- Мәдениет
- 04 Наурыз, 2009
Қазақ қандай халық?
Академик Әбдуәли Қайдардың «Қазақ қандай халық?» атты ұлағаты мол тағы бір кітабы оқырманмен қауышты. «Шынында біз кімбіз, қазақ қандай халық? Бұл сауал бүгінде өзгеден гөрі өзімізді, қазақ азаматтарын көбірек ойландыратын, толғандыратын мәселеге айналып отыр. Өйткені өз тарихында алғаш рет бүгінгідей егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болып отырған қазақ халқы үшін, әсіресе, оның өзін-өзі құрметтей білетін әрбір азаматы үшін Қазақ қандай халық?... деген сауалға дұрыс жауап бере білудің тарихи-әлеуметтік мәні зор, рухани, моралдық жауапкершілігі мол мәселе екені сөзсіз. «Дұрыс жауап» дегеніміз – жан-жақты ойланған, ғылыми негізді, білікті де білгір қауымның зердесінде сараланған, шынайы шындықтың өзі саналатын жауап деген сөз» деп бастапты автор кітаптың әлқиссасын. Әрине, «мен қазақпын» деген адам қай кезде, қай жерде кімнің алдында болсын, шет жерде де істеген ісімен, сөйлеген сөзімен, хатқа түсіріп қалдырған ойынан, әуелетіп салған әнімен, көпке көрсете алатын сыртқы сәнімен, бір сөзбен айтқанда күллі тұрмыс-тіршілігіндегі мәдени өмірмен «қандай қазақ екендігін» көрсете алады. Кітаппен таныса келе, қазақ туралы сан алуан ой-пікірлердің көптігіне таң қаласыз да, өзіңіздің бет-бейнеңізді айнадан көріп отырғандай боласыз. Қазақтың кім және қандай халық екендігіне кімнің не айтқанын оқып, түрлі-түрлі жауаптардан ой түйесіз. Гүлдархан Смағұлова, профессор
9302 рет
көрсетілді0
пікір