- Ақпарат
- 09 Қаңтар, 2025
Біздің заманымыз – жазу заманы
Жазудың қоғамның, тілдің дамуындағы рөлі турасында қазақ тілі білімінің негізін қалаған ғалым, қазақ жазуының реформаторы – Ахмет Байтұрсынұлынан артық айтып, қам жасаған ғалым жоқ. «Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Алыстан ауызбен сөйлесуге болмайды: жазумен дүниенің бір шетіндегі адам екінші шетіндегі адаммен сөйлеседі. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білудің керектігі одан да артық. Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек», – деген еді ғалым «Тіл – құрал» атты оқулығының кіріспесінде.
Ахмет Байтұрсынұлы 1905 жылдардан бастап араб жазуын қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне ыңғайлап, әліпби түзеді. Ғалым қазақ тілінде 24 дыбыс бар екенін, оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты екенін ескерте келіп, әрқайсысының әрпік таңбасын көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлы жақсы әліпбидің 4 түрлі сипаты бар дейді: «Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер, бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты, артық әріптері көп әліпбиі де қолайсыз; бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқты, әрібі кем әліпбиі де қолайсыз болады. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуы тиіс. Әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуға тиіс, әрібі тізгенде оңай тізілетін, басқанда орынды аз алатын әліпби баспа сөзді арзандатады. Жақсы әліпби үйретуге де қолайлы болуы тиіс. Әрібі жазуға оңай, баспасымен жазбасының суреті жақын әліпби үйретуге жеңіл болады. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сипатқа келмейтін әліпбилердің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ. Тұтынып жүрген түрік әліпбиін бұлдағанымызда да, басқа әліпбиді бұлдағанымызда да, осы төрт сипат жағынан қарап бұлдауымыз керек».
Ғалым жақсы әліпбидің белгілерін негізге ала отырып, латын әліпбиі мен түрік (қазақ) әліпбиін өзара салыстырады. Тілге шақтығы тұрғысынан талдай келіп, ғалым қазақ дыбысына түрік әліпбиінен ережесіз, өзгертусіз 19 әріп сәйкес келсе, латын әліпбиінен 14-ақ дыбыс сәйкес келетінін; түрік әліпбиінде бір дыбысқа екі әріп (диграф) алынбайтынын; латын әліпбиін алған жағдайда солай болатынын; жазуға жеңілдігі тұрғысынан түрік әліпбиі латын әліпбиінен әлдеқайда озық екенін, түрік әліпбиінде қаламды бір сермеумен жазылатын әріптер көп екенін («қаламның бір сермеуімен жазылатын әріп екі сермеумен жазылатын әріптен шапшаңырақ жазылады, қаламның қысқа сермеуімен жазылатын әріп ұзын сермеумен жазылатын әріптен шапшаңырақ жазылады»); түрік әліпбиінде қалам сермеуі – 41, латында 53 екенін, түрік әліпбиіндегі сермеудің көбі нүкте сияқты қысқа сермеу екенін («Қысқа сермеулі әріппен ұзын сермеулі әріпті жазу екеуі бірдей болмайды») ескертеді; баспаға қолайлылығы жағынан алғанда да, түрік әліпбиінің баспасын дараласақ, тағы да латын әліпбиінен әлдеқайда артық болып шығатынын айтады. Жақсы әліпбидің төртінші қасиеті – үйретуге жеңіл екенін ескерте келіп, 1) әріптерінің пішіні сара; 2) баспа түрі мен жазба түрі жақын; 3) суретінің жабы сүгірилігімен (А.Байтұрсынұлының өз стилі – О.Ж.) – жазуға шеберлікті онша керек қылмайтын әліпбиі үйретуге жеңіл болатынын айта келе, «түрік әліпбиінің 14 әрпін жазып үйренген соң оны үйретусіз жазылатынын» ескертеді. Екі әліпбиді салыстыра келе, Ахмет Байтұрсынұлы: «Тексеріп қарасақ, латын әліпбиінің түрік әліпбиінен кемдігі болмаса, артықтығы көрінбейді. Жаманнан жақсыға, залалдан пайдаға бой ұру – жөні бар дұрыс іс, оны әркім-ақ қостауға тиіс, жақсыдан жаманға, пайдадан зиянға бой ұрғанда, оны «дұрыс» деп қостауға болмайды. «Латын әліпбиін аламыз» деушілер ол әліпбидің түрік әліпбиінен не артықтығын айқындап ашпай, не пайдалы екенін түсіндірмей, «тек пәлен-түлендер алып жатыр; біз де аламыз» дейді. Еліктеу мен лепірту базары көтеріңкі нәрсе екені рас; бірақ «біреу алып жатыр екен» деп латын әліпбиін алуға болмайды. Біреудің істегенін дұрыс, бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады. Тек еліктеуді «маймылша еліктеу» деп айтады. Тесе қарап тексеріп, «түрік әліпбиінен латын әліпбиінің артықтығы мынау, пайдалылығы мынау» деп көзге көрсеткен ешкімді әлі көргенім жоқ. Көбінікі құр дүбірге қызу, дүрмекке еру сияқты көрінеді» деп сөзін қорытады.
Ғалым тұтынып жүрген әліпбиді тастап, басқа әліпби алу өте қиын жұмыс екенін, оны істеуге көп күш, қаржы керек болатынын, ондай өзгеріс істеуге адамы, құралы сай, жұмсауға қаржысы мол, әлді жұрттардың қолынан келетінін, қазақ сияқты «анасы да, мынасы да жоқ, мешеу жұрттарға бір әліпбиді тастап, екінші әліпбиді ала қою оңай жұмыс емес» екенін ескерте келіп, қазақтардың түрік әліпбиін түзеп, тіліне шағындап әліпби жасап алғанына он жылдан асып бара жатқанын айтады.
Түрік халықтарының жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесін ХІХ ғасырдың соңында Әзербайжан қайраткері, атеистік бағыт ұстанған Мирза Фатали Ахунды бастаған болатын. Кейін 1922 жылы Нариман Нариманұлы Баку қаласында латын әліппесін жақтап, баяндама жасайды. В.И. Ленин бұл идеяны қостап, Нариманұлының басшылығымен комиссия құрып береді, кейін ол «Латын әліппесін жүзеге асыратын комитетке» айналады. Бұл идеяны И.В. Сталин де қуаттап, Орталық комитет бүкіл түрік жұртын латын әліпбиіне көшіруді қолға алады, өзбек, түрік, балқар, чуваш т.б. елдерді де жаңа әліпбиге көшіреді.
1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында І Түркологиялық съезд (құрылтай) өтеді. Съезге түрік халқының 600-ден аса зиялысы, К.К. Юдахин, Н.Ф. Яковлев, А.Н. Самойлович, В.В. Бартольд, Н.И. Ашмарин, Л.В. Щерба сынды Ресей ғалымдары т.б. қатысады. Қазақстаннан Байтұрсынұлы Ахмет, Омарұлы Елдес, Байсейітұлы Әзіз, Сүлейменұлы Біләл қатысады. Съезде емле, жазу мәселелері бойынша Л.В.Щерба, Н.Ф.Яковлев, Жирков, Ғ.Шараф, А.Байтұрсынұлы, Н.Төреқұлов, Е.Омарұлы баяндама жасайды. А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы нақты дәлелдер келтіріп, араб әліпбиінің артықшылықтарын көрсетіп, латын графикасына көшудің қажетсіздігін дәлелдейді. Сол сияқты татар ғалымы Ғалымжан Шарап сол кездегі түрік әліпбиі жазудың жылдамдығы жағынан да, жазылғанды оқу жағынан да, үйрету жағынан да латын әрібінен көш ілгері екенін дәлелдейді. Алайда үкімет орындары латын графикасын жақтағандықтан, съезд қаулысы бойынша латын жазуына көшу туралы қаулы қабылдайды.
«Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы 7–8-сандарында (43–50-беттер) жарияланған «Түрікшелер құрылтайы» атты мақаласында А.Байтұрсынұлы 1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурыз аралығында Баку қаласында өткен бүкілодақтық құрылтай жайын баяндап, онда 14 мәселе сөз болып, әрбірінен 4–5, 8–9 баяндама жасалғанымен, «құрылтай шақырушылардың көбінесе көздегені латын қарпі екені, құрылтайды ашушылардың да, үкімет тарапынан құттықтаушылардың да сөзінен көрініп тұрғанын» айтады.
ХХ ғасырдың басында, әсіресе 20-жылдары әліпби мен емлеге байланысты қызу айтыс-талас болады. Баспасөз бетіндегі мақалаларды саралау барысында араб әліппесін жақтаушылардың қатарында
А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы,
Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, А.Байтасұлы, І.Ахметұлы, М.Бұралқыұлы, П.Ғалымжанұлы, М.Тұрғанбайұлы, т.с.с. болғанын, ал латын әліппесін жақтаушылар Ә.Байділдаұлы,
Т.Шонанұлы, Н.Төреқұлов, О.Жандосов, М.Жолдыбаев, І.Қайменұлы т.б. болғанын көреміз.
Латын графикасын жақтаушылар бұл іске көбінесе саяси астар бермек болғаны байқалады, араб әрібін жақтаушыларды біресе «ескішіл» деп кінәласа, енді бірде олардың әрбір ісін бұқпантайлық (саботаж) (Н.Төреқұлұлы) деп атайды. Мұндай сарынды О.Жандосов мақаласынан да байқаймыз: «…Ырасында, жаңа әліпби – октәбір әліпбиі. Бұл даусыз. Ағамалыұлы Жолдастың (одақтық жаңа әліпби комитетінің төрағасы) пленумде «Жаңа әліпби тұрмыстың барлық тауарларына жан береді. Тарих көзімен қарағанда, арабшылдар ағылшын жиһангерлері жағында болды» деген сөзі рас» (Жандосов О. Жұмысшы-шаруа әліпбиі // Еңбекші қазақ. 1929 ж. 20 қаңтар).
А.Байтұрсынұлы әліпби таңдауды ғылыми тұрғыдан негіздейді. Ғалым «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақ» дей келіп, әліппенің қайсысы дұрыс болатынын тексеруде мынадай негіздерге (критерий) сүйенеді:
1. Тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша?
2. Қайсысымен басылған я жазылған сөз оңай оқылады?
3. Қайсысымен жазу, жазылғанды оқу жеңіл?
4. Қайсысы баспаға қолайлы?
5. Үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы?
6. Көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық?
А.Байтұрсынұлы латын әрпінің керексіздігін толық дәлелдейді: «Мен мәселенің ілім мен іс жүзіндегі жағын алып сөйлемекшімін. Ең әуелі аңғартып өтетін бір нәрсе сол – латын әрпін алу деген – тіршілік мұқтаж қылғаннан, ділгерлік қосып туғызып отырған мәселе емес. Ділгерлік қыспақ түгіл, еш уақытта әншейін керек қылған нәрсеміз емес. Керек қылмағанымыз – қажетімізге жарататын басқалардікінен анағұрлым артық әрпіміз болғандықтан».
Ғалым араб әліпбиі мен латын әліпбиін салыстыра келіп, мынадай қорытындыға келеді:
1. Араб әрпі латын әрпінен жазуға, оқуға оңай. онысын сауатты адамдардың күндегі ісінің жүзінде көп пайдалы болып шығады.
2. Сауат ашу жүзінде араб әрібінің қолайлысы латын әрпінен артық.
3. Баспа ісі араб әрпінің ескісі латын әрпінен төмен, жаңасы артық.
4. Машиналарға орнатуға араб әрпінің жаңасы латындікінен анағұрлым артық, ескісі де орнатуға келетінін іс көрсетіп отыр.
5. Араб әліпбиінің әрпі қазақ тілінің дыбыстарына толық, жеткілікті, қандай емле жасауына да келеді. Қазақ емлесі өте оңай, бұқараға қолайлы емле.
Сөйтіп, ғалым әріп алмастыру мәселесін дәріптеп көтеруге орын жоқтығын көрсетіп: «Бұл сияқты мәселені көтеріп, уақытын шығын қылып жүргендер болса, оны еріккен адамдардың ермегі есебіндегі құр қиял деп білеміз. Әліпби түзеу, емле түзеу жағынан соңғы кезде істелген істер жемісті болып, бұ жағынан біз Европа, Америка жұрттарының алдында тұрмыз. Әріпті өнер құралдарына икемдеу жағынан да олардан асыратынымызға көз жетіп отыр. Солай болған соң аз күшімізді алға шыққан жақтағы керексіз іске салғанша, басқадан кейін тұрған жағымызға жұмсауымыз жөн емес пе деймін» деген қорытынды жасайды (Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы. Астана, 2017. 740 б.).
А.Байтұрсынұлы сол кездегі араб әріптерінің жалғыз кемшілігі – әріптерінің сұлу еместігі дей келіп, оның сұлу болмайтын себебі – «араб қарпі түсіне енбеген орыстың шелек жасайтын шеберлеріне істетіп отырғанын» айтады. «Мекемелер қазақ машинасын керек қылып, қаржысынан қашпай істетпекші болса, онда шелек жамайтын шеберге істетпей, зауытқа істетуге болады. Онда қарыптардың сұлулық жағынан міндері де жоғалады, – дейді.
Араб әліпбиін жақтаушылар ғылыми негізге сүйеніп, қолдағы бар әліпбидің артықшылық жақтарын көрсетіп, «латын әрпінің араб әрпінен гөрі көзге көрініп тұрған артықшылығы, бадырайып тұрған пайдасы» жоғын (А.Байтұрсынұлы) дәлелдегенімен, үкімет орындары латын графикасына көшуді жақтайды. 1929 жылғы 24 қаңтарда «Жаңа алфавит туралы» Қазақстан Орталық Кеңес комитеті президиумы мен халық Комиссарлар кеңесінің қаулысы шықты. Одақтың жаңа әліпби комитетінің ІІІ пленумында қатысқандар жаңа әліпбиді «Жұмысшы-қара шаруа әліпбиі» деп айту керек» деп ұсыныс айтты. Осыған байланысты Қ.Жұбанов: «Мұнан (А.Байтұрсынұлының жазуынан. – О.Ж.) бас тартып, латын алфавитін қабылдауымызға ұйытқы болған – Қазақстан емес, Бүкілодақтық орталық жаңа алфавит комитеті Ғылыми кеңесінің қысымы», – деп жазған еді (Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: «Ғылым»,‚ 2010).
Ғалым Е.Д. Поливанов 1929 жылы Қызылорда қаласында өткен ғылыми-орфографиялық конференцияда қазақтардың төте жазуы әрі қарай жөндеуді қажет етпейтін керемет жазу екенін, мұны қазақтың мақтан етуіне болатынын айтып, латын жазуына қарсы болған қазақ қайраткерлерінің батылдығына тәнті болады. «Олар өздерінің жазуын керемет қылып жөндеп, реформа жасап алған» деп ағынан жарылады. Сол жиында А.Байтұрсынұлы «Біздің түркі жазуынан бір қате тауып беріңдерші» дейді, сонда ешкім ешқандай қате таба алмайды. Жалпы, төте жазуды «Байтұрсынұлы жазуы» деп те атайды. Ахмет Байтұрсынұлы төте жазудың жазылуын, оқылуын, үйретілуін, көз шалымын – барлығын фактор ретінде алады да, оның пайдалы екенін дәлелдейді. Ол «көз ауруларының барлығы Еуропадан шыққан, себебі Еуропада барлық жазу біркелкі. Ал араб жазуында бірі ұзын, бірі қысқа көзге зақым келтірмейді» дейді. Шынында да біздің бұрынғы жазудың тұстарында ата-әжелеріміздің көзі біраз жасқа дейін жақсы сақталатын болған ғой.
Елімізде жазу ауыстыру мәселесі қайта көтеріліп жатқаны мәлім. Әзербайжан, Өзбекстан, Түрікменстан елдері латын әліпбиіне ертерек көшіп кеткенімен, дұрыс жазу мәселесі әлі де өзекті. Сол себепті әлі күнге дейін газет-журнал екі түрлі графикамен басылып келеді. Өзбекстанда жазу бірнеше рет толықтырылып, өңделсе де, ғалымдар арасында әлі де дау тудырып келеді. Бұл орайда Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе бұл үлкен қателікке апарып соғады» деген тұжырымын әрдайым есте ұстауымыз қажет-ақ!
Орынай ЖҰБАЙ,
филология ғылымының
докторы
480 рет
көрсетілді0
пікір