• Ақпарат
  • 16 Қаңтар, 2025

Жарыс мұраты – жеңу

Қазақстан құрамасы Қытайдағы IX қысқы Азия ойындарына 10 жарыс тәртібі бойынша барлық алты спорт түрінен қатысады. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта команданың құрамы бекітіліп,  Азия ойын­дарына 138 спортшы аттануға дайын. Олар 51 медаль жиынтығы үшін күреседі. Биатлоншыларға, шаңғышыларға, конькимен жүгірушілерге, сондай-ақ Азия чемпионы атанған хоккейшілерге үлкен үміт артылады.
IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-тректің өкілі Ольга Тихонова ұстайды.
IX қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары қанша медаль алмақ?
–Алдыңғы Азия ойындарында жалпы командалық есепте төртінші орын алдық. Бұл жолы Азия ойындарында конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы спорты және биатлон секілді спорт түрлерінен алтын медальға үміт артып отырмыз. Жоғарыда аталған төрт спорт түрінен біздің команда кубок кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті, қысқы ойындарда да сол нәтижені жоспарлап отыр. Бұл жай ғана болжам емес, Азия елдері арасындағы нәтижелер бойынша біздің спортшылар көшбасшы, – деді министр Ербол Мырзабосынов 
Ал Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында олимпиадалық стандарттарға бағдарланған тиімді да­йындық бағдарламаларын құру бойынша қарқынды жұмыс қажет екенін атап өтті. 
– Мемлекет басшысы жоғары жетістіктер спортына қатысты нақты міндеттер қойды. Бұл ретте спорт түрлерін таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, елімізге тән ерекшеліктерге сүйене отырып жасалуы керек. Бұл мәселенің шешімі спорт федерацияларының қыз­метін, олардың халықаралық, респуб­ликалық және жергілікті деңгейлердегі жұмысын да реттеуге тиіс. Сондай-ақ Туризм және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт мектептері мен секцияларын құру және қолдау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Спорттық медицинаны дамыту жұмысын жандандыру керек. Бәріміз қазақ спортының бәсекеге қабілетті болуы үшін күш-жігерімізді жұмылдыруға тиіспіз, – деді Олжас Бектенов.
Жалпы. еліміз бойынша Мемлекет басшысы тапсырмасымен саламатты өмір салтын дамытып, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту үшін кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр. Республика бойынша бес жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвес­торлар есебінен 92 жоба іске асырылды.

Еркін ҚАЛДАН

470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы