- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
Өз тіліңсіз өркениетке жетуің екіталай
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы
«Ұлт – ортақ тілі, қалыптасқан мәдениеті, біріктіруші салт-дәстүрлері мен діні бар адамдардың әлеуметтік бірлестігі» (Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 9-том. Алматы, 2007, 22-бет). Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады» деп жазыпты.
Сөз дегеніміз – ұлттық аяда дыбысқа айналып, заттанған ой. Халық қай тілде сөйлесе, оның рухы сол тілде көрінеді. Тілдің сөйлеушілері көбейген сайын оның рухы да күшейе түседі; азайған сайын әлсірей береді. Ұлттық тіл – рухты, сана-сезімді оятып, жаңғыртып, күшейтіп тұру мақсатымен тынбай ағып жататын асыл арнасы. Ал осы бұлақтың бастаулары Адам Ата жаралғалы, ру-тайпа, ұлт, мемлекет болып өмір сүре бастаған есте жоқ ескі замандарда жатыр. Тарих көшінде небір сыннан өтіп, әбден шыңдала, толыға түскен рухани арнаның ағысы сарқылмақ емес; керісінше, арнасы кеңейген сайын жетіле түсіп, халыққа берері де берекелі болса керек. Болашағынан үміт күтіп, ұлтын сақтау жолындағы күрес, ең алдымен, тілден басталатыны осы себептерден. Бақытын елінің болашағымен байланыстырған халқымыз «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Өмірде сөзден құдіретті еш нәрсе жоқ. Өйткені ең тәтті де тіл, ең ащы да тіл, ең жұмсақ та тіл, ең қатты да тіл. «Қызыл тілден қан да тамады, бал да тамады».
Ақын Әбдрахман Асылбек адам өміріндегі ұлт тілінің маңызын былайша жырлапты:
Ана тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен?
Өзге тілге шырмалып,
Адасасың бірге сен.
Ана тілін білмесең,
Қадірлісің кімге сен?
Өз ұлтыңды ұмытып,
Жоғаласың мүлде сен.
Ана тілім – тіл десең,
Ана тілім – пір десең,
Ел тарихын тарамдап,
Есейесің күнде сен.
Ана тілім – тіл десең,
Ана тілім – пір десең,
Асқақтатып ел даңқын,
Қол созасың күнге сен», – деген екен («Жыл он екі ай». 2006, №3, 44-бет).
Тілдің мықты болуы ұлттық сана-сезімнің, ұлттық идеологияның күшеюіне кең жол ашады; мұның өзі ұлттық рухтың салтанат құрып, ұлттың өміршеңдік қабілетін арттыра түседі. Белгілі бір елдегі білім-ғылымның, мәдениеттің, ұлттық дүниетанымның, ұлттық сана-сезімнің, ұлттық болмыстың даму деңгейі ұлттық рухтың жағдайын да аңғартады. Білім-ғылымы, мәдениеті дамыған елдердің интеллектуалдық қуатымен бірге рухани қуаты да жоғары болады. Әрбір ұлттың, ең алдымен, тілін сақтауға, дамытуға ұмтылатыны, ал отаршылдардың тілді тұншықтыруға әрекет ететіні осы себептерден болса керек. Ұлттық сана дегеніміз – ұлттық энергия. Ұлттың мықты болмағы ұлттық сана-сезімнің жай-күйіне тікелей байланысты.
Тілдің ұлт өміріндегі рөлі және ұлттық болмыс
Қарапайым түрде айтатын болсақ, тіл адам баласы өмір сүріп жатқан рухани әлемді құрайды. Демек, әр тіл – сол тілде жасалған рухани әлемнің іргетасы. Адам қай тілде сөйлесе, қай тілде ойласа, сол тілде жасалған құндылықтармен өмір сүреді: бұл дегеніміз – қазақша сөйлеген, ойлаған адам – қазақтың, орысша сөйлеген адам орыстың дәстүрімен, құндылықтарымен өмір сүреді деген сөз. Кезінде Ататүріктің «түрікше сөйлеген адам – түрік» дегені де сол себептен болса керек. Басқа тілге біржола ауысқан адамның рухани үйі, құндылықтары да, өмір сүру салты да өзгеріп, жаңа мазмұнға көшеді. Ал өзге тілді қажетіне қарай қосымша ғана пайдаланып, негізінде өз тілінде сөйлеген адамның ұлттық болмысы бұзылмай, бұрынғы дәстүрлі өмірін жалғастыра береді. Адам белгілі бір тіл жасаған рухани үйде өмір сүріп, оны күтіп ұстауға, мықтап бекітуге ұмтылады.
Тіл жасаған рухани үйдің негізгі іргетасының мықты болуын қамтамасыз етуге, сақтауға, өздері өмір сүріп отырған ортада өсіп-өніп, даму үшін қалыпты жағдай орнатуға, ең алдымен, сол тілде сөйлейтін ұлттың озық ойлы зиялы қауымы, нақтылай айтсақ, саяси билік, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері, ғалымдары, ақындары мен жазушылары бүкіл қоғам алдында, тарих алдында жауапты. Тіл мәселесі – адам өмірінің, қоғамдық құрылыстың барлық саласына дерлік нәзік арқаудай өріліп, қамтып, қозғалысқа келтіріп отыратын аса күрделі құбылыс. Ф.Энгельс «адамды адам еткен – еңбек» десе, осыған орайлас, «адамды адам еткен – тіл» деуге де болады. Шындығында да, адам хайуаннан тілі, сол тілде жасалған адамзаттық рухани құндылықтары арқылы ғана ерекшеленеді. Қазіргі заман тілін дамытқан елдің өзі де дамитынын, тілі артта қалған елдің өзі де мешеу қалғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Біз осы уақытқа дейін тіл мәселелерін көбіне таза тілдік, қарым-қатынас құралы тұрғысынан зерттеп келген болсақ, жаһандану дәуірі тіл тіршілігінің, тіл тағдырының адам тағдырына, ұлт тағдырына, қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-саяси мәселелерге тікелей қатысты екенін көрсетіп отыр.
Тіл дегеніміз – адам, ұлт, мемлекет, руханият, тарих, өркениет. Тіл – адамзат баласының қоғамдық-әлеуметтік дамуының бірден-бір көрсеткіші. Бұл турасында академик М.Қозыбаев былайша ой толғайды: «Ұлт деген ұлағаты бойында, қандас, бауырмал, өзектес жандардың шаруашылық тауқыметі ойында, болашағы отбасы мен Отанның жолында, өз тағдыры өз қолында, тілі бір, ділі бір жандардың қауымдастығы болса керек. Оларды ортақтастыратын тілі, тағдырластыратын тарихы, сырластыратын, сыйластыратын, мұңдастыратын, жырластыратын әдебиеті, атамекенінің тұтастығын, бүгіні мен ертеңін ойластыратын, Отанын қорғауды ұйымдастыратын мемлекеті. Ендеше, тіл, тарих, әдебиет – ұлттың жаны мен қаны, рухани болмысы. Тіл дамып, әдеби тілге айналған тұста, шығыстанушы-академик Н.И. Конрад айтқандай, жаңа этнос қалыптасып, биік тұғырға қонады. Тек тіл, тарих, әдебиет бірігіп-кірігіп, тұтас бір рухани материк болып, ұлттық болмысты тудырады» (М.Қозыбаев. «Өркениет және ұлт». Алматы, 2021, 221-бет).
Тіл дегеніміз – сол тілде жасалған әдебиет, мәдениет, рухани өмір, сол тілде сөйлейтін ұлт. Ол да үнемі даму үстінде болатын тірі организм. Адамның бір жері ауырса, жаны тура сол жерде болатындай, тіл негізін құрайтын рухани өмірде табиғи жолмен, не жасанды түрде болсын, бір өзгерістер болса, ол сол заматында ұлттық болмысқа әсер етеді. Ол әсер жағымды да, жағымсыз да болуы мүмкін. Ұлттық организмге түскен ауруды сол заматында байқап, уақытылы емдей алмаған, сылып тастап, кеселден арыла алмаған ұлт, түптің түбінде, өмір сүруін тоқтатуына тура келсе, ауруын жазып, оның қалыпты жұмыс істеуіне барлық жағдайын жасай алған ұлттар өсіп, өркендеп, тасы өрге домалайды. Демек, өссе де, өшсе де, оның бар кілтипаны өзгеде емес, негізінен, сол ұлттың өз қолында. Қоғамдық өмірдің қатал заңы осылай.
Тіл де тірі организм сияқты өшіп-құрып отырады.
Сарапшы-ғалымдардың анықтауынша, тілдің өміршең болып, қалыпты өмір сүруінің мынадай шарттары бар:
1) Тілдің ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыруы;
2) Сөйлеушілер санының барынша көп болуы;
3) Тұрғындар арасында сол тілде сөйлеушілер үлесінің басымдығы;
4) Тілдің қолданылу аясының кең болуы;
5) Тілдің жаңа жағдайларға бейімделе білуі;
6) Үйренуге оңай оқу құралдарының, сол тіл туралы зерттеулердің болуы;
7) Сол тілді қолданатындардың ана тілін сүюі;
8) Мемлекеттің, биліктің тілге деген көзқарасының оң болып, оған қызмет етіп, оның қызметін заңдық тұрғыдан қорғап отыруы.
Адамның адам ретіндегі қабілеті тікелей оның денсаулығын сақтай білуіне байланысты десек, ұлт та солай. Адамға жан кіргізіп, күш, қуат беріп тұратын жүректің соғысымен адамның тамырында жүріп, бүкіл организмді қоректендіріп тұратын қан болса, ұлтта бұл міндетті тіл, сол тілде жасалған рухани құндылықтар атқарады. Ұлт тілінің, сол тілде жасалған рухани азықтың аяқ асты болуы ұлттың да «денсаулығының» нашарлай бастағанын білдіреді.
Сондықтан әрбір ұлт қолынан келгенше «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмауға» тырысады. Тілін де, экономикасын да қатар дамытып, өркениеттен қалмай өмір сүріп жатқан ұлт – мықты ұлт. Бұл жерде тілдің дамуы экономикаға негізделіп, ұлттық сана-сезімнің өсуімен қатар жүретіні әрдайым есте болғаны жөн. Алдымен, тілді, болмаса экономиканы дамытып алайық деуге қоғам өмірінің даму заңдылықтары сәйкес келе бермейді. Өйткені адамзат қоғамының рухани және материалдық болмысы біртұтас, бірінсіз бірінің шығандап кетуі екіталай, бола қалғанның өзінде де арасында сәйкессіздіктер (диспропорция) пайда болып, ұзаққа бармайды.
Ана тілін сақтау – ұлтты сақтаумен тең
Көпшілік ел руханият мәселесіне ерекше назар аударып, дәстүрлі мәдениетін сақтауға тырысады. Тілін, әдебиетін, мәдениетін, ұлттық дәстүрлерін, жалпы ұлттық болмысын сақтап қалудың құқықтық мүмкіндіктерін барынша пайдаланып жатыр. Кейбір мемлекет қоғамдық дамудың болашағы ретінде барынша насихатталып, ұсынылып жатқан батыстық өмір салтына ашық қарсы шығып, рухани құндылықтарын, дәстүрлерін, өмір сүру салтын сақтау үшін батыл қадамдарға баруда. Шағын Эстония мемлекеті халқының 23 пайызға жуығы орыс бола тұра, бұл елдің қоғамдық өмірінің барлық саласында дерлік эстон тілі үстемдік етеді. Тіпті 5,2-ақ пайыз жергілікті тұрғындар тұратын Нарва қаласында да мемлекеттік тіл туралы заңға сүйене отырып, барлық іс-қағазы, оқу орындары түгелдей эстон тіліне көшірілген. 1 млн 366 мың (2023) халқы бар Эстония сияқты елдердің шаңырақ көтеріп, жеке мемлекет болып отыруының құпиясы, оған қол жеткізген негізгі қозғаушы күш – құл болмай, азат өмір сүруге деген ұмтылыс. Ал құлдықта болмаудың, ұлтты сақтаудың нағыз жолы – ана тілін сақтау. Француз жазушысы Альфонс Даудет айтқандай, «құлдықтан құтылудың жалғыз ғана жолы – ана тілін ұмытпау және қорғау».
Қазір біз «мәдениет» сөзін жиі қолданамыз. Шын мәнінде мәдениетті, зиялы адам – өзінің ана тілін білетін, сол тілде сөйлеп, сол тілде жасалған рухани құндылықтарды бойына сіңірген, өзінің тегін, ұлтының қадір-қасиетін білетін, әдет-ғұрпын сақтап, дәстүрімен өмір сүретін, сондықтан оны сүйіп, оған адал қызмет ететін, сонымен бірге әлем мәдениетінен де хабардар, қажет болған кезде шет тілдерде де еркін сөйлей алатын азамат. Өз тілінде сөйлемеген ұлттың, мемлекеттік тілі өз қызметін толық атқара алмаса, ол елдің өркениетке жетуі екіталай.
Ж.Аймауытовтың «Психологиясында» тәрбиенің мақсаты – «адамды маңайындағы табиғат төңірегіне, әлеумет төңірегіне ыңғайласуға ықпал беретін құрал-күш жасап беру»; «қылық пен икемдік жүзінде бойына сіңірген әдетті іс істеуге (амалға) жанастырып, ұйымдастыру»; «адамның амалға оңтайын жетілту» (Жүсіпбек Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Төртінші том. Алматы, «Ғылым», 1999, 44- бет) тұрғысында анықталыпты.
Сонымен, адам сөзімен, ісімен, басқаша айтқанда, мінезімен танылады; сөзімен, мінезімен адам. Мінезсіз адам болмайды. Адам мінезімен көзге түсіп, ерекшеленеді. Адамның ішінде небір ой жатады. Солардың ішінен ойлану барысында жақсы ой көркемсөз болып сыртқа шығады. Ал ол адам ылғи да істер атқарып, аузында жаман сөздер айтылса, ол адамның тәрбиесінде, психикасында ақаулық бар. Өйткені барлық кемшілік пен ауру тәрбиенің жетіспеушілігінен, стрестен туындап жатады; адамның тәні мен жанындағы сәл ауытқушылықтың өзі алдымен, оның ойына, сосын сөзіне, ісіне әсер етеді. Дені мен жаны сау адам ылғи да жақсы жағынан көрініп жүреді.
Әр адам сөзін ойланып айтып, сөзінде тұрғысы келеді; айтқанын іске асырады. Айтқанын іске асыру барысында оның адами болмысы, яғни мінезі барынша көрінеді. Адамдар айтқан сөзімен, сол сөзді атқарған ісімен танылады. Мінезді адамдар айтқанында тұрады; ал мінезі қалыптаспаған немесе әлсіз жандар сөзінде тұра алмай, солқылдақтық көрсетіп жатады.
Тегі түрік болғанымен, тілі өзгеріп кеткен халықтың бірі – хазар. Кезінде Хазар (қазіргі Каспий) теңізі маңында Хазар қағанатын (VII–X ғасырлар) құрып, дүрілдеп тұрған, кейін ішкі және сыртқы факторлардың салдарынан құлап, халқы босып кеткен хазарлар қазір Ауғанстан халқының 25–27 пайызын құрап, жалпы саны 12–15 миллионға жетіп отыр. Тілді сақтай білу, негізінен, сол тілде сөйлейтіндердің санына емес, сапасына, яғни ұлттық сана-сезімінің қаншалықты дәрежеде екеніне байланысты екенін өмір көрсетіп отыр.
Ал ұлттық сана, ұлттық рух күшті болса, оның алмайтын қамалы жоқтығын еврейлер әлемге танытты. Олар өліп қалған иврит тілін он тоғыз ғасырдан соң қайта тірілтіп, Израильдің мемлекеттік тіліне айналдырды. Иврит тілін жандандыруды профессор Бен-Иехуде 1881 жылы қолға алып, бұл тілді алдымен балаларына оқытудан бастап, содан кейін өзгелерге насихаттап, нәтижесінде жаппай үйрену басталды. XX ғасырдың басында санаулы-ақ адам сөйлеген иврит тілі 1918 жылы еврей халқының 40 пайызының ана тіліне, 1921 жылы ағылшын, араб тілдерімен қатар Палестинаның ресми тіліне айналды. 1949 жылы Израиль мемлекеті құрылғанда, оның мемлекеттік тілі болып жарияланды. Қазір Израильде бар тіршілік иврит тілінде тыныстап тұр. Мемлекеттік тілді білмеген адам ол елде өмір сүрмек түгілі, азаматтығын да ала алмайды. Еврейлердің ана тіліне деген ерекше ықыласын қазақ зиялылары ерте кезден-ақ байқап, ылғи да үлгі етіп отырған. Бұл тақырып 1915 жылғы «Айқап» журналының 1-нөмірінде қозғалған.
Ұлттық мүдде және мемлекеттің болашағы
Отаншылдық, ұлтшылдық – туған жердің қасиетін, тарихын, сұлулығын, байлығын мақтан тұту, сол тілде жасалған рухани құндылықтарды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді қадірлеу секілді толып жатқан сезімдердің барысында қалыптасқан өзіңнің туған жеріңе, еліңе, мемлекетіңе деген сүйіспеншілік, оны ішкі-сыртқы жаулардан қорғауға барлық уақытта да дайын болу, қажет болған жағдайда жанын пида ету. Бұл – көбіне ұлттық сана-сезім оянып, қоғамның дамуы ұлттық дамуға сай жүрген кезде қалыптасатын құбылыс. Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – тіл», – деген екен. Ұлттық тіл мен ұлттық рух бір-бірімен ажырамастай тығыз байланысты; бірінсіз бірі жоқ деуге болады. Ұлттық тіл жоқ жерде ұлттық рух та жоқ. Ұлттық рухы кеміген ел ұлттық тілін, одан кейін ұлттық болмысын сақтап тұра алмайды. Демек, ұлт тағдыры оның тіліне, сол тілде ғана өмір сүретін ұлттық рухқа тікелей байланысты.
XX ғасырдың сұңғыла саясаткерлерінің бірі Уинстон Черчилл: «Ұлыбританияның жауы да жоқ, досы да жоқ, ұлттық мүддесі ғана бар», – деген. Ұлттық мүддесі жоқ елдің ұлттық мемлекеті де жоқ деген сөз бұл. Қазақта ұлттық идея бар ма? Бар, әрине. Оның ең біріншісі – ата-бабамыздың қаны мен терінің арқасында аман қалған ұлан-асыр жеріміздің тұтастығын сақтау. Екіншісі – сол кеңістікте өмір сүріп жатқан өзіндік дәстүр-салты, әдет-ғұрпы бар жұртымызды жаһанданудан сақтап қалып, оның шын мәніндегі ұлттық тәуелсіздігін қамтамасыз ету.
Англияның, Германияның, Жапонияның Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі қоғамдық-экономикалық дамуда жеткен қарышты қадамдары ұлттық идеялардың қозғаушы күштерін іске қоса білудің арқасында ғана мүмкін болды. Осы жолдың өміршеңдігін өткен ғасырдың соңында Сингапур, Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия сияқты елдер дәлелдеді. Сондықтан Қазақстанның мемлекеттік іргетасын бекіте түсетін, мемлекет құрушы қазақ ұлтының арман-аңсарына негізделген ұлттық даму жолдарының өзегіне айналатын ұлттық идеологияның жасалуына, тәуелсіз Қазақстанның осы жолмен дамуына мүдделіміз. Ұлттық идеологияда туған жердің, атамекеннің амандығы, қазіргі сөз саптаумен айтқанда, территория тұтастығы маңызды мәселе қатарының басында тұр. Өйткені тұратын «үйі», яғни тіршілік ететін, өсіп-өнетін жері болмаса, ондай ұлттың болашағы жоқ. Жер бетінде 6 мыңдай тіл, яғни ұлт бар десек, соның 200-ге жуығында ғана мемлекеттігі, демек, жері бар. Әлемдегі барлық соғыс ұлттардың тіршілік етуге қажет ұлтарақтай жер үшін таластарынан туындаған десе де болады. Біз «Мәңгілік ел» боламыз десек, оған саяси, экономикалық, рухани дамуымызда тәуелсіз болу арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Сондықтан «мен қазақпын» дейтін әрбір саналы азаматтың, одан қалды, біртұтас ұлттың қазіргі заманға лайық қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етіп, жеріміз бен еліміздің тұтастығын, тіліміз бен дінімізді, ұлттық дәстүрлерімізді сақтап, дамытып, өркениетке қарай бастап отыратын толыққанды ұлттық идеологияның қажеттігі бүгінгі аумалы-төкпелі заманда аса зәру мәселе ретінде күн тәртібінен түспейді.
Антиэтностық эраның құрбанына айналмас үшін, филогенетикалық жадымыздан айырылмас үшін, ұлттық символ – тілімізді, тарихи жадымызды қалпына келтіретін философиялық танымымызды ояту қажет. Қазақ тілі хақында таңғаларлық тамаша деректер бар: қазақ тілі ең бай он тілдің қатарында, қазақ тілі – архетипін сақтап қалған көне тіл, қазақ тілі – түрік халықтарының ішіндегі ең икемді және көркем тіл, қазақ тілі – мәдениетке бай тіл, қазақ тілі – түріктік тінін жоғалтып алмаған таза тіл. Тегінде, мәдениеті мықты халық қана көркем тілді жасай алады. Бұл – қарапайым ғана формула. Ал қазақ халқы өзінің кемел мәдениетімен көркем тілді қалыптастырып отыр.
Ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы ана тілінде жасырулы
Шәкірттері Конфуцийден: «Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?» – деп сұрапты. Сонда Конфуций: «Ойланбастан ұлттың тілін тәртіпке салар едім», – дейді. Мұны естігендер қайран қалып, себебін сұрағанда Конфуций: «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады», – деген екен.
Иә, қазақ тілі үшін, қазақ ұлты үшін үлкен күрес жүріп жатыр. Өйткені ол – біздің ертеңіміз, болашағымыз. Сондықтан ертеңімізге бейжай қарай алмаймыз. Тіл үшін күресу – әрбір қазақтың, Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың ұлт алдындағы, ел алдындағы, мемлекет алдындағы азаматтық парызы.
Қазіргі қазақ тілі – кешегі Еуразияның кең даласында ат ойнатып, еркін өмір сүріп, әлемде теңдесі жоқ көшпелілер мәдениетін жасаған қазақ тайпаларының, жеріміз бен елімізді жолбарысша қайрат қылып қорғаған Алпамыс батыр мен Қобыланды батырлардың, қазақты қайтсем бақытты қыламын деп, жерұйық іздеп, аңыраған Асан қайғының, күңіренген Қорқыттың, жұртының жоғын жоқтаған Ақтамберді, Бұқардай жыраулардың, еркіндік үшін атқа мінген Исатай мен Махамбеттердің, замананың зарын зарлаған Мұрат, Шортанбайлардың, тілінен бал тамып, елін ұйытқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, күмбірлетіп күйге бөлеген Құрманғазы, Тәттімбеттердің, елінің азаттығы үшін арыстанша алысқан Кенесары ханның, Ақан мен Біржандай сал-серілердің, Абайдай дана данышпандардың, Мағжандай ұлы ақындардың, әуелетіп ән салған Әміредей әншілердің, ең соңында бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда жарқын болашаққа бет алып, өмір сүріп жатқан қазақ атты халықтың тілі.
Ұлтқа тілінен асқан, сол тілде жасалған рухани құндылықтардан артық байлық, одан асқан құдірет жоқ. Сондықтан ұлттың қоғамдық өмірінің барлық мәселесі тіл арқылы шешіледі. Тілдің адамзат өміріндегі аса маңызды рөлін ақын Қадыр Мырза-Әли былайша өрнектепті: «Өз тілің – бірлік үшін, Өзге тіл – тірлік үшін»; «Өзге тілде сайрау қауіпті емес, Өзге тілде ойлау қауіпті»; «Ұлттың тілі – ұлттың ділі»; «Тілін сүймеген, тілін сыйламаған азамат, туыс емес – жат!», «Тіл – елдігің, бірлік - белдігің»; «Қай тілде сөйлесең, сол тілде ойлайсың, қай тілде ойласаң, сол тілдің жанашырысың!»
(Қ. Мырза-Әли. Ең алдымен, ел қамы. Алматы, 2012, 38–60-беттер).
Жапон ғалымдары тілге қатысты мынадай бір тәжірибе жасапты. Анасының құрсағындағы үш айлық шарананың жапон тіліндегі сөздерді жақсы қабылдағанын, ал шет тіліндегі сөздерге келгенде, тітіркенгенін арнаулы аппараттар анықтаған. Сол сияқты, ұлттық музыканы да жақсы қабылдап, шетелдік әуенге келгенде, керісінше болған. Бұдан шығатын қорытынды: адам баласы жаратылғаннан өз тілінде сөйлегенді, ұлттық музыканы ұнатады; ұрпақтан ұрпаққа тұқымқуалаушылықпен жалғасып келе жатқан дамуды жалғастыру – баланың табиғи жетілуінің бірден-бір шарты. Ұлттық тілде ойлап, сөйлеген, рухани құндылықтармен өмір сүрген адамның дені- басы сау, жан-жақты дамыған, өміршең келетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Тіл, ең алдымен, қарым-қатынас құралы. Бұл ретте тіл, негізінен, ақпарат тасушы құрал ретінде қызмет етеді. Солай бола тұра, тілдің ұлттық сипаты басым. Басқа ұлттың өкілдері сол тілді қаншалықты жақсы білгенімен де, дәл сол ұлттың адамдарындай сезіне алмайды. Бір ғана сөздің бойында басқа ұлттың өкілдері сезіне алмайтын не бір тұңғиық сырлар, құпиялар жатады.
Тіл – сенің тағдырың. Қазақ тілі ана тілің болғандықтан, сен қазақ болып тудың, қазақ болып өмір сүруге тиіссің, қазақ болып өмірден өтесің. Кезінде Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатов «Авар боп тудым, авар боп қаламын» деп, жаһанға жар салды:
«Мен авармын, авар боп тудым, авар боп қаламын, басқа болуым мүмкін емес. Көзімді ашып, тұңғыш көрген адамым да авар жұрты болатын. Тұңғыш естіген сөзім де авар тілінде болатын. Мені әлдилеп, бесігімнің басында отырып, шешем айтқан тұңғыш өлең де авар өлеңі болатын. Авар тілі менің ана тілім болды. Менің тіпті, жалғыз менің ғана емес-ау, бүкіл авар халқының ең асыл қазынасы – осы авар тілі.
Авар халқы көп емес, бар болғаны - үш жүз мың. Бірақ бұл да аз емес. Дағыстанда екі мың адам сөйлейтін тілде жыр жазатын ақындар бар».
Бақытты адам өз тілінде ойланып, ана тілінде сөйлеп, туған жерінде тік тұрып, солардан күш-қуат алып, жасампаздықпен өмір сүреді. Ал басқа тілде ойлап, сөйлескен, пайда қуып, жат жерде жүргендердің рухани азығы ауысып, ата-бабалар рухынан, туған жердің энергетикасынан ажырап қалатынын қазірде ғылым дәлелдеп отыр. Бұдан шығатын қорытынды: қазақ үшін қазақша ойлап, ана тілінде сөйлеген, айтқан ойын қазақ жерінде қазақтың мүддесіне орай жүзеге асырған, қазақтың рухани құндылықтарымен өмір сүрген қазақ – шын бақытты қазақ.
Жазып алған
Бағдат Сұлтанқызы
668 рет
көрсетілді0
пікір