- Ақпарат
- 16 Қаңтар, 2025
Мәшһүр Жүсіп пен Бекасыл әулие

1902 жылдың күзінде Түркістан шаһарында тұтастай Қазақ елінің келешек тағдыры жайында сырттай қарағанда салтанатты той болғанымен, құпия кездесу, ойласу мәселелері де болған-ды. Бұған Еділ–Жайық пен Алтай, Сібір ойпаты мен Хан Тәңірі арасындағы, атап айтқанда, Маңғыстау, Арал аймағы, Сыр бойы, Жетісу, Ферғана өңірі, Бұхара, Жиделі-Байсын, Қарақалпақ–Түрікменстан, шексіз-шетсіз Сарыарқа, Зайсан, Қытай мен Моңғолиядан ұлттың, халықтың, заманның сөзін сөйлейтін марқасқалар, жақсылар жиналған-ды. Бұл той – Бөлтай Қожамұратұлы әс-Сәбилан ат-Түркстани (1819–1907) баласы Қойтастың Хиуа медресесін бітіріп келуіне байланысты жасалған елдік тойы еді. Тойдың елшілдік, мемлекетшілдік мәселеге арналуы да тарихи оқиғаға айналған-ды. Бұл тарихи деректер ферғаналық зерттеуші әрі жазушы Утан Садировтің (Утанқожа Садраддинқожаұлының) «Қойтас молда әт-Түркстани» атты еңбегінде (Ташкент, «Мехнат», 1997. Өзбек, қазақ тілдерінде) келтірілген.
Байтақ даланың әр қиырынан келген ел жақсыларының бас қосуының басты себебі – халықты қан қақсатқан, қаусатқан отаршылдық езгінің тегеурінінен қалай құтылудың, шоқындырудың тұзағынан яғни құзғындар ойластырған дозақтың қыл көпірінен қалай аман қалудың амалын табу еді. Шынтуайтында, қазақтың я тірі, я өлі болу мәселесі болатын. Сол бір сұрқия саясаттың, зұлымдыққа толы заманның айнасындай мынадай тарихи айғақтарды сөйлеткен абзал.
Алдымен, Қазақ елінің берекесін (тілі, діні, дәстүрі, жері, ұлттың санасы) қашыру мақсатында ХІХ ғасырда тұтас территориясы Ресей меншігіне өткен-ді, оларға толық тәуелді болды. Мәселен, 1896 жылы Ақмола облысында 99 399 қоныстанушы, яки 132 село, ал 1900 жылы 160 090 қарашекпенділер, яки 200 елді мекен жасақталған. Ақан серінің:
Қор болып крестьянның табанында,
Қалайша күн көреміз дәурен кешіп?
Темір айыр, ақ балта қолдарында,
Тілге келмей, ұрады өңмеңдетіп.
Немесе:
Иә Бұхар кетеміз бе, иә Түркия,
Урядниктің астында қалғаныңша.
Тірлікте ізденіңіз Исламия,
Бір үш кез жер тимейді өлгеніңде, – деп, зар толғауын аңыратып жеткізуінде ұлт қасіреті айтылған.
Синодтың 1912 жылғы 5 және 26 сәуірдегі Қаулысында былай деп көрсетілген: «Отырықшылық жағдайында қазаққа жер бөлу мәселесінде жаңадан қазақ аулының құрылуына тыйым салынады, міндетті түрде олар орыстармен көрші күн кешеді. Елді мекенде орыстардың саны кем дегенде екі есе көп болуға тиіс. Мұндай жағдайды орыстардың даусы қазақтардікінен өктем естіледі. Сонда православиялықтардың ықпал-әсері қазақтардың ақыл-ой, санасына күштірек әсер етеді де, христиан дінін қабылдауы да шапшаңдайды» (См. Озганбай О. Государственная Дума России и Казахстан. 1905–1917 гг. Алматы: «Арыс», 2000. С.59).
Мінеки, қазақтың: 1) ауылын жою; 2) дінінен айыру; 3) санасын улау; 4) рухани-этикалық қасиеттерін тоздыру үшін жасалған зұлымдық, зымияндық әрекеттер ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларын күйзелтті, ел іргесін күйретті, ақырзаман орнатты...
Бұл мәслихатта Мәшһүр Жүсіп пен Бекасыл әулие де болған. Дидарласқан, сұқбаттасқан.
Майталман шежіретанушы Мәшһүр Жүсіп жазбаларында бұрынғылардың мынадай тарихи сипаттамалары бар:
Арғын болсаң, Алтай бол!
Алшын болсаң, Адай бол!
Үйсін болсаң, Сиқым-Жаныс-Ботбай бол!
Найман болсаң, Қаракерей-Садыр-Матай бол!
«Он сан Орта жүзге ұран болған» Олжабай батыр Толыбай баласы (Толыбай би – Тәуке ханның биі, 1721 жыл жоңғарлықтардың қолынан қаза табады) – Төле бидің ағайыны Қаратай батырдың жиені. Арғын жұрты мен Үйсін елі «Құдай!» дескен, құйрық-бауыр жескен құдандалы.
Академик Әлкей Марғұлан «Еңбекпен өткен өмірім» атты деректанулық хикаят-естелігінде бабасы Олжабай батырдың анасы Төле бидің жақындарының қызы екенін және нағашысы Қаратай ердің қолында өскенін, 16 жасында жасындай жарқылдап, «Тау қыраны Олжабаймын?» деп аршындай сөйлегенін, атандай алшаңдап алға атойлағанын ілтипатпен жазады. Әу баста мұндай тарих-шежіре ауыздан-ауызға көшіп, Мәшһүр Жүсіптің қаламымен тіріліп, өзінің ізбасары Әлкей Марғұлан жалғастырған. «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» дегендей, қаракөктің тұқымынан тараған Үйсін Төле биден, Қаратай батырдан, Биболатұлы Бекасыл әулиеден (1822–1915) өсіп-өнген жұрағат-зәузат та бар. Алып бәйтеректің алтын жапырағы – генерал-лейтенант, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі, қоғам қайраткері Ержан Бекбауұлы Исақұлов.
Ал енді Мәшекеңнің өзі сөйлесін:
«Жиырма тоғыз жасымда, дәм-тұздың жазғаны болар, Бұхарай Шәріпті бетке алып, білім-ғылымды мақсат қылып, атқа қондым. Ғайып пірден рұқсат болғанымен, басқа түскен жақсылық пен жамандық адам баласына бір қызық дәурен екен.
Жол-жөнекей Ұлытауда жатқан Ер Едіге, Жошы хан, Қойлыбай бақсыларға ат басын бұрып, дұға бағыштап, жатқан жерлеріне зер салып, сол төңіректегі елді аралап, аузы дуалы үлкендерінен үлгілі сөз тердім.
Бетбақ даланы басып, өркеш-өркеш құмдарының арасында керіліп жатқан керуен жолына келіп, Шуды бағдарлап, жұртқа ілесіп жол тарттық.
Ұлытаудың төрт құбыласы ел жайлаған сулы-нулы жайлау. Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Сарысу, Атасу, Бұланты өзендері тайдай тулап жатады. Күн соңынан аптаны ат үстінде өткізіп жүргенде, талай әулиелерге, еңіреген ерлерге пір болған Бабай түкті Шашты Әзіздің қорымына тоқтадық. Талайдың шөлін басқан бұлағынан таңдайымызды жібітіп, басына түнеп аттандық. Бабай түкті Шашты Әзіз Ұлытаудың биік жотасында мәңгілік дамыл тапқан, Ноғайлы заманында жат жұрттықтармен елу жыл соғысып, Сарыарқаны алған Ер Едігеге, қазақтың басын қосып, орыс пен шүршітке елдігін танытқан Хан Абылай сияқты сырттандарға сүйенер, сиынар пір болыпты.
Сарыарқадағы елден сауда қылып, несібесін буып-түйіп артып шыққан керуен Бабай түкті Шашты Әзіздің басында бір түнеп, Түркістан шаһарын бетке алып жолға шықты. Мен секілді салт басты жүргендер, керуенді қорғаушылардың санын көбейтіп, соңына ілестік. Жүргінші, жолаушылар да қарамызды ұлғайтып, ұлан-ғайыр әскердей шұбап, аттылы-жаяу жүріп, Әзіреті Сұлтанға маңдайымыз тірелді. Құл Қожа Ахмет бабаның Ақсақ Темір соққызған зәулім мазарын аралап, жер асты қылуетіне түсе берісте, ойламаған жерден Бекасыл хазіретке кезіктім. Жарықтық Бекасыл хазірет данышпан Төле биден соң, ел тоқтаған пірәдар еді. Қазақ орысқа қараған заманнан бері Бұхарай Шәріптегі Мір Ғарабтағы Хасида іліміне он тоғыз бала ден қойған екен, ақылдан адасып ірге жағалап кетпей, сол он тоғыз мүскіннің алтауы ғана аман-есен қалыпты. Соның алғашқысы осы Бекасыл хазірет болса, енді біреуі – осыларды қағазға тоғытып отырған адам.
Жаратқан Алланың мейірімі шексіз емес пе, Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таңғаласың. Тамам жұртты түгендеп боласың ба, осындай лепесін Жаратқан қабыл қылған жандардан неңді аяп қаласың. Бекасыл хазірет Төле бимен аталас, жақын туыс екен. Ата-бабасына зер салсақ, Ұлы жүз Үйсіннен Албан, Дулат, Сары Үйсін, Шапырашты, Ошақты, Ысты, Сіргелі, Жалайыр, Қаңлы, Шанышқылы (Қатаған) тараса, Дулаттан Сиқым, Ботбай, Шымыр, Жаныс, Хангелді, Маныс тараған деседі. Ал Жаныстан Жарлықамыс, Шегір, Әгей, Жалманбет, Жанту, Аймауыт, Жантан туады екен. Жантудан Жайылмас, Ақберді, Өтеміс, Жаңабай, Қуажақ, Қожаберді, Құдайберді. Құдайбердіден Әлібек, Тоқпан, Түгел, Данай, Ақытай, Бақыбек, Құдайбек тараса, Әлібектен дақпыртынан дала тербелген Төле би туады екен. Төле бидің бірге туған бауырлары Еліби, Өтеби, Тыныбек, Ақбота, Шекер есімді туғандары болыпты. Қалың Жаныс елі жаз жайлауға Шуды мекен қылса, қыс түсе Арыстың бойын қоныс қылады екен.
Бұл ата тарату кестесін Бекасыл хазіреттің қасына еріп жүрген Төле бидің баласы Әуезбектің немересі Қабыл деген бозбаладан сұрап қағазға хаттадым.
Хазірет мені қасынан бір елі тастамай, өзімен ертіп жүрді. Әзірет Сұлтанда жатқан жақсылар мен жайсаңдарға дұға бағыштап, Қарнаққа жүріп кеттік. Хазірет жол-жөнекей жол қысқарсын деп, өзі жайында әңгіме қылды. Жүсіп бауырым, мен әкеден жастан жетім қалдым, әкеміз Биболат ел таныған адам екен. Қоқан хандығы «пансат» деген дәреже беріп, құзырындағы елге басшы қылыпты. Абылай ханның жұрағаттары Қасым төре мен балалары Есенгелді, Саржандарға көмек қылдың, мініске жылқы бердің деп қудаласа керек, ақыры ажалына солар жетіпті деп үлкендер айтады. Бұл көрші өзбек ағайындарға өкпем қара қазан деп, мүбәрак жүзін мұң басты. «Сол кішкене күнімнен Құранды кеудеме ұстап, Жаратқанға жалбарынумен келемін. Сайрам, осы бара жатқан Қарнақтағы медреселерді түгестедім, жоғымды іздеп Тәшкен, Самарқан, Бұхарай Шәріптен бір-ақ шықтым. Мір Ғарабтағы оқу-тоқу аздық етті, ұстаздарым ақыры (Шам) Дамашыққа шығарып салды. Дамашықта мына Отырар, Шәуілдірдің топырағында дүние есігін ашқан әл-Фараби жатыр. Өз заманында ұстаздардың ұстазы аталған ғұламаның жазған кітабын қолыммен ұстап, көкірегіме тоқыдым. Бұхарай Шәріптегі Хасида ілімінің пайдасын сонда көрдім, небір өлім аузынан аман қалдым. Қазіргі тірлігім ата жұртым – Арыстың бойында, бау-бақша егіп, адасқан елге қол ұшын беріп, соңымыздан жұрт айтарлықтай жоғын тапсын деп «Жұлдызнама» деген кітабымды хаттап болып қалдым, баспаға шығаруды, ел қолына жеткізуді мақсат етудемін» деп көңілдегі сырын айтты.
Жылда осы уақытта Әзіреті Сұлтанда жатқандарға келіп, дұға бағыштап қайтамын. Менімен бірге жүр, елге барып қонақ боласың. Иесіз дүние бола ма, пірлерім де мені іздеп тапты. Солардан басқа мына мен пақырда сүйенер қалмады. Өзің де көре жатарсың демесі бар ма, балаша қуанып қалдым.
Бекасыл хазіреттен бір елі қалмай еріп жүрдім, Қарнақта болып, бет алысты Арыстан бабқа бұрдық, соңынан Сайрамдағы сансыз бабтарға тоқтап, мінәжат қып, қайта Арысты бетке ұстап жүріп кеттік. Ара қонып, арық қазған жұртпен араласып жүргенде, «Хан қорғаны» деген жерге тоқтап, ат шалдырып, Бекасыл пірәдардың әңгімесіне құлақ түріп, қағазға хаттадым. Жарықтықтың айтуында шүбә жоқ. Осы «Хан қорғанында» үш жүзге атағы жайылған Хан Абылай опасыз елдің жасаған амалынан, күйіктен көз жұмып, Әзіреті Сұлтанға жерленіпті.
Осыншама күн, жол-жөнекей біз сықылды ғайып пірге қол тапсырғандардың қарыны аша ма. Бекасыл хазірет қолына Иманшартын ұстаса болғаны, небір сараң керуен басылар мен кірешілер қоржындарын ашып, жолын босатпайды. Солардың уыстап берген ақшасын жарықтық ғаріп-мүскіндерге үлестірумен болды. Тақсыр, мұныңыз қалай дегенге, шырақтарым, осының бәрі Жаратқан Алланың есебіндегі дүние деуші еді.
Сөйтіп жүріп, хазіреттің ауылына да жеттік, өзінің еккені бар, бұрыннан өскені бар, ауылының маңаты қалың ағаш екен. Осы күнгі бір қауым ел тайлы-таяғымен жүріп бау-бақша отырғызса да, дәл Бекасыл хазірет бола алмас еді. Пірәдармен болған он күнімді айтып, бүгінгі жұртқа жеткізе аламын ба. Жүсіп бауырым, мына мен пақырдың көзінің майын тауысқан «Жұлдызнаманы» ермек қыл деп қолыма кітабын ұстатты. Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, түріктің де, парсының да тілін ұғып, сөз маржаны түзілген дүние, хадимшесі шамалы, шағатай тілінде қағазға жазылған бір ғаламат. Қолжазба әр ауруға дұғамен бекіткен, тіпті жарқанаттың миының екі түрлі, бірі ақ, бірі жасыл болатынын, егер де мұны пайдаланса, денеге шаш, түк шығатын қылып не болмаса шықпайтын қылады екен. Ер мен әйелдің арасындағы ғұмырды баян еткен.
Адам баласының шашын, тырнағын жұманың ішінде қандай күнде алатынын, әр аурудың ем-шипалы дұғаларын, бедеу әйелдің құлантаза жазылып кетуге болатынын Құрандағы сүрелермен бекітіпті. Төрт түлік мал мен қыран бүркіттің шипасы мен бабын жазып, аятпен бекітіп, бағыт-бағдар сілтеген екен.
Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір төбе, құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік». Мәшһүр Жүсіптің Бекасыл әулиенің қарасөзді орып айтатынын, өлең сөзді желдей есіп құйқылжытып, ойшылдықпен айтатынын тамсанып баяндаған. Бұған Бекасыл әулиенің мынадай селдетіп-нөсерлетіп айтқан түйдектері дәлел. «Зұлмат заман келе жатыр, құл-құтан көтеріліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарып, қаныңды судай шашады. «Жылан тақыр» боласыңдар. Көмусіз адам көбейеді. Қырғын соғыс болады. Сөйтіп, көрер көзге жарқын, бірақ іштей іріп жатқан бір заман басталады. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Имандылық азаяды. Өнеге тозады, қасиет азады. Жастар ит ішпейтін сусынға құмар болады. Тірі жетімдердің саны артады. Бірақ осының бәріне ертелі-кеш Алланың бір тыйымы болады», – деп, болашақты ақылмен болжаушы Бекасыл әулие тебіреніп терең толғапты.
Табиғат оқымыстылықты да, тақпақтап, мақамдап жүйріктікпен сөз саптауды да болмысына ұялатқан.
Араб, парсы, түрік-шағатай тілдерінде көсілте жазған «Жұлдызнама» атты кесек бітімді энциклопедиялық шығармасының «Хазірет Ғали Карамолланың руаяты» дейтін тарауында пәлсапалық-поэзиялық, магиялық, әуездік сипаты ерекше дұғалық лебізін оқиық:
Иә, бақыт-дәулет!
Аспандай күркіреп келгіл.
Иә, бақыт-дәулет!
Бұлттай қаптап келгіл.
Иә, бақыт-дәулет!
Күндей шашырап келгіл.
Иә, бақыт-дәулет!
Айдай жарқырап келгіл.
Иә, бақыт-дәулет!
Судай сарқырап келгіл.
Иә, бақыт-дәулет!
Құстай қалықтап келгіл.
Иә, бақыт-дәулет!
Рахат нұрын шаша келгіл.
Негізінде, «Жұлдызнама» еңбегінде диқаншылыққа, кәсіпшілікке, шипагерлікке, мергеншілікке, құсбегілікке, тоқымашылыққа, ағашшылыққа, жұлдыздар жұмбағына, әріптердің тылсымдық сипаттамаларына және Құран аяттары мен қағидаттарына қатысты тұжырымды ой-пікірлер бар. Үш жүзден аса дұғаның қасиеттері де баян етілген. Алланың 99 көркем есімінің мағынасы да көрсетілген. Пайғамбарлық мөрдің «қасиет-қадірін күллі теңіз сия болып, жер жүзіндегі ағаштар қалам болып, оның жапырақтары қағаз болса да жазып тауыса алмас» дейтін бейнелі оралым «Әснад Дұға-и» дұғасында келтірілген.
Шындығында, 124 мың пайғамбар, 88 мың машайық, 33 мың сахабаның рухы адамзат баласын қолдап жүрсін деген ұлы ниет бар.
Дұға дегеніміз – дуа, ниет, көңіл, рухтар, сырлар әлемі. Әу баста Алла Тағала пайғамбар нұрын жаратып, 18 мың ғалам және адамнан бұрын Анхазірет (ғ.с.) басын сәждеге тигізді. Ғаршыдан, ғайыптан мынадай керемет әуез құйылды: «Ей, менің нұрым, ей, менің Хабибім, ей, менің баргузидім, ей, менің пендем! Сенің дос, мейір-махаббатыңнан жеті дария жараттым. Әуелі – ғылым дариясы, екінші – мүләйім дариясы, үшінші – ақыл дариясы, төртінші – хикмет дариясы, бесінші – факр дариясы, алтыншы – мағрифат дариясы, жетінші – мағфират дариясы». («Дұға-и нұрнама»). Адамзаттың сәулетті, жарқын тағдыры мен жолының, ой-санасының бел омыртқасы осылар.
Дұға біткеннен Исм Ағзам, Қақариқұл, Дұға-и Құлқұл, Шариғаттағы төрт пір, Дұға-и Хатм, Әсінад, Ғажайбұл-Истихфар, Рисала-и Бафәндә, Рисала-и Сартараш, Имам Жапар Садықтың рауаяты, Рисала-и Дуруд, Дұға-и Қадах, Қадахнама, Әбжад, Әли Қарамалланың дұғасы, елде етек алған безгек, қызылша ауруларының бетін алатын, тауысып біте алмас дүниелер. Айдың, күннің амалы, бір жұмадағы жеті күннің пайдасы. Әрқайсысы бір-бір кітап, бәрі де тегіс ғылым. Осы дүниенің бір қыдыруы қағазға өлеңмен жазылыпты. Оқыған жан араб, парсыдан сөз білмесе, миына тоқуы мүмкін емес. Бір күні Бекасыл хазірет бауырым, бұл жазбаға қосарың болса жазыңыз дегенде «уа, тақсыр, менің бұл кітаптан аларым болмаса, қосарым шамалы» деп айтып, көзіне жас алды.
Күн бейсенбі еді. Түн ауған соң дәретіңді ал да маған еріп жүріңіз деді. Дәретімді алып, айдың сәулесімен жағаласып, соңынан түсіп жүріп келемін. Жасының ұлғайғаны хазіретке жүк емес. Қалың қара ағаштың бел ортасында адам құшағы зорға жететін діңгекке қолын тіреп ұзын бойлы ақсақал тұр. Киген киім үлгісі хиссаларда айтылған адам ба дерсіз, жақындап барып бір тізерлеп сәлем бердік. Бізге ұсынған қолында буын болмады. Ғақылын айтып шығарып салды. Уа, пірәдар, қасыңдағы пайғамбардың үмбетіне айт, артына қарамасын дегенін естідім. Бойым дел-сал болып, денемнің қызуы көтеріліп келеді. Бекасыл хазірет қалың талдың арасынан алақанын көсіп жіберіп, саз балшықты алды да жауырыныма басты, иншалла, жолымыз болардан басқа сөз айтпады. Үйге кірген соң, шам жағып дұға оқыды, мен бейбақ түнгі нәпіл намазымды оқып есімді жидым. Таң ағарып атқан соң, ерікті ұйқыға бердік.
Осындай бір иелеріне кездесіп жүргенін бір баласы сезіп, әкесі түн жарымда тұрып кеткен соң, соңынан ерген екен, қалың ағаштың арасымен уағдалы жерге келгенде, хазірет піріне амандасады, ақсақал сәлемін алып, Бекасыл, осы бетіңмен үйіңе қайт, соңыңнан балаң еріп келіпті, мен ескертіп едім ғой, өзіңнен басқа жан баласы білмесін деп, балаң келіп қалмасын, мен тура қарасам, жазым болар деген соң, хазірет бұрылып қараса, ағаш ағашты тасалап кетіп барады екен. Үйіне келген соң әлгі баласын шақырып алып, неге менің соңымнан ердің деп сұрағанда, баласы жылап жіберген екен. Айналайын, ендігәрі менің соңымнан жүруші болма, жазым боласың, ол адам тура саған қарады ма депті. Сонда баласы «әке, ол кісінің көзі болған жоқ, мен көре алмадым, көзінің орнында аппақ жарық шам тұрды» деп айтқан екен.
Алланың нұры түскен пендесі Биболат баласы Бекасыл хазіретке Құдай рақмет айласын. Ауылынан аттанарда бір жас жігітті қосып берді. Қоржынның екі басына азық салып жатып, «Жүсіп бауырым, адам баласы шаңырағынан қырық қадам шықса, ғаріп деген, жат жерде жүрсің, сапарың оң болсын, біздей мүскіндерге дұға қыла жүрерсің» деп құшағын жайды. Миуа ағашының көлеңкесіндей бір қауым елдің дұға дарыған асылымен қош айтыстық.
Жас жігіт Бекасыл хазіреттің медресесінде оқиды екен, әңгімесін тақпақтап айтатын, ақындығы бар, зерделі екен, жол-жөнекей сахабалардан хабары мол екен. Хисса-жырларды жатқа айтып, жүргінші елдің айызын қандырды. Иә, аты Қазанғап екен» (Мәшһүр Жүсіп. «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма?!» Газетке ұсынған мәшһүртанушы Алтынбек Құрманов. «Егемен Қазақстан», 2013 жыл, 27 қараша).
«Тұранның жалпақ елін, Дешті Қыпшақ жерін» жетік білетін Қазанғап Байболұлы (1889–1946) «Төле бидің тарихы», «Еңсегей бойлы Ер Есім», «Төрт дәруіш» дейтін тарихи-деректен ұлық дастандар шығарған. Шығыстық қисса-дастандарды жырлаған.
Әсіресе шежіреші жыршы ақын бірауыз киелі сөзі мың ауыз сөзге парапар Абыз Төле бидің тарихын және оның заманын білгірлікпен толғапты:
Сөз жәрдемін көрсеткен,
Аздап айтсам, мыналар:
Біріншісі – Бекасыл,
Тоқсан үш жаста жөнеді.
Қоқандағы хандардың,
Төртеуін көрдім деп еді.
Әбдірәйім, Жақыпбек,
Әлдеке, Астай имам бар,
Арғынбай, жолдас Шалабек.
Ботбай Торта, Тайқы мен
Қара молда Еркебек.
Бұдан Бекасыл әулиенің Қоқан хандарының төртеуі мен имамдарды кезіктіргенін көруге болады.
Жоңғардың жойқын ханы (тіпті бұл қаһарлы жалақор дүлей пәле қазақтың айғырын да кісіметпеген «қатыным бала тастайды» деп) Қоңтажыға мынадай деп айтқан: «Қалдан – шын аты, Қоңтажы – лақап аты, қалмақтың Өсек құлапты деген жерінен шыққан», – деуші еді Бекасыл деген кісі.
Ташкентте Төле би шаһар бегі екен. Әз Төле жалғанмен қоштасарда Қасқарау Мүйізді Өтегенге (Сері Өтеген, Батыр Өтеген дейтін де аты бар) былай депті: «Екі Келес, бір Талас, қозы бағар айыр қас, күшің келсе, аттың сауырына салып жүретұғын жер екен, бірақ кәпірде қалатұғын ел екен, сол жағдайы болмаса, мен Иранға жақын бір жұртты көрдім. Халқы жылқыны жемейді екен, көшіп келсеңдер, жылқы малды тастап, бөлегін алып келіңіздер дейді дегенде, жұрт жылқыны тастап қайтіп барамыз деп өсек айта бастады. Сонда Төле би: «Шырағым, Өтеген, мен әлі аурудан дұрысталып түзелген жерім де жоқ, белгі беріп саған арнап үй салдырып отырмын. Өзім де оңашалап айтайын, жақында дүниеден көшсем керек. Ендігісін көпшілік өзі білер және анау екі жүз де бөлініп кетіп, онан бергі жерде Ұлы жүз де басымен тозып, алты болып тұрған кезі болды. Ташкентке ие болып тұрсаңдар да жаман емес, менің бір ауыз тілімменен бар өміріңді сапарда өткіздің, екі дүниең болсын.
Төле осылай деп бата берді деуші еді Бекасыл деген кісі. Бекасыл әулие жеткізген Төле бидің ғибратнамасында отарлаушы құзғындардан опық жейтінін және Ташкенттің де тағдыры аумалы-төкпелі боп тұрғанын сезінген.
Ташкентте Жүніс қожа үстемдік еткен Бұхарадан таза күміс өндірілген. Бұл Жүніс елге теперіш көрсеткен, зәбірлеген, ығыр қылған.
«Бекасыл әулие Жүніс қожаның сомдаған бес теңгелігін көрген» дейді Қазанғап Байболұлы.
«Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, бір ой екінші бір ойды оятады, Бекасыл әулиенің жанды ой-пікірлерін тірілтіп сөйлеткенде, қазақтың ай мүйізді серкесі Төле бидің керемет қасиеттерін тарихи танымы мен пайымы терең Қазанғап Байболұлы былайша айтады: Соның бірі Нақыпбектің айтуынан және Әлімқұлдан естіп едім, есі кіріп, тілі шыққан соң Төле: «Ана, мен туған күні үйдің іші қып-қызыл көрініп еді, ол немене еді?» – дегенде, Бөктік ана қиялданып, көп ойланып: «Балам, үркіншілік себепті асығыстан бояу бояп едім, сол шығар», – деген екен дейді.
Мәпелеп той қылады жұртын жиып,
Әркімге арнап семіз малын сойып.
Бәйбіше есік жаққа қойғанменен,
Бесігі тербеледі төрге жылжып,
Күнде қалса, саяға тез ұмтылып.
Қариялар сөзінде «Бесігі төрге шықпаған» деген мақал содан үлгі болып қалған.
Азуы алты қарыс Төле би сөз түйінінде бір-ақ сөйлеуші еді және бір сөзі екі сөз болып билігі де бұзылған кісі емес деуші еді. Және бір сипаты, біреуді біреу жаңа қиянатпен айыптаса, булығып сөйлеп, аларып қарап сөйлегенде қандай бір жүректі бір болса да ешкім бетіне қарай алмай: «Төленің булығып қарап сөйлеп, аларып қарағанынан сақта» деп үлгілеуші еді. Және «жазып жаңылған екенмін, тақсыр, кешіріңіз» десе, кінә сақтамайтын, ақпейіл адам еді дейді.
Мәшһүр Жүсіптің «Сайрамсуда мың шейіт, Қасқасуда кім жатыр?» дейтін тағы бір жазбасында, Бекасыл елінде болғанын және ол ата-тек шежіресімен толық түсінік-мағлұмат бергенін айтады.
«Жазу – ілімнің жартысы» дейтін Пайғамбар хадисі бар. Хұснихат өнерінде «Жазу көркемдігі – жан көркемдігі» дейтін қағидат бар. «Сендер үшін жазудың көркемдігі – шынында да жан азығы кілтінің бірі» (Әли-ғалайиссалам). Осы бір қағидалы тұжырымдарға жүгініп ой өрбітер болсақ, Бекасыл әулие Биболатұлының «Зикзал» атты шығармасының қолтаңбасы әсерлі көркемдігімен ерекшеленеді.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты,
филология ғылымының
докторы, профессор

637 рет
көрсетілді0
пікір