- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
Сирек қордағы құнды қолжазба
Әлішер Науаи көзі тірісінде-ақ үлкен танымалдыққа ие болған, ал оның еңбектері қолдан-қолға өтіп, жиі көшірілген. Соның нәтижесінде оның шығармаларының көптеген нұсқасы әлемнің әртүрлі аймағындағы қолжазба қорында сақталып келеді. Қазақстанда да Ұлттық кітапхананың сирек қорында ақынның қолжазбалары бар. Оның сирек қолжазбалар мен литографиялық басылымдар түрінде сақталған шығармаларының мәдени-тарихи құндылығы орасан зор.
Бүкіл түрік әлеміне ортақ ұлы ақын, ойшыл және мемлекет қайраткері Әлішер Науаи 1441 жылғы 9 ақпанда Ғират қаласында дүниеге келіп, 1501 жылдың 3 қаңтарында сол жерде өмірден өтті. Жас Науаи әкесі қайтыс болғаннан кейін 12 жасынан Бабырдың қамқорлығында тәрбиеленіп, 15 жасында түрік және парсы тілдерінде қатар жазатын танымал ақын болып шықты. Ғират, Мешхед және Самарқанд қалаларында оқып, логика, философия мен математика саласында білім алған. Ол Фирдоуси, Низами, Дехлауи, Хорезми, Сайф Сараи сияқты классиктердің және замандастары Атаи, Жәми және басқалардың шығармашылығымен танысты.
1469 жылы Науаи өзінің мектептес досы Хұсайын Байқара Хорасан әмірі болған кезде мөр сақтаушы (мұхрдар) қызметін атқарды. 1472 жылы уәзір болып тағайындалып, өмір бойы құрметті атаққа ие болды. Осы кезеңде ол ғалымдарға, суретшілерге, музыканттарға, ақындарға және каллиграфтарға қолдау көрсетті, өз қаражатына көптеген әлеуметтік ғимарат, жол, көпір, мектеп, медресе мен шеберханалар салды. Алайда Науаидың халық арасындағы беделінің артуы басқа уәзірлердің қызғанышын тудырып, олар оны Хұсайын Байқарамен араздастырып, 1476 жылы қызметінен босатты. Осыдан кейін Әлішер Науаи уақытын шығармашылыққа арнап, өзінің атақты «Хамса» жинағына кіретін «Жақсылардың таңдануы», «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем» және «Ескендір дуалы» туындыларын жазды. Оның «Хамсасы» Низами мен Жәмидің шығармаларынан тілдік ерекшеліктері және халықтың ой-армандары мен мұраттарына жақындығымен ерекшеленеді, себебі бұл туындылар араб-парсы тілдерінде емес, түрік-шағатай тілінде жазылған.
Әлішер Науаидың шығармалары XV ғасырдың өзінде Мәуренаһр мен Хорасанды ғана емес, Иран, Әзербайжан, Үндістан, Мысыр және түрік елдеріне, кейін Еуропа мен Америка кітапханаларына да тарады. Оның туындылары ХІХ ғасырдың ортасынан бастап шығыстанушы-ғалымдардың назарын аудара бастады. Кеңес дәуірінде Науаи шығармашылығына ерекше көңіл бөлініп, туындылары көптеген тілге аударылып, қазақ тілінде екі рет ақын Несіпбек Айтұлының аударуымен жеке кітап болып (1948, 1968) басылған. Науаи шығармашылығын зерттеуге қазақ ғалымдары да үлес қосты, соның ішінде М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Р.Бердібаев, К.Сейдеханов сынды тұлғалар және кейінгі буын шығыстанушы-ғалымдардан Төрәлі Қыдыр, Ғалия Қамбарбекованы атап айтсақ болады.
Шағатай тілінде қолжазбалары бар
Әлішер Науаидың шығармашылық мұрасы, оның қолжазбалары мен сирек
басылымдары арқылы ерекше құндылыққа ие. Алайда ҚР Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған түрік тіліндегі қолжазбаларға арналған толыққанды каталог әлі күнге дейін құрастырылмаған. Бұл жағдай шағатай тіліндегі қолжазбаларды зерттеуді қиындатады.
Қазіргі таңда дайындалған библиографиялық көрсеткіштер бойынша, шағатай тіліндегі қолжазбалардың жалпы саны шамамен 70-ті құрайды. Олардың ішінде Әлішер Науаидың әртүрлі шығармаларының он қолжазбасы анықталған. Өлең жинақтары әртүрлі атаумен белгілі: «Диуан-и Мир Әлішер Науаи» және «Диуан-и Науаи» атауымен бес қолжазба сақталған.
Сонымен қатар ақынның «Махбуб әл-қулуб» шығармасының екі қолжазбасы және оның әйгілі «Хамса» (Бес поэма) жинағының екі қолжазбасы кездеседі. Бұған қоса, 75 шифрлы қолжазбада Әлішер Науаидың бірнеше қысқа шығармалары бар. Бұл қолжазба шағатай және парсы тілдеріндегі бірнеше қысқа туындылардан тұрады және нақты атауы көрсетілмеген.
Сирек қорда ақынның қолжазбаларынан бөлек, литографиялық әдіспен жарық көрген сирек басылымдары да сақталған. Картотека мен библиографиялық көрсеткіште шағатай тіліндегі кітаптар жеке тізімделген. Шағатай тіліндегі литографиялық кітаптардың ішінде Әлішер Науаидың 16 шығармасы бар екені анықталған (Сауытбеков, 1981: 169–174).
Сонымен қатар өзбек тіліндегі литографиялық басылымдардың жеке тізімінде Әлішер Науаидың тағы үш шығармасы көрсетілген (Сауытбеков, 1981: 142–143). Ақынның шығармалары бұл көрсеткіштерде екі бөлімге бөлініп берілген: шағатай тіліндегі және өзбек тіліндегі шығармалар. Бұл деректер Әлішер Науаидың қолжазбалары мен сирек басылымдарының тарихи және мәдени маңызын көрсетеді. Оларды зерттеу, жүйелеу түрік әлемінің әдеби және тілдік мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Жақында ғана жарық көрген Ұлттық кітапхананың араб жазуындағы түрік тіліндегі сирек кітаптар каталогіне Әлішер Науаидың литографиялық 16 жинағы енгені белгілі болды. Алайда Әлішер Науаидың шағатай немесе өзбек тілінде жеке-жеке шығармалар жазбағаны ескерілсе, оның еңбектері біртұтас тілдік топқа жатқызылуы керек. Бұл тұрғыда жүйеліліктің жоқтығы байқалады.
Қазіргі таңда Ұлттық кітапхананың
сирек қорында сақталған Әлішер Науаидың литографиялық шығармаларының жалпы саны – 19. Олардың ішінде:
Он екі диуан (өлеңдер жинағы);
Үш «Махбуб әл-қулуб»;
Екі «Хамса»;
Бір «Мухакаматул-луғатайн»;
Бір проза түріндегі «Науаидың Хамсасы» (Насре Хамса-йе Навои).
Бұл литографиялық еңбектердің басым бөлігі Ташкент және Санкт-Петербургтегі литографияларда жарық көрген.
Сирек қордағы қолжазбалардың сипаттамасы Науаидың ең көлемді шығармасы – «Хамса» (Бес поэма). Сирек қорда оның екі бірдей нұсқасы сақталған. Олардың бірі – Науаидың Хамсасы деп аталады.
Қолжазбаның ерекшеліктері:
Әр поэманың жеке атауы бар;
330 парақта мөр болған, бірақ кейіннен өшірілген;
Жазу стилі – насталиқ;
Мұқабасы сақталған, конверт пішіндес;
Әр бетте мәтін 4 бағанға бөлінген, әр бетте 13 жол бар;
Қолжазба көлемі – 334 парақ;
Өлшемі – 28,5х18 см;
Қолжазбаны көшіруші мен көшірілген жылы белгісіз.
Бес поэманың жинақтағы тәртібі:
Хайрат әл-әбрар – 1–70-беттер;
Фархад пен Шырын – 71–164-беттер;
Мәжнүн мен Ләйлі – 164–219-беттер;
Садди Искандар – 220–331-беттер;
Саб’а сайар жинақта атауы жазылғанымен, өзі енбеген.
Науаидың шығармаларының көшірмелерінде бір немесе екі поэманың енбей қалуы жиі кездеседі. Бұл жағдай «Хамса» жинағын құрастыру барысында да болған. Осылайша, қолжазбалардың толықтығы мен мазмұны жағынан бірізділік болмауы түрік әдеби мұраларын зерттеу үшін қосымша талдаулар мен жүйелеу жұмыстарын қажет етеді.
Сирек қордағы Хамсаның екінші қолжазбасы «Хамса-йи Әмир Әлишир Науаи» деп аталады.
Бұл поэма төрт бағанға бөлініп, тақырыптары қызыл сиямен жазылған. Әр поэманың басында жеке унван көрсетілген және көркем безендірілген. Қолжазбада бірнеше миниатюра бар, бірақ олардың сапасы төмен. Қолжазбаның 309 және 312-беттерінде «Масуд ибн Ташмухаммед, 1337» деген мөр басылған.
Жалпы сипаттамалары:
Жазуы – ұсақ насталиқ.
Мұқабасы қайта қалпына келтірілген.
Әр беттегі мәтін – 21 жол.
Көшірілген уақыты – 1279/1865 жыл.
Көшірілген жері – Түркістан.
Жалпы бет саны – 314.
Өлшемі – 31х16,5 см.
Форзац бетінде «вақфие» деп жазылған. Сондай-ақ сиямен кейін жазылған «Шайыр ақынның өлеңі» деген жазу бар. Бұл жазуға қарап, Хамсаның иесі қазақ оқырманы болғанын болжауға болады.
Бес поэманың құрастырылу тәртібі:
Хайрат әл-әбрар – 1–48-беттер.
Ләйлі – Мәжнүн – 49–99-беттер.
Хусроу – Шырын – 100–175-беттер.
Саб’а сайар – 176–233-беттер.
Садди Искандари – 234–311-беттер.
Бұл қолжазбада бес поэманың бәрі енген. Әр қолжазбада бес поэманың орналасу тәртібі ауысып отырады: бірінде «Хайрат әл-әбрар» поэмасынан басталса, енді бірінде «Ләйлі – Мәжнүннен» басталады. Дегенмен дәстүр бойынша «Хайрат әл-әбрар» алдыңғы орында, ал соңғысы – «Ескендірдің қақпасы» немесе «Жеті планета» поэмасы.
«Махбуб әл-қулуб» шығармасы
Сирек қорда Әмир Әлишир Науаидың қара сөзбен жазылған «Махбуб әл-қулуб» атты еңбегінің екі нұсқасы сақталған.
Бірінші нұсқасы: Атауы – «Махбуб әл-қулуб Әмир Әлишир Науаи».
Мұқабасы қайта қалпына келтірілген.
Жазуы – насталиқ.
Колофоны жоқ.
Әр беттегі мәтін – 17 жол.
Жалпы бет саны – 125.
Өлшемі – 23,5х15 см.
Екінші нұсқасы: қолжазбаның басында парсы тіліндегі діни шығарма бар (1–15-беттер).
Негізгі мәтін: «Махбуб әл-қулуб» (16–80-беттер).
Шығарманың бастапқы екі-үш беті жоғалған.
Жазуы – насталиқ.
Әр беттегі мәтін – 15 жол.
Мұқабасы қайта қалпына келтірілген.
Жалпы бет саны – 80.
Өлшемі – 21,5х13 см.
Бұл қолжазба парсы тіліндегі бөлімнен басталуына байланысты парсы тіліндегі каталогке енгізілген. Алайда мазмұны түрік тіліндегі шығармалар қатарына жататындықтан, ол түрік тіліндегі қолжазбалар каталогінде болуға тиіс.
«Махбуб әл-қулуб» – ақынның ең соңғы еңбегінің бірі
Әлішер Науаидың сирек қорында бес диуанының қолжазбалары сақталған. Олардың бірі Мәдени мұра бағдарламасы аясында жеке коллекциядан сатып алынған. Бұл шығарманың атауы – «Диуан-и Науаи», қолжазба шикасте аралас насталиқ жазуымен жазылған. Мұқабасы қайта қалпына келтірілген, әр бетте 11–13 жол мәтін бар; жалпы саны – 113 парақ; өлшемі – 27х17 см. Келесі өлеңдер жинағында мәтін насталиқ жазуымен, мұқабасы қайта қалпына келтірілген, әр бетте 11–12 жол мәтін, парақтар саны – 215, өлшемі – 29,5х17 см.
Бұл екі жинақтың көшірмесінің авторы мен көшірілген жылы белгісіз. Үшінші диуанда да жағдай дәл осындай: мәтін насталиқ жазуымен, мұқабасы қайта қалпына келтірілген, әр бетте 15 жол мәтін, көшірілген жылы – 1231/1813; қолжазбада екі мөр бар, бірақ жазуы оқылмайды. Парақтар саны – 149, өлшемі – 25,5х16 см.
Төртінші қолжазбаның атауы – Диуан Мир Әлишир, шикасте аралас насталиқ жазуымен, мұқабасы қайта қалпына келтірілген, әр бетте 13 жол мәтін бар. Көшірген – Молла Мұхаммед Құлқари, көшірілген жылы – 1276/1858. Қолжазбада 344 парақ, өлшемі – 25х14 см. Форзац бетінде араб графикасында «Түркістанда табылды» деген жазу бар. Бұл жазуға қарап, Түркістан өңіріндегі мектеп-медреселерде Науаидың шығармалары кеңінен оқылған деген тұжырым жасауға болады.
Бесінші диуанның нақты атауы белгісіз. Қолжазбада хадистерден басталып (1–45-б.), кейін Фасихи диуанынан үзінді ғазалдар (67–69-б.) келіп, одан әрі Науаидың ғазалдары беттің ортасына және жиектеріне түсініктемелермен жазылған (69–814-б.). Кейбір парақтар бос қалдырылған (815–816), әрі қарай әртүрлі қыталар мен таржибандтар кездеседі (817–844). Көшірменің авторы мен көшірілген жылы белгісіз. Мәтін көркем насталиқ жазуымен жазылған, мұқабасы сақталған, әр бетте 17 жол мәтін бар. Парақтар саны – 844, өлшемі – 31х19 см.
Әлішер Науаидың соңғы қолжазбасының атауы жоқ. Қолжазбада бірнеше араб, парсы және шағатай тілдерінде жазылған шығармалар кездеседі. Негізінен, бұл Әлішер Науаидың еңбектері. Қолжазбадағы шығармалардың тәртібі мынадай:
1a-бетінде Махдум Азамның мінәжаты, парсы тілінде.
Одан кейін 11 жолдан тұратын «мунажати дигар» (басқа мінәжат), парсы тілінде.
Әлішер Науаидың «Махбуб әл-қулуб» шығармасы (1–6-б.). Бұл проза түрінде жазылған шығарманың басы ғана бар.
Мінәжат (6b-б.), парсы тілінде, жиекке ретсіз жазылған.
Хәзіреті шах Маруанның лақабтары (7–8-б.), парсы тіліндегі 6 жол өлең.
Әбдірахман Жәмидің 8 жолдан тұратын өлеңі (8–9-б.), парсы тілінде, бетке қиғаш жазылған.
Рисала-йи Әмир Әлишир (9–14-б.), парсы тілінде.
Арбаин-и Әлишир Науаи (14–20-б.), түрік тілінде.
Шарх-и маджма әл-бахрайн (20–21-б.), араб тілінде.
Хамсат әл-мутаххайирин, Науаидың шығармасы (21–61-б.).
Бұл еңбекте Әлішер Науаи сопылық шығармаларға талдау жасайды. Шығарма проза түрінде жазылған, шағатай тілінде және 1227 жылы көшірілген. 11. Әбдірахман Жәмидің мінәжаты (61–62-б.), әр бетте 15 жолдан тұратын өлең, парсы тілінде. 12. Әбдірахман Жәмидің мінәжаты (62–64-б.), әр бетте 17–18 жолдан тұратын өлең, парсы тілінде. 13. Молла Муиннің мінәжаты (64–65-б.), әр бетте 19–20 жолдан тұратын өлең, парсы тілінде. 14. Мизан әл-аузан – Өлшемдердің өлшемі (64–87-б.), Науаидың өлең өлшемі арузге арналған шығармасы, шағатай тілінде. 15. Хәзреті Әлиден басталатын имамдардың тізімі, парсы тілінде, ірі насталиқ жазуымен жазылған (88а-б). 16. Хәзреті Шейх Хасан Хирқанидің мінәжаты (89а), 10 жолдан тұратын мінәжат, парсы тілінде, ірі насталиқ жазуымен жазылған. 17. Хәзреті Шейх Сағди Рахматуллахтың мінәжаты (89–90-б.), 25 жолдан тұратын мінәжат, парсы тілінде жазылған.
Қолжазбаның жазуы бастан-аяқ насталиқ, мұқабасы сақталған, әр бетте 13 жол мәтін бар, қағазы қоқан қағазы, қызыл сиямен жазылған белгілер бар. Жалпы парақтар саны – 90, өлшемі – 25х12,5 см. Бұл жинаққа қарап, парсы тіліндегі мінәжаттар мен Науаидың үш шағын шығармасы топтастырылғанын және бұл әдістің тиімді болғанын байқауға болады. Көлемі шағын шығармаларды осылайша бір кітап етіп жазу дәстүрі Иранда, Үндістанда, Түркия және Орталық Азияда кең тараған.
Сирек қорда сақталған Әлішер Науаидың литографиялық басылымдары туралы айтқанда, ақынның литографиялық басылымдарының саны 19 екенін атап өттік, оның үшеуі өзбек тіліндегі кітаптар бөлімінде кездеседі.
Біріншісі – (Түрік тіліндегі лұғат пен парсы тіліндегі лұғат туралы талқылаулар), бұл кітап 1936 жылы Ашур Аала Тахиридің тапсырысымен Қоқандағы ескі тас баспасынан жарық көрген.
Кітапты баспаға әзірлеген – Махдум ибн Шах Юнус. Беттер саны – 39, жазуы – ортаазиялық насталиқ. Кітаптың алғы сөзі бар, онда құрастырушы Әлішер Науаидың қысқаша өмірбаяны мен еңбектері туралы мәліметтер қамтылған.
Насре Хамса-йи Навои – Науаидың хамсасының проза түріндегі үзіндісі, екінші атауы – Ескендірнама. Басында ақынның қысқаша өмірбаяны берілген. Кітап Ташкенттегі Арифжанов литографиясында 1326/1908 жылы басылған. Жазуы – насталиқ, беттер саны – 100. Бұл шығармаға қарап, поэманы проза түрінде баяндау дәстүрін байқаймыз. Мұндай дәстүр парсы әдебиетінде кездеседі, мысалы, Фирдаусидың Шахнама поэмасын кішігірім дастандарға бөліп, проза түрінде баяндау дәстүрі болған. Бұл әдіс қарапайым халық үшін поэзия тіліне қарағанда проза тілі жақын болғандықтан қолданылған. Қазіргі таңда Науаидың поэмаларының арасында тек Ескендірге арналған поэмасы ғана проза түрінде баяндалған.
Ақынның екі Хамсасы сақталған: бірі өзбек тіліндегі кітаптар бөлімінде, екіншісі шағатай тіліндегі кітаптар арасында. Бұл екі Хамса бір екеніне салыстыру арқылы көз жеткіздік. Хамса 1923/1905 жылы Ташкенттегі О.А. Порцев литографиясында басылған. Жазуы – насталиқ, беттер саны – 508.
Махбуб әл-қулуб шығармасының 3 нұсқасы сақталған. Екеуі бір басылымда, Ташкентте 1325/1907 жылы Бұхарадағы литографиядан жарық көрген. Үшіншісі Ыстанбұлдағы Амира литографиясында 1289/1872 жылы басылған.
Диуан – Әлішер Науаидың өлеңдер жинағының 12 басылымы бар. Бұл жинақтардың бәрі Ташкентте 1886–1916 жылдар аралығында жарық көрген. Көлемі мен жинаққа енген өлеңдердің мазмұны жағынан өте жақын. Кейбір жинақтар бір-біріне толығымен ұқсайды және бір-бірін қайталайды. Әлішер Науаидың төрт түрлі атаумен құрастырылған жинақтары болған. Соның бірі – Ғарайб ас-сағир. Сирек қорда сақталған Науаидың өлеңдер жинағының бәрі осы Ғарайб ас-сағир жинағына жатады. Бұл диуандардың тапсырыс берушілері мен көшірушілері бөлек, бірақ кейде қайталанады. Баспаға әзірлеушілердің аты Молла Абдолла Жәми ибн Асадулла Қажы, Молла Ғұлам Хасан, Мырза Ахмад Мырза Карим, ал көшірушілер Молла Юлдаш Қоқанди, Молла Юсуфжан ибн Молла Закиржан.
Бұл мақалада Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек қорында сақтаулы Әлішер Науаи шығармаларының топтамасы жүйеленіп оқырманға ұсынылды. Әрбір қолжазба мен сирек басылымның өзіндік тарихы, жазылу ерекшеліктері, мұқабасы, көшірушілері, тапсырыс берушілері мен иелері де егжей-тегжейлі қарастырылды. Бұл мақала Әлішер Науаи шығармаларын тереңірек түсінуге, тарихи, мәдени маңызын бағалауға және түпнұсқадан қазақ тіліне аудару арқылы оның мұрасының насихатталуына көмекші болар деп ойлаймыз.
Алдағы уақыттағы мақсатымыз Әлішер Науаидың сирек баспа кітаптары мен қолжазбаларының түпнұсқасын Қазақстан бойынша сирек қорлардан жинақтап, бір толық каталогін жасап шығару.
Бұл сирек баспа кітаптар мен қолжазбалардың әрқайсысы өткен дәуірдің құнды жазуы мен ескерткіші екенін, өзіндік тағдыры барын және жан-жақты зерттеп, кеңінен насихаттауды қажет ететінін есте ұстаған жөн.
Гүлшат АБИКОВА,
Ұлттық кітапхананың
сирек кітаптар мен қолжазбалар
қызметінің жетекшісі
477 рет
көрсетілді0
пікір