріне қо­йылғанын білеміз. 
Өз саласының білгірі негізгі қызметінен қолы бос кездерін жазу-сызуға, яғни шығармашылыққа арнайды. Осы арада сөзім жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйенгенім орынды болар. Оның 2011 жылы Екібастұздан «Санаулы ғұмырымдағы ойларым» атты көлемді еңбегі жарық көрді. Сондай-ақ Кеңес заманында жазықсыз үш рет сотталған Шменбай Алшориннің түрмеде отырып жазған өлеңдері мен әңгіме, мақал-мәтелдері топтастырылып, Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Мұхиттан өткен қайық» деген атпен шықты. Өлкетанушы ретінде Арқалық қаласының тарихы, мәдениеті, өнеріне байланысты екі кітаптың мәтінін жазды. Олар да жұртшылықтың көңілінен шығып, тиісті бағасын алды. 
Оған «Өмірде қуанған әрі қиындықтарды жеңген ұмытылмас шақтарыңыздан сыр шертсеңіз?» деп қойған сауалыма ойланбастан: «Өмірде қуанышты күндерім мен сәттерім көп болды. Оның ішінде алғаш немерем Төреханым дүниеге келгенде атасы ретіндегі қуанышымды тілмен айтып жеткізе алмаймын. Мұндай күйді кез келген ұл өсіріп, келін түсіріп отырған азамат бастан кешеді деген ойдамын. Қолына қалам ұстаған адам үшін шығармашылық табыстың орны бөлек. Мәселен, мен 60 жасқа толған күні Алматыдағы беделді «Өнер» баспасынан алғашқы ою туралы кітабым жарық көріп, қолыма тигендегі бақытты шақты ұмыту әсте мүмкін емес. Жұмысыма барынша адал болдым. Тек халықтың қамын ойладым. Сондықтан екіжүзділік, басшыларға орынсыз жағыну, өзіңе тәуелділерге қиянат жасау ешқашан да, кімге болсын, абырой әпермейді дер едім. Шыншылдықты, кісілікті пір тұтқандар ғана әрқашан дегеніне жетеді», – деді. 
Шөптібай Байділдаұлы 2008 жылдан бері Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық инс­титутында қызмет атқарды. Бастапқыда музейде, редакциялық баспа бөлімінде болса, уақыт өте ғылыми орталықта жұмыс істеді. Қаланың өміріндегі маңызды істерге де белсене араласты. «Жас ұлан» жастар ұйымына бес-алты жыл сарапшы болды. Онда жастарға Торғай өлкесіндегі тарихи орындарды таныстырып, өзінің пікірін білдіріп отырды. 
Студент жігіттер мен қыздарға қолдан келгенше ақыл-кеңесін беріп, тәлімгерлік етті. Әрине, мұндағы бастамалардың кеңінен қанат жайып, өз жемісін беруі басшылардың оны түсініп, қамқорлық жасауына да тікелей байланысты. 
Сондықтан әңгіменің орайы келгенде, өңірдегі педагогикалық кадрларды даярлауға ықпалын тигізіп келе жатқан жоғары оқу орнының басшысы мен барша ғылыми қызметкерлерге шынайы алғысын білдіреді. 
Олардың тікелей қолдауының нәтижесінде көздеген биіктеріне көтеріліп, жастардың бойына отансүйгіштік, елжандылық, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптас­тыруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. 
Адам баласының белгілі дәрежеде кемелденуіне, жан сарайының кеңеюіне, тіршілікте аралас, құралас, сырлас болған кісілердің де септігі тиетіні дау тудырмайды. Ол да осы кезге дейін бұл күндері есімі күллі ұлтымыздың аузында жүрген жақсылар және жайсаңдармен дәмдес әрі пікірлес болды. Олардың әңгімелерінен көп ғибрат алды. 
Мысалы, ұлтымыздың ардақ тұтар қаламгерлері Қойшығара Салғара, Төлен Әбдік, Қоғабай Сәрсекеев, мүсінші Шота Уәлиханов, тарихшылар Едіге Уәлиханов, Ғұзыхан Ақпанбет, ахметтанушы Ибраһим Ағытаев, көрнекті ақын Серікбай Оспанов­пен сыйласқан шақтарын өміріндегі ең бір бақытты сәттеріне балайды. 
Осыдан біраз уақыт бұрын өмірден озған ардақты ағамыз, қазақтың біртуар даңқты перзенті Сейіт Кенжеахметовпен қатар жүріп, қызмет атқарған жылдарының да бұл үшін жөні бөлек. Қазір сол кездерді сағынышпен еске алады.    
Ән-күй десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Шөптібай Байділдаұлы да ерте кезден қазақтың сирек кездесетін шертпе күйлерін, ауыз әдебиетінің жауһарларын, даналық сөздерді, мақал-мәтелдерді, танымдық жағы мол шежірелерді жинауды дағдыға айналдырды. 

Оразалы ЖАҚСАНОВ

233 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы