• Ақпарат
  • 09 Қаңтар, 2025

Тәуелсіздіктің төл басылымы «ANA TILI» газетіне – 35 жыл

Жарасым тапсын жаңа сөз

Сәкен Сейфуллин «цирк үйін» – ат ойын үйі деп алса, Ілияс Жансүгіров «демонстрацияны» – думан жүріс, «рельсті» – табан темір, «мотоциклді» – үшаяқ деп қолданған екен. Ал Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың қазақ терминологиясын қалыптастырудағы қыруар еңбегін бүгінгі ұрпақ енді ғана біліп отыр. Жиырмасыншы-отызыншы жылдарда өріс алған, қазақ тілінің өз қарымы, өз қоры арқылы жаңа сөз жасау құбылысы бұдан кейінгі кезеңдерде біршама саябырлағанын аңғаруға болады. Бұл мерзімдерде әсіресе терминдік жүйені қалыптастыруда орыс тілі сөздерінің түпнұсқасын бұзбай алу және сөз тудырушы аса өнімді -шы, -ші, -лық, -лік қосымшаларының көмегіне сүйене калька әдісі арқылы пайдалану тікелей алға шығып, қарқынды сипат алды. 
Әрине, неологизм сөздердің қатарында жасанды сипатты, сондай-ақ әзірге тіл сұранымы мұқтаж болмай отырған элементтер де ұшырасады. Ал тілдің коммуникативтік қызметіне әзірге немесе мүлде қажетсіз жаңа қолданыстардан ең қажетті неологизмдерді ажыратып тану үшін, алдымен жаңа сөздердің пайда болуына ықпал ететін белгілі бір экстралингвис­тикалық (сыртқы) және интралингвис­тикалық (ішкі) себептерді, яғни жаңа сөздердің тіл қолданысына ену дәйектемесін айқындап алған жөн.
Неологизмдер жасау тенденциясында көрініп отырған тағы бір белгі – бұрын бір атаумен аталып келген бірнеше ұғымға, затқа құралға және т.б. дара, дербес сөздер ұсыну құбылысы. Айталық, баспасөзде соңғы жылдарға дейін «жеке адамға немесе қоғам өміріндегі белгілі бір маңызды оқиғаға байланысты орнатылған скульптура, архитектуралық құрылыс және «халықтың ежелгі мәдениетінің, жазуының үлгісі» деген ұғымдар үшін ескерткіш сөзі пайдаланылып келді. Қазіргі кезде осы ұғымдар сараланып, соңғы түсінік үшін жәдігер сөзі (бұл неологизм кейде реликвия мәнінде де жұмсалады) қолданыла бастады. Немесе орыс тіліндегі документ сөзі беретін бірнеше мағыналарды ажырату мақсатында, яғни қоғамдық-сая­си мәндегі документ ұғымынан «жеке адамды куәландыратын қағаз, куәлік» түсінігін дербес атау мүддесіне орай қазір құжат сөзі қолданылып жүр.
Қазақ тілінің өз мүмкіншілігі арқылы жаңа сөз тудырудың тағы да бір көрінісі бұрын орыс тілінде қолданылып келген терминдердің, басқа да атаулардың қазақша баламаларының жасала бастауынан көрініп отыр. Мәселен, қазіргі газет-журнал беттерінде боеголовка, адрес, диск, конфискация, шефство, Устав, халтура, гипс, катаклизм, живопись, наушник, пенсия, скальпель тәрізді әр алуан салаларға қатысты терминдердің қастұмсық, тұрақ, тегеріш, тәргілеу, құзырлық, жарғы, дәлдүріштік, ғаныш, сүргін, сұңғат, құлақілдік, зейнетақы, қандауыр типтес баламалары жасала бастады.
Көрінер кісем сұлу қандауырмен, 
Еріншек өмірі өтер жан бағумен.
Жатақ күні шуақпен жарасады, 
Кедей көрші бола алмас малды ауылмен («Ел аузынан», 178-бет.).
Қазіргі жазба тіл нұсқаларында қандауыр сөзінің байырғы мағынасы ұшталып, нақтылана түсіп, «скальпель» деген медициналық терминді беретін сәтті баламаға айналып отыр.
Осы құбылысқа, яғни бұрын орыс тіліндегі эквиваленті қолданылып келген ұғымдардың қазақша баламаларының жасалу құбылысына жоғарыда аталған терминдерден басқа, халықтың күнделікті еңбек процесінде, тұрмыс тіршілігінде пайдаланылатын әр алуан құрал-жабдықтардың, олардың тетіктері мен бөлшектерінің де төл тілдік сыңарларының пайда бола бастауы орайласады. 
Қазіргі жазба тіл үлгілерінде әсіресе баспасөз тілі мен көркем әдебиет жанрында әлі күнге дейін нормалы баламасы қалыптаспаған, тұрмыс-тіршілікке етене араласқан зат-нәрсе, ұғым-түсінік атауларының қазақша баламаларын іздестіріп, ұсынуға ұмтылыс байқалып отыр. Осы ретте көркем әдебиеттен алынған бірқатар жаңа қолданыстармен таныстыра кетелік. Ғабит Мүсіреповтің «Жат қолында» романынан «этикетка» деген сөздің құлақша қағаз деген баламасы ұшырасты, ал Мұхтар Мағауин «будильниктің» оятар, Әбіш Кекілбаев «Снегурочканың» Қар ханшайым, Дүкенбай Досжанов «рюкзактың» жолқапшық, Құрманғазы Қараманұлы «настольный календарьдың» күнпарақ, Оразбек Сәрсенбаев «глазок двери» дегеннің тесіккөз, Қалихан Ысқақов «спальный мешок» дегеннің түнемелқап, Әкім Тарази «беседканың» күнқалқа деген баламаларын ұсынады.
Кейінгі толқын қаламгерлері де осы салада өзінше ізденіп жүр. Бейбіт Қойшыбаев «ваннаны» жуынухана, «включательді» қосқыш, «требованиені» талапнама, «приемнаяны» қабылхана деп, 3.Қыстаубаев «стюардессаны» аспансерік, Е.Қойбағаров «выключательді» шамжаққыш, М.Қабанбаев «вешалканы» иықағаш деп атайды. Баспасөз тілінде де күнделікті тұрмысқа қатысты атаулардың төл баламалары көптеп ұсыныла бастады: сүтшәрбат (коктейль), сапарлық билет (проездной билет), жерқойма (погреб), жеделсаты (лифт), шынытас (кафель), Қаршақыз, Ақшақар (Снегурочка), жеңілгек (запонки), иелік қағаз (ордер) т.б.
Осы ретте айта кетелік, жазба тіл аясында сұранымы жоқ, басы артық, жасанды жаңа қолданыстарды жасау да әредік көрініп қалып жүр. Қазақ тілін тұтынушылар үшін телевизор мағынасындағы теледидар неологизмі толық нормаланған сөзге айналды. Тіл сұранымы бұл атаудың өзгеше аталуын қажет етпейді. Сондықтан да: «Анадай жерде тәпелтек үстелдің жанында екі жұмсақ кресло бұған маңқия қарап тұр. Түрлі түсті етіп көрсететін телеайна бір бұрыштан қарауытады» (Б.Алдамжаров. «Жықпыл…») деген сөйлемдегі телеайна сөзін сәтті неологизм деп тануға болмайды. Өйткені ол теледидар сөзінен номинативтік, экспрессиялық, болмаса стильдік қызметтері жағынан басым түсе алмаған.
Соңғы кездері қазақ тілінің сөздік құрамына көптеп еніп жатқан неологизмдердің пормалы сипат алуы, әдеби тіл элементі ретінде «паспортталуы» өз алдына жеке мәселе. Қоғамдық-әлеу­меттік, саяси, мәдени-рухани тіршіліктің сұранысына орай, сондай-ақ экспрессиялық зәрулікті өтеу мақсатында дүниеге келген жаңа қолданыстардың нормалы дәрежеге көтерілуі үшін мағыналық дәлді, тілдің сөз тудырушы табиғи амал-тәсілдері арқылы жасалуы, сонымен қатар дыбысталуы жағынан әуезді болуы шарт. Сонда ғана, Абай сөзімен айтсақ, «ұнасымы, орайлы жарасымы» табылғанда ғана, дүниеге келген әрбір жаңа сөз, тың қолданыс тіл ғимаратының кірпіші болып қалана алады.

Айман АЛДАШЕВА,
A.Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының 
ғылыми қызметкері
12 сәуір, №4

 

Шөп аттарын білген жөн

Ертеден мал өсірумен айналысқан қазақ халқы кәсібі мен шаруашылығына сәйкес жер, су, табиғат жайын да, оның өсімдіктер әлемін де жақсы білген. Әсіресе төрт түліктің және түрлі жан-жануарлардың талғап жейтін шөбі жөнінде ғасырлар бойы қалыптасқан қағидалары мен іс-тәжірибелерінің маңызы өте зор. Ана тілімізде өсімдіктердің, оның ішінде шөптің бірнеше мыңдаған атаулары бар. Тағы бір ғажабы сол атаулар арқылы аталған шөптердің (өсімдіктердің) өзіндік қасиеті мен ерекшеліктерін аңғаруға болады. Мысалы: арқарша­йыр, биемшек, бөрікөз, доңызтарақ, жұпаршөп, итқұлақ, киікшөп, қоянбеде, мыңтамыр, сиырқұлақ, тауарпа, түйесіңір, жұлдызшөп деп аталатын шөптерді осы аталған жануарлардың сүйіп жейтініне немесе кейбір сырт бейнесінің көрінісі мен табиғи ұқсас­тығына байланысты аталғаны әркімге белгілі. Сондай-ақ қоянға байланыс­ты –13, ешкі мен аюға – 5, бөрі мен қасқыр­ға – 6, түйеге – 8, итке байланысты 16 түрлі шөп атауы бар. Бәлкім, бұдан да көп шығар, бірақ өкінішке қарай осы шөптердің түрі-түсі мен атын жұрттың бәрі, тіпті мал шаруашылығымен айналысатын адамдар мен мамандардың өздері де толық біле бермейді. Шынын айтсақ, санаулы ғалымдар болмаса өсімдіктердің түрін айыратындар да қазір некен-саяқ. Олай болса, шөп аттарын, оның көптеген қасиеттерін (әсіресе емдік) кейінгі ұрпақтардың зер салып, танып, ажырата білуі де есте болатын аса маңызды істердің бірі емес пе? Жасыратыны жоқ, кейбір білімді азаматтарымыздың өзі жиырма түрлі шөптің атын атап, түсін танып бере алмайтынын көзіміз көріп жүр. Сондықтан өсімдіктердің түрі мен атын жинастыру әрбір азаматтың, әсіресе мал шаруашылығымен айналысушы жастар мен мектеп ұстаздарының, жалпы, көпшіліктің абзал борышы деп білеміз. Сонымен бірге биология ғылымы мамандарын даярлайтын оқу орындары да бұл мәселе жөнінде кеңінен ойласып, ұмытылып бара жатқан өсімдік, шөп аттарын болашақ мамандарға, жалпы, жастарға үйрету ісін қолға алса, өте игілікті іс болар еді.
Төменде қариялар аузынан, түрлі әдебиеттерден, ғылыми еңбектерден бірнеше жыл бойы жинақтаған шөп аттарын алфавит бойынша келтіріп отырмын:
– ақбас, ақсырттан, ақтоқал, ақбаттауық, ақжелек, аққылтан, аққурай, ақнабат, аққорғасын, ақпая, ақмамық, ақбүйрек, ақсырғақ, ақсора, аққатпа, ақтамақ, ақсеуіл, ақбілек, аққой, ақтас­па, ақсырқын, ақжыл, ақкөз, ақтікен ақтұяқ, ақкелін, ақшуақ, ақшоқан, ақшайыр…
– балауса, балакөз, балақыз, балдырған, балтасап, балжапырақ, бабажапырақ, балқурай, балқұрақ, балорын, балпанақ, балшөп, балмұрын, балықкөз, баялыш, барқытшөп, баршынгүл…
– ебелек, ербең, ешкіөлмес, елекшөп, есекмия, есінек…
– жералма, жербас, жербидай, жерқосақ, жербұрыш, жерсабақ, жерсабын, жертары, жертаған, жындышөп, жыланқышөп, жыланқияқ…
– кәріқыз, кекіре, келтешаш, келінбармақ кемпіршөп, кенедәрі, кермек, керуік, кербұға, керегекөз, құнқағар, күнту, күнжіт…
– құралайгүл, құртқагүл, құртқашаш, құсаяқ құстаншөп, құстандай, құстаран, құтжапырақ қынбұрыш, қынжыгүл, қынагүл, қырмызы гүл, қырықбуын, қырыққабат, қырыққұлақ, қырықжапырақ…
– майқара, майтаспа, майқаңбақ, майса, мак сары, мақташөп, маржанқия, маржанбас маржангүл, мыңбас, мыңжусан, мыңжылдық, мыңтамыр…
сұлушаш, сұлыбас, сұңғыла, сүйсін, сүмеле, сүтқурай, сүттіген, сүтқұлақ, сусімір …
Егер тізе берсек, шөп аттары көп әрі бір ғана «а әрпінен басталатын 100-ден астам, «б» әрпінен 80-нен астам, «қ» әрпінен басталатын 160-тан астам ат бар. Бұл біздің табиғат әлеміміздің де, сөздік қорымыздың да шексіз байлығының айқын сипаты деп білуіміз керек.
Қазір осы жолдар авторының қолында 800-ден астам шөп түрлерінің қазақша аты бар. Оның ішіндегі айлық, аякөз, атқұтыртқан, бізбелдік, дәстүргүл, жаншөп, иманшөп, күнкелді, , тоңшакөк, тырса, шолпанкебіс, шыңқетер деген аттарды кейбіреулердің алғаш естіп, таңдануы да ғажап емес. Бұл атаулар жыл сайын толығуда. Олардың көпшілігі Қазақстан далалары мен таулы аймақтарынан табылады. Мысалы, Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы «Шилі» совхозының төңірегінде 114 түрлі шөп өседі. Мұны ғалымдар анықтаған.
Шөп атауларын білу және оны танып ажырату зейінділік пен білімділікті талап етеді. Әрине, бұл – үлкен ғылыми жұмыс. Дегенмен де қазіргі ұғымтал жастар, болашақ ұрпақтар халқымыздың ұлттық дәстүр, жақсы салттарымен бірге, туған еліміздің бұрынғы кәсіптік құпияларын, табиғат ғажайыптары мен құбылыстарын танудағы қасиеттерін игере білсе, олардың дүниетанымындағы ой-санасы, білімі одан әрі тереңдей түсер еді, әрі сөздік қорымыз да толығар еді.

Сейіт КЕНЖЕАХМЕТОВ,
ақын, Арқалық қалалық
«Қазақ тілі» қоғамының төрағасы.
26 сәуір, № 6 

 

Екі өтініш

Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қабылдануына байланысты жер-жерде көрнекі құралдарды, маңдайша жазуларды, құжаттарды жаппай қазақ тіліне тәржімелеу жүріп жатыр. Орфографиялық сөздігіміздегі «абажурдан» басталып «яшмадан» аяқталатын, ғалымдарымыз ресми түрде заңдастырып берген бөтен сөздерді сол қалпында пайдалану ана тілімізге обал. Ал заңдастырылмай-ақ, қазақша баламалары болмағандықтан, ауызекі сөздік қорымызға сыналап еніп алған «раздевалка», «котельная», «гардеробная» тәрізді бөтен сөздерді сол қалшында қолдану білімсіздік болар еді. Ал тәржімешілердің өз тәржіме-туындыларын, жаңа баламаларын терминком бекітпейінше жұртшылыққа (тұтынушыларға) ұсынуға еріктері жоқ. Алайда жаңа қолданыстар мен аударма сөздерге деген қажеттілік терминкомдағылардың қабырғасына батпағанымен, тәржімешілерді «нартәуекелдің» жолына түсіруде. Сол себепті тәржімеленген сөздерде бірізділік болмай, ала-құлалық туындауда. Мысалы: «Посторонним вход воспрещен» деген қалыптасқан сөйлемді «Бөтен адамға кіруге болмайды», «Бөг­де адамға енуге рұқсат жоқ», «Басқа адамға кіруге жол жоқ» деген секілді сан түрлі тәржімелеуге болады.
Ана тіліміздің жұлдызды күні туғанымен, әлі дағдарысты күй кешуде екенін несіне жасырып-жабамыз? Осындай жағдайда терминком мүшелерінің өз істеріне білек сыбанып, белсендірек кірісулерін өтінгеннен гөрі, көп болып талап еткен орынды секілді.
Термин бекітіп, жаңа сөздер іздеген кездерде түркі тектес халықтардың ғалымдарымен бірлесіп, келісіп жұмыс істеу, ақылдасып-кеңесіп отыру да қажет. Өйткені біздің тілімізде көнерген немесе ұмытылған сөздердің басқа түркі ағайындарымыздың тілдерінде қаймағы бұзылмаған қалпында сақталуы мүмкін. Сондықтан түбіміз бір түркі ағайындармен тіл саласында ауыс-түйіс жасауымыз жөн-ақ. Ал өзге республика мен шетелдегі қазақ бауырларымыздың жайы тіпті басқа. Қазіргідей өз қамымызды ғана күйттеп жүре берсек, жатбауыр бола бастаған ағайындар күндердің күнінде тіл айырмашылықтарын көбейтіп, бірі-бірімен түсінісе алмайтын халге де жетпесіне кім кепіл!…

Арман ҚАНИЕВ,
шаруашылық есептегі 
«Аудармашы» 
бірлестігінің меңгерушісі. 
Павлодар қаласы.
20 қыркүйек, №28

 

 

Жаттандылық болмасын

Бірсарындылық – ақыл-ойдағы мешелдіктің көрінісі. Одан мешеулікке дейін бір-ақ қадам. Бүгін біз бастан кешіп отырған масқара жағдайдың түп төркіні осында жатыр.
Қазір оны бәріміз білеміз. Білсек те, содан арыла алмай келеміз. Арылғымыз келмейді. Ауыл-селоларымыздың, колхоз-совхоздарымыздың атауындағы бірсарындылық, қоянның көжегіндей ұқсастық – соның айғағы. Қанша айтылып жатыр, қашаннан бері жазылып жүр – өзгере қойған дүние шамалы.
Қайта, шүкір, журналис­тердің өздері осы тұрғыда сергектік танытып, соңғы бірер айда бірсыпыра аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдардың әбден құлақ сарсытқан аттарын өзгертіп, бұл жағынан да туған тіліміздің әрі мен нәрін тағы бір танытып тастады. Қазір «Ұлан», «Парасат», «Дала дидары», «Әділет», «Ақжол», «Жер­ұйық» деген сөздер құлаққа жағымды, тілге жұмсақ, жүрекке жылы.
Бірақ ескіше ойлау сарынынан әлі құтыла қойған жоқ екенбіз. Мысалы, «Табиғат сақшысы» атты газет шығады дейтін хабарды естігенде әрі қуан­дық, әрі ренжідік. Қуанышымыз – белгілі, ал ренішіміз осы басылымның атына байланысты. Мұның өзі «Тыныштық, күзетінде» немесе Милиция – қорғаным» деген сияқты жауыр болған, жаттанды тіркестерден қалған жұрнақ тәрізді. Бау-бақшаға қойылатын қарақшыдай сыйықсыз. Туған елдің табиғатын қорғап, ата жұрттың көсегесін көгерту дейтін игі мақсатты ту еткен басылымға осынша қарабайыр ат тауып берген жолдастардың көркемдік пайымы мен әсемдік талғамына таңданбасқа болмайды. «Апыр-ау, тым болмаса «Туған жер» немесе «Ата қонысы» дейтін қасиетті сөздер ауыздарына қалай түспеген!» деп аңырмасқа әддің жоқ.
Меніңше, тағы бір сыйықсыз ат қойып алып кейін өзгерте алмай әуре болғанша, әлі тұсауы кесіліп, табалдырық аттай қоймаған жасталап басылымды осы күннен дұрыс атаған жөн. Тілге деген құрмет осындайдан да көрінсе керек.

Бекболат ӘДЕТОВ,
Қазақстан Журналистер
одағы сыйлығының 
лауреаты.
15 қараша, №35

 

Бәрі де балабақшадан басталады

Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігінен алған мәліметке сүйенсек, күні бүгін республикада қазақша 1 185 балабақша, 230 топ бар екен, онда 108 500 бүлдіршін тәрбиеленуде. Шүкір, қайта құру, жариялылық арқасында өз тіліміздегі балабақшалар саны күн санап өсіп келе жатыр. Рас, Қазақстанда 8 145 балабақша бар екенін еске алсақ, әлі де үлес салмағының аздығын да айтуға тиіспіз. Сонау тоқырау жылдарында бұл мәселені жылы жауып қойып, оны қозғауға да қорықтық. Қалалық жерде өскен қазақ балалары ана тілін білмесе, оны ар санамаған, қайта мақтаныш көретін, өз ұлтының тарихынан да, әдебиеті мен мәдениетінен де мақұрым ұрпақ қалыптасты. Ана тіліміздің аясы тарылып, оның болашағына қауіп те төнгендей еді. Енді өшкеніміз жанып, Тіл туралы заң қабылданған соң, қазақша балабақшалар көптеп ашыла бастады. Сол – сол-ақ екен, қапталдан қыруар проблема қоса көтерілді, қарап тұрсақ, несін жасыра­йық, қазақ балабақшасын ашуға дайындығымыз жоқ екен ғой. Яғни оқу-методикалық құралдар тапшылығы табан астында сезілді. Әрине, ауызды қу шөппен сүртіп, дым жоқ деп отырған біз жоқ, әңгіме заман ағымына сай жаппай ашылып жатқан балабақшалар жағдайында болып отыр.
Балабақша ашу – бүлдіршіндерді жинап, әйтеуір уақыт өткізу емес, оларға толыққанды тәрбие беріп, жан-жақты баулуды шындап қолға алу. Республикада тәрбие жұмысын қалай жүргізетінін білмей абдырап не қапылысқа түсіп жатқан жаңадан ашылған балабақшаларымыз қаншама?! Тап қазіргі қазақша балабақшаларға арналған оқу-методикалық құралдардың жай-күйіне қарасақ, «өз күніңді өзің көре тұр» деген өгей қамқорлықты еске түсіреді.
«Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген, астанадағы мақтаулы деген балабақшалардың өзінде оқу-методикалық құралдан тапшылық көп. Методикалық кабинеттерінде қабырғада қайысып тұрған орыс тіліндегі құралдарға қазақ тіліндегісі ат төбеліндей, көзге қораш, тіпті кей бақшаларда екі-үш кітаптан тұрғандары да бар. Талай жылдар бойы қазақ балабақшаға мән берілмей, ғалымдарымыз да, мамандарымыз да ұзын арқау, кең тұсаумен жүре берген десек, кінәны аспаннан алып отырған жоқпыз.
Обалы не керек, «жоққа жүйрік жетпейді» дегендей, жаңадан ашылған балабақшалар зор ынтамен жұмыс істеуде. Қол қусырып, қарап отырған жоқ. Астанадағы №29, №17 балабақшаларда игі талпыныс қуантуда. Тіпті олардың тәжірибесін үйренуге әр жерден өкілдер келе бастапты. Оқу-методикалық құралдарды жинауда да тым жақсы нәтиже бар, оның бір сыры – балабақша Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары ғылыми-зерттеу институтымен жақсы байланыста болып шықты. Бірақ та балабақшалардың бәрі институттан осындай қол созым жерде тұрған жоқ қой, алыс облыс, шалғай аудандардағы жағдай ше? Астанадағы балабақшалар жайы мәз болмай мысын күнде сәбилер ұғымына, мүмкіндігіне сай емесін айтуы түсіп орынды. Анардың өзі бүлдіршіндерге лайықтап 6 өлеңге ән шығарыпты. «Қаражорға», «Айгөлек», «Қамажай» тәрізді халық билерін жеңілдете өңдепті. Бұл айтып отырғанымыз ересек топтарға тән жағдай, ал тілі жаңа шыға бастаған екі-үш жасар сәбилерге лайық әніміз, тақпағымыз жағынан ұятты екенбіз.

Самат ИБРАИМ, 
26 сәуір, № 6.

 

 

Қазақша мультфильм керек

Қала жағдайында тіл мәселелерін шешудің қиындығы белгілі. Көптеген ата-аналар қазақ балабақшасы, мектептері тұрған жерінен алыс болу себепті балаларын орыс мектебіне береді. Құптарлық іс болмағанымен, жағдай осылай болып келгені рас.
Балаларды ана тілін білуге, қадірлеуге тартудың бір жолы – теледидардан берілетін мультфильмдер. Өкінішке қарай, қазақ тілінде мультфильмдер сирек көрсетіледі. Олар көбінесе орыс тілінде жүреді. Ал балаларды мұндайда теледидар алдынан сүйреп шығара алмайсың. Айтайын дегенім, республикалық теледидар балаларға арнайы уақыт бөліп, қызықты, тәрбие­лік мәні бар шетелдік, одақтық мультфильмдерді қазақшалап көрсетсе, ана тілін үйрену едәуір жеңілдікке түсер еді.

Қали АЙТҚАЛИЕВ.
Алматы.
6 қыркүйек, №25

 

Мақалалар 1990 жылы жарық көрген

 

576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы