• Ақпарат
  • 16 Қаңтар, 2025

Гүл қала, арман қала

CNN Travel 2025 жылы саяхаттауға тұрарлық 25 бағыттың тізімін жариялап, Қазақстанды ерекше мәртебеге лайық деп таныды. Атап айтқанда, Алматы қаласы саяхаттауға тиіс ең үздік бағыттардың қатарына енді. Қала кең табиғи ландшафтылар мен дамып келе жатқан урбанистік мәдениетті біріктіретін ерекше атмосферасының нәтижесінде Орталық Азияның «жаңа стильді астанасы» деп аталды.


CNN Travel атап өткендей, Алматы — дәмі тіл үйіретін тағамдардан бастап, түнгі өмір, заманауи өнер мен мәдение­ті өркендеп келе жатқан әлемдегі сирек қалалардың бірі. Сонымен қатар Тянь-Шань тауларының етегінде орналасуы саяхатшыларға табиғаттың таза сұлулығына оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қаланың басты көрікті жерлеріне метрополитен станция­лары, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен 2025 жылы жаңа ғимаратқа көшетін «Целинный» заманауи мәдениет орталығы жатады. Сондай-ақ Алматы Neo Nomad асханасының отаны болып саналады. CNN Travel Медеу аңғарындағы AUYL мейрамханасын ерекше ұсынып, гастрономиялық саяхатты дәл осы жерден бастау­ға кеңес береді.
Қала Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерімен тікелей әуерейстерімен байланысады. Сонымен қатар Қазақстан көптеген ел, соның ішінде АҚШ, Канада, Аустралия және Ұлыбритания азаматтары үшін визасыз режiм ұсынады.
Шын мәнінде Алматы туризмнің орталығына айналып келеді. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2024 жылдың үш тоқсанында Алматыға 1,7 миллион адам келді, бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға көп. Ал келушілердің артуы қала экономикасына тікелей әсер еткен. Туризм саласынан түскен салық түсімдері 11 айда 85,5 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен екі есе артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция 92,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсті. Жеке қаражат есебінен қалада 35 жаңа орналастыру нысаны ашылды, оның ішінде 20 қонақүй, төрт глэмпинг, сегіз хостел және үш қонақүй бар. Бұл 836 бөлме қосып, туристерді қабылдау инфрақұрылымын айтарлықтай нығайтты.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл нәтижелер Алматының жоғары инвестициялық тартымдылығын және бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау бағытындағы тиімді жұмысты көрсетеді. 2025 жылы қала инвесторларды тартуды, туристік инфрақұрылымды дамытуды және халықаралық аренадағы орнын нығайтуды жалғастырып, Алматыны Орталық Азияның жетекші туристік бағыты ретінде одан әрі ілгерілетуді жоспарлап отыр, – деп жазылған хабарламада.

Мөлдір ҒАБИТҚЫЗЫ

Суретті түсірген Д.Балабекұлы

470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы