- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
Ел таңдауы – Жұмекен мен Тәкен
Ұлттық академиялық кітапханада дәстүрлі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қорытындысы және акция аясында 2025 жылы оқитын кітапты таңдау отырысы өтті.
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы – Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстан Республикасының кітапханалық қауымдастығының ұйымдастыруымен жылма-жыл өткізіліп келе жатқан танымал жоба.
2007 жылы Ұлы Абайдың қарасөзін оқудан бастаған акция қазақ әдебиетінің ең таңдаулы 51 классик ақын-жазушысының үздік шығармаларын оқырман қауымға ұсынып, насихаттап келді.
2024 жылы көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын ел болып оқыдық. Көпшілік кітапханалар жыл бойы жоспарға сай түрлі инновациялық іс-шараларды ұйымдастырды.
Отырыс аясында былтырғы акция қорытындыланып, еліміздің облыстық, аудандық, қалалық және ауылдық кітапханалары түрлі инновациялық форматта көрнекті жазушы Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау үшін 10 021 мәдени-рухани іс-шара ұйымдастырылғаны, 234 922 оқырман қатысқаны жөнінде арнайы презентация ұсынылды.
2025 жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау отырысын профессор, алаштанушы Амантай Шәріп жүргізді. «Бір ел – бір кітап» акциясының тұрақты комиссия мүшелері ҰАК басшысы Ғазиза Құдайбергенқызы, жазушы Асқар Алтай, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Астана қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлбадан Мадибаева, журналист Гүлзина Бектасова, ақын Ерлан Жүніс, Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, әл-Фараби қалалық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Анар Жапарқұловалар қатысқан іс-шараға ZOOM платформасы арқылы облыстық кітапхана басшылары да қосылды.
2025 жылы ел болып оқитын кітапты таңдау барысында комиссия мүшелерінің ұсынысы мен пікірі тыңдалды, облыстық кітапханалар, оқырман және зиялы қауым өкілдері ұсынған шығармалар мен авторлар ескерілді. Оның ішінде биылғы Жеңістің 80 жылдығына орай майдан тақырыбына қалам тербеген авторлардың шығармалары, мерейтойы аталып өтетін қазақ қаламгерлерінің туындылары және барлық жастағы оқырманның сұранысын қанағаттандыратын кітаптар мен кітап авторлары ұсынылды.
Іс-шараны қорытындалай келе, комиссия мүшелері қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанрынан екі авторды оқуға шешім қабылдады. Проза жанры бойынша көпшілік дауыспен ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды. Поэзия жанры бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды.
863 рет
көрсетілді0
пікір