• Тұлға
  • 09 Қаңтар, 2025

ҚАДЫР АҒАНЫҢ КӨРКЕМ ТІЛІ

Биыл қазақтың көркемсөз шебері, суреткер ақын, шыншыл ақын, лирик ақын Қадыр Мыр­за-Әли ағамыздың 90 жылдық торқалы мерейтойы. Бүгінгі «Сөзқоржын» айдарымыз Қадыр Мыр­за-Әли ағаның көркемдік әлемін таныстыруға арналады. Қадыр аға – өмірдің рақаты мен қаталдығын, қызметтегі адалдық пен арамдықтың, достықтың беріктігі мен сұйықтығын, махаббаттың тәтті де ащы сезімін, туған жердің табиғатын өлең сөздің нәзік иірімдерімен тұшындыра білетін кемеңгер ақын. Қадыр ақынның сөз қуаты мынада: ол оқырманын «гүлге құндақтайды», «қиял кілемінде ұшырады», «жібек желдей есілтеді», «жыр қанжығасына құлжа ілдіреді», «мөп-мөлдір көздің жасын сөзге айналдырады», кейде «қаны аққан қанатын сабалатады», «сөз сүңгісін түйретеді», «шындық аулынан теріс аудырады», «жақсының сыр­тынан соятындардың арызына қол қойдырады», «ұлы өмірдің астарын ұғындырады», «тағдыр­дың ұзын қамшысын ұстатады», кейде тіпті «абақтының тұрғыны етеді». Сөзден сурет салу деген осы болар! Айтылмақ ойды көркем өлеңмен бейнелеудің шебері Қадыр ағаның бейнелі сөзорамдарынан оның көркемдік талғамының биік екенін, эстетикалық санасының жоғары екенін, ұшқыр қиялының шексіз екенін, сезімі мен оқырманына деген ілтипаты пәк екенін аңғарамыз. «Мен халықтың градуснигімін!», «Сегіз қырлы заводпын», «Болу керек біршама әпенделік, бөлең емес, өлеңнің емшегімін», «Табиғаттың бір бөлшегімін» деп жырлаған Қадыр ағаның өмірге құштарлығынан әрбір оқырман қуат пен ынта алары сөзсіз. Ендеше, ақын ағаның көркем ойы­нан туындаған бейнелі сөздерді қабыл алыңыз!
 

ТАҒДЫР ТЫРНАҒЫН БАТЫРДЫ. Тағдыр тағы тырнағын Батырды ма барысша?! Сынға түсті жұрнағы, Жалғауы жоқ орысшам.
ЖҰМБАҚ ШАРУАНЫҢ ҰШЫҒЫН ТАППАУ. Осынау шешуі жоқ жұмбақ шар­уаның ұшығын таппай машинада отырып тағы да қалғып кеттім (Иірім).
ТҮРМЕ – ТҮН. Жұлдыздай ағып түскен түрме-түнде, Жүйрік-ай жүйтки білген сүйретілмей! Заулауын зымырандай тегістікке, тұяғы бірде тисе, бірде тимей!
ДАЛАЛЫҚ ГҮЛДІҢ БҮРШІГІ ЕМ. Мен өзім, достар, о бастан далалық гүлдің бүршігі ем, Кең дала болып күлемін, кең дала болып күрсінем!
КҮННІҢ ҮКІСІ. Абайла күннің үкісін Жіберер болсаң қозғап бір, Сау етіп көктің күмісі Төгіліп кете жаздап тұр. 
ҚЫЛЫШ – АЙ. Отыз күннің басын шауып түсірген Қылыш-Ай тұр Қақ төбеңде жалақтап!
ӨМІРДІҢ ӨЗІ ЖҰМБАҚ. Өмірдің өзі жұмбақ бір, өмірдің өзі қызық-ақ, Жүйкеге бола дәрі ішіп, бауырды жүрміз бұзып ап. 
БАЙЛЫҚ ДЕГЕН БАТПАН СОР. Байлық!Байлық! Байлық деген батпан сор. Адамзатты тура жолдан қаққан сол. 
ОТЫРАР – КЕҢІРДЕГІ ДАЛАМНЫҢ. О, Отырар, Отырар – көкесі көп қаламның. О, Отырар, Отырар – кеңірдегі даламның. 
ОТЫРАР ДАЛА МОЙНЫНДАҒЫ ТЫР­ТЫҚ. О, Отырар даланың Мойнындағы тыртығы. Қасіретін бабамның Келеді енді жұрт ұғып. 
ҚАРА БЕТІН ТАРИХТЫҢ ҚЫЗАРТПАСА БОЛМАЙДЫ. Қазір мұны көбі ұқты, Ұғу керек ондайды. Қара бетін тарихтың Қызартпаса болмайды!
ҚОМАҒАЙ ЖОЛ. Қомағай жол жолаушыға қандай сын, Күн батарда қонаға жер таңдайсың. О, ұзақ жол, сені жол деп айтам-ау, Бір белесің бір белесті қайталау.
БҰЛБҰЛ-БАҚЫТ БЕЗІНІП, ҚҰЗҒЫН-ҚАЙҒЫ ҰЯ САЛДЫ. Көп жатпадың, жүріп кеттің тезінен. Мен сол күні келе алмадым өзіме. Содан кейін бұлбұл-бақыт безініп, Құзғын-қайғы ұя салды көзіме! 
ҚИЫНДЫҚТЫҢ КЕРУЕНІ. Көп қой, әке, көргенің, Көргеніміз көп біздің. Қиындықтың керуенін Көпір болып өткіздің. 
БАУКЕСПЕ УАҚЫТ. Көзді қойшы, көз­дің жасы құрғайды. Баукеспе уақыт бәрін еппен ұрлайды. Әйткенменен жоғалмайды бір құса, әйткенменен жоғалмайды бір қайғы!
ЖАУҚАЗЫН ЖЫР, ЖАПЫРАҚ ОЙ. Жауқазын жыр, жапырақ ой болып жалғыз қорегім, Жұрттың маған, менің жұртқа жоқ сияқты ед керегім. Қазір, міне, сені тауып, саған ғашық болғалы, Қыз біткеннің бәрін де енді періштедей көремін. 
КҮН КІРПІГІ – ҚЫЛҚАЛАМ. Көктеменің көгілдір кербез таңы атқанда, Күн кірпігі – қыл қалам қырға бояу жаққанда Шыр етіп сен түстің де, шаттыққа бір бөледің, Шаттығыңның не екенін ұмытып бара жатқанда. 
ҚАРА ЖЕРДІҢ ҚАРАШЫҒЫ. Қара жердің қарашығым, үсті кең. Тұрады өмір әлсіздер мен күштіден. 
ЖЕР СӨЛІ. Жоқ әзірше қояр сын, Жер сөліне тоярсың. Ажарыңды ертең-ақ Ай нұрына боярсың!
ОЙ – НУ ОРМАН. Өмір өзі суарған Ой деген де ну орман, Талай бастар қуарған. 
АСПАН – ТАР ҚАЛПАҚ. Тауларға жалтақтама, жалпақ далам, Төсіңде басқыншылар қалбақтаған.... Астында аяғымның сен тұрғанда Аспанның өзі де тар қалпақ маған!
ТЕҢГЕ КҮН. Теңге күн алып ыстық табадағы Тоң майдай жылжып еріп келе жатқан. 
КҮНШУАҚ КӨЛЕҢКЕНІ МҮЙІЗДЕЙДІ. Күншуақ көлеңкені мүйіздейді. Аң мен құс жанға тыныш күй іздейді. Ақ сағым ағаштарды көтеріп ап, Аяғын жерге екі елі тигізбейді. 
ЖЕР мен КӨКТІҢ АРАСЫ ҚИСЫҚ СЫЗЫҚ ДӘПТЕРДЕЙ. Жұтады гүл таласып, жауын суын жат кермеп. Жер мен көктің арасы қисық сызық дәптердей.
МАХАББАТТЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖЫРЫ – ТІЛ ҚАТПАУ. Махаббаттың тұң­­ғыш жыры – тіл қатпау, Тіл қата ал­май қыз соңында бұлғақтау. Келесі жыр – сіңіп қалған иіс су, Қос бұрымды сипай беру, сүйісу.
ҚЫРТ ӨМІР. Қайда барсаң – бір бұғау, Қайда барсаң – бір темір, Қайда барсаң – қарғыбау, Қайда барсаң – қырт өмір!
ЖЫР – ТЕҢІЗ, ТАЛАНТ ИЕСІ – КЕМЕ. Жыр – теңіз, талант иесі – кеме дербес, Шетінен ұзақ сапар шеге бермес. Мыңға да келер ақын өлгеннен соң, Елуге тірісінде келе бермес!
ШАБЫТТЫҢ ҚОЛТЫҒЫ. Жыр составын жүйткітіп жүргізе алмай Шабыттың да қолтығы тұр қыза алмай. 
АЗАНДАҒЫ МАЛ ҮНІ – АТАМЫЗДЫҢ ГИМНІ. Келешектің ғалымы, көңіліңе түй мұны: Азандағы мал үні – атамыздың гимні.
ЗҰЛЫМДЫҚТЫҢ КӨК ТАСЫ. Еліңді езген езіңді Турап түстің тап басып, Шорт сындырды өзіңді Зұлымдықтың көк тасы (Исатай).
ЖОҚТАЙДЫ СЫҢСЫП ЖЕЛ. Құм Нарында сыңсып жел Әлі сені жоқтайды (Махамбет).
ШОҚ-ҚАЙҒЫ. Қыр өртеніп, күнсіп жер, Жатты сөнбей шоқ-қайғы.
НАДАНДЫҚТЫҢ ТОҒАЙЫ. Ит тұм­­сығы өтпейтін Надандықтың то­ғайы. Ба­бамызға жетпейтін білімнің бір но­байы. 
БОРАН ТОЛЫ ДОМБЫРА БЕЗІЛДЕДІ. Болғаннан соң, Құреке, өзің кекті, Боран толы домбыраң безілдепті. Жағадан ап сілкетін күйлеріңді Тартсаң болды, ұйқылы ел көз ілмепті (Құрманғазы).
ӨМІР ДЕГЕН ТЕРЕКТЕН ӨЛЕҢ ҮЗІП. Өмір деген теректен өлең үзіп, Сен айқайға басқанда дене қызып, Аяғында қыз ескен жібек тұсау Арғымағың тұрыпты-ау елегізіп (Біржан сал).
АҚИҚАТ – СӨЗДІҢ ҚАЙМАҒЫ. Өтірік жырдың қайдағы Болмайсың жетіп шетіне. Ақиқат – сөздің қаймағы, Тұрмайды шықпай бетіне (Шындық).
ЖАС КӨКТЕМ – ТІРШІЛІКТІҢ ХАУАНАСЫ. Жас көктем – тіршіліктің хауанасы Жұпарға толтырады ауаны асыл. Көгеріп кеткелі тұр міне-міне, Тал түгіл, телеграф бағанасы!
ЖЫБЫРЛАП ДАЛА МҰРТЫ. Жыбырлап әлденеден дала мұрты, Жайлау түз күн батқаннан қалады үркіп, Күншығыс бірте-бірте қарауытып, Күнбатыс бірте-бірте алабұртып. 
ҚИЯЛДЫҢ ЖЕЛКЕН-КЕМЕСІ. Қиялдың мініп желкен-кемесіне Жүзгенім көп түседі әлі есіме. 
ШАРУА ДАЛА. Па, шіркін, табиғаттай бар ма дана! Перзентке бар жемісін арнады ана. Қажыған шөбін шауып, егін орып... Қор ете түскелі тұр шаруа дала. 
БАРАН АТ (торы жылқы). Қаңтардың үскірігі ғаламат та! Қарыс жер шығу қиын далаға аттап. Бір елі боз қыраудан көз алдыңда Баран ат айналады қылаң атқа. 
АНАМ – ДАЛА, ӘКЕМ – КҮН. О бастан-ақ анам – Дала, әкем менің – Күн екен. Осы мені ата-анамнан бөліп алған кім екен?! (Ауыл – атамекен пернесі).
ЫМЫРТ – ҚАБАҚ. Бар маңдайды көлеңке-күңгірт қамап, Бірте-бірте түседі ымырт-қабақ. 
АҚЫЛ-ЖАРЛЫҚ. Ақ әже ақыл-жарлығын Айтатын астар кигізіп: «Адам бол!» – дейтін барлығын. Бір ғана сөзге сыйғызып. 
ТАС ЕМШЕКТЕЙ ТАРТЫЛЫП ӨМІР СҮТІ. Тас емшектей тартылып өмір сүті, Тіршіліктің таңдайын кебірсітіп, Дүлей Шыңғыс өрт болып өте шықты Дүниені күйіктей көңірсітіп.
КУӘ-ТАРИХ. Куә-тарих мұны анық білдіреді. Қалған өмір олардан тұлдыр еді. Адам болсам дегендер емес, Бәрін Құдай болсам дегендер бүлдіреді!
ҚАРА ТАБАН (кедейлік). Мұқтаждық бар-жоғына қарата ма?! Қуғанда кедейшілік қара табан. 
ҚАСТЫҚТЫҢ КӨҢІЛ-КЕСЕСІ (іште жиналған кек, қастандық). Қас­тықтың көңіл-кесесі Құса-кекке толады. Сенде кеткен есесін Менен алмақ болады. 
ӨМІР – МӘҢГІ МАЙДАН. Әр күн са­йын құлшынып, Әр күн сайын түле бір. Мәңгі күрес – тіршілік. Мәңгі майдан – бұл өмір.
ӨМІР ДЕГЕН – ҚАЙШЫЛЫҚ. Өмір! Өмір! Өмір деген – қайшылық! Кешегі тал – бүгін кескен жай шыбық. Құдығыңның суы бірде тартылып, Қара жерден жатар кейде май шығып!
КҮН – ҮМІТКЕР (күн – өмір, түн – өлім мағынасында). Күн – үміткер, Бірақ тағы жеңбек түн: Бәрі заңды тумақ пенен өлмектің. 
ШӘЛЕКЕЙ ОЙ ТАҚЫМДАП (кү­мәнді, шалағай ой). Өмір-ғұмыр қа­қын­да Ойлайды әркім әртүрлі. Шәлекей ой тақымдап, Шыбын жаным шарқ ұрды. 
ТІЗГІНІ ЖОҚ МАҚТАНШАҚ (әсіре мақтаншақ). Тізгіні жоқ мақтаншақ бейшараны, Тез мас қылар дәулеттің ащы арағы. 
ӨМІР – МАЙДАН. Әрі шаттық, тір­лік әрі қорқыныш, Өмір – майдан Өзіңе-өзің бер қылыш!
БӘРІМІЗ БІР ШҰҚЫРЛЫҚ (бәріміз о дүниелікпіз). Адам мәңгі тұрмаған, Бәріміз бір шұқырлық. 
КӨМДІК КЕЙБІР ПІКІРДІ (кейбір пікір айтылмады). Кейде доспен тіл таппай, Көмдік кейбір пікірді...
ҚҰЛАҚ – ҚУЫС. Сөгу қажет туысты Өсек-аяң таратқан. Құлақ деген қуысты Есту үшін жаратқан!
ЖЕЛІН БҰЛТ (күмпиіп, томпиған, тырсиған бұлт). Жаңбыры мол желін бұлттар жотаны Бауырымен сипап әрең жылжыды. 
ШЫМЫР ТАМШЫ. Шымыр тамшы шатырлардан құлаған Шекеңізді тесіп кете жаздайды. 
ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ШАТЫРЫНАН ТАМШЫ АҒЫП. Тыныштықтың шатырынан тамшы ағып Тұратұғын тұмау күндер қаншалық!
ТАҚСІРЕТТІҢ ТЫРНАҒЫ (қайғы, дерт). Табылмады сол көңілдің бір емі. Тақсіреттің тырнағы ішті бүреді. 
ҚЫЗҒАНЫШ ДЕГЕН ҚЫЗЫЛ ҚҰРТ (іштарлық). Жеріңді дұшпан шаппаса, Шалмаса мәңгі жүзіңді өрт. Ішіңді үңгіп жатпаса Қызғаныш деген қызыл құрт. Бұл, досым, бақыт емес пе?!
КӨҢІЛ ШӨЛІ ҚАНБАЙДЫ (еш нәрсеге қанағаты жоқ). Көлден жүзіп өтсең де, Көңіл шөлі қанбайды. Қанша еңбек етсең де, Кейде бағың жанбайды.
ӨМІР – ТАРАЗЫ (өмір – өлшеуіш). Сыңарыңмын мен сенің Разы, не наразы. Көз алдымда теңселіп тұрады өмір-таразы. 
ҚАШАН ТОЙҒАН КӨҢІЛДІҢ АЙДАҺАРЫ (тойымсыздық, ашкөздік). Қашан тойған көңілдің айдаһары! Жан да қарық болғанша, ой да қарық. Қимас­тықтың ақыры айналайын, Білмейсің ғой соғарын қайда барып!
АДАМ ҰЛЫ. Адам ұлы Күн мен Айдан нәр алған. Тек жақсылық жасау үшін жаралған. Бірақ соны түсінбейді, қайтесің!
ЕЛУДЕН-АҚ БОЯУЫҢ СОЛҒЫНДАЙДЫ. Егде тарта бересің – сол бір қайғы. Елуден-ақ бояуың солғындайды. Арман тұрған асуға шыға қалсаң, Арғы асудан тағы да ол қол бұлғайды!
ҚАРА СҮЛІК АШТЫҚ (соғыс кезіндегі ашаршылық). Мытудайын сол соғыс өтті мытып, Сарғайды ошақ таба мен отты күтіп. Қарын тойды, Көбісі тойғандардың Қара сүлік аштықты кетті ұмытып. 
ӘДІЛЕТКЕ САУСАҒЫН СОЗҒАНДАР (әділдік іздеп шағымданғандар). Бар ішінде жүйкесі тозғандары, Әділетке саусағын созғандары. Бірақ, бірақ көбіне өз шаруасы, Бірақ, бірақ көбіне өз қамдары!
СӨЗ – ҚАЙЫҚ (сөз жақсы кейде жаман жаққа теңселген қайық секілді). Кейде жақсы, кейде жаман ниетпен Әрлі-берлі жүреді өтіп сөз – қайық. 
СҰЙЫҚ СӨЗ (бос, көпірме сөз). Сен әйтеуір мен көргелі сондайсың, Сүйкімі жоқ сұйық сөзді қолдайсың. 
ӨТІРІКТІҢ МАЗАРЫ. Сен әйтеуір мен көргелі сондайсың, Сүйкімі жоқ сұйық сөзді қолдайсың. Өтіріктің мазарына түнейсің. Ақиқаттың ауылына қонбайсың. 
ҚУЛЫҚ ДЕГЕН КЕСТЕ. Қулық деген кестені Тоқу оған қиын ба! Кімнің қалай өскені Жазулы ғой миында.
ҚАЛАМЫМ БІРАЗ ТАЙҒАНАП. Қаламым біраз тайғанап, Қиналып жаздым бұл жырды. 
ЖАТЫРҚАП ҚАПТЫ ШЫНДЫҚ­ТЫ. Жатырқап қапты шындықты Қағаз да аппақ, қалам да!
ШАРАБЫНА СЕНІМНІҢ БЕРЕДІ ОЛАР У ҚОСЫП (сеніміне сатқындық жасау, сенімін ақтамау). Шекпен менен шеніңнің Шаңын қақсаң, философ, Шарабына сенімнің береді олар у қосып. 
АЖАЛ ДЕГЕН АЛАГӨЗ. Мал жинасаң айып па! Үлгермейсің байып та. Ажал деген алагөз Жетіп келер ғайыпта!
СЫЛҚЫМ УАҚЫТ. Сылқым уақыт сауырын Сипаттайды бауырым! Сондай жомарт адамға Сондай сараң дәуірің!
ШЫБЫН ТАЙҒАН ЖЫЛТЫР БЕТ (жас кездегі әжімсіз бет). Жығылар шыбын тайған жылтыр бетті Кәрілік шимайлайды аямай-ақ!
СЫЙМАЙ КЕТТІ ЖҰМЫСЫМ САУЫТЫНА ТӘУЛІКТІҢ (24 сағатта үлгермеу). Тарылып жүр тынысым, Түрі мынау саулықтың Сыймай кетті жұмысым Сауытына тәуліктің. 
СЫЙМАЙДЫ ӨМІР ТИТТЕЙ ТАҚ­ПАҒЫҢА. Сыймайды өмір титтей тақ­пағыңа Сен оған данышпансып тақпа кінә. Ішсең да арамдықтың уын ащы, Түссең де зұлымдықтың қақпанына. 
ДӨҢЕСТЕ КҮМБЕЗ БОЛУ (о дүниелік болу). Кербез болып жүруші едің ортада, Күмбез болып тұрсың енді дөңесте!
ГРАДУСНИГІМІН ХАЛҚЫМНЫҢ (халықтың ойын жырлаушы). Тағдыр желі ысқырған Бәлкім шаттық, Бәлкім мұң. Қолтығына қыстырған градуснигімін халқымның. 
АСЫЛ ЖҮЙКЕ ҚАҒЫНЫП (жүйкесі бұзылу). Асыл жүйке қағынып, Ақыл аздап жүр ақсап, Аяқ асты жаңылып, Сүрінуім бір-ақ сәт!
СЫР ЕКШЕЙТІН ЕЛЕКПІН (ақылға салып саралаушы). Басты шаруам жыр менің Сыр екшейтін елекпін. Дұрысыңмен біргемін, Ал тобыңнан бөлекпін!
ҰЙҚЫНЫҢ ҚҰДЫҒЫ (қабір, көр). Өстіп жүріп қырқылып, Теріп тірлік қиқымын. Құлаймыз ғой бір күні Құдығына ұйқының!
ДАЛА – ҰЛЫ ҮЙ. Қастерлеген Дала деген ұлы үйді, Кеткен ұлға қалай ішің жылиды? Берінің де бөлтірігі бүгінде Батысыңнан әуенімен ұлиды! 
ЗЫРЫЛДАР УАҚЫТ ҰРШЫҒЫ (уақыттың тез өтуі). Кетсең-ақ үйден бір шығып, зырылдап уақыт ұршығы. Қолыңды бір сәт босатпас Күйбең де күйбең тіршілік. 
БӘРІН ШАЙЫП КЕТЕДІ АДАЛДЫҚТЫҢ ЖАҢБЫРЫ (адал істің қадірі) Оқасы жоқ өтеді, Бұралқы сөз қаңғырып. Бәрін шайып кетеді Адалдықтың жаңбыры! 
КҮН ЖЫРТАДЫ ҚАП-ҚАРА МАТА-ТҮНІН (таң атқан кез, есейген кез). Ақын болдым тыңдамай Әке тілін. Күн жыртады қап-қара мата-түнін. Менің өзім – бәрімін, Барлығымын – Тіршіліктің әмбебап макетімін!
ӨМІР – ШАРУА (өмір – күйбең тіршілік). Әй-шайына қаратпай Өмір – шаруа Әкетеді төсектен жұлып алып!
АУЫЛ мен АСТАНАНЫҢ ЕКІ АРАСЫ – ЖАРЫҚ пен ҚАРАҒЫНЫҢ АРАСЫНДАЙ Көреді сені дала данасындай, Қабылда КазМУ бізді баласынбай. Ауыл мен астананың екі арасы – Жарық пен қарағының арасындай! 

***

Сен туғыздың, ұлы Абай, жүз ақынды, Жүз ақын жүр өзіңді туғыза алмай. 

***

Шындық! Шындық деп айқай саламыз. Ал сол шындықты жария ету кейде дүниенің азабы! Дұрысы, сол шындықты білмей-ақ қою. Кейде өтірік адамды өрге сүйреп, ақиқат адамды көрге тығады.

 

***

Ана тілің біліп қой, 
Еркіндігің, теңдігің. 
Ана тілің біліп қой,
Мақтанышың, елдігің.

***

Ешқашанда ұлылықтың күмбезі зұлымдықтың кірпішінен қаланбас! 

***

Адамның өз ғұмыры қас қағым!

***

Айлалас және кесірлес Ағайын сені өсірмес!

***

Кішігірім мақсатпен Үлкен адам болмайсың!

***

Еркек шіркін – кемшіліктен, Ал әйел – кешірімнен тұрмаушы ма ед о бастан!

***

Ақылды адам тоқтар сөзге аталы Тоқтамаса, сол жаныңа батады.

***

Екі бет бар бір парақта, Неше бет бар адамда?

***

Адам болып керегі не, ағайын, Алақаның жұбатпаса сәбиді!

***

Адам боп оңай туғанмен, Адам боп қалу көп қиын!

***

Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы. 

***

Аман қалған шабуылдан жүздеген, Батыр халық екенбіз ғой біз деген.

***

Аямаған жұрттан нанын тұзбенен, Жомарт халық екенбіз ғой біз деген.

***

Келешектен бір де күдер үзбеген, Жарқын халық екенбіз ғой біз деген.

***

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді. Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.

***

Қасарысқан ерлікті шыңнан алған секілді, Көшіп-қону дегенді құмнан алған секілді.

***

Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді, Мың бұралаң тағдырды жолдан алған секілді.

***

Беру мақсат – жомартқа, Алу мақсат – сараңға!

***

Озу мақсат өнерде, Қалмау мақсат тірлікте!

***

Ар бар жерде байлық жоқ, Байлық барда ұят жоқ!
Мақала Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған Қазақ тілінің ұлттық корпусын (ҚТҰК) жетілдіру және Жазушылар ішкорпусын әзірлеу жобасы аясында әзірленді. 

Бетті дайындаған:
Айгүл Әмірбекова, 
А.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институты 
Лексикология бөлімінің 
меңгерушісі, ф.ғ.к.

 

 

661 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы