- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
МҰЗБАЛАҚ ТӨМЕН ҰШПАЙДЫ
Ақтөбе қаласының тұрғыны, Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұманазар Асанмен танысқаныма отыз бес жыл болыпты. Аз уақыт емес-ау.
Шалқар қаласынан жеті шақырым жерде орналасқан Көкжиде ауылында балалық, жастық шағымыз өтті. Ата қонысқа жиірек жол түседі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Осындағы Сарықамыс сегізжылдық мектебінде мұғалім, кейін директор болған Жұманазар жүріс-тұрысы орнықты, көзге түсуге көп құмартпайтын жігіт екен. Қолында сары сөмкесі, демалыс күндерінде ауданға қатынайтын автобустың тұрақты жүргіншілерінің бірі. Мектептегі қызметінен қалмайды, арасында түрлі басқосуға, той-садақаға шақырса баруға тырысады. Онда да зейнеткер әке-ағалар қасына жайғасып, көне әңгімелерді диктофонына түсіріп алуға құштар. Сол кезеңде еліміздің егемендік алуымен Ұлықұм бойындағы ауылдарда ежелгі батыр-билерді ұлықтау шаруалары барынша ықыласпен қолға алынды. Біздің кейіпкеріміз төске ұрмай кішік қалпымен күй талғамастан өзіне бұйырған орында отырып-ақ құйма құлақ қарияларды сөйлетіп, хатқа түсіру дағдысынан жаңылған емес. Сөйтсек, ондай көкірегі қазына қарттар көзден бір-бір ұшады екен-ау.
Әрине, мұндай зерек жанға үйірсектеп, ішкі сырын ұғып алуға пейіл таныттық. Сөйтсек, тақыр жерге шөп шықпайтыны тәрізді, кезінде ауқаттылар санатында, малының көптігінен жалшы ұстаған Омардың немересі болып шықты. Ақтамберді жырау айтпай ма: «Елден елді аралап, Тектіден текті саралап. Сынға толса сияғы. Әлбеті шамның шырағы. Мұхиттан сүзіп шығарған. Қымбатты гауһар бағасы...» Әкесі Асан бір сөзінде: «Соғымға жылына төрт мал соятын едік – екі түйе, екі семіз бие», – депті. Мұны естіген Жұманазар: «Бір отбасыда айналдырған үшеуіңе көп емес пе?» десе керек. Шал жаратпай көрші-көлем, қызметшілікте жүрген ағайынды бетке ұстапты.
Кешегі кеңестік дәуірдің жөн-жосықсыз қиқуымен Асанға «бай баласы» деген таңба бәледей жабысыпты. Содан қуғынға ұшырап, үш рет түрмеге жабылады. Лажсыздан Хорезмге қашқан. Өзге есіммен елдегілермен хат арқылы хабарласып тұрса да, «шолақ белсенділер» аудандық газетке жаламен мақала жариялап, тыншу бермепті. Ақырында, Мәскеуден келген төтенше комиссар Ивановтың қолқалауымен темір жол бойындағы Шалқар стансасына мал жеткізу сапарына жолбасшы болып, бағыт сілтеуі арқасында бостандыққа шығу мүмкіндігін алады.
Жасы тоқсанға жетіп, баз кешкен Асан әкейдің үш әйелі – Қазына, Бақыт, Салқа өзара татулыққа селкеу түсірмей Мәлік, Шұқат, Жанғали, Маркен, Алдан, Жұманазар есімді алты ұл мен жалғыз қыз Әминаны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттармай қатарға қосады. Бәлендей көп оқымаса да, көзі ашық, көкірегі ояу әке етікшілік кәсібімен, киіз үй жасау шеберлігімен елге танылған. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қуғын-сүргін теперішін жадынан шығармай, көңілге тоқып, балаларының білім алуына ден қойыпты. Мына қызықты қараңыз, нәубет ызғарында запы болғаннан шығар, «балаларыма зияны тимесін» деп, Шұқаттың тегін түрмеде атылған ағасы Жамансары атына, Алданды – байлығымен ауызға іліккен атасы Омардың қызметшісі Сапарғалидің атына жаздырады. Осылайша, бір шаңырақта жеті бала Жамансарин, Сапарғалиев, Асанов болып оқу оқыды, ержетті. Жалғыз қыз Әмина жоғары біліммен сауда саласында еңбек етті, қазірде бала-шағасымен Қарағандыда тұрып жатыр. Мәлік пен Жанғали ауыл шаруашылығында ұзақ жыл абыройлы еңбек етті, ұрпақ өрбітті.
Шұқат Жамансарин туралы өмірбаяндық деректер «Ақтөбе» энциклопедиясының («Отандастар-Полиграфия» ЖШС баспаханасы, 2001) 408-бетінде, «Шалқар» энциклопедиясының («Мұрагер» ЖШС баспаханасы, 2009) 108-бетінде жарияланды. Тарих ғылымының кандидаты, доцент. 1998 жылы Алматы қаласында дүниеден озды. «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында, Қазақ КСР Ғылым академиясында, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында еңбек етті. 40-тан астам ғылыми-зерттеу еңбегінің авторы. Ағамыз кезінде әйгілі ғалым, министр Мүсілім Базарбаевпен, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовпен, тағы басқа көрнекті тұлғалармен тонның ішкі бауындай араласып, сыйласқан. Қайтыс болғанда Әб-аға (Нұрпейісов) басы-қасында жүріп, Кеңсай зиратында жерленуіне ұйытқы болған.
Асан әкейдің бір баласы Маркенмен Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінің редакциясында бірге қызмет еттік. Марқұм мейлінше таза, газеттің кез келген жанрында шеберлікпен қалам тербейтін, сөйлеу лексиконы бай адам болды. Жағынып-жарамсақтануды сүймейтін, кемшілікті бетке айтатын адам еді. Өкініштісі, отбасы құрмай, жасы алпыстан асқан шағында келместің кемесіне мінді. Шаңырақтың үлкені Мәліктен өрбіген Тама ауыл шаруашылығы және жер қатынастары құрылымдарында лауазымды қызмет атқарды.Зейнет демалысына шыққаннан кейін үйде қарап отыруды мақұлдамай, мерзімдік баспасөз бетінде ойлы мақалаларымен көрініп жүр.
Ал таяу күндерде жасы 75-ке толатын ғалым әрі жазушы Жұманазар Асанның жоғарыда келтірілген атақтарына қоса, мынадай төсбелгілермен марапатталғанын баяндасақ артық болмас: «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Үздік өлкетанушы», «Шалқар ауданының құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасының құрметті профессоры». Орта мектепті бітірген соң еңбек жолын Шалқар ауданындағы Қайыр селолық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болып бастады. Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтын үздік үлгеріммен тамамдап, Қайыр орта мектебінде, кейін Сарықамыс сегізжылдық мектебінде жұмыс істеді.
Алдына мақсат қоя білген адамға қолдаушы кезіксе тіпті ғанибет. Бұл ретте жас маманның жолы оңғарылғанын айтқан жөн. Өзі дәріс алған педагогикалық институттың ректоры, профессор Кенжеғали Кенжебаев талай қыз-жігітке бата беріп, үлкен даңғылға салып жібергені рас. Сондай топқа Жұманазар да ілігіп, институт оқытушылары қатарына қосылды. Нәтижесінде ғалым Мөңке би Тілеуұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге ден қойды. Мақалаларын республикалық белді басылымдарда жариялап, ұлы тұлғаны кең ауқымда танымал етті. 2001 жылы Астанадан мемлекеттік тапсырыспен «Шекті Мөңке би» атты көлемді монографиясын бастырып шығарды. Филология ғылымының кандидаттығына қорғаған диссертациясына әйгілі бабамызды басты тақырып етіп алды. Көрегендігімен, нақты болжамдарымен, жыраулық өнерімен, сазгерлігімен танылған би әрі жырау Мөңкеге Ақтөбе қаласында ас беріліп, ғылыми-практикалық конференция өткізілді, орталық даңғылдың бірінде ескерткіш мүсіні орнатылды. Ғалымның монографиялық еңбегі Түркияда көп таралыммен басылды, кітап Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Әзербайжан республикаларында тегін таратылды.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Сайрам соғысының басты қаһарманы, еліміздің батысынан он жеті мың қолды бастап барған, жойқын шайқаста қазаға ұшырап, баласы Жолдыаяқпен бірге Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Тілеу Айтұлын ғылыми айналымға енгізуде Жұманазар Асанның қосқан үлесі зор. Ол Түркістан қаласында ғылыми-практикалық конференцияда жаужүрек тұлға жайында маңызды деректерге толы баяндама жасады. Оның 1994 жылы жазған алғашқы зерттеуі кейін Тілеу туралы баспадан шығарылған кітаптардың алтын өзегіне айналды. Ақтөбенің Әбілқайыр хан даңғылында, Шымкент қаласының көрнекті алаңдарының бірінде ескерткіші «мен мұндалап» алыстан көрінетін батыр есімін ұлттық «Қазақстан» энциклопедиясына енгізген де Жұманазар Асанұлы.
Еліміз егемендік алғаннан бергі кезеңде айтулы олжамыздың бірі – Едіге батырдың ортамызға оралуы. Ж.Асан 2010 жылы «Едіге» жыры – тарихи-қаһармандық эпос» тақырыбында ғылым докторлығын қорғады. Онымен қоймай көптеген мемлекет өзіне меншіктеп келген аңыз адамның қаза болған, жерленген жерін анықтап, әлденеше рет сапар ұйымдастырған, сөйтіп, Ақтөбенің үлкен-кішісіне қауыштырған жанкешті іс-қимылын айту парыз. 2020 жылдың қаңтар айында облыс орталығының үлкен даңғылында қаһарман тұлғаның биіктігі 4,5 метрлік алып ескерткіші салтанатпен ашылды.
Жазушылар одағының мүшесі ретінде кейіпкеріміз тындырған шаруалар айтарлықтай зор. Он бес дастанымен халық жүрегінен орын алған ырғыздық Жөкей Шаңғытбаев, Шалқардың даңқты шайыры Сарышолақ Боранбайұлы туралы зерттеулер жазып, жинақтарын мемлекеттік тапсырыспен Алматыдан бастырып шығарды. Осы ақындардың шығармалары жоғары оқу орындарының бағдарламасына енгізілді. Жоғарыда баяндалған Мөңке би шығармашылығы да мектептің тоғызыншы сыныбында «Қазақ әдебиеті» пәнінде оқытылып жатыр.
Ерекше сүйіншілеп айтар жай – Ақтөбе өңірінде XIX ғасыр мен XX ғасырдың бастапқы кезеңінде өмір сүрген отыз төрт ақынның тұңғыш антологиясын 2001 жылы «Асыл қазына» деген атаумен баспадан шығаруы. «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен оқырманға жол тартқан 50 томдықтың 26-томы тұтастай Жұманазар Асанның көркем шығармаларына арналды.
Біздің тоқталғанымыз, Астана мен Алматыдан шалғайдағы Ақтөбеде тұрып жатқан, өзін жарнамалауға құштарлығы шамалы замандасымыздың тындырған шаруаларының бір парасы. Айтпақшы, қазірде Сақтаған Бәйішев атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде қызмет атқарып жүрген профессор Жұманазар Асан ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласының ардагері, зайыбы Қаламқаспен жарасты тірлік кешіп, бір ұл мен екі қыздан немерелер сүйді.
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі
285 рет
көрсетілді0
пікір