- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
БАЙТАҚ БҮТІН, БАЙРАҚ БИІК
«Аna tili» газетінің биылғы алғашқы санында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұқбаты жарияланғаны белгілі. Осыған орай зиялы қауым өкілдері мен «Қазақ газеттері» ЖШС бас редакторлары дөңгелек үстел басына жиналды. Дөңгелек үстелде зиялы қауым өкілдері сұқбатқа қатысты ойын ортаға салып, пікір айтқан еді. Сол пікірді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Қансейіт Әбдезұлы, филология ғылымының докторы:
Бәрімізге керек сөз
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Аna tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұқбатын мұқият оқып шықтым. Жыл басында өткенді қорытындылап, алдағы жылға «қалай қадам басқан жөн», «қандай мәселелерге мән береміз» дегенде, Мемлекет басшысының сұқбатын дер кезінде шыққан дүние деп есептеймін. Онда 2024 жылдың еліміз үшін өте маңызды болғанын айтып, болашағымызға қатысты көп ой бөліскен. Қолымыз неге жетті, неге жетпей қалды, қандай әттеген-айлар болды, сыртқы факторлардың әсер етуі, көрші елде болып жатқан жағдайлар, олардың да экономикамызға, тұрмысымызға ықпалы туралы үлкен әңгіме қозғалыпты. Біз әлемдік қауымдастықтың мүшесіміз әрі орта держава ретінде солардың барлығының ортасындамыз. Әлемдегі экономикалық, саяси, рухани өзгерістің барлығы біздің Қазақстанға да әсер-ықпалын тигізеді. «Сондықтан мұны ескеріп, сақ болуымыз қажет» дегеннен бастап, жастарға қатысты қаншама мәселенің көтерілгені ерекше қуантты, ойландырды. Терең талдауға құрылған Қазақстанның бүгінгі геосаяси жағдайын, даму деңгейін, үлкен мақсатының бәрін негізге алып берілген сұқбат деп есептеймін. Былтыр да «Егемен Қазақстаннан» Мемлекет басшысының сұқбатын оқыдық. Онда да ел өміріндегі ең маңызды мәселелер қамтылып еді. Бұл жолғы сұқбаттың да ерекшелігі бар.
«Мерзімінен бұрын Президент сайлауы өтуі мүмкін» деген сөзге нүкте қойылды. Бұл елдің күтіп жүрген жауабы еді. Жалпы, Еуропада, Америкада президенттердің мерзімі біткенде, заң бойынша халқы сайлаған жаңа президент билікке келетіні қалыпты құбылыс. Президент ұлттың тағдырына, мүддесіне, қауіпсіздігіне, болашағына өте зор үлкен әсер ететін тұлға екенін бөліп айтты.
Сұқбаттағы түркі мемлекеттерінің одағы туралы пайым – бәрімізге керек сөз. Осы бағытта ауқымды жұмыс істеуге тиіспіз. Түркі бірлігі рухани одақ қана емес, болашақта әлемнің көшбасшылары мойындайтын, әлеуеті зор әскери күштік одақ болуға тиіс.
Осынау мәні мен маңызы терең сұқбатта Мемлекет басшысы мемлекеттік мүдде мен ұлттық қауіпсіздігімізді ең бірінші орынға қоя отырып ойын ортаға салды. Ол үшін ел ішіндегі ауызбіршілік пен ынтымағымыз, ел тыныштығы, ұстамды, өте сабырлы, салиқалы ішкі және сыртқы саясатымыздың тұрақтылығы, көзіміз көріп отырған бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайда кез келген іс-әрекетімізде үстірттік, асығыстық болмауы керегі туралы парасат биігінен айтылған салмақты сөздер болашағымыздың тағдыршешті мәселелеріне дер кезінде көңіл бөлінгені және мемлекеттік мүддені бәрінен биік қоя отырып айтылған ұсыныс, пікір деп есептеймін. Ұлтымыздың тәуелсіздігі мен мемлекетіміздің амандығы үшін биік парасат ұстанымын басшылыққа алмасақ, неше түрлі саяси күштер мен саяси ойындардың ойыншығына айналып, ел тағдырын тәлкекке түсірудің ауылы алыс емес екенін төңірегіміздегі мемлекеттердің бүгінгі жағдайы есімізге қайта-қайта салып отырғанын жасырмауымыз керек. Алтын арқаудай осынау сұқбаттың өне бойынан аңғарылатын аса маңызды мемлекеттік, ұлттық ұстанымды оқырман ретінде толық құптаймын.
Берекет КӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы:
Президент қандай қиын жағдайда да елмен бірге
– Халық арасына кең таралған, биыл 35 жылдық мерейтойы аталып өтілетін, ұлт басылымы «Аna tili» газетінің 2025 жылдағы бірінші нөміріне Президенттің бес бет көлемінде сұқбат беруі қазақ қоғамы үшін өте маңызды оқиғалардың бірі. Қоғам – көп салалы, ол саясат, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани, ұлттық өмір, қоғамдық қарым-қатынастар жүйесінен құралады. Маңызды сұқбатпен танысу барысында байқағаным, осы қоғамдық жеті аспектінің өзекті деген мәселелері қамтылған екен. Кез келген елдің басшысы жылдың алғашқы күнінде, алғашқы аптасында өткен жылды қорытындылап, келер жылға жоспарын айтады. Бұл дәстүрдің бізде де орнығуы – құптарлық бастама.
Енді орта держава ұғымына қатысты әңгімеге тоқталсам. Дүниежүзіндегі дамыған елдерді бұрын сегіздік деуші еді, қазір жетілік деп жүрміз. Міне, осы жетілік – экономикасы дамыған, дүниежүзінің АҚШ бастаған алдыңғы қатарлы елдері. Одан кейінгі топтағы елдер жиырмалық деп аталады. Ал бұлардан кейін дамушы елдер тұр. Одан соң даму жолын әлі де айқындай алмай жүрген тәуелді елдердің қатары. Президенттің Қазақстанды орта держава деп атауына қарағанда, жетілік пен жиырмалықтың қатарына кірмесек те, тізімнің соңғы жағында емеспіз дегені. Екіншіден, Президенттің орта держава деп атауы – географиялық орналасу факторымызды айқындап отыр. Еуразия құрлығының кіндігіндеміз, яғни Батыс пен Шығыстың қақ ортасындамыз. Жеріміздің 11–13 пайызы Еуропаның құрамына кіреді екен, яғни біз дәнекер елміз. Ал экономикалық даму жағынан алғанда, шүкір, Африкадағы, кейбір Оңтүстік Шығыс Азиядағы елдерге қарағанда жалпы ішкі өнімімізді жан басына шаққанда отызыншы әлде қырқыншы елдердің қатарында келе жатырмыз. Міне, сол себепті де Президент біздің елді орта держава деп атап отыр. Ал енді мұның ішінде мен басында айтып кеткен жеті аспектіні жеке-жеке талдауға болады. Тарихшы болғаннан кейін көбіне саяси аспекті қызықтыратынын айта кеткенім жөн.
Президент: «Негізгі саяси реформалар жасалып бітті. Оның бәрі қоғамда жан-жақты талқыланып, ақырында көпшіліктің қолдауына ие болды. Соның арқасында негізгі саяси институттардың бәрі ашық әрі тиімді бола түсті, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежемелік жүйе күшейді, ең бастысы, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу мүмкіндігі едәуір артты», – деді. Менің ойымша, қоғамның кез келген саяси негізін саяси партиялар құрайды. Партиялардың құрылу принципі, өмір сүруі әлі де болса классикалық үлгідегі Еуропадағы, Америкадағы партиялардың тарихына сәйкес келе алмай жатыр.
Қазақ қоғамы дамуы үшін бірнеше қадам жасауымыз керек. Біріншісі, қарама-қарсы күштердің өзара күресімен бірігу заңы. Президент айтқан, жүзеге асқан саяси реформалар соның көрінісі. Тағы бір айтарым, біз көп дүниеге салыстыру арқылы көз жеткіземіз. Кешегі тасқын суда Мемлекет өз халқын қамқорлығына алды. Материалдық шығын көп болды, оның барлығы дерлік өтелді. Әлемнің көптеген мемлекеті мұндай алапат тасқын суға дайын да емес болар. Президент қандай қиын жағдайда да елмен бірге екенін көрсете алды.
Сұқбатта көтерілген мәселелердің әрқайсысы өзекті, маңызды. Әсіресе Ұлттық құрылтайға артылған сенім, яғни «саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік берілетіні» де Құрылтайлардың арғы-бергі қазақ тарихындағы маңызды рөлі мен атқарған қызметін қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымының докторы:
Тәртіп пен заң – қоғамның тірегі
Әңгімемді Президенттің «Аna tili» газеті жөнінде айтқан сөзіне өз пікірімді айтумен бастайын. «Аna tili» – қазаққа қадірлі басылым. Бұл газеттің құрылу, өркендеу тарихын өз көзімізбен көрдік. Халықтың дәл осы «Аna tili» газетін қаншалықты жақсы көргеніне де куәмыз.
Ел арасында «Президент қазақ газеттеріне шыға бермейді», «қазақ тілінде сұқбат бермейді» деген пікір барын жасыра алмаймыз. Бүгінгі сұқбатта сондай «сөзге» арнайы жауап қатқандай. Тағы бір байқағаным, Президенттің бес бет сұқбат бергенін бұрын қазақ газеттерінен көрген емеспін. Ұзаса 1–2 бет әңгіме айтылатын. Бұл сұқбат кең көлемді болып шыққан. Мәселе тек қана көлемде емес қой, сұқбаттың көтерген жүгіне де көп дүние байланысты.
«2024 жылдың жетістігі не?» дегенде, менің ойымша, Президенттің де айтып отырғаны сол – халықтың бір мақсатқа жұмыла білуі. Үкімет пен ел арасындағы жұмысқа Президент байыпты баға беріпті. Демек, біз біріксек, кез келген қиыншылықты еңсереміз.
Ыңғайсыз әрі көп айтыла бермейтін сауалдар да ашық қойылыпты. Әсіресе әлеуметтік желіде жүретін, асханада өзара талқыланатын өзекті мәселенің барлығы газетке шығып отыр. Бұл, біріншіден, Мемлекет басшысының ашықтығы, ағынан жарылуы. Мәселен, өткен жылды қорытындылағанда біраз мәселенің басын ашып айтқан. «Президент БҰҰ-ға кетеді» деген алып қашпа сөзге арнайы, нақты жауап беріпті. Шынында бір елдің президентінің басқа бір халықаралық ұйымға баруы тарихта әлі күнге дейін болған емес және ел басқару жауапкершілігі артылып отырғанда Президенттің елді тастап кетеді дегеніне мен сенбеймін.
Уақыт белдеуіне қатысты өткен жолы Үкімет біржақты жауап берсе де, Мемлекет басшысының ол туралы әлі де мәселені жіті зерттейміз деуі, халықтың жағдайынан хабардар екенін білдіретіндей. Сұқбатта әділеттілік деген ұғым да әңгіме өзегіне айналыпты. Елдің байлығын барлығымызға теңдей бөлсе деген қоғамның сауалына да жауап қатады. Қаражат әлеуметтік салаларды, денсаулықты, білімді дамытуға жұмсалатынын айтады. Осы тұрғыдан қарағанда әлеуметтік әділеттілік жолға қойылғанын көреміз. Менің ойымша, әділетті қоғамның өзі сол әлеуметтік әділеттілікті негізге алуға тиіс деп ойлаймын және Президент соны байыппен түсіндірген.
Қоғамда көп талқыланған, Ресей мен арадағы қарым-қатынас та сөз болыпты. Ресей президентінің елге келуінен туындаған сұрақтарға жауап береді. Басшымыз: «Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр», – дейді. Осындай дүниелердің барлығына Президент байыппен, салмақпен және кеңінен қарайтынын жеткізеді. Ресейдің жанынан жерімізді құшақтап, бір жерге көшіп кете алмаймыз ғой. Сондықтан да олармен міндетті түрде іскерлік қарым-қатынасты үзбеу керек дейді.
«Сіз «Заң мен тәртіп» қағидасы туралы жиі айтасыз. Кейбіреулер мұны қоғамға «қылбұрау салу» деп қабылдап жатыр. Бұған не айтар едіңіз?» деп сұрақ қойылыпты. Бұл сауалдың да жауабы көңілден шығып тұр. Қалай болғанда да заңсыз үкімет жоқ. «Тәртіп пен заң» қоғамның тірегі екенін ұмытпаған абзал. Халықты алаңдатқан үлкен мәселе парламенттік жүйеге көшеміз бе деген сауал еді ғой. Президент мұндай қадамды ойланып барып жүзеге асыру керек екенін айтады. Белгілі бір уақытқа дейін, қоғамның санасы өсіп, өзін-өзі билейтіндей байыптылыққа көшкенге дейін президенттік билік керек шығар деп ойлайсың. Бүкіл дүниені парламент шешеді десек, ертең парламенттік жүйе топ-топқа бөлініп, айтысып отырғанда еліміздің жағдайы не болып кетуі мүмкін деп те алаңдаймыз.
Сұқбатта ерекше көтерілген мәселе – цифрландыру. Қазір бүкіл технология ЖИ-ге тәуелді болып тұр. Тіпті соғысқа дейін ЖИ араластырып жатыр, мысалы, әуедегі дрондар соғысын еске алыңыз. Осы тұрғыдан келгенде цифрлық жүйені дамыту Президенттің айрықша назарында екенін ерекше аңғарамыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-орын иеленген екен, бұл, меніңше, жақсы көрсеткіш.
Сонымен қатар сұқбатта айтылған Президенттің Трамппен таза ағылшын тілінде сөйлесуі Президенттің әлемдік саясаттағы беделін көрсетеді.
Айналып келгенде, бұл сұқбат негізінде біздің қазіргі қоғамдағы пісіп-жетіліп тұрған мәселенің барлығы көтерілген деп айтуға болады және соған ашық жауап берілген. Бірнеше салаға көңіл бөлініп, оның ішінде білім беру жүйесіне де ерекше назар аударылып отыр. Түскен қаражаттың көп бөлігі жайлы мектептер салуға кетіп жатыр екен. 217 мектеп салынуға тиіс болса, соның 105-і қолданылуға беріліпті. Демек, жақын уақытта бізде үш ауысымды мектептер жойылады. Әлемдік стандарттармен салыстырсақ, бұл біздің білім беру саласындағы ең осал тұсымыз. Өйткені дамыған әлемде үш ауысымды мектеп тұрмақ, екі ауысымды мектептің өзі жоқ. Әсіресе Еуропа мен Америкада, Жапонияда ондай мектептерді іздеп таппайсыз. Ал бізде әлі күнге дейін үш ауысымды мектептер де, тіпті кейбір ауылдарда бір сыныпқа бірнеше сыныптың балаларын әкеліп отырғызатын білім ордалары бар. Осының барлығын жоймай тұрып, білім сапасын көтеру мүмкін емес. Міне, осыдан кейін барып, ғылымды дамыту, денсаулықты жақсарту мәселелері қозғалады. Менің ойымша, Президенттің бұл сұқбатында биылғы Жолдауының алғашқы мәселелері қамтылғандай.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, ақын, филология ғылымының кандидаты:
Көп сауалға жауап алдым
– Алматының өзінде мемлекет қаржыландыратын, мемлекеттің бюджетінде отырған 77 қазақ мектебі, 57 орыс мектебі, 78 аралас, 3 ұйғыр мектебі бар. Бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, мұнымыз әлдеқайда үлкен жетістік екенін аңғарамыз. Бірақ кейбір қазақ мектебінің жағдайы қиын болып тұр. Наурызбай ауданындағы бір мектепте немерем 1-сыныпта оқыған. Алғаш барған кезде бір сыныпта 43 бала отырғанын көрдім. Мұғалімге бір сыныпқа 43 баланы отырғызып қойып, оларға сабақ берудің өзі қандай бейнет, қиын. Осы мәселенің шешімі – қазақ мектептерінің санын арттыру, көптеп салу. Сұқбатта осы бағыттағы мәселелердің шешімі айтылады. Қадау-қадау сұрақтар қойылған. Сауалдар халықтың көкейіндегі сауалдармен дәлме-дәл келген. Сол сауалдарға Президенттің жауабы да ұтымды болған. Көп нәрсені ашық айтқан. Осы мәселе ертеңгі күні де халық арасында көп талқыға түседі деп ойлаймыз.
Кезінде Алаш қайраткерлері, Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп ұрандап өтті. Біз әлі күнге дейін бодандық бұғауынан шыға алмай жүрміз, сананың бұғауланып қалғаны сондай – құлдық, отарлық санадан құтыла алмай келеміз. Бұл мәселеде бар кінә қазақтың өзінде жатыр. Кей қазақ баласын әлі күнге дейін орыс балабақшасына, орыс мектебіне береді. Кілең қарагөздер отырып, осы қазақтар балаларының болашағын неге ойламайды деп ойлайсың... Дегенмен халықтың санасы ақырын-ақырын қозғалып, оянып келе жатыр. Болашақта ақырындап бұл да жөнге келер деген үміт оты тұтанады. Сұқбатты оқи отыра, көкейде жүрген көп сауалға жауап алдым.
Анар ФАЗЫЛЖАН, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының кандидаты:
Ұлттық тіл экономиканы да алға сүйрейді
– Сұқбатты бастан-аяқ оқығанда тілтанушы ретінде мәтінге тілдік талдау жасап отыратын әдетіміз қосылып кете берді. Байқағаным, Президентіміз оған қарата айтқан сауалдарға әрқашан «біз» деп жауап қайырып отырған екен. Бұл психолингвистикалық тұрғыдан нені білдіреді? Сөйлеп отырған адамның өзі айтып отырған істе өзін жалғыз көрмейтінін, сол істі атқарған субъектінің көп екенін, демек, өз халқымен бірге екенін көрсетеді. «Мен» деген сөзді екі жерде ғана қолданған екен. Біріншісі, БҰҰ-да қызмет атқарған кезі туралы айтқан сөзінде бірінші жақта «мен» деп қолданыпты. Екіншісі, газет оқу мәдениетінің әбден қалыптасқанын және ол ұстанымын өзгертпейтінін, қазіргі заманауи құралдардан гөрі мерзімді басылымдарды басым көретіні туралы айтқанында «мен» деп сөйлеген екен. Басқа тұстың бәрінде өзін жеке қарастырмай, ұжыммен бірге екенін көрсеткен.
Сұқбатта халықтың көкейінде жүрген және алуан түрлі долбарлар мен алып қашпа сөздерге қатысты сауалдар қойылған екен. Президент көп долбардың жауабын айтып, нүктесін қойыпты, деректерді де жақсы сөйлеткен. «Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы инвестиция жөніндегі баяндамасын жариялады. Онда Қазақстанның 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясын тартқаны көрсетілген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық. Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде». Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Тасқын судың апатына 63 000 адам жұмылдырылғаны туралы дерек бірлігіміздің бекемдігін, әлі талай қиындықты бірге еңсеріп, алға озатын ел екенімізді көрсетеді. Президенттің «Таза Қазақстан» жобасын ерекше қолдаймын. Жер ауқымы бойынша 9-орында тұрған елміз. Бұл жоба, расында, идеологиялық бағдарлама. «Таза Қазақстан» жобасына 3 млн 800 мың адам қатысып, Қазақстан бойынша 1,5 мың тонна қоқыс жиналған екен. Сондай-ақ нәтижесінде 2 млн 200 мың көшет отырғызылған. Бұл дегеніміз бір орман қалпына келтірілді деген сөз. 4 млн 300 мың адамды біздің кәсіпкерлер жұмыспен қамтамасыз етіп отыр деген мағлұматты оқыдық. Қазақстан үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. Бұл деректі көргенде, көңілім жайланды. Себебі елімізде орта тап қалыптасып келеді деген сөз.
Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-орынға тұрақтағаны туралы да деректер берілгені тіліміздің болашағына қатысты күмәнды ой айтқысы келетіндерге қарсы жауап болады. Президентіміз «Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды» деген. Шынында да солай. Біз 6–7 жыл бұрын лингвоэкономика мәселесін көтерген едік. Сонда экономикасы дамыған елдердің ұлттық тілі де қоса дамитыны туралы білдік. Ал ұлттық тіл экономиканы да алға сүйрейді екен деген теория бар. Оны немістер қалыптастырған. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін неміс ұлтының өз ұлтының құндылықтарына деген сенімі төмендеп кеткен. Өйткені көп жағдайда неміс ұлты деген тіркес фашизмге байланыстырылып, ұлттық құндылықтарға деген сезімдерде кері үрдіс пайда болды. Сол себепті оларда терминологиясын түгел ағылшын нұсқаға ауыстыру керек деген талпыныс пайда болған кездер бастарынан өтті. Бір қызығы, бұл кезең неміс экономикасының құлдырауына әкеп соғады. Сонда немістің тілтанушы-ғалымдары терминологияны ұлттық жүйеге көшіру мәселесін қолға алады. Міне, сол кезеңнен бастап неміс экономикасында әлемдік деңгейдегі бренділер пайда бола бастайды. Президентіміз тілдің экономикадағы дамуын өте жақсы атап өткен. Қазақ тілінің ахуалына келсек, барлық қоғам саласында бірдей бәрі жақсы деп айта алмаймыз, әрине. Жетілу, даму – кез келген үрдіске, болашаққа бағытталған мәңгілік елге тән құбылыс. Сондықтан қазақ тілін жетілдіріп, насихаттау жұмыстарымыз тоқтамау керек.
Қазіргі күні тіл мен цифрландыру бір-біріне байланысты. Жасанды интеллектіні игілігіңізге жұмсағыңыз келсе, ол сапалы болсын десеңіз, ЖИ тілдің моделін дұрыс қайталауға тиіс. Егер дұрыс қайталай алмаса, онда жасанды интеллекті баяу жетіледі, онда ақау болуы мүмкін. Әлем елдері жасанды интеллектіні жасар кезде тілдің моделіне сүйенеді. Тілдің ішкі құрылымдарын жасанды интеллектінің жүйесіне енгізіп қою жобалары жүзеге асып жатыр. Қазір «Ai-Sana» бағдарламасы негізінде қазақ жасанды интеллектісін әзірлеу жүзеге асып жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қатысатын бірнеше ғылыми орталықтан тұратын консорциум күшімен қазақша жасанды интеллектіні әзірлеу үшін үлкен тілдік модель жасалып жатыр. Қазақша сөйлейтін «ChatGPT-ге» қол жеткіземіз деп отырмыз. Оның негізгі орындаушысы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. «ChatGPT-ді» қуып жету қазақ еліне ғана емес, дамыған Еуропа елдері үшін де қиындық тудырады. Бірақ біз жасаған өнімнің кодтары кез келген отандық әзірлемешіге ашық беріледі. Сөйтіп, кез келген отандық әзірлемеші қазақша жасанды интеллектіні жетілдіре алады. Қазақша таза сөйлеп, ойлайтын жасанды интеллекті үлгісін жасау ісінің жемісін көретін күн алыс емес деп ойлаймын.
Көңіліме қонғаны, Кенжехан Ісламжанұлы да айтып кеткендей, цифрландыру мәселесі бойынша сөйлеткен деректер. Президенттің тілді цифрландыру мәселесіне ерекше назар аударуы – ол кісінің көрегендігін, заманауи құбылыстардан әрдайым хабардар болып отыратынын көрсетеді. Біз осы бағытта жұмыс істейміз. Президент Мемлекет басшысы қызметіне келгенінен бері «Әлеуметтік мемлекет», «Құқықтық мемлекет», «Еңбек адамы» деген қоғамның барлық әлеуметтік тобының мүддесіне арналған бастамаларды көтеріп келеді, 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануының маңызы өте зор. Қоғамның барлық қабат өкілдерін әлеуметтік лифтілер арқылы элиталық деңгейіне көтеру мемлекеттік басты бағыты екеніне әрдайым жұрт назарын аударып отырады.
Тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ негізі қаланған, қазақтың руханиятын қаламына серік еткен, қазақтың ұлттық проблемаларын көтеріп, тіліне деген сүйіспеншілігін оятқан газет – «Аna tili». Басылым 1990 жылы, ұлыстың ұлы күні – наурыздың 22-сінде жарық көргенде оның алғашқы құрылтайшысы «Қазақ тілі» қоғамы болған. Қоғамның сол кездегі басшысы биыл ғасырлық мерейтойы аталып өткен академик Әбдуәли Қайдар еді. Академиктің басшылығымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының айналасына ұлтжанды, жанашыр азаматтар біріккені де тарихтан мәлім. Жақында марқұм болған Ғарифолла Әнес ағамыз да осы газеттің қалыптасуына үлес қосқан-ды. Тіл білімі институты ұжымы «Аna tili» газетін ерекше жақсы көреді. Міне, бізге ерекше қадірлі, аяулы басылымға Президенттің сұқбат бергені барлығымызды қуантты.
Қанат ӘУЕСБАЙ, Фараби университеті журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты, «Болашақ» стипендиясы стипендиаттары Қауымдастығының Кеңес мүшесі:
Жастардың шетелге шығуынан қорықпауымыз қажет
– «Атың барда жер таны желіп жүріп». Америкалық әлеуметтанушы Маршалл Маклюэн қазақ болса, дәл осы сөзді айнытпай айтқан болар еді. Маршалл мырзаңыз кезінде «ғаламдық ауыл» (global village) терминін ойлап тауып, ғылыми айналымға енгізгені есте. «Ғаламдық ауыл» тұжырымдамасы бойынша заманауи технологиялар арқасында адамдар бүгінде ғаламның қай қиырында болса да жедел байланысып, қажет ақпаратты сол заматта алмаса алады. «Ғаламдық ауылдың арқасында қанша жерден жер шалғай болса да көңіл бірге, шет мемлекетте болсаң да мыңдаған шақырым шалғай тұрған адамыңды жақын жерден хабарласқандай сезесің. Осылайша, «ғаламдық ауыл» елдер арасындағы саяси шекараларды жойды. Шекара сызығы тек адамдар санасында ғана. Санамыздағы шекараны жойған абзал.
Бұл ретте Президент «Аna tili» газетінде маңыз бере жауап берген мәселенің бірі жастардың шетелге шығуына қатысты. Мемлекет басшысы жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлайтынын ашып айтты. Айтуынша, олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек. Баратын жерің ірі шаһар, басқа өңір, тіпті басқа ел болуы мүмкін. Қазақта «Жүргенге жөргем ілігеді, жатқанға жан жуымайды» деген бар, – деді Мемлекет басшысы. Президенттің бұл айтқанына келіспеске лажым жоқ.
Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Бұл орайда Президент шетелге шығу «Барсакелмеске» кету дегенді білдірмейтінін айқын аңғартты. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, еліне қайта оралғаны жөн. Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп. Үкіметттің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау», – деді Президент.
Прагматикалық тұрғыдан алсақ, жастардың шет мемлекеттерге барып жұмыс істеуі бүкіл әлемде қалыпты құбылыс. Сөзіміз жалаң болмас үшін сан айғақ келтірейін. Мәселен, дамыған алпауыт мемлекет дейтін Американың өзінің 7 миллиондай азаматы шетелде тұрады екен. Екінші бір алпауыт Қытайдың 10 миллиондай азаматы шет мемлекеттерде тіршілік кешіп жатыр.
Расында да, «ғаламдық ауыл» жағдайында әркімнің қай жерде өмір сүремін десе өз еркі. Ол еркіне өзге біреу шектеу қоя алмайды. Қайткенде де бір нәрсе анық. Шет мемлекетке түбегейлі кетуге шешім қабылдайтындар некен-саяқ. Әлемдік миграция статистикасында ондайлардың үлесі жалпы мигранттар санының 5 пайызына да жетпейді. Мәселен, шетелге 100 мың адам кетсе, соның әрі кетсе 5 мыңы ғана шетелде біржола қалып қоюы мүмкін. Қалғаны жағдайын жасап, жаңа технологиялар, жаңа білімді игеріп, түптің түбінде, еліне оралады. Сол себептен өз басым Қасым-Жомарт Кемелұлының «жастардың шетелге шығуынан қорықпауымыз керек» деген ұстанымын толық құптаймын.
Қазақтың тағы бір ұлағатты сөзі бар, «есің барда елің тап» деген. Ендеше, ел-жер кезіп, танымын арттырған жастар қалай болғанда да кіндік қаны тамған атамекеніне, түптің түбінде, оралады. Оған тек білігін арттыру үшін уақыт қана керек. Ең бастысы, «Ауылынан аттап шықпағанның ақылы ауласынан аспайды» дейтін қазақы пайым тағы бар. Жас кезде бәрін көру керек дейтін менің ұстанымым да толықтай Президенттің «Аna tili» газетінде айтқан нақты пікірімен үндес. Шетелде қалып қойғанның өзінде Қазақстанмен байланысты арттыратын жұмыстарда жүргендерді талай естіп-көріп жүрміз. Қалай болғанда да, бұл қазіргі жастар туған жер, атамекенінен басыбүтін ажырап қалады дегенді білдірмейді.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылымының докторы, профессор:
ПАРАСАТТЫ ПАЙЫМ, БАЙЫПТЫ БАЙЛАМ
Құдайға шүкір, бүгінде шетелдік БАҚ-тарды айтпағанның өзінде, қазақтілді БАҚ-тарға да кенде емеспіз. Әлеуметтік желі, радио, теледидар, электронды ақпараттық портал, газет т.б. толып жатыр. Алайда жаһандану заманының жел-желемігіне көзсіздікпен ілесе шаппай, халқымыздың жоғын түгендеп, барын бағамдап отыратын, ұлт руханиятының қазанын оттан түсірмей, мәдени мәзірімізді байытып отыратын басылымдарымыз көп емес. Еліміздегі сондай бағалы да бәтуалы басылымдардың басында «Қазақ әдебиеті», «Аna tili» қатарлы ұлт апталығы тұрғаны белгілі. Әр аптаның жұмасындағы жұмысымыз осы газеттерді парақтаудан басталады. Сол әдетіміз бойынша, су жаңа 2025 жылдың 3 қаңтары да «Аna tili» газетін қолға алудан басталды. Салған жерден Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың газетке арнайы берген сұқбаты көзге түсті. Тақырыбы «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» деп аталады. Айдары да айғайлап тұрған сұқбаттың айтары да салмақты екен. Қысқасы, қазір қазақ қоғамын толғандырып отырған, қазіргі уақыт үшін маңызды да өзекті сұрақтарды тартыншақтамай, күлбілтелемей батыл-батыл қоя білген тілшіге де, ащы-тұщысы аралас, батыл қойылған сұрақтарға ашық, бүкпесіз жауап берген Мемлекет басшысына да дән риза болдық…
Ең бастысы, оқырман Мемлекет басшысының бұл жолғы сұқбатынан өткен жылға қорытынды-баға; елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдай; саяси реформалар барысы; Қаңтар оқиғасының себебі мен салдары; 2019 жылдың көктемінен 2022 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта елде болған қосарланған билік; Қазақ–Ресей, Қазақ–Қытай, Қазақ–АҚШ қарым-қатынасы, Түріктілдес елдердің бірлігі; еліміздегі Президент және Парламент сайлауы; экс-президент Н.Назарбаевтың қыдырып Мәскеуге баруы, АЭС, Талғардағы оқиға, жастар мәселесі туралы т.б. өте толғақты мәселелер туралы оқи алады.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың осы жолғы сұқбатында еліміздің саяси-әлеуметтік өміріне, ішкі-сыртқы саясатына қатысты соқталы-соқталы ойлар айтылғанын жоғарыда санамалап өттік. Осылардың ішінде Мемлекет басшысының еліміздің сыртқы саясатына қатысты, нақтылап айтқанда, Қазақ–Қытай қарым-қатынасына қатысты айтқан парасатты пайымы мен байыпты байламы назар аударарлық. «Сұқбаттың» бір тұсында тілші Мемлекет басшысына: «Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары өткен жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болды. Сондағы келіссөздердің басты нәтижесі қандай? Ақпарат құралдарында Төраға Си екеуіңіздің ел үкіметтеріне өзара сауда айналымын екі есе арттыру жөнінде міндет жүктегендеріңіз айтылды. Бұл қол жеткізуге болатын меже ме?» деген сұрақ қойыпты. Бұл – өте өзекті мәселеге арналған, соқталы сұрақ.
Себебі сонау 1992 жылы басталған күннен біздің қоғамда қазақ-қытай елдерінің қарым-қатынасына деген үміт пен күдік қатар келе жатқанын несіне жасырайық?! Үмітіміз, біріншіден, ҚХР экономикасы ұшқан құстай дамып келе жатқан алып держава. Демек, бұл елден бізге инвестиция тартудың мүмкіндігі зор. Екіншіден, екі арамызды 1 750 шақырымдық шекара сызығы бөліп тұрған құдайы көрші. Импорт-экспортта арбаласақ та, дорбаласақ та қолайлы. Үшіншіден, Қытай – әлемдегі адам саны ең көп мемлекет, яғни іргемізде тұрған алып базар. Әліміз жетіп әлдеқандай өнім өндіре қалсақ, осы алып базарды қамтысақ та, тақиямызға тар келмейді. Төртіншіден, ҚХР-дың барлық тірлік-тынысы күнделікті зор көлемдегі энергетикаға тәуелді. Бұл да біздің мұнайымыз бен газымыздың бірегей тұтынушысы деген сөз. Бесіншіден, ХХ ғасырдың соңында ресми Пекиннің еуропалық базарларды игеру жоспары күн тәртібіне шыққаны белгілі. Бұл ретте ҚХР үкіметі ежелгі «Ұлы Жібек жолын» жаңғыртуды көздеді. Бұл жолдың Қазақстан арқылы өтетіні бесенеден белгілі еді. Алтыншыдан, ҚХР-да біздің 1,5 млн шамасында қандасымыз тұрады. Олардың тарихи отанына барып-келу, қоныс аудару мәселелері де ресми Пекин мен ресми Астананың қарым-қатынасына тікелей байланысты екені жасырын емес. Жетіншіден, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен-ақ жас Қазақ елі өзінің ұлттық қауіпсіздігі үшін көп векторлы саясат ұстануға мәжбүр еді. Сол «көп вектордың» бірі – ҚХР еді. Осы достық қарым-қатынастың арқасында Қытай үкіметі ядролық держава ретінде сонау 1995 жылдың өзінде-ақ Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берді. Ал күдікке келсек, Қытай – әлемдегі экономикасы да қуатты, адам саны да ең көп мемлекет. Бұл елмен қарым-қатынаста абай болмасақ, ертеңгі күні Қытайдың экономикалық та, демографиялық та экспансиясына ұшырауымыз мүмкін деген үрей. Егер заңдарымыз солқылдақ болса, шенеуніктеріміз бен азаматтарымыз сатымсақ болса, бұл үрей мен күдікті жоққа шығаруға болмас еді. Құдайға шүкір, Қазақ–Қытай елдерінің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жылдан асып барады. Екі ел қарым-қатынасында сөз болып отырған күдік-күмәнға жол берілген жоқ.
Мемлекет басшысының «Аna tili» газеті тілшісінің екі ел қарым-қатынас туралы қойған сұрағына берген қысқа һәм нұсқа жауабы біздің осы сөзімізді одан сайын шегелей түсері хақ.
Қасым-Жомарт Кемелұлы тілші сұрағына: «Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елді жақсы білетінін, қазақ халқына ілтипатпен қарайтынын атап өткен жөн. Біз екі жақты қарым-қатынасқа, өңірлік және халықаралық ахуалға қатысты барлық мәселені емен-жарқын талқыладық. Ешқандай көзқарас қайшылығы жоқ. Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес...
Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.
...Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала береді. Бұл мемлекет – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, сондай-ақ экономикамыздағы ең ірі инвестордың бірі. Өзара сауда айналымын екі есе арттыруға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, екі ел басшыларының саяси ерік-жігері жеткілікті. Сондықтан аталған мақсатқа жетуге әбден болады.
Жоғары деңгейдегі диалог 2025 жылы да жалғасады. Төраға Си Цзиньпин «Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр. Оның Қазақстанға алдағы сапары, сондай-ақ биыл күзде Қытайда өтетін келіссөздер екі елдің сан салалы ықпалдастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», – деп жауап беріпті.
Иә, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас ырғақты да тұрақты түрде нығайып келеді. Екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық әсіресе экономикалық салада жүйелі түрде артып келе жатқаны байқалады. Белгілі болғандай, 2022 жылдың тек алғашқы жарты жылында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 11,54 млрд доллар болған. Аймақта санкциялық соғыс пен геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрғанына қарамастан, бұл көрсеткіш 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға артқан.
Әсіресе дамушы елдердің ұлттық экономикасының дамуына шетел несиелерін, инвестицияларды және озық технологияларды тарту шешуші рөл атқарады. Бұл тарапта Қазақстан Үкіметі 2020 жылдан бастап шетелдік инвестицияны тарту бойынша өте белсенді жұмыс жүргізе бастады. Бұл тарапта Қытай еліне барынша назар аударылып келеді. Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі жағынан 4-орында (25,5 млрд доллар) тұр. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттауға да үлкен мән беріліп отыр. Қазір Ауыл шаруашылығы және Сыртқы істер министрліктері қазақстандық кәсіпорындарға тиісті көмек көрсетіп, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 18 екіжақты хаттамаға қол қоюға бастамашы болып отыр. Соның нәтижесінде бүгінде бидай, сиыр мен шошқа етін, соя, бал, балық, рапс, жоңышқа, жүгері, ұн және ұн өнімдерін өндіретін 600-ге жуық отандық кәсіпорын Қытай нарығына өз өнімдерін жеткізуге рұқсат алды. Бұл ынтымақтастықтың ерекшелігі елімізде жоғары технологиялық өндірістерді құруға, өнеркәсіптік әлеуетті іске асыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканың шикізаттық емес секторын ынталандыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтары үшін 25 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Өткен жылы (2024) ҚХР Сиань қаласындағы құрғақ портта қазақстандық жүк терминалының құрылысы аяқталып, ресми түрде жұмысын бастады. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен жүзеге асқан Қытайдың ең ірі логистикалық хабында орналасқан бұл терминал елімізге тұрақты түрде тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұл отандық экспорттаушылар үшін де тиімді. Сонымен қатар әлемдік Huawei, Wabtec және PSA секілді жетекші компаниялармен бірге «Ақылды теміржол» жобасы да жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл отарбаларымызға кететін отын шығынын азайтуға және пойыздардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы оқиғаның қарсаңында өткен жылы Қазақстанның Ақтөбе қаласы мен ҚХР Сиань қаласында екі елдің бас консулдығы ашылды. Сиань қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылуы, ең алдымен, Қазақстанның консулдық қызметінің осы бағыттағы қызметін күшейтеді, сондай-ақ жүйелі негізде жұмыс істеуге мүмкіндік бермек. Өңірде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық (қазақстандық экспортты ілгерілету, инвестиция тарту және бірлескен кәсіпорындар құру) саласындағы жұмыстарды құру секілді қызметтер атқарады.
Сөзіміздің осы тұсында мына мәселенің басын ашып айта кетуге тиіспіз. Қазақстан–Қытай елдерінің достық қарым-қатынасына тек біз, Қазақстан ғана, мүдделі деп ойласақ, қатты қателесеміз. Демек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілші сұрағына берген жауабында «Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес» деген тұжырымды жайдан-жай айтып отырған жоқ.
Қытай экономикасының соңғы жылдардағы дамуына сәйкес, елдегі мұнайдың өндіріліп, пайдалану қарқыны да өсті. Сұраныстың бір бөлігі Қытайдың өз кеніштерінің есебінен жабылады. Дегенмен тұтынудың күн сайын артуына байланысты импорттың да маңызы күшейіп келеді. АҚШ энергетикалық ақпарат басқармасының мәліметі бойынша, 2035 жылы Қытай өзі пайдаланатын мұнайдың 75 пайызына дейін шетелдерден импорттамақ. Қазір Қытайға 15-ке жуық ірілі-ұсақты мемлекет мұнай сатып отыр. Олардың қатарында алғашқы ондықтың ішінде тәулігіне шамамен 225 мың баррель мұнайын саудалап отырған Қазақстан тұр. «ҚазТАГ» агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан мұнайының ірі импортерлері Италия – 17,7 млн тонна (14,9 млрд $),
Қытай – 10,6 млн тонна (8,7 млрд $),
Голландия – 7,9 млн тонна (6,7 млрд $), Австрия – 6,4 млн тонна (4,9 млрд $) және Франция – 6,1 млн тонна (5,3 млрд $) құрап отырса керек.
2023 жылы Қазақстан тауарын ең көп сатып алған елдердің көшін Қытай, Ресей және Италия бастағаны белгілі. Ал көш басындағы Қытаймен арадағы сауда айналымының 56,3%-ы Қазақстанның экспортына тиесілі. Екі ел арасындағы сауда айналымының ақшаға шаққандағы жалпы көлемі – 31,5 млрд доллар болған. Ендеше, экспорт дегеніміз отандық кәсіпорындарымыздың өнімі десек, кәсіпорындарымыз мемлекетке табыс салығын төлеудің сыртында неше мыңдаған азаматымызды жұмыспен қамтып отырғаны жасырын емес. Мұның бәрі еліміз үшін игілік пе, игілік!
Қазақстан мен Орталық Азия елдері «Бір белдеу – бір жол» бастамасының орталық құрлық бөлігі үшін трамплиннің бір түрі. Орталық Азия аймағы құрлық арқылы Қытайды Еуропадағы нарықтарымен байланыстырады. Ресми Пекин «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы ауқымында жасалып, ашылып жатқан тас жолдар, темір жолдар, құбырлар немесе электр желілері құрылысы болсын, инфрақұрылымдық даму жобалары Қазақстан бастаған «белдеу» бойындағы елдерге үлкен пайда әкеледі деп есептейді. Әрине, Қазақстан және Орта Азия елдерінің бәрі де Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» стратегиясы аймақтың экономикалық жағдайының жақсаруына зор серпін береді дегенге еш шүбәлануға болмайды.
Қазақстан мен Қытай үкіметтері екіжақты ынтымақтастықтан басқа, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді құрылымдарда бір-бірін үнемі қолдаумен бірге, осы ұйымдар ауқымында екі елдің көпжақты ынтымақтастық жобалары да бар.
«Бір белдеу – бір жол» Қазақстанда «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын, Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрлық порттарын, «Қазақстан – Түрікменстан» жаңа теміржол дәлізін құруға үлкен ықпал етті.
Қытайдың Ляньюньган портындағы бірлескен терминалдың арқасында Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Ресейге, Еуропаға, Орталық Азия елдеріне және Каспий маңы аймағына контейнерлік тасымал саны артып келеді. Еліміздің аумағы арқылы Қытайдан жүк тасымалдау көлемінің одан әрі ұлғаюы аймақтағы халықаралық сауданы ынталандырып, Қазақстанның транзиттік-логистикалық мүмкіндіктеріне кең жол ашып беріп отыр. Қазақстан–Қытай шекаралық «Достық» және «Алтынкөл» өткелдері арқылы контейнерлік транзит көлемі жылдан-жылға тұрақты өсіп келеді.
«Сұқбаттағы» тағы бір маңызды мәселе, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық байланыстардың тереңдей түсуіне орай жыл өткен сайын екі ел азаматтарының бір-біріне жұмысқа, оқуға немесе саяхатқа келулері жиілей бастағаны. Бұл туралы Президент: «2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим орнатылды. Жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр», – деп атап көрсетті. Иә, айтып-айтпай, бүгінде Қытайда 20 мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жатқан болса, оның дені Қытай үкіметінің гранты екенін есте ұстауымыз керек. Қытай тарапы да Қазақстаннан оқитын студент-стипендиаттардың жыл сайынғы квоталарын мыңнан астам адамға дейін көбейтті. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Мұның Қазақстан мүддесіне сай келетіні сөзсіз» дегеніндей, Қытай–Қазақстан қарым-қатынасы өміршеңдігінің бастауы олардың дамуы екі ел халықтарының мүдделеріне түбегейлі жауап беретінінде және екі елдің тұрақтылықты сақтау мен дамыту талаптарына толық сәйкес жүргізілетінінде жатыр деп ой түюге толық негіз бар. Бұл арада екі мемлекеттің де ынтымақтастықтың арқасында нақты тиімділік пен өзара пайда көріп отырғанын, қай тарап артықшылыққа ие немесе бірі екіншісіне қысым көрсетуде деген тұрғыда сөз қозғалуы мүмкін емес екенін атап көрсеткен абзал. Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы шын мәнінде өзара пайдалы негізде жүргізіліп, қос тарапқа да нақты пайда әкеледі. Қытайдың дамуы Қазақстан үшін қатер емес, керісінше, еліміз экономикасының дамуы үшін үлкен мүмкіндіктер. Осыны жақсы түсінгендіктен де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен ынтымақтастықты жан-жақты дамыту Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін әр кез мәлімдеп келеді.
Қысқасы, Мемлекет басшысының байыпты байлам мен парасатты пайым қатар өрілген осынау бағдарламалық сипаттағы сұқбатын толықтай тәпсірлеп жатқаннан гөрі, әр бір қазақ баласы осы сұқбатты бойтұмардай бойында да, ойында да сақтаса, қандай өсек-аяңдарға ере де, сене де қоймаспыз деп ойлаймын.
Жарас СӘРСЕК, «Urker» журналының бас редакторы:
«Таза Қазақстан» – елді көркейтуге арналған жоба
– 1986–1988 жылдары Германия Демократиялық Республикасында (ГДР) әскери борышымды өтедім. Сонда алман халқына ерекше таңғалдым. Германияның табиғаты ерекше көркем екен. Неміс халқының табиғатты аялау дәстүрі, тазалықты ұстап, оған бекем болуы қатты таңғалдырды. Не деген тазалық! Ол елдің жартысы орман. Немістердің ауылының өзі қалаға бергісіз. Көшесінде бір шырпы жатпайды. Елге оралғаннан кейін әкеме «Тал еге берейікші» дедім. 1989 жылдан бастап тал ектік. Ол 5–6 жылда мәуелі ағаш болып өсіп, ауылдың көркіне айналды. «Таза Қазақстан» жобасы – елімізді көркейтуге арналған жоба. Тазалық сөзінің ішіне жан дүниенің де, қоршаған ортаның да тазалығы кіреді. Сондықтан «Таза Қазақстан» жобасына қатысты Президенттің айтқаны әбден орынды деген пікірдемін.
Сұқбаттан Президентке көптің көкейінде жүрген мәселенің қойылғанын байқадық. Жердегі 7000 тілдің 3000-ы жойылуға шақ қалып тұрған екен. Қазақ тілі – өлмейтін тіл қатарында екенін біліп, бойымыздағы үрей сейілгендей болды. Мемлекет басшысының басылымға сұқбат беруі газет-журналдардың таралымын көтеруге де септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Асыл САҒЫМБЕКОВ, «Мысль» журналының бас редакторы:
Қоғам тамырын тап басқан
– Қызықты да мазмұнды сұқбат болған екен. Сұқбатта көтерілген барлық мәселе өзекті. Әсіресе әрбір мәселенің тақырып-тақырыпқа жіктеліп, деректермен, дәйектермен түсіндірілуі өте маңызды. Сұрақтар да, жауаптар да қоғамды алаңдатқан мәселенің тамырын тап басқаны қуантты. Сондықтан бұл сұқбат талқыланады, жұрттың қызығушылығын тудырады. Мәселен, Мемлекет басшысы айтқан мәселелердің жүзеге асуы дер едім. Ал оның орындалуына Президент, үкімет, атқарушы билік қана емес, бәріміз де атсалысуымыз керек.
Ершат ӘСМӘТОВ, «Uiğur avazi» газетінің бас редакторы:
Тәуелсіздік үшін пайдалы әңгіме
– Сұқбаттан түйгенім, Президентіміздің БҰҰ-дағы жауапты лауазымында істеуі еліміздің тәуелсіздігі үшін пайдалы болғанын аңғардым. Қазір геосаяси ахуал мәз емес, өте күрделі. Президенттің әлемдік ахуалдан хабардарлығы, геосаятты жақсы білуі, дипломатиясы осы сұқбатта да айқын аңғарылады.
Президенттің басылымдарды қолдауына риза болдым. Баспасөзді қолдау мәселесі әрқайсымыз үшін де өзекті. Еліміздің Тәуелсіздігі, амандығы жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарайық.
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, «Aqiqat» журналының бас редакторы:
Бұл қазақ басылымдарына құрмет
– Еліміздің бағыт-бағдары, ұлттық идеологиясы жөнінде ұдайы ойланып жүреміз. Осы мәселенің барлығын Президент жан-жақты атап, талқылап өткен. Мемлекет басшысы қоғамды толғандырған мәселелер мен бүгінгі уақыттың, заманның алдында тұрған жағдаяттарға байыпты жауап берген. Президенттің «Аna tili» газетінің 35 жылдығы қарсаңына орай берген сұқбатын мерзімді басылымдар үшін үлкен жетістік деп бағалауға болады. Себебі бұл Мемлекет басшысының қазақ басылымдарына деген құрметі. Бұл сұқбат – ұлттық идеологиямызды қалыптастырудағы үлкен белес.
Дайындаған
Элеонора Әзіржан,
Бағдат Сұлтанқызы
938 рет
көрсетілді0
пікір