- Ақпарат
- 16 Қаңтар, 2025
БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫ – БҮГІНГІ БІЛІМДЕ

Гүлзада ШАКУЛИКОВА,С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Басқарма төрағасы-ректоры
Жаһандану дәуірінде ғылым мен жоғары білімді интернационалдандыру ғылыми-техникалық дамуға серпін беріп, білікті кадрлар даярлау ісін жетілдіруге және елдердің экономикалық, мәдени, саяси интеграциясына ықпал етеді. Бұл үрдіс Қазақстанда мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде қарастырылған. Оның айқын мысалы «Болашақ» бағдарламасы және шетелдік университеттердің филиалдарының ашылуы секілді бастамалардан көрінеді. Отандық жоғары оқу орындарының шетелдік серіктестерімен бірлескен бағдарламалар мен жобалар жасауға белсенді қатысуы да әлемдік білім беру кеңістігінен лайықты орын алуға бағытталған қадам.
Мемлекет басшысы «Аna tili» газетіне берген сұқбатында өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жаңашылдықтар алға қарай да жалғасатынын баяндады. Соның ішінде өскелең ұрпақтың жарқын келешегі үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтуге тиіспіз. Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсіп, жаңа мектептер мен әлеуметтік нысандар салынды. «Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы қазақстандық білім беру жүйесін қайта жаңғыртып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті инженерлерді даярлаудың жаңа моделін құруды тапсырған болатын. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында ашылған И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің (Ұлттық зерттеу университеті) филиалы өз жұмысын жалғастыруда. АтМГУ 2015 жылдан бері И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетімен серіктестік байланыста. Оқу орнында студенттер «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» бағдарламалары бойынша білім алады. АтМГУ базасында Губкин университеті филиалының ашылуы білім беру бағдарламаларының трансферін қамтамасыз етіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға септігін тигізеді. Қазақстанның индустрия кешеніндегі кадрларға деген жоғары сұранысты ескере отырып, мұнай мен газды магистральдық тасымалдау, мұнай-газ химиясы саласындағы бакалаврлар мен магистрлерді даярлауға, мұнай мен газды қайта өңдеу машиналары мен аппараттарына, сондай-ақ осы саладағы IT технологиялар мен модельдеуге көңіл бөлінуде.
Мемлекет басшысы отаншыл рухты, мәдениеті жоғары ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет стратегиясының мән-маңызы екеніне тоқталып: «Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін. Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр», – деп атап өтті.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ универистетінде ашылған М.Асаубаева атындағы креатив-хаб өңірдегі талантты жастардың шығармашылығын, бастамаларын қолдап, рухани-мәдени әлеуетін дамытуға бағытталған орталыққа айналып келеді. Жаңа жылда да аймақта креативті индустрияны дамытуға бағытталған жобаларымызды іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Өндірістік кәсіпорындардың кадрлық қор қалыптастыруы үшін ЖОО барлық мүмкіндікті жасайды. Университет пен индустрия интеграциясы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асырумен қатар, білім алушылардың кәсіпорындарда тәжірибеден өтуін, дуалды оқытуды ұйымдастыру, арнайы курстар өткізу, зертханаларды жабдықтау секілді басқа да маңызды қызметтерді қамтиды. Университет түлегі негізгі өндірістік дағдыларды меңгеруі керек. Осы мақсатта Атырау мұнай және газ университетінде дуалды оқыту жүйесі елімізде алғашқылардың бірі болып 2015 жылдан бастап енгізілді. Қазіргі таңда университетпен дуалды оқытуды енгізу бойынша 90-нан астам келісімшарт пен меморандум жасалған.
Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын іске асыру үшін қоғамда еңбекқорлық, кәсіби біліктілік сияқты қасиеттер жоғары бағалануға тиіс. Өз жұмысын жетік білетін мамандар - ұлт сапасының кепілі. «Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек», – деді Президент. Сұқбатта айтылған басқа да келелі мәселелердің шешімін тауып, табысты іске асуы үшін баршамыз бірлікте жұмыс істеуіміз қажет. Ортақ мақсат пен ортақ мүдде жолындағы бірлескен жұмысымыз елдің игілігі үшін.

613 рет
көрсетілді0
пікір