• Ақпарат
  • 09 Қаңтар, 2025

Дұрысы – ана тілінде берілетін білім

Айдана МАХАМБЕТ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Әлеуметтік лингвистика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері

Тәуелсіздік жылдарында билік басында мемлекеттік тіл туралы батыл ой айтып, айтумен ғана шектеліп қалмай, халыққа мәселені ұғындыру мақсатын көздеген, ұлттық бірегейлікті оятқан бірегей қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлы есімін ерекше атағымыз келеді. Қайраткердің элитарлық тілдік тұлғасы оның елдік мәселелерді көтерген әр мақаласынан да аңғарылып тұрады. 
Қаламгердің 19 жыл бұрын жазылған «Тіл және тәуелсіздік» тақырыбындағы көлемді  мақаласында кешенді әлеуметтік лингвистикалық талдау жасалған. Мұнда әлемдік бәсекеге талпынып отырған 193 елдің 117-сі өз дамуының оңтайлы жағын тауып, соған сай қарқынды дамып келе жатқаны айтылады. Сол тізілімде Қазақстан 61-орынға жайғасқан. Ал мықтылардың тізімін бастаған – халқы да көп емес, ресурсы да мол емес Финляндия. Одан кейінгі орындарда – АҚШ, Швеция, Дания  тағы басқа мемлекеттер бар.
Экономикасы озық деген финдердің тарихи этнологиясының үздік маманы С.Лурье тиісті әдеби-ғылыми, психологиялық, этнографиялық дереккөзіне сүйене отырып ұлттық дүниетанымды сипаттайды. Финдердің түсінігінде елін, ұлтын тек халықтың өздері ғана жасайды. Олар дербестігін  жоғалтып, 600 жыл Швецияның қол астында болған. Тек XIX ғасырдың орта шенінде ғана «ұлтты қалай түземіз, ұлттық мәдениетті қалай жасаймыз» деген талас төңірегінде топтаса бастаған. Сол кездегі финн қозғалысының көсемі Стельман «Әуелі ұлт жасап алмай, мемлекет құруға асықпау керек» деген ұранды уағызға айналдырады. 
Тіл теңдігінсіз мемлекет теңдігін, мәдениет теңдігінсіз азамат теңдігін елестету мүмкін емес. Ұлт теңдігіне, ұлттық мүддеге түсіністікпен қарамай тұрып, адам құқығы мен бостандығын бірінші орынға шығару бүгінгі дүние үшін әншейін көзбояушылық, саяси эквилибристика болып шығар еді. Мәдениетте өз құқығыңды қорғау – өз тіліңде білім алу. Тек сонда ғана жеке басыңның ғана емес, туған халқың мен оның мәдениетінің де теңдігін қорғай аласың. Ұлттық дамудың ең басты тетігі – үздіксіз өзгеріс үстіндегі әр алуан дүниеде бет-бедеріңді сақтап қалу үшін өз менталитетіңе мейлінше ұқыпты қарау деген сөз.
Өзімізге тарихы, мәдениеті психологиясы жағынан бір табан жақын түріктер туралы қаламгер былай дейді: «Ататүрік алған бетінен қайтпай, Түркияны ұлттық республика, ұлттық мемлекет деңгейіне көтеруді мақсат етті. Реформаны білім беруден, тіл саясатынан бастады. Зиялы қауым өкілдері  ұлт қаһармандарына айналды. Қаламгер «біздің қауымға дәл сондай түбірлі өзгерістер кезеңі туды» деп екі елдің ұлтты құру кезеңдерінің басты ұстанымдарын ашық көрсеткен.
Бүгінгі дүниеде жеке адам үшін де, бүкіл қоғам үшін де ең басты әлеуметтік капитал – білім. Демократиялық білім, ең алдымен, халықтық білім беру ісін лайық жолға қойғанда барып өз атын өзі ақтай алады. Ал ондай білім – ана тілінде берілетін білім.

669 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

№1

03 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы