- Ақпарат
- 16 Қаңтар, 2025
Сөздің асыл болуы...

Қарагөз СІМӘДІЛ,
«Ana tili»
Осы күні ауызекі сөздің ұнамсыздығына құлақ үйренген. Ұнамсыздық дегендегі айтпағымыз – сөз әуезінің, қисынының, тәртібінің жоғалуы турасындағы әңгіме ғой. Айтып үйренген сөздерді іштей жұптап, салмақтап жатпай-ақ, ойға не келсе соны қазақша, орысшасын араластырып, арасына «жаңағы», «әлгі», «нені, «нетіп» деген шашыраңқы әлденені қосып төкпелете салуға айтушының да, тыңдаушының да еті үйренген.
Енді ауызекі сөздің ұнамсыздығы жазба тілге де ақырындап көшіп келе жатқандай. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің тілі сол ұнамсыз әдетке жылдам көшіп алды. Тіпті ұнамсыз сөйлеу мен жазу сөз нормасына айналып кете ме деп те алаңдайсың. Қазіргінің айтқан сөзіне құлақ қойыңыз – әңгімесінің тең жартысы артық сөздер, жалғауы, жұрнағынан жұрдай, өңі айналып кеткен тіркестер... Тыңдаушы да түсіне ме – артық әңгіме айтпастан бас шұлғи береді.
Сөз зергерлерінің ұстанымынан айнымаған Зейнолла Қабдоловтың дәрісін тыңдаған баққы ұрпақпыз. Ұстаздың әр дәрісі «құлақтан кіріп, бойды алар» мәнді-мағыналы әңгімеге толы болатын. Дәріс арасындағы жай лепесінің өзіне таңдай қағатынбыз. Дегдар адам сөз арасына артық дүние қосылғанын ұнатпайтын. Әрі әр әңгімесін көркем тіркестермен, ерекше өлең жолдарымен тіпті ұнамды ете түсетін. Одан беріде де сөз қадірін білетін қаншама жанның әңгімесіне құлақ қойдық. Орфоэпиядан дәріс оқыған ұстазымыз тіпті Қаракөз деп айтқан атымызға ренжитін. «Қазақ тілінің әуезін бұзбай, Қарагөз деп айтуды үйрен» деп жүріп, бертін келе өзімізге де әлдекім «Қаракөз» дей қалса жаратпай қарайтын халге жеткен екенбіз. Алайда қазіргінің тілі сөздің әуезін жоғалтқаны аздай, сөз сауатының өзін оп-оңай бұза салатын ұнамсыздыққа бастады.
Қазақ сөзінің бары мен жоғын түгендеп, сөз бен сөзді маржан қылып тізген сондай жандардың жарасымды, сауатты тілі қазір неге жоққа жақын? Әрине, зымырандық жылдамдықтың өзін басып озатын қазіргі уақыттың адамына кестелі сөз керек емес те шығар. Сондықтан кестелі демей-ақ қоялық, жай ғана таза, сауатты сөзді іздегенде де қиналатынымыз рас. Ауызекі сөзден мән қашқалы сол ауызекі сөзді қағазға түсіргеннің де қаламы мұқала бастаған. Айтушы не дейді – тыңдаушы дәл солай жазатын болып алған. Екі-үш қайыра оқып барып айтушының не дегісі келгенін қиналып барып түсінесің...
«Сөздің асыл болуы ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады. Сөз көркемдігі әуезінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Әуез әдемілігі сөзді дыбыс жағынан тәртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты мағынасының үстіне күш қосатын әдістерді істеуден болады. Бұлардың бәрі де тіл (лұғат) талғауы туралы сөйлеген жерде баяндалған. Бұл жерде айтып өтерлік бір нәрсе – сөздің бірі жалаң, бірі көрнекі көрінуі неден екені. Ол мынадан болады. Жоғарыда айттық, жалаң сөз дегеніміз жалаң лебізбен айтылған сөйлеуі орнына жүретін ұғым деп; көркем сөз дегеніміз көрнекі лебізбен айтылған толғау орнына жүретін ұғым деп. Сөзді жалаң түрінде айтқанда, күш көбінесе зейін жағына салынып, пайым терең, мағына күшті, пікір дәлелді болып айтылған сөз адамның ақылына қонуы көбірек көзделеді», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы.
Ал қазіргінің сөзі ше? Ол несімен асыл?

533 рет
көрсетілді0
пікір