• Ақпарат
  • 09 Қаңтар, 2025

Үміт күттірер үш ұрпақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұқбатында: «Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек», – деді.
Ел Президенті жастардың халқымыздың болмысына жат идеялар жетегінде кетпеуін, нигилизмге бой алдырмау керегін баса айтқан еді. Осы орайда Тәуелсіздік заманының үш буын ұрпағы және қазіргі жастардың ойлау жүйесі мен құндылықтарын саралап көрген едік.
2025 жылдан бета (ß) ұрпақ өмірге келмек. Ал оның алдындағы ұрпақ қандай еді? X, Y және Z ұрпақтарының құндылықтары мен айырмашылықтарын ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, әр ұрпақтың өмірлік тәжірибесі, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен технологиялық даму кезеңдеріне негізделген ерекшеліктері анықталып, зерделенеді. Бұл ұрпақтардың арасында мәдени, әлеуметтік, психологиялық айырмашылықтар бар. Осы айырмашылықтар еңбек нарығында, білім беру жүйесінде және жалпы қоғамдағы қарым-қатынастарда айқын көрініс береді.

 

Ұрпақтар сабақтастығы

X ұрпағы (1965–1980 жылдар аралығында туғандар) әдетте экономикалық дағдарыстар мен әлеуметтік өзгерістердің куәгері болды. Бұл ұрпақ технологиялық тұрғыдан үлкен өзгерістерге, әсіресе компьютерлер мен интернеттің алғаш пайда болу оқиғасымен бетпе-бет келді. Әдетте бұл кезеңде туған ұрпақ өз күшіне сенетін, тәуелсіз әрі еркін болып келеді. Құндылықтары: тәуелсіз болу және еңбекқорлық; жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау; ұзақмерзімді еңбек қатынастары мен тұрақтылыққа деген құштарлық.
Y ұрпағы 1981–1996 жылдар аралығында дүниеге келгендер. Y ұрпағы, сондай-ақ миллениалдар немесе Z ұрпаққа дейінгі деп те аталады, компьютерлер мен интернеттің кең таралуы кезеңінде дүниеге келді. Бұл ұрпақ ақпаратты жылдам қабылдайтын және технологиялық мүмкіндіктерді толық пайдалана білетін ұрпақ ретінде танылды. Құндылықтары: жылдам ақпарат алмасу және технологияны игеру; әлеуметтік жауапкершілік пен топтық ынтымақтастық; жеке даму және жұмыс орнындағы «психологиялық қауіпсіздік». 
Y ұрпағы жұмыстың тиімділігіне, шығармашылыққа және ұжымдық жұмысқа жоғары баға береді. Олар үшін жұмысқа деген уәждеме көбінесе жеке даму мүмкіндіктері мен өз ойларын білдіру еркіндігіне негізделген. 
Z ұрпағы 1997 жылдан 2012 жыл аралығында дүниеге келгендер. Z ұрпағы – цифрлық технологиялар мен интернеттің алғашқы ұрпағы, олар виртуалды әлемде өскен. Осы ұрпақтың ерекшелігі – жаңа ақпараттық технологияларды толық меңгеру және оны күнделікті өмірде қолданып үйрену. Құндылықтары: технологияға бейімділік және цифрлық дағдылар; әлеуметтік медианы тиімді пайдалану; эмоциялық интеллект пен инклюзивтілікке (қоғамдық теңдікке) назар аудару. «Z ұрпағы» термині көбінесе «цифрлық адам» терминінің синонимі ретінде қарастырылады. 
1991 жылы белгілі экономист және демо­графия саласындағы маман Н.Хоув пен тарихшы В.Штраус «ұрпақтар теориясын» ұсынады. Теория авторлары АҚШ тарихын жан-жақты зерттеп, әсіресе ХХ ғасырға ерекше көңіл бөліп, белгілі бір кезеңдерде көпшіліктің құндылығы ұқсас болатынын анықтады. Мұндай кезеңдер әлеуметтік ұрпақтар деп аталды. Осылайша, Хоув пен Штраус ұрпақтарды тек жасына байланысты ғана сипаттауды емес, адамның ішкі құндылықтарына, тәлім-тәрбие алған ортасына, білім алған ордасына назар аударуды жөн санады. Бұл құндылықтар сыртқы факторлардың әсерінен, яғни әлеуметтік, экономикалық және технологиялық үдерістер, тарихи оқиғалар, сондай-ақ отбасылық тәрбиенің әсерімен қалыптасады. 
Біз осы кезекте мектепте X, Y, Z ұрпақтары тақырыбында бірнеше ашық сабақ пен жиын-кездесу өткізіп жүрген Қаныш Сәтбаев атындағы «Binom school» мектеп-лицейінің психологі Қабылда Маралға Х және Y ұрпақтарының өкілдері Z және α ұрпақтарының өкілдерін оқытуда нені ескеру керегіне байланысты сұрақ қойдық. 
«Оқушының психологиялық саулығына қажетті мәселелерді қарастыруға жауапты маман ретінде мен педагогикалық процеске қатысушы бірнеше тараппен жұмыс істеймін: оқушы, педагог, ата-ана. Ортақ мақсатымыз – баланы қолдау әрі дамыту. Ол мақсатқа жетуде мұғалім «қалай болса да тапсырманы орындатуға», ата-ана «қалай болса да баласының тоқсандық бағасының төмендемеуіне», психолог «қалай болса да кикілжің тудырмауына» күш салып, оқушыны жан-жаққа тартумен боламыз. Ата-ана, пән мұғалімі және мектеп психологі үшін психоло­гия­лық ұғымдар, оның ішінде ұрпақтар теориясына қатысты жас ерекшелік психологиясы туралы ортақ түсінік болмаудың себебінен психолог жұмысының тиімділігі төмен болып жатады. Сондықтан біз педагогтерге және ата-аналарға психологиялық ағарту жұмысын жүргіземіз. Оларға балалардың бойында байқалатын өзгерістерді, түрлі әрекетті назарда ұстай отырып, ғылыми теорияға сүйеніп, баламен оңтайлы қарым-қатынас құра алатындай дәрежеге жеткізуге тырысамыз», – дейді ол. 
«Бала тәрбиесінде осыдан 40–45 жыл бұрын ата-анасы өзін тәрбиелеуде қолданған тәсілдерді әлі күнге дейін дұрыс деп санайтын ата-аналар мен оқыту әрекетінде осыдан 20–25 жыл бұрынғы шәкірттеріне қолданған әдістерді қате деп санамайтын педагогтер бар. Ғылыми-технологиялық прогресс игілігі қарапайым тұрмыстық өмірімізге елеулі өзгерістер әкелгенін мойындамасқа амал жоқ. Сол сияқты психология ғылымы үздіксіз жаңалықтармен, оның ішінде ұрпақтар теориясымен толықты. 1991 жылы АҚШ зерттеушілері Нил Гов пен Уильям Штраус алғаш рет ұрпақтар теориясына, адамдардың өмірге келуі және өмір сүру кезеңдеріне сай ерекшеліктеріне байланысты зерттеулерін жариялаған. Алғашқыда X,Y, Z ұрпақтары туралы теориямен таныстық. Кейін австралиялық зерттеуші Марк Мак-Криндл «альфа ұрпақ» терминін енгізді. Егер, ұрпақтар теориясына сүйенсек, қазір мектептерде z, α ұрпақтары отыр. Олардың басқа ұрпақ өкілдерінен айырмашылығы, гаджеттермен бірге өсуінде жатыр және олар шапшаң, сезімтал, сауатты болып келеді. Мұндай балаларды тәрбиелеуде олар елестете де алмайтын өткен ғасырдағы әдеттерді, көздерімен көрмеген қарым-қатынасты, өзіміз балалық шақта қызыға тыңдаған ертегілерді ұзақ әңгімелеп берудің тиімділігі төмен. Бүгін мектептерде x, y ұрпақтың өкілдері z және αα ұрпақ өкілдеріне білім беріп жатыр. Сырттан айқын түрде білінбегенімен, оқушы мен психолог бірқатар қиындықты айқын көреді:
1. Z және альфа ұрпақтары технологияға тығыз байланыста өскен, сондықтан олар жаңа технологияларды жылдам меңгереді. X және Y ұрпақтарында кейбір кезде технологияны түсінуінде, игеруінде қиындықтар туады, сол себепті оқушы мен мұғалім арасында түсінбейтін процестер орын алуы мүмкін. 
2. X және Y ұрпақтары дәстүрлі коммуникация әдістеріне үйренген, ал Z және альфа ұрпақтары әлеуметтік желілер мен цифрлық платформаларды ұтымды пайдаланады. Бұл айыр­машылықтар оқыту әдістерінде қиындықтар тудыруы әбден мүмкін.
3. Z және альфа ұрпақтары көп жағдайда интерактивті және қызықты оқыту әдістерін күтеді. Егер X және Y ұрпақтарының өкілдері дәстүрлі әдістерді қолданса, бұл оқушылардың оқуға деген ынтасы мен уәждемесін төмендетуі мүмкін.
4. Z және альфа ұрпақтары эмоциялық интеллект пен әлеуметтік дағдыларды дамытуға баса назар аударады. Ал x және y ұрпақтарының өкілдері бұл аспектілерге назар аудармауы немесе оларды игеруде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
5. Әр ұрпақтың өмірлік тәжірибесі мен құндылықтары әртүрлі. X және Y ұрпақтары Z және альфа ұрпақтарының көзқарасын түсіну мен қабылдауда қиындыққа кезігуі ықтимал.
Осы қиындықтарды жеңу үшін X және Y ұрпақтарының өкілі болып келетін педагогтер Z және альфа ұрпақтарының қажеттіліктері мен талаптарын түсініп, оларды «мен қалағандай жасауың керек» деп өзінің кезеңіне, өткен шаққа қарай икемдеуге емес, керісінше, өздері жаңа заман ұрпақтарының кезеңіне сай дағдыларды игеріп, заманаға сай әрекеттерімен оқушыларды оқуға ынталандыруға тиіс. 

Сен қандайсың, альфа ұрпақ?

2010 жылдан кейін туған альфа ұрпағы технологияны ерте жастан меңгеруге бе­йім, жаңаша ойлайды, инновацияларға ашық, шығармашылық қабілеті жоғары, қоршаған орта мен әлеуметтік мәселелерге назар аударады, экологиялық сана мен әлеуметтік әділеттілікке қызығушылығы бар. Сондықтан олармен тиімді, табысты қарым-қатынас құру үшін ересектер кейінгі заман ұрпағының қызығушылығын ескере отырып, білім беру үдерісінде технологияларды белсенді түрде пайдалануы керек, шығармашылық жобалар мен тапсырмалар арқылы ынталандыру және олардың пікірі мен ұсынысын тыңдап, құрметтеп, сын-пікірін бағалауды үйренуі керек. Қазіргі оқушылар көбінесе жас мұғалімдердің жанында жүргенді, жиі сөйлескенді, тіпті сабақтарды жас мұғалімдердің бергенін ұнататыны байқалады. Бұл – олардың арасындағы тұлғалық-психологиялық жақындықтың көрінісі. 
Мектепте болған бес-алты сағатта ересектер оқушыға мейлінше қуанышты, жағымды эмоция­ны көбірек беріп, олардың ой-пікірімен санасуы керек, олардың эмоциялық, психологиялық, физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Оқушының қандай да бір тақырыпты түсінбеуі, тапсырманы орындай алмауы қылмыс емес. Оны сол бір әрекеті үшін «жазалауға» асықпаған жөн. Оқушы өзінің жеке мәселесін, қорқынышын, уайымын айтып жатса, оны назардан тыс қалдырмай, оқушыны қолдап отырған жөн», – дейді психолог. Мектеп-психологі Қабылда Марал қазіргі қоғамдағы ұрпақтар арасындағы айырмашылықтарға, әсіресе педагогтер мен оқушылардың арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне тоқталып отыр. Өткен ғасырдың тәрбиелеу әдістері мен білім беру тәсілдерінің қазіргі замандағы ұрпақтар үшін тиімді болмауының мүмкін екенін атап, Z және альфа ұрпақтарының жаңа технологиялармен, цифрлық платформалармен өскенін ескере отырып, педагогтерге осы ұрпақтардың ерекшеліктерін түсініп, олармен жұмыс істеу қажетін білдіреді. 
«Позитив психологияның көрнекті өкілдері Иоланта Берк пен Падрайк Данн бірқатар зерттеуінде қуаныш эмоциясын адам өмірінің жарқын сәттері ретінде сипаттайды. Олардың айтуынша, қуанғанда адам ағзасынан өзін бақытты және қуатты сезінуге ықпал ететін дофамин гормоны (дофамин тапшы болған кезде адамның бойында мазасыздық, алаңғасарлық, тұйықтық, ұйқысыздық пайда болады) бөлінеді. Жиі қуанатын адам басқаларға қарағанда оптимист болады, өздеріне сенімді келеді, кедергілерді жеңеді және қуаныш эмоциясы адамдар арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Қуаныш адамның тұлғалық өсуіне де айтарлықтай ықпал етеді. Егер ересектер оқушыны тыңдаса, онымен маңызды тақырыптарда ақылдасып, шынайы сөйлессе, оны түсінуге қадам жасаса, оқушының өзіне және ересектерге деген сенімі артады, қоршаған адамға деген қарым-қатынасы жақсарады. Егер ересектер оқушыны жасы кіші болғанына қарамастан құрметтесе, оның ойымен санасатын болса, оқушы да ересектерді құрметтеп, олардың көңіліне қаяу салмауға тырысады». 
Психологтің жеткізгісі келіп отырған маңыз­ды ойы – қуаныш эмоциясының адамның психологиялық және тұлғалық өсуіне ықпалы зор екені. Қуанышты сезіну адамға оптимизм, сенімділік, кедергілерді жеңу қабілетін бойына сіңіреді және қарым-қатынасты жақсартады. 

 

Абылай БОЛАТ, №126 мамандандырылған лицейінің 10 «Б» сынып оқушысы:

 

Арманым – ұшқыш болу

 

Мен жауапты, мақсаты бар еңбекқор адаммын. Жаңа идея­ларға ашықпын және үздіксіз дамуға ұмтыламын. Смартфон, ноутбук және онлайн қосымшалар күнделікті өмірімді жеңілдетті. Мысалы, оқу платформалары білім алу үдерісін оңтайландырады, ал мобильді банкинг уақыт үнемдейді. Смартфон мен әлеуметтік желілерді күнделікті жиі пайдаланамын, себебі олар ақпарат алмасуды, қарым-қатынасты және уақыт үнемдеуді жеңілдетеді. 
Мен үшін ғаламтордың артықшылығы көп. Ол шексіз білім мен мүмкіндіктерге жол ашатын баспалдақ сияқты, бірақ оны дұрыс пайдаланбаса, уақыт текке кетіп қалуы мүмкін. Онлайн және офлайн байланыстарды бірдей бағалаймын, бірақ бетпе-бет қарым-қатынас жылырақ көрінеді.
Өмірімдегі ең маңызды құндылықтар – адал және еңбекқор болу. Осы қасиеттер арқылы адам бақыт пен табысқа жете алады деп ойлаймын. Әлеуметтік әділеттік пен экологияны қорғау – барлығымыздың міндетіміз. Әркім үлес қосу арқылы әлемді жақсарта алады. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, әрдайым жақсы нәтижеге жетуге ұмтыламын. Табандылық пен білім жетістікке жеткізеді деп сенемін. Сол сияқты, жұмысыңды жақсы атқару үшін жүрегіңнің тыныш болуы сияқты факторлар рөл атқарады деп ойлаймын. Экология­лық дағдарыс пен климаттың өзгеруі – басты назарда болуы керек мәселелер. Шешімі табылмаса, болашаққа қауіп төнеді. Әлеуметтік жауапкершілік – өз әрекеттеріңнің қоғамға әсерін түсіну және соған сай әрекет ету. Еңбекқорлық, білім және өз-өзіне сенімділік – табыс­ты болудың басты шарттары. Бұл қасиеттерді дамытқан жөн. Менің арманым – ұшқыш болу. Ыңғайлы жұмыс ортасы, кәсіби даму және соған сай маңдай тердің ақысы  – жұмыс таңдаған кезде мен назар аударатын басты бөліктер. Сәттілік ­ –­­­ еңбек пен талантыңды дұрыс пайдаланып, өз мақсатыңа жету. Жетістікке жету үшін тұрақты түрде әрекет ету қажет. 

 

Гүлмира ӘМІРЖАНҚЫЗЫ, №5 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

 

Таразы басын тең ұстаған жөн

 

Интернеттің пайда болуы мен цифр­ландыру біздің еңбек жолына түскен сәтімізбен тұспа-тұс келді десек те болады. Бастапқыда бұл түсініксіз, қыр-сыры жұмбақ дүние тәрізді еді, кейін келе өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Дегенмен бұл саладағы жаңашылдықтарды үнемі тосырқай, таңырқай қабылдаймыз. Цифрлық технологияны меңгеріп әкету қолдан келмейтін дүниедей болады да тұрады. Сондықтан да болар арнайы салада жүрген замандастарымыз болмаса, біраз бөлігіміз цифрлық құрылғыларды жетік меңгердік деп айта алмаймыз.  
Әрине, интернеттің пайда болғаны жақсы болды. Оның бізге ұсынып отырған мүмкіндіктерін жоққа шығару дұрыс емес. Өмірдің сан қырын жеңілдетіп отырғаны шындық. Күнделікті тұрмыста болсын, қарым-қатынаста болсын, қызмет көрсету салаларында болсын, пайдасы зор. Әлеуметтік желілер арқылы қоғам тынысын тереңірек танып, онымен байланыс нығая түскенін де айта кету керек.
Өмір сүру дағдымыз өзгерістерге ұшырап жатыр. Қалыптасып қалған әдеттер өзгерді. Оның да оң ықпалымен қатар, теріс жақтары да байқалады. Мәселен, бұрынғы кезде түрлі қажеттіліктер бізді дос-жаран, туған-туысты іздеуге, көзбен көріп, үйіне баруға мәжбүрлейтін. Сол арқылы қарым-қатынасымыз жақын болатын. Қазір технологияның дамуының салдарынан біз бір-бірімізді жиі көрмейміз, бұл кездесулер мен тілдесулер көбіне интернет әлемінде ғана. Осы бір қолжетімділіктер бізді алшақтатып та жатқан секілді. Өмірдегі маңызды құндылық, әрине, отбасы. Өзім ең бірінші орынға отбасыны қоямын. 
Менің ойымша, әр нәрсенің шекарасы бар. Біз өмірде осы шекараларды айқын анықтауымыз керек. Жұмыс өз орнымен, жеке өміріміз өз орнымен болуы керек. Жұмысқа келгенде, жеке өміріңді шекте; жеке өміріңе келгенде жұмысыңды шекте. Менің қағидам – осындай. Әр салада теңдей әрекет еткенде арадағы теңгерім үйлесімді болады. Яғни таразының басын тең ұстаған жөн. Біріне басымдық берсең, екіншісі әлсірейді. 
Жұмыс – жай ғана табыс көзі емес. Ол – өзіңнің сүйікті ісің, өміріңнің мәнді парағы. Мәселен, мен ұстаздық қызмет атқара жүріп, табысымды табамын. Дегенмен бұл іс менің өмірімнің мәні де. Шәкірттерімнің жайнаған жүзін көру, олардың жетістігін көру – еңбегімнің жемісі. Маған қуаныш сыйлайтын сүйікті ісім. Тіпті өмірімді шәкірттерсіз елестете де алмаймын. 
Ең алдымен, біліктілік пен білімділік, қажырлы еңбек пен табандылық. Өз ісіне беріле, жауапкершілікпен қызмет атқаратын адам ғана кәсіби дамып, мансап сатысы бойынша жетістіктерге жете алады. Бірақ мансап сатысы әркім үшін маңызды деп ойламаймын. Біреулер басшылыққа ұмтылады, билікке қол жеткізгісі келеді, ал біреулер ондайдан бойын аулақ ұстайды. Сондықтан мансап сатысына көтерілуде, ең алдымен, адамда соған деген ниет болуы керек.
Мен өзімді саясатқа жақын жанмын деп санамаймын. Ең бастысы, тәрбиелеп отырған ұрпақты әділ де отансүйгіш ұрпақ етіп өсіруді көздеймін. Елімнің болашағын жарқын етуге бағытталған қозғалыс болса, мен, әрине, оның жақтау­шысымын. 
Отбасы мен достар арасындағы қарым-қатынас аса маңызды деп ойлаймын. Отбасы да, достар да арқасүйер тірегіміз. Кез келген жанға мұндай тірек аса қажет. Сондықтан бұл қарым-қатынас адал болуы керек. 

 

Дина КАМАЛ, №126 мамандандырылған лицейі оқушыларының президенті: 
 

 

Еңбек – талантты дамытудың кілті

 

Менің ойымша, Z ұрпағы үшін смартфон мен әлеуметтік желі күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі. Өзім туралы айтатын болсам, смартфондағы ойындарға аса қызығушылығым жоқ. Құрылғымдағы статистика бойынша, телефонды күнделікті 4–5 сағат бойы үздіксіз қолданады екенмін. Интернет – білім мен ғылымның телегей-теңізі, мәлімет көзі. Негізінде, гаджеттер мен технологияларды білім алу мен байланыс орнату үшін қолданамын. Осыған байланысты қазіргі таңда Z ұрпағы арасында ең танымал әрі үлкен қолданысқа ие «chatgpt» атты жасанды интеллектіге ерекше көңіл бөлгім келеді. Бұл өте құнды ресурс­тардың бірі дер едім. Себебі ол арқылы уақытыңызды үнемдеп, нақты қажет мәліметті бірден таба аласыз. Қалай дегенмен, маған интернет тек игілік ретінде көрінеді. Кейбір адам қазіргі ұрпақ деградацияға ұшырап жатыр деп айтуы мүмкін, бірақ, менің ойымша, интернет – өркениеттің басты да бірегей белгісі. Адамның көзқарасына байланысты кез келген дүние жақсы да, жаман да болып көрінуі мүмкін. Сондықтан интернетті тұлға болып қалыптасу жолында қолданған адам бұл ретте опық жемесі анық. Әлеуметтік желінің өзім көрген басты кемшілігі – кейде шынайылықтың жетпеуі және виртуалды өмірге тәуелділіктің пайда болуы. Мен тұлға ретінде дамуыма және жеке жетістік сынды құндылықтарға үлкен көңіл бөлемін. Себебі олар адамның сана-сезімін кеңейтіп, басқа құндылықтардың бастамасына жол ашады. Сол себепті барлығы өзіңнен басталуы керек. Егер адам жеке тұлға ретінде дамыса, оның өзге дүниеге деген танымы да кеңейіп, нағыз «толық адам» деңгейіне жетеді.
Қоғамдағы өзгерістер менің өміріме тікелей әсер етеді. Мысалы, цифрландыру мен технологияның дамуы білімге және ақпаратқа қолжетімділікті арттырып, уақытымды үнемдеуге мүмкіндік берді. Кейде ақпараттың көптігіне байланысты ойлау жүйеме салмақ түсіп кететіні бар. Жаһандық жылыну мәселесі күнделікті әдеттеріме әсерін тигізді: пластиктен жасалған заттарды азырақ қолдануға тырысамын, энергияны үнемдеп, қоршаған ортаға зиян келтірмеуді басты назарда ұстаймын. Халықаралық қатынастар мамандығын таңдап жатқандықтан, әлеуметтік және саяси мәселелерге ден қойып жүрмін. Менің ойымша, z ұрпағы үшін бұл өте өзекті мәселелер (әсіресе гендерлік теңдік пен экологиялық дағдарыс). Экологиялық мәселелердің шешілуі тек бір елдің емес, бүкіл әлемнің болашағына әсер етеді деп есептеймін. Климаттың өзгеруі және экологиялық дағдарыс барлық адамның қатысуымен шешілуге тиіс үлкен мәселе. Ал әлеуметтік теңдік – қоғамдағы ілгерілеу мен алға басудың негізі. Қазіргі таңда білім алу мүмкіндігі, теңсіздік және жастардың өз құқығын қорғау мәселелері маңызды. Болашағым үшін бұл мәселелердің шешімін табуы үлкен рөл атқарады деп ойлаймын, себебі әділетті және тұрақты қоғам – табысты өмірдің негізі.
Мен үшін жұмыс – өзіңді дамыту мен қоғамға пайда әкелудің көзі. Тұрақты жұмыс пен кәсіби мансапқа қызығушылығым жоғары. 7-сыныптан бастап болашағымды жарқын етіп құру үшін, мақсатыма жету үшін әрекет ете бастадым. Өзіме мамандығымның ұнауы өте маңызды рөл атқарады. Себебі өзің жақсы көретін жұмысты істегенде, оның табысы да қанағаттандырарлық деңгейге жетеді деп ойлаймын. Тек жалақы үшін ұнамайтын жұмысты істеу ұзақмерзімді нәтиже бермеуі мүмкін. 
Табысқа жетудің басты шарттары – еңбекқорлық, мақсатқа ұмтылу және үздіксіз оқу. Сонымен қатар табандылық пен адаммен дұрыс қарым-қатынас орнату маңызды. Нетуоркинг және тәртіп – табысты мансаптық өсудің кілті. Мені дамуға мүмкіндік беретін, халықаралық деңгейдегі әрбір жұмысшыны құрметтейтін жұмыс орындары қызықтырады. Бұл жерде әділетті қарым-қатынас орнап, әрбір жасалған оң әрекет қолдау табуға тиіс деп ойлаймын. Басты мақсатым – білім алып, халықаралық деңгейде табысты маман болу. Сонымен қатар өз елімнің дамуына үлес қосу. 
 

 

Бекзат ҒАБИТҚЫЗЫ, әлеуметтік қызметкер: 

 

Үйде – ана, жұмыста – маманмын

 

Өз басым рухани байлықты, тазалықты, әділдікті, қарапайымдықты, адалдық пен жүректегі мейірімді жаныма жақын көремін. 
Әлеуметтік желі – мен үшін тек ақпарат, естелік алаңы. Интернет арқылы алыстағы жақыныңның түрін көріп, даусын ести алуың мүмкін. Бірақ көзбен көріп, жүзбе-жүз дидарласқанды еш нәрсемен ауыстыруға келмейді. Кейбір адам уақыттан ұту үшін онлайн білім алуды дұрыс санайтын шығар. Десек те білім ордасына барып, мұғалім мен қатарластырыңды көргеннің жөні бөлек. Неге десеңіз, жоғарыда айтқанымдай, білімді игерудің барлық функциясы қатар жүреді: көресің, жазасың, тыңдайсың. Виртуалды емес, шынайы, тірі. Мәселен, жазушының айтпағын кітаптан оқыған бөлек, өз аузынан естіген бөлек дегендей, білім берудің офлайн болуы маңызды. 
Жұмыстың міндеттерін жұмыста орындап бітіруге тырысамын. Үлгермей жатсам, аяқтап барып шығамын. Үйде жұмыс істемеймін, жұмыста үйдің мәселесімен айналыспаймын. Үйде – әйел, ана, жұмыста – маманмын. Тепе-теңдік деген – осы. Ересек өмірге аяқ басқан адамның бәрі кәсіби білікті болуы керек. Кәсібилік болған жерде жеке бренд өздігінен қалыптасады. Білімді маман болсаңыз, кәсібилігіңіз жеке брендіңізді өзі-ақ жасай алады. 
Мақсатқа жету үшін тек қана тынбай жұмыс істеу керек. Бірі орындалса, келесісі пайда болып жатады емес пе? Бастысы, мақсатқа жету жолындағы бақытты сәттерді ұстап қалу, оны есте сақтау. Әр нәрсенің өз уақыты бар дегенге келісемін. 
Салт-дәстүрді берік ұстанамын демеймін. Ол кезде заман басқа, бүгін басқа дегендей, керегін алу керек, дұрысын сақтау керек. Бәрібір цифрландыру әсер етеді. Ал, жалпы, ана тілі, қазақтың мәдениеті, әдебиеті десе, жанымды беремін. Ұлттың ұлт болып сақталуы – тілінен, мәдениетінен, болмысынан. Сондықтан ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің қылышын сүйреп, кең қанат жаюына, өз құқығымызды қорғауға жұмыс істеуіміз керек. 

Дайындаған 
Бағдат Сұлтанқызы

 

529 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы