• Ақпарат
  • 09 Қаңтар, 2025

Өркеннің өндірісі өркендесе...

Элеонора Әзіржан,

«Ana tili»
 

Алматы облысы Ұзынағаш ауданында Өркен Ақай есімді аяқ киім жасау шебері бар. Арманы – «Nike», «Adidas» секілді алпауыттармен иық тіресетін отандық бренд шығару. Қазірдің өзінде адал еңбегімен біраз белесті бағындырып келеді. Мақсаты – Алматыдан сапалы аяқ киім өндіретін үлкен кәсіпорын ашу. 

 

Адалдық – басты қағидам 

– Негізі, кез келген іске, ең алдымен, ниет керек екені рас. Әрбір саланың қызығы мен шыжығы бар. Мен де бұл жолда бірден кәсіби шебер болдым деп айта алмаймын. Қытайда туып-өстім. Кейін Шымкентке ат басын тіреп, Атырауда білім алдым. Бәрі де уақытпен, тәжірибемен, еңбекпен келді. 2018 жылы алғаш бұл кәсіпті жай ғана аяқ киім жөндеуден бастадым. Ол уақытта Көкшетау қаласы Зеренді ауданында едім. Кейін біраз адам «неге сапалы аяқ киім тікпейсіңдер» деп айтты. Содан кейін сұраныс барын ескеріп, әрі қарай біліктілікті жетілдіруге кірістім. Астана қаласынан осы саланың маманы Самғау Нәсіпхан ұстазымды тауып, сол кісінің ақылы сабағына қатысып, аяқ киімнің шегесін шегелеуді, сызбасын сызуды, қолдан кесуді үйрендім, сөйтіп, әрі қарай дамыттық. Самғау Нәсіпхан еліміздегі аяқ киім тігу саласының үздігінің бірі, қазір Президенттің аяқ киімдерін тігеді. 2018 жылдан бастап сол кісімен бірге өзімізді тоқтаусыз дамыттық. 2019 жылдан бері былғары аяқ киім нарығына ресми түрде еніп, жұмыс істеп келеміз. Ұстаздан тұңғыш үйренген аяқ киім түрі өзімізге арнап тігілген жаздық сүйретпе болды. Өзің бірінші рет қолдан жасап шығарған өнім әрқашан ыстық. Жалпы, қолөнер өте ұзақ уақытты алады, төзімділікті қажет етеді. Ұстазымыз басында «Өркен, сен әзірге үш жылға дейін ақша табамын деп ойлама. Сол үш жыл ішінде қабілетіңді дамыт» деді. Расында, алғашқы үш жылда көп тапсырыс болмады. Неге? Өйткені мен күндіз уақытымды өзімді дамытуға жұмсадым. Кей кезде таңға дейін отыратын едім. Қызығына кіріп кетіп, тоқтамай жасай бердім, сөйтіп, шыңдалдым. Әр материалды, табанды қалай таңдайтынымызды, қай теріні қай уақытта қолданатынымызды, оны қайдан алатынымызды біле бастадым. Кәсіпкердің, біріншіден, ниеті дұрыс болуы керек. Кәсіп адамның өз пайдасы үшін ғана істелсе, көп жағдайда ұзаққа бармайды, 2–3 жылда, тіпті 6 айда жабылып қалады. Ал «атадан қалған кәсіп, бренд етіп шетелге шығарамын, әлемдік қымбат аяқ киімдердің қасында, қымбат жерде сата аламын» деп әр детальға мән берсе, міне, оның жөні де бағыты да бөлек. Мақсатым – «Adidas», «Nike» секілді қазақтың мықты да сапалы аяқ киімін шығару.

Қандай аяқ киім денсаулыққа пайдалы? 

– Кәсіптегі басты құндылығымыз – бағаға емес, сапаға жұмыс істеу. Ол қымбат, мейлі, ол арзан болсын, бірінші кезекте ең жоғары сапада болуға тиіс. Біз 100 пайыз таза теріден, өзіміз қолдан тігуіміз керек деген мақсат қойып отыр­мыз. Жылына 1–2 рет шетелге барып біліктілігімізді шыңдаймыз. Түркияға барамыз, Қытайдан онлайн сабақтар оқимыз. Өйткені әрдайым ең ыңғайлы, заманауи аяқ киімдерді ұсынғымыз келеді. Негізі, тарихқа көз жіберсек, ежелгі жазбаларда, Қытай деректерінде жазылғандай, ең алғашқы биік өкшені атқа міну барысында біздің ата-бабамыз ойлап тапқан. Негізі, бұрынғы аяқ киімнің формасы мәсі сияқты болған. Кейін үзеңгіден өтіп кетпес үшін, биік өкшені ойлап тауып, қайың шегемен қайысты тесіп отырып шегелеп, биіктеткен. 
Жалпы, сапалы етік дайындау, ең бірінші, теріні жоғары деңгейде өңдеуді қажет етеді. Екіншіден, аяқ киімнің ішіне салынатын жылы қабаттың, яғни мал жүнінің құрамына байланысты болады. Мысалы, Қытай өнімінің көбі майлы емес. Өйткені олар мал терісіндегі майды толығымен алып тастайды. Ал Қазақстанда өңделіп жатқан қой терісі майлы. Май жылуды жақсы сақтайды, суық өткізбейді. Үшіншіден, сапа табанға да байланысты. Арзан аяқ киімдерде көбіне картон, қағаз болады. Біздің мақсат – бабаларымыз қолданған бұрынғы ұлтан немесе қайысты қолдану. Қайыс сиырдың, бұқаның қатты терісінен жасалады. Біз соны табанға саламыз. Ерекшелігі, табаныңыздан суық өтпейді. Ұлтан салынған аяқ киім жаздың күні аяқты терлетпейді, ыстықтатпайды, қыста аяқты тоңдырмайды. Қазір көбі ұлтан деп айтып жатады, бірақ оның да сапалысын тауып салу керек. Табан да сапасына қарай бөлінеді. Бір ай киген соң желініп түсіп қалатын табан, бір жылдан соң түсіп қалатын табан болады. Ал біздің табандарды тұтынушыларымыз 2019 жылдан бастап әлі киіп жүр. Бастысы, аяқ киімге салынатын материалдың құрамы жақсы болса, ол -45 градус суыққа емін-еркін шыдайды. Егер адам былғарыдан жасалған аяқ киім кисе, аяқта жағымсыз иіс болған жағдайда оны бірте-бірте кетіреді. Жаздық аяқ киіміңіздің ұлтарағына дейін таза былғарыдан жасалса, терді өзіне сіңіріп, аяққа кері әсерін тигізбейді, демалып тұруына мүмкіндік береді. Ал арзан синтетика қосылған аяқ киімдер жазда аяқты терлетеді. Жылдар өте келе аяқ ісінетін болады. Біз аяқ киім тіккенде әр детальға мән береміз. Табанындағы ұлтанның астына да мән берген жөн. 
Жалпы, елімізде тері өңдейтін үлкен үш зауыт бар. Олар Алматы облысында, Таразда, Шымкент қалаларында орналасқан. Аяқ киім жасауға теріні үнемі осы зауыттан аламыз дей алмаймын. Өйткені көбіне классикалық үлгідегі аяқ киім тігеміз. Ал өндірілген отандық тері стандартқа сәйкес келе бермейді. Қазақстанда өндірілген тері, біріншіден, қаттылау, екіншіден, қыстың күні бетінен тұзы шығып, ағарып кетеді. Шымкенттегі тері зауыты классикалық аяқ киім тігуге келетін теріні өңдеп, барынша дайындайды, бірақ әлі де дәл біз іздегендей емес. Ол жерден етіктің табанына салатын, боялмаған таза қайыстарды, ал қой терісін Тараздағы зауыттан аламыз. Шикізаттың барлығын шетелден емес, өзімізден алғымыз келеді. Бірақ терінің өңделуі біздің сапаға сай келмей жатыр. Неге? Зауыт басшылығының айтуынша, тері өңдеуге шетелдерден келетін жоғары сападағы химикаттарға шектеу қойылған. Сондай-ақ химикаттардың бағасы қымбат, оны елге кіргізу үшін 2–3 есе артық ақша төлеуге тиіс. Сол себепті олар жоғары сападағы химикатты кіргізе алмайды. Жартылай өңдеп, шетелге жібереді. Қазір қыс­тық аяқ киімнің сыртқы терісін Түркия­дан алдырамыз, ал жаздық спорттық аяқ киім, туфлиге отандық былғары пайдаға асады. Арнайы тапсырыспен қымбат аяқ киімдер сұраған адамдар болса, оларға теріні Италиядан, Түркиядан алдырамыз. Қазір нарықта шетелден арзан аяқ киімдерді алдырып, өзіміздің отандық өнім деп жеке бренд жасап сатып жатқандар да бар.

Аязды күні аяқ киім саудасы қызады

Өнімдеріміз қазір 50 мың теңгеден төмен аяқ киімдер. Барлығының бағасы – 47 000 теңге. Алдағы уақытта баға өседі. Өйткені доллардың өсуіне байланысты шетелден келетін тауарлардың индексі бар, салығы бар, олар да қымбаттайды. Цехта 150–250 мың теңгеге дейінгі аралықта жеке тапсырыстарды да тігеміз. Ол жерде қолданылатын тері, жіп, қалыптары басқа болады. Елге танымал бір адам «сапалы теріден тігіп берсеңдер әрі сендерге қолдау болсын» деп ұлттық нақыштағы етік жасауға тапсырыс берді. Оны жасауға 15 күн уақытымызды жұмсадық. Өйткені қолтырауын терісіне ұқсатылған былғарыдан тігіліп, әрбір детальға мән берілді. Бағасы да арзан емес, 250 000 теңге. Одан бөлек әр адамның аяғының ерекшелігіне сай, арнайы қалып жасап, жеке тапсырысқа туфли де тігеміз. Мұның да терісі қымбат, өте сапалы. Алла қаласа, алдағы жылдан бастапқымбат аяқ киім тігу ойда бар. Бір етікті тігуге кемі екі күнді жоспарлаймыз, әрбір аяқ киімді жасау үшін 40-тан аса процесс жүреді. Әр детальды жабыстырғаннан кейін желімі кебуі үшін жоқ дегенде жарты сағат тұруы керек. Аяқ киімнің сырты дайындалып болған соң ішкі жылы қабатын жинақтаймыз. Осы жұмыстарды цехтағы үш адам атқарады. Біріміз тігеміз, екіншіміз табанын шегелеп біріктіреміз, үшіншіміз формаға келтіріп өңдейміз. Айына 100–150 жұп аяқ киім шығарамыз. Тапсырыстар Алматы, Астана, Қостанай, Петропавл, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, жалпы, еліміздің барлық өңірінен түседі. Шетелдерден осыған дейін Қытай, Қырғызстан, Германия, Түркияға жібердік. Мысалы, Германияда бір аяқ киім 300 доллардан жоғары сатылса, біздікі 100 доллар тұрады. Бізде ең көп тапсырыс қыс мезгілінде түседі. 
Қазақстандағы аяқ киім нарығын өз өнімі­мізбен толтыру үшін кәсіпкерлікті қолдау өте маңызды. Елдегі барлық қалада, ондағы әрбір ауданда бір-бірден аяқ киім шы­ғаратын кәсіпорындардың болуы өз нарығы­мызды өзіміз толтыруға мүмкіндік береді. Аяқ киім цехын жер-жерден ашуға мемлекет тарапынан қолдау аз, жоқ десе де болады. Бұл кәсіпке қаражат та көп кетеді, аяққа тұрып кету үшін кемі 5–10 млн қаражат керек. Осы уақытқа дейін Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Алматы облысынан, Талдықорған, Астанадан келген онға жуық шәкірт тәрбиеледім, олар да үйренді.
Қазір тапсырыс көп, үлгере алмай жатырмыз. Адамдар біздің өнімді неге таңдайды? Бірінші – шынайылық. Цехқа келген адам осы жерде аяқ киімдердің өндіріліп жатқанын біледі. Екіншіден, шығарып жатқан өнімнің сапалы екеніне тұтынушының өзі көз жеткізеді. Әрбірінің видео немесе жазған пікірін жариялап отырамыз. Үшіншіден, тұтынушымен кері байланыс орнатып, сапалылығын тексеріп отырамыз. 
Алдағы уақытта шағын өндіріс орнын ашу ойда бар. Алла қаласа, Қытайға барып сабақ аламыз. Ол жақ бізден әлдеқайда дамып кеткен. Осыған дейін Түркияны көрдік, бірақ доллардың қымбаттауына байланысты қиындық туындады. Қазір өзімізден өндіріс орнын ашу мақсатында Қытаймен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Осы ретте мемлекет қолдаса, әрине, қуанамыз. Бізге сеніп тапсырыс берсе, біз сол өнімді шығара алатынымызға, әрі қарай жүргізіп кететінімізге сеніміміз мол. Шыны керек, қолдау жоққа жақын. Егер кәсіпорын ашуға жер беріп, қолдаса, біз кемі 40–50 адамды жұмыспен қамтитын үлкен жұмыс орнын аша аламыз. 
 

243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы