- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
«Жұмысшы мамандықтар жылындағы» жаңалық
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Президент тапсырмасына орай, жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкімет жұмысшы мамандықтарының жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарды мен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасын бекітті.
Іс-шаралар жоспары 7 бағыт пен 70 қадамды құрайды, оның ішінде өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқығын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп, мектептерде 1000 бейіндік сынып ашылады.
– Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Ал, жалпы алсақ, елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда жарты миллионнан астам студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынға ұлғайды, ал студенттердің стипендиясы екі есе өсті.
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі басқарудың үздік әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы еліміздің 10 колледжін интернационализациялау туралы айтты.
Шетелдік колледждермен тәжірибе алмасу педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, сондай-ақ студенттердің академиялық ұтқырлық шеңберінде өз білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау және дамыту үшін Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады.
– Орталық студенттердің кәсіби құзыреттіліктері мен дағдыларын дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ мамандарды қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру және WorldSkills чемпионаттарын өткізу базасына айналады, – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Жұмысшы мамандықтар жылындағы айтулы шаралардың бірі – биыл Ақтау қаласында түріктілдес елдер арасында Turkiskills – 2025 алғашқы кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.
Үкімет отырысында Ғани Бейсембаев жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет колледждерді қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол екі еседен артыққа өсіп, орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады.
– Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау және педагогтердің біліктілігін арттыру біз үшін басты басымдық, – деді Оқу-ағарту министрі.
Дуалды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде мамандар даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді түрде тарту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға жеткізу жоспарда тұр. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер екі мыңнан астам білім беру бағдарламасын дайындайды, сондай-ақ өндірістік базада 1,5 мың педагогтің тағылымдамадан өтуі жоспарланып отыр.
Министр Ғани Бейсембаев 2025–2027 жылдары колледждерді заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарда тұрғанын айтты.
– Сонымен қатар колледж студенттерін жатақхана орындарымен толық қамтамасыз ету маңызды. Қазірде колледж студенттері үшін жатақхана тапшылығы 6 мың орыннан жоғары. Ең үлкен тапшылық Алматы және Астана қалаларында және Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелген. Министрдің пікірінше, жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар жатақханаға мұқтаж студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз етуге тиіс.
Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Президент тапсырмасы бойынша Жұмысшы мамандықтар жылына орай биыл елімізде 10 кәсіби мереке атап өтілетінін айтты. Сондай-ақ оқушылар мен студенттерге «ашық есік күні» ұйымдастырылып, колледждерде жұмыс жәрмеңкесін өткізу көзделіп отыр.
Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, биыл жұмыс берушілердің сұранысымен 12 мың адам кәсіптік оқытудан өтеді. Сонымен бірге жұмыс берушілердің сұранысымен кәсіптік оқыту және жұмыс орнында оқыту белсенді дамып келеді.
– Студенттердің практикалық дағдысын игеру үшін Электронды еңбек биржасында өндірістік практика функционалын іске қостық. Онлайн оқыту платформасында бүгінде 643 онлайн курс қолжетімді, ал оқытудан 410 мың адам өтті. Біздің жоспарымызда VR және AR технологияларын қолдана отырып, жұмысшы мамандықтары бойынша практикалық курстар және өндірістік практика көзделген, –деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Ал Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бүгінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде 1,1 млн адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 300 мыңнан астам өндіруші, оның ішінде жұмысшы мамандарының 595 мыңы немесе 55 пайызы жұмыс істейтінін хабарлады.
433 рет
көрсетілді0
пікір